Уильям САРОЯН
АШЫҚҚАНДАР
Уильям САРОЯН – белгілі американ жазушысы. Ұлты – армян. 1908 жылы 31 тамызда Калифорния штатындағы Фресно қаласында армян эмигрантының отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын хат тасушы болып бастаған. Ешкім де оны атағы алысқа кетер жазушы болады деп ойлаған жоқ. Тіпті ата-анасы да. Өзі де өзіне тым сенімді емес еді. Дегенмен, бойындағы жазу-сызуға деген қабілет-қарым, бұла талант пен ерен еңбекқорлық оны үлкен әдебиетке алып келді. Өзінің өлмес-өшпес туындыларының арқасында лайықты бағасын алып, әдебиет әлеміндегі орнын еншілеп, мәңгі сөнбес жарық жұлдызға айналды.
Жазушының кейіпкерлері қашанда бақыттың бал дәмін татып үлгермеген, өмірде жолдары бола қоймаған қарапайым ғана адамдар болғаны белгілі. Оның қаламынан мыңнан аса әңгіме, он екі пьеса, онға тарта роман туған. Соның ішінде «Адамзаттық комедия», «Весли Джексонның басынан кешкендері», «Мама, мен сені жақсы көремін» атты сүбелі дүниелерін ерекше атап өтуге болады. Адамның жан дүниесін керемет бір сезімге бөлеп, тұла бойын баурап алар драмалары мен «Менің атым Арам», «Қымбатты балақай» атты әңгімелер жинағы да кім-кімді болсын бей-жай қалдырмасы анық. Бәрі де ертеңгі күнге деген үлкен сеніммен, үмітпен, жылылықпен жазылған жалынды шығармалар.
Қаламгер туған Фресно қаласында 1981 жылы 18 мамырда қайтыс болған. Сонда жерленген. Бірақ, суреткердің өз өсиеті бойынша оның жүрегінің жартысы Арменияға әкелініп, Ван өзенінің маңындағы Арарат тауының бөктеріне қойылған. Одан оның әке-шешесінің туған қаласы – Битлис те алыс емес.
* * *
Нью-Йорктің шеткі көшелерінің біріндегі кішірек терезесі бар шағын бөлме. Бөлмеде ескі үлгідегі грамофон мен үнтабақтар қойылған үстел және темір төсек пен орындық тұр. Жазушы машинка басып отыр.
1937 жылғы қыркүйектің жауынды күні, сағат күндізгі төрт. Бөлмеге жас капиталист кіреді. Оған орын босату үшін сахна жұмысшысы қабырғаны жылжытады. Жазушы басуын жалғастыра береді. Сахна жұмысшысы кетеді. Толығырақ »