Әлем әдебиеті

СИГА ШІРКЕУІНДЕГІ ӘУЛИЕ ҚАРТТЫҢ МАХАББАТЫ

0

СЫНЫН  БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

 

Юкио МИСИМА

СИГА ШІРКЕУІНДЕГІ
ӘУЛИЕ ҚАРТТЫҢ
МАХАББАТЫ

 

 

Юкио МИСИМА (нағыз есімі Кимитакэ Хираока, 1925-1970) – әлемдегі ең танымал және көп оқылатын жапон жазушысы, қырық роман, он сегіз пьеса, көптеген әңгімелер, эссе, публицистикалық шығармалардың авторы. Жалпы алғанда оның әдеби мұрасы шамамен жүз томды құрайды, бірақ жазушылықтан басқа Мисима қысқа ғұмырында спортшы, режиссер, театр және кино актері, симфониялық оркестрдің дирижері, ұшқыш, саяхатшы және фотограф ретінде танылып үлгерді. Мисима өмірінің соңғы жылдарында монархизм және самурайлық дәстүр идеясына жан-тәнімен берілді; 1970 жылы 25 қарашада монархиялық төңкерісті басқарып, жеңіліс тапқаннан кейін өзіне-өзі қол жұмсап (харакири) көз жұмған. 

 

I

Бәлкім, бұл уақиға көне кітаптарды тиісінше ақтарып, тер төкпестен баян­дал­ған деп көпшілік мені сөгетін де шығар. Шын мәнінде де, менің жалғыз дерек­көзім – «Ұлы дүние жайлы хикаяның»1 отыз жетінші орамында келтірілген аңыз ғана. Естеріңізде болса, онда қозғалған сөз әлдебір үнділік тақуа туралы, ал Сига шіркеуіндегі әулие қарттың махаббаты жайлы әңгімеге аз ғана орын беріліп, салыс­тыру үшін келтірілген.
Мұндағы мені қызықтырғаны – осы уақиғадағы махаббат өткелектері емес, оның психологиялық мағынасы, солай дегенмен де, бұл – нағыз қарапайым: ынты­ғу мен дін арасындағы арпалыс жайлы тәмсіл еді.
Батыс әдебиетінде осы тәрізді қайшылықтар сан рет суреттелген, бірақ жапон­дар үшін ескі замандарда мұндай айқас шын мәнінде де тосын саналған. Махаб­бат мәселесі бізде о дүниедегі өмір машақатымен астастырылады. Тек қана әулие қарт үшін ғана емес, ол ғашық болған ару үшін де осы өрбіген істің түп мәні – қазіргі дүние мен болашақ дүние арасындағы күрес екендігіне саяды. Бұдан да гөрі мәнерлей жеткізер болсақ: біз әңгімелеп отырған кейіпкерлеріміз махаббат жолында аса қатерлі ойын бастап, әлем құрылысы туралы қалыптасқан көзқарастарының өзін бұзуға тәуекел еткен. Өйткені буддалық Таза Жер сектасы, Жапонияда Хэйан2  дәуірінен тараған Дзедо сектасының ілімі, діннен де гөрі, өте құдіреті күшті әрі баршасын тегіс қамтыған – дүние тану, дүниеге көзқарас бола­тын. Толығырақ »

ҚҰН. Өмер СЕЙФЕТТИН

0

ТҮРІК ПРОЗАСЫ

Өмер СЕЙФЕТТИН

ҚҰН
әңгіме

Өмер СЕЙФЕТТИН – көрнекті жазушы, ақын, әдебиетте жазу шеберлігі биік қаламгер, ұстаз, түрік әдебиетіндегі әңгіме жанрының және әдебиеттегі тү­рік­шіл­дік ағымының негізін салушы, түрік тілінің қарапайымдылығын қолдаушы. Қысқа ғұмы­рында өте бай шығармалар жазып қалдырды.
Өмер Сейфеттин 1884 жылы Гөненде (Балыкесирде) туған. Білім жолын Гөнендегі махалла мектебінде бастаған. Алдымен Османлы мектебіне, кейіннен 1893 жылы Байтар әскери мектебіне түседі. Мектепті 1896 жылы бітіріп, Едирне әскери мекте­бінде білімін жалғастырады. 1900 жылы мектепті үздік бітіргеннен кейін Ыстам­бұлға оралып, жоғары әскери мектепте білім алды.
1915 жылдан өмірінің соңына дейін көптеген қиындықтарға қарамастан, жемісті еңбек етті. Осы кезеңде 10 кітапқа сиятын 125 әңгіме жазып қалдырған. Әңгімелері мен мақалалары «Жаңа журнал», «Ақын», «Әскери теңіз флоты», «Үлкен журнал», «Жаңа әлем», «Тікенек», «Түрік әйелі» сияқты журналдар мен «Вакит», «Заман», «Иф­хам» газеттерінде жарияланды.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырында жасындай жарқылдап, өшпес мұрасымен түрік әдебиетінің тарихында ойып орын алған Өмер Сейфеттин 1920 жылдың 6 наурызында дүниеден озды.

Толығырақ »

ЕЗУІҢІЗДІ ЕРКІНЕ ЖІБЕРІҢІЗ. Юрий НИКУЛИН

0

КҮЛКІМ – БІР ҚЫМБАТ МҮЛКІМ

Юрий НИКУЛИН

ЕЗУІҢІЗДІ ЕРКІНЕ ЖІБЕРІҢІЗ

Жұртшылықтың қадірлісі, артист-клоун, қоғам қайраткері болған Ю. В. Нику­линнiң «Почти серьезно…» (Мәскеу, «Терра» баспасы, 1994 ж.) және «999 анекдотов от Никулина» (Мәскеу, «Аутопан» баспасы, 1994 ж.) кітаптары – тағлымы мол еңбектер.
Юрий Владимирович анекдотқа бала кезінен құмар болыпты, естiгенiн дереу жазып ала қояды екен. Сөйтiп жүрiп, өзi де анекдот шығаруға машықтаныпты. Әс­керге шақырылғанында 1500 анекдот жазулы дәптерiн қалтасына сала кетiп, өмiр мен өлiм арпалысының әредiктерiнде бiрнешеуiн айтып жiберiп немесе оқып берiп, қарулас дос-жолдастарын күлдiрiп, көңiлдендiрiп жүрiптi. Майданнан оралған соң да анекдот жинау мен жазуды жалғастырған.
Өздерiңiзге ұсынылып отырған мына әңгiмелері автордың естеліктерінен және  кітаптарынан алынды. Толығырақ »

ОНОРЕ ДЕ БАЛЬЗАК. Ғарифолла ЕСІМ

0

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ ТҰЛҒАЛАР

Ғарифолла ЕСІМ

ОНОРЕ ДЕ БАЛЬЗАК
(1799 -1850)

Бальзактың орыс тіліне аударылған шығармаларын студенттік жылдары түгел дерлік оқып шыққан едім. Әрине, Бальзакты оқу бар да, оны түсіну бар. Мен француз емеспін, сондықтан қабылдау маған оңай шаруа болған жоқ. Бір сәті түсіп, бертін келе, оның «Шагреневая кожа» деген романын қайта оқып шықтым. Соншама ұнаттым деп айта алмаймын.
Бальзак өмір қызығына соншама кенеліп өмірден өткен жан емес. Қысқа ғұ­мырында ондаған романдар жазып, арпалысып өмір сүрген қаламгер.
Солай бола тұра соңынан мол мұра қалдырды. Кезінде Данте өз шығармасын «Божественная комедия» десе, Бальзак бар жазғандарына «Человеческая комедия» деген ортақ атау берген. Адамның ғұмыры комедия екені шындық, жазушының бұл ойымен келісемін, себебі комедия – трагедияның жоғарғы көрінісі, мәнді айғағы. Күлкі табиғатында трагедия жататыны көптен бері көпшілікке белгілі. Ойы терең қаламгерді қайта-қайта оқи беруге болады. Жуырда қолыма Бальзак шығармаларының орыс тіліндегі бір томдық жинағы тиді. Кітаптың мазмұнына қарасам: «Отец Горио», «Полковник Шабер», бұлардың сюжеттері есімде, әсіресе «Гобсек» жадымда жақсы сақталыпты. Ал «Обедня безбожника» және «Неведомый шедевр» деген шағын әңгімелері есімде қалмапты. Бірін бастаған соң, тоқталмай кітапты түгел оқып шықтым.
«Обедня безбожниканың» есімде қалмауы түсінікті екен, себебі бұл әңгімеде атеизм мен діни сезім туралы біршама терең ойлар айтылған. Әрине, кеңес зама­нында атеизм деген өмір сүру тәсіліміз болғандықтан, дін мәселесіне пәлендей мән бермейтінбіз. Дін деген жат түсінік, демек оның қызығы да шамалы. Бұл шығармалардағы діни сезім мені кезінде қызықтырмаған, содан ол есте де қалмаған. Бүгінгі заманда атеизм орнына қайтадан дін орныға бастағанда әңгіме идеясы өзгеше мәнде ашылып тұр. Айтар ойым түсінікті болуы үшін, әңгіме сюжетімен таныс емес жұртшылыққа, қысқаша мазмұнын айтып берейін. Бальзакқа тән көпсөзділікті ширатып айтсақ, әңгіме былай болған. «Парижге әйгілі доктор, Бьяншонның айтуынша, оның ұстазы Деплен – атеисттің нағыз өзі. Ол туралы Бальзак былай деген: «Он не верил ни в сотворение первобытного животного мира, ни в бессмертие человеческой души. Деплен не сомневался, он отрицал. То был откровенный, чистейшей воды атеизм, который присущ многим ученым: это прекраснейшие люди, но они до мозга костей атеисты, – атеисты, исповедующие атеизм с такой же убежденностью, с какой религиозно настроенные люди его отвергают. Деплена и не могло сложиться иных убеждений: ведь он с молодых лет привык рассекать скальпелем челевека-венец живого всего – до его рождения, при жизни и после смерти, привык копаться во всех его органах и нигде не находил эту единую душу, сталь необходимую для всех религиозных учений». Толығырақ »

РОМЕН РОЛЛАН. Андре МОРУА

0

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ ТҰЛҒАЛАР

Андре МОРУА

РОМЕН РОЛЛАН

Андре МОРУА (1885-1967) – аса көрнекті француз жазу­шысы. Өнеркәсіпшілер отбасында дүниеге келген. Руандағы Кор­нели атындағы лицейді бітірген. Оған Еуропада Ален деген атпен танылған философия пәнінің оқытушысы Эмиль Шар­тье үлкен ықпал еткен. Лицейді бітірген соң болашақ жазушы әкесінің фабрикасында басшылық қызметтерде болады. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Сонда жүріп, «Полковник Брэм­блдің үнсіздігі» атты алғашқы романына материал жинай­ды. Екінші дүниежүзілік соғысқа да өз еркімен сұранып, қатысады. Францияның жеңілісінен соң АҚШ-қа барып, көп­теген тарихи һәм көркем шығармалар жазады. Соғыс біткен соң, Отанына қайтып оралып, жазу үстеліне қайта отырады. Оның қаламынан «Ариэль немесе Шеллидің өмірі», «Дизраэлидің өмірі», «Байрон», «Бернар Кене», «Құбылмалы махаббат», «Жанұялық топ», «Лелия немесе Жорж Сандтың өмірі», «Олимпио немесе Виктор Гюгоның өмірі», «Үш Дюмо» сынды толымды да толайым шығармалар туған. Ал сексен жасында «Прометей немесе Бальзактың өмірі» атты ақырғы кітабын жазған.

Көптеген адамдар Ролланның есімін алдыңғы буынмен салыстыратындықтан, олар үшін бұл кітаптағы зерттеулер орынсыз болып көрінуі мүмкін. Алайда ол Жидтен үш жыл бұрын туып, Пегиден отыз жыл кейін қайтыс болды емес пе?! Ал сонымен қатар оның «Жан-Кристофының» мен үшін және менің заманымдағы басқа да жастар үшін атқарған маңызды рөлін қалай ұмытуға болады? Бізге ол ұлы роман болып көрінетін. Әрине, «Соғыс пен бейбітшілік» сияқты толыққанды емес, бірақ та сол кездегі бізді шынымен-ақ шабыттандыратын роман «ағымдары»: «Тибо әулетінің», «Рахымды ойлар адамдарының» негізгі бастауы болатын. Толығырақ »

НЕРОН МЕН СЕНЕКА ЗАМАНЫНЫҢ ТЕАТРЫ. Эдвард РАДЗИНСКИЙ

0

ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРДЕН ҰЛАҒАТ

Эдвард РАДЗИНСКИЙ

НЕРОН МЕН СЕНЕКА
ЗАМАНЫНЫҢ ТЕАТРЫ

(РИМ ТЕАТРЫ)

Эдвард Станиславович РАДЗИНСКИЙ 1936 жылы Мәскеуде дүниеге келген. Белгілі орыс жазушысы, драматург, сценарист, тележүргізуші, тарихшы.
1958 жылы жазушының үндітанушы ғалым Герасим Лебедев құрметіне арналған тырнақалды пьесасы «Арманың менің… Үндістан» тұңғыш рет сахналанады.
Режиссер Анатолий Эфростың Лениндік Комсомол атындағы театрға драма­тургтың «Махаббат жайлы 104 бет» пьесасын сахналауы Радзинскийдің атын кеңге жайған ірі оқиға болды.
«Лунин немесе Жактың өлімі», «Сократпен сұхбат» және «Нерон мен Сенека зама­нының театры» сынды тарихи пьесалары кең танылған.
1980 жылдары телевидение саласында қызмет ете бастаған Эдвард бірнеше фильмге сценарий жазған.
1990 жылдардан бастап тарихи тұлғалар, орыс және әлем тарихындағы траге­диялық кезеңдерге арналған тарихи-танымдық шығармалар жазуды қолға ала бастайды. Сондай-ақ ағартушылық бағыттағы «Тарих жұмбақтары» телебағдар­ламасын жүргізген.
Соңғы жылдары тарихи-публицистикалық кітаптар жазып жүр.

Ойынға қатысушылар:

Сенека
Нерон
«Амур»
«Венера»
Сенатор ат
Бөшкедегі шал

Түн. Рим. Цирк амфитеатрының ұзына ұзақ баспалдақтары қараңғыға сіңіп созы­лып жатыр. Баспалдақтар фонындағы шырағдандардың жыпылықтаған әлсіз жары­ғында – үлкен крест, жанында дәу бөшке тұр.
Бөшкеде Шал отыр, ауық-ауық  ұзын ақ шашы, биік маңдайы, жылтыраған көзі көрініп қалып, қайта жоғалып кетеді.
Бөшкеге тақау, тура қара жерге бір сұлу жаратылған уыздай жан иесі еркін жайғасқан: толқынданған бұйра шаш, жарқыраған ұялы жанар, бозбалаға тән талдырмаш. Өзінше біртүрлі «Амур» дерсің.
Одан әріректе тағы бір бозбала – сәл ересектеу, үстінде ақшаңқан тога – ұзын көйлек, басында алтын венок. Қолына бишік ұстаған. Айнымаған Аполлон. Тек «бишік ұстаған Аполлон». Сықырлап тор қақпақ көтеріледі, жер астынан сұлу би­кеш шығады. Жалба-жұлба жұқа көйлектің жыртықтарынан – Венераның тәні көрініп тұр. Ол сәл теңселе басып шығып келеді, құдды толқыған теңіз көбігінен пайда болатын Құдай ананың өзі секілді, ал оның артынан, жер асты зынданынан, көзге көрінбейтін тобырдың жан шақырып қиналған ащы дауыстары, әйелдердің шыңғырғаны, қарқ-қарқ еткен дөрекі күлкілер естіліп жатыр.
Бұл келген «Венера», дүниеге келерде қиналып, содан шаршап қалғандай Амурға басын сүйеп жерге ұзынынан көсіліп жата кетеді де, екеуі үн-түнсіз бір әдемі жұп құрайды. Толығырақ »

ГАМЛЕТ ЕРТЕГІСІ. Уильям ШЕКСПИР

0

ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРДЕН ҰЛАҒАТ

Уильям ШЕКСПИР

  ГАМЛЕТ ЕРТЕГІСІ

Әйгілі ағылшын драматургі Уильям Шекспир 1564 жылы 23 сәуірде Эйвон өзе­нінің бойындағы Стратфорд деген кішкентай қалада дүниеге келген. Оның әкесі Джон айтарлықтай ауқатты  саудагер, қала мэрі болған. Уильям отбасындағы  сегіз баланың үшіншісі болды.
 XVI ғасырдың аяғында ағылшын халқының ең сүйікті өнері театр еді. Бұл кезде Лондонда онға жуық театр болған. 1585-1612 жылдары Шекспир Лондонда тұрған кезінде өзі жақсы көрген театрды төңіректейді. Алғашында театрға келу­шілердің атын бағушы, соңынан актер, режиссер, драматург дәрежесіне көтеріледі.
Шекспир пьесалары алғаш рет студент-жастардың күшімен қойылды. Сөйтіп Уильям Шекспирдің барлық өмірі театрмен байланысты болды. 1612 жылы Шекс­пир туған қаласына қайтып оралды. Айналасында туған-туысқандары болға­нымен, театр болмады. Төрт жыл өткен соң, 52 жасында әйгілі драматург, ерекше өнер иесі дүние салды. Ол Стратфорд шіркеуінде жерленген.
Шекспир шығармаларының өзегі – адамның ұлылығы еді. Әйгілі трагедия­сының кейіпкері Гамлеттің «Адам қалай сұлу жаралған?! Оның ақыл-ойы қандай ізгі?! Іс-әрекеті қандай тамаша. Әлемнің сұлуы» деген сөзі осы адамзат баласының қасиетін паш еткендей.
Шекспир қаламынан отыз жеті пьеса (трагедия, комедия, тарихи драма), көп­теген сонеттер, антикалық мифология сюжеті негізінде «Венера мен Адонис», «Лукреция» атты екі поэма туды. «Гамлет», «Отелло», «Король Лир», «Ромео мен Джульетта» тәрізді трагедияларында ұлы драматург ізгілік, қайырымдылық сияқ­ты қасиеттерді тұтынған ер жүрек кейіпкерлерді  мадақтады. Толығырақ »

ҮЗІЛГЕН ҮМІТ. Хусеин Рахми ГӨРПЫНАР

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

 Хусеин Рахми ГӨРПЫНАР

ҮЗІЛГЕН ҮМІТ
хикая

Хусеин Рахми ГӨРПЫНАР (1864-1944) Стамбулда туған. Мемлекеттік мекемеде аз уақыт жұмыс істегеннен кейін таза кәсіби жазушылық жолға түскен. Халық Ұлттық Мәжілісінің депутаты болды. Туындыларында  қоғамдық һәм әлеуметтік мәселелерді, отбасылық проблемаларды қозғады. Елу төрт роман жазған.

Кішкентай табытты үйден шығарып жатқанда Вехие ханым:
– Ай, кішкентай торғайым, әке-шешеңді тастап қайда барасың? – деп жүректі тілер ащы дауыспен айқайлап жылай бастады. Содан соң ес-түссіз аласұра айқайлап, әйнектерді сындырды. Ақырында есінен тана жерге құлады. Вехиені көрген анасы Шекуре ханым немересінің қайғысын ұмытып, жанұшыра қызына қарай жүгірді. Қасына келген әйелдердің  жәрдемімен Вехиеге лимон иіскетіп, аузына су тамызды. Қолдарын уқалады. Вехие жайлап көздерін ашты.  Ол айна­ласындағыларға саусағымен жүрегін нұсқап адам жаны төзбейтін күйіктің оттай жандырып бара жатқанын жеткізгісі келді. Ақ кебінге оралып, енді есіктен шығарылып жатқан табыттың соңынан кеткісі келетінін, сол табытпен бірге жерге көмілгісі келетінін қарлыққан баяу дауысымен айтып  жоқтап жатты.
Ол жоқтау зарының арасында: Толығырақ »

СОКРАТТЫҢ ӨЛІМІ. Юрий Михайлович МУШКЕТИК

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Юрий МУШКЕТИК

СОКРАТТЫҢ ӨЛІМІ
(Стратег пен Сократтың төрт кездесуі)

Юрий Михайлович МУШКЕТИК – аса көрнекті украин жазушысы, Украина Қаһарманы. 1929 жылы туған. Киев мемлекеттік университетінде оқыған. Жас жазушының алғаш әңгімелері 1952 жылы украиндық журналдарда жарық көре бастайды. 1954 жылы «Семен Палий» тарихи хикаятын жазып шығарады.
Жазушының «Қара нан» повесті, «Қан тамшысы», «Ақ кө­леңке», «Позиция», тәрізді романдары оқырман жүрегіне жылы жол тапты.
1986-2001 жылдары Украина Жазушылар одағының төрағасы болды.

Бірінші кездесу

СОКРАТ ӘЛІ ТІРІ

Қарқылдаған күлкі тағы естілді. Құлама еңістен құлдыраған үлкен тас майда тастарды соңынан ілестіріп бара жатқаны тәрізді. Анит тыжырына қабағын түйіп, теріс айналды. Расында жұрт кімге күліп жатыр? Феоген жұртқа тінте қарады, көзі арба маңына тоқтады.
Феоген бір кездерде жарақат алған самайындағы қан тамыры қалай соққанын сезінді. Сократ. Ол да күлмей тұр. Ашық маңдайлы басын еңкейтіп, басқа жаққа қарап тұрған тәрізді.
Философтың мұны көрмегені жақсы. Феогеннің Сократпен тілдесуге зауқы жоқ. Мұның өзінің де бір басына жетерлік шаруасы, мұң-зары, ойлары бар. Онын жүрегі енді ғана саябыр тапты, таза бұлақ суындай мөлдіреп қана тұрғысы келеді. Жексұрын сопы мұны сілкілеп, шымшылап алудан тайынбас. Феогенге мұндай жекпе-жек керек емес.
Феоген бір бүйірдегі көшеге бұрыла бере тоқтай қалды. Көшенің аяқ жағында ығы-жығы тобыр. Айқай-шу, қиқылдап, шиқылдаған шошқалар. Ысқырған қам­шы, құлдардың айқайы естіледі, шошқаларын сатуға келе жатқан жер иесі өз қатарынан адасып қалған тәрізді. Лас, сатпақ-сатпақ жануарлар естерінен айрылғандай бір орында айналып жатыр, құлдар қамшыларын сілтеп бір жерге топтауға тырысады. Шошқаның бірі борсаңдай бір шетке қашып, тап Феогеннің аяғының астынан өтті, бірақ бұл сандалын лақтырып, үйіріне қайырды. Алайда стратегтің аққудың қанатындай аппақ желбегейіне қара дақ түсіп қалды.
Стратег бұған рснжіген жоқ. Ол көзінің қиығымен әлгі көріністі Сократтың байқап тұрғанын аңдады. Философтың дүрдиген еріндерінде кекесін күлкі бар.
–    Иә, Феоген, – деді Сократ, стратег жақындап келген сәтте, – екі аяқтылар мен төрт аяқтылардың қайсысын қаладың? Толығырақ »

Думан РАМАЗАН. «ГАМЛЕТ» – АCТАНА САХНАСЫНДА

0

ЖАН ЖАДЫРАТАР ҚОЙЫЛЫМ

                  Думан РАМАЗАН

                                                «ГАМЛЕТ» –  АСТАНА САХНАСЫНДА

 

 

         Сәуірдің 12-13 күндері Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік ака­демиялық қазақ музыкалық драма театрында ағылшынның ұлы драматургі Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы қойылды. Қоюшы режиссері –  ҚР ең­бек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.
Спектакльге бармас бұрын Гамлет туралы жадымыздағы жайттарды жаңғырта түсу мақсатында  ғаламторды да біраз сүзіп шыққанымызды айта кеткен жөн шығар. Сонда көзіміздің жеткені соңғы жылдары әлем экрандары мен сахнала­рында Гамлеттің неше түрлі нұсқасы жасалып, қойылыпты. Тіпті комедия, фарс жанрында сахналанған қойылымдарды көріп, таң-тамаша қалғанымыз да рас. Әр­кімнің өз шындығы, өз Гамлеті бар демекші, әр қойылым өзінше тыңға түрен салған екен. Әр режиссер өзінше қойып, өзінше шешім жасаған. Солай болуы керек те. Өнерде қатып қалған ештеңе жоқ, болуы да мүмкін емес. Заманның талабы ма, әлемге әйгілі трагедияның көп жері қырқылып, қысқартылғанын байқадық. Мұ­ның бәрін тізіп отырғандағы себебіміз, спектальге барарда, біріншіден, іштей дайындалып барғанды жөн көрдік, екіншіден, енді біздің қазақтар қай бағытқа тартар екен, ескі сарынға сала ма, әлде осы күнге дейінге қойылған көп Гамлеттің бі­рін қайталар ма екен деген күдік-күмәннің де болғаны рас. Толығырақ »