ЖАҺАН ЖЫРЛАРЫ ДЕСТЕСІНЕН
ЖУСАН ӘНІН ЖӨН КӨРЕМІН
Н. С. Гумилев (1886-1921) – орыс сөз өнерінің Қазан төңкерісінен кейінгі көшбасшысының ролін атқарған, акмеизм ағымының негізін салушы ақын. Кронштадта, кеме дәрігерінің отбасында дүниеге келген. Әкесі Степан Гумилев отставкаға шыққаннан кейін Царское Селоға көшіп келеді. Н.Гумилев өлең жазуды он екі жасынан бастайды. Алғашқы өлеңі 1900 жылы «Тифлис үнқағазында» жарияланады. 1903 жылы болашақ ақын Царское Село гимназиясына оқуға барады. Бұл гимназияның директоры белгілі ақын, педагог И. Анненский болатын. Ол Гумилевтың әдеби талғамының қалыптасуына ерекше ықпал етті. А. Ахматованың айтуынша, бұл кезде Н. Гумилев «символизмге Құдайға сенгендей сенді». Бұл елігу 1905 жылы жарық көрген «Конквистадор жолы» жинағынан ерекше көрінеді. Әкесі ұлының терең білім алуына ерекше көңіл бөледі, сөйтіп Н. Гумилев Парижге аттанады. Мұнда ол француз әдебиеті туралы дәріс тыңдап, кескіндеме өнері ілімін оқиды және өлең жазуын жалғастырады. Сонымен бірге «Сириус» журналының үш санын жарыққа шығарады. Бұл журналда ақынның өз өлеңдерімен бірге бұл кезде әлі ешкім білмейтін Анна Горенконың – болашақ Анна Ахматованың алғашқы өлеңдері жарияланған. 1908 жылы Парижде ақынның екінші жинағы – «Романтикалық гүлдер» жарық көреді. Петербургке оралған соң Н. Гумилев осындағы университеттің заң факультетіне оқуға түседі. Кейіннен тарих-филология факультетіне ауысады. Оқып жүрген кезінде Шығысқа деген ерекше сүйіспеншілігі оянған ақын әке-шешесінен жасырынып, Египетке аттанады. Бұдан кейін де осы бір таңғажайып елге бірнеше рет барып қайтады. Гумилев сапарлары тек “шабыт шақырумен” шектелген емес, ол сондай-ақ Ресей Ғылым Академиясы экспедициясының жетекшісі ретінде де барады. Ол аса бай этнографиялық коллекциялар жинады. Бұл сапарларында ол тек өлең мен әңгімелер ғана жазып қойған жоқ, танымдық мәні жоғары күнделіктер де жазды. Мысалы, «Африка күнделігі» жазбасында осынау жұрттардың аңыздары мен сенім дүниесі жергілікті тайпалардың тұрмыс-тіршілігі жайында құнды деректер көптеп келтіріледі. Бұл сапарлар ақынның жаңа поэтикалық ізденістеріне арқау болады. Ендігі жерде ол символизмнен басқа өзінің шығармашылық жолын іздеуге бет бұрды. Толығырақ »