Әлем әдебиеті

ДӘСТҮРІ БАЙ, БАҒЫТЫ ЖАҢА ӘДЕБИЕТ

Комментарии к записи ДӘСТҮРІ БАЙ, БАҒЫТЫ ЖАҢА ӘДЕБИЕТ отключены

СӨЗ БАСЫ

ДӘСТҮРІ БАЙ, БАҒЫТЫ ЖАҢА ӘДЕБИЕТ


XIII ғасыр, яғни Біріккен Моңғол мемлекеті құрылғанға дейін киіз туырлықты көшпенділер әдебиеті әдеттегідей халық ауыз әдебиеті формасында дамып келді. Ауыз әдебиетінің негізгі түрлері жыр, аңыз, ертегілер, бақсылық домдары, өсиет-қағидалар, бата соғыс пен аң аулау кезінде айтылатын ұрандар сипатында болды. Тарихи деректер бойынша көшпенділердің ең алғашқы жыры – біздің жыл санауы­мыздан бұрынғы I ғасырда Ғұн (Хүннү) елінде ән болып айтылған төрт жолдық қасіретті өлең болып табылады. Кейін мұндай өлеңдер моңғолдар ортасына кең таралып, бүгінге дейін «уртын дуу» (ұзақ, созылыңқы ән деген мағынада) деген жеке жанр ретінде сақталған.

Көшпенді моңғолдардың көнеден жеткен ертегі, аңыздарының ішінде Орта Азия халықтарының және Америка үндістерінің арасында айтылатын нұсқалармен үндесетіндігін зерттеушілер атап көрсетуде. Сондай-ақ Ежелгі грек философы Эзоптың мысал ертегілері, «Інжілде» жазылған аңыздар да моңғол ауыз әдебиетінде кездеседі және Ескендір туралы баяндалатын «Сулхарнайн тууж» (Зұлхарнай жыры) атты ертегі де бар. Олардың ішінде таңды таңға, күнді күнге ұрып, әндетіп айтылатын жырлардың орны айрықша. Айталық, Батыс Моңғолдың атақты жыры «Жаңғыр»-ды толық нұсқасымен жырлап шығу үшін алпыс тәулік уақыт кететіндігін зерттеушілер анықтап отыр. Толығырақ »

ЖҮРЕГІ ЖҰМСАҚ ЖЕР ҒАНА

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Цэдэв ДОЖООГИЙН

 

ЖҮРЕГІ ЖҰМСАҚ ЖЕР ҒАНА

Цэдэв ДОЖООГИЙН көрнекті моңғол ақыны, әдебиет зерттеушісі.  1944 жылы дүниеге келген. Көптеген өлең кітаптарының авторы. Сексенінші жылдары Моңолия Жазушылар одағын басқарған. Тоқсаныншы жылдары Жапонияда тұрып, моңғол тілінен сабақ берген. Қазір ҰланБаторда Өнер институтының ректоры. 1984 жылы «Дос жүрегі» атты кітабы қазақ тілінде «Жазушы» баспасынан ақын Ұ. Есдәулетовтың аудармасымен жарық көрген.


* * *

Ұйықтап жатыр құлыншақ,
Не біледі?
Шидей нәзік сирағын тебінеді.
Жапырақтай
Қос құлақ қайшыланып,
Тыңдап жатыр десеңші,
Тегі, нені?

Бұзбайын деп
Құлынның тыныштығын,
Еппен сүйіп
Шалғынның күміс шығын,
Сипайды жел
Жібектей жұмсақ қолмен
Құйрық-жалын құлынның,
Пүліш түгін.

Енесінің сүтіне тойған
Құлын,
Үйірінен саяқ қап қойған бүгін.
Талай ақын тамсанып жырлар,
Бәлкім,
Әлі-ақ мұның қас тұлпар болғандығын.

Толығырақ »

МОҢҒОЛ АҚЫНЫНЫҢ АЛАШТЫ ЖЫРЛАУЫ

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Чойном РИНЧИН

МОҢҒОЛ АҚЫНЫНЫҢ АЛАШТЫ ЖЫРЛАУЫ

Мен қайда қоныс аударсам да қоржынымның бір бұрышынан қалдырмай арқалап алып жүретін аяулы дүниелерімнің бірі моңғолдың белгілі ақыны, абақты жыр­ларының айтулы өкілдерінің біріЧойном РИНЧИНГЕ тиеслі еді. Мұның сыры оның қыран жырларына деген қызығушылықтан туатын пір тұту да емес, жаттың бір ақиық сөз иесінің менің халқымды, менің қазағымның болмыс-бітімін жан-тәнімен түсініп, сүйгендігінде болса керек. Менің ұлтыма бүкіл-бүтін үлкен эпикалық дүние­лерін арнаған жат-жұрттықтар арасында сирек кездесетін ерекше адамдарың бірі осы Чойном.

Көзін көргеміз жоқ. Бірақ ақынның талайлы тағдырынан аздап білетініміз бар. Суырып салма, төкпе ақын бір отырыста «Кісі» атты өлеңмен жазылған романын «екі жылдан астам толғанып, жиырма тоғыз күнде жазып біттім» дегені үшін де «ауыр есік» ашқан екен. Ал оның Алаш баласын бауырындай сүйгені жөнінде үзеңгілес досы, Моңғолия мемлекеттік сыйлығының иегері, халық жазушысы Ш.Сүрінжап (Сүрэнжав) «Көңіл толқыны» атты толғауында былай дейді: «Қазақ тілін өз бетімше үйрендім дейтін. Анау Налайхтағы Қуаныш дейтін қазақтікіне түнделетіп өліп-талып жеткені бар. Ол оған қазақ тілін үйреткен жандардың бірі еді. Жалпы Чойном қазақ десе жанын беретін. Сол сезімі оны «Алтай» поэмасын жазуға жетелеген-ді». Міне, 1961 жылы көкек айында жазылған сол «Алтай» дас­таны, ағайын!

Бақытбек Бәмішұлы,
 
ақын

АЛТАЙ

Сұлу аттың көркі – жал,

Адамзаттың көркі – мал.

Абай

ӘЛХИСА

Бұрынғы бір естелік көпіртіп ойды көктедің,

Тәп-тәтті түсті үркітіп, еске алдың кімнің көктемін?

Өрнегі үлпек өлеңім, шалықтап-шалқып ұшасың,

Қайда жүр, кімді ыңылдап, әніңе қосып көкседің?

Қараған сынай көздердің көңілі кеткен мекені,

Сан ғасырдың куәсі – күмістей бурыл шекелі.

Судай жаңа дәуірдің туындай ақ мұз тұмағы,

Сұлу Алтайдың тумасы көкейімді көптен теседі.

Түзілген сапта сарбаздай теп-тегіс түскен жыр-әнім,

Тап-таза, мінсіз аспанмен тебіндеп ұшар пырағым.

Тұп-тұнық қара жанарлы, қарағым, саған сыйлаған,

Тұңғиық арлы ақылға сөзімді салып сынағын.

Алыста батыс шеттегі Алтайда менің арманым,

Ал, ағайын, ендеше, жырымнан тыңда қалғанын.

Толығырақ »

САРЫ АҒАШ, САРЫ ТӘҢІР, САРЫ БҰРЫМ

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Гунаажавын Аюурзана

САРЫ АҒАШ, САРЫ ТӘҢІР,

САРЫ БҰРЫМ



Моңғол ақыны Гунаажавын АЮУРЗАНА Мәскеуде Горький атындағы әдебиет институтын тәмамдап, АҚШ-тың Айова университетінде оқыған. Оның поэзиясы аса күрделі. Бірнеше кітаптары жарық көрген. «Өскелең өлеңдер», «Жалғыз жүдеу жапырақ», «Уақыт өтпелі», «Жігіт зерде», «Пәлсафалық өлеңдер», «Non Plus Ultra» қатарлы жыр жинақтары, «Әдебиет хақындағы ойлар» әдеби зерттеуі, «Сүйкімсіз әлем блюзі», «Сиқырлы сағым», «Құлап жатқан құс қанаты», «Жаңғырықтан туғандар» атты прозалық туындылары шығармалар галереясын құрайды. Г.Аюурзана аударма саласында да сүбелі еңбек етті.

ЕРТЕҢ ДЕГЕН

Ертең деген – ызғар, бұлдыр, сыңар мұң,
Бұлт тәрізді майда қоңыр қылаң күн.
Арасынан ат сілкінген мұнардың,
Ертең деген – өзім өңім сан түрлі,
Тағы бір сәт үһлеймін бәлкім мен.
Бір шетінен жыртық бұлтты уыстап,
(Бұлт нұсқа!)
Сондай жұмсақ үш ауыз сөз сыбырлап,
(Үш қысқа!)
Аппақ шуақ аунап түскен күміс жақ,
(Күнге ұшсам)
Сезіміме сезім сіңді мың ырғақ.
(Дәл қазір)
Ертең деген – ызғар, бұлдыр, сыңар мұң,
Бұлт секілді майда қоңыр қылаң күн.
Арасынан ат сілкінген мұнардың,
Мені бүгін сүй де, ертең ұмыт қалайда!
Жарай ма?

* * *

Толығырақ »

ӨТТІ БАСТАН НЕБІР КҮН

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

С. ДОРЖПАЛАМ

ӨТТІ БАСТАН НЕБІР КҮН

НҰРЛЫ ДҮНИЕ

Қалды алыста
Улан-Батор қаласы,
Көз ұшынан кетті үзіліп қарасы.
Айырылысу азабынан өлмейсің
Жүрегіңде жүрер, бірақ жарасы.
Шопырменен қатар отыр бойжеткен
Жылап отыр, жылап отыр қарашы.
Жанары оның жаңбыр тиген әйнектей
Жасқа толған, жасқа толған шарасы.

Бүдіршіндей бойжеткен қыз мұғалім,
Тыя алмайды көзіндегі бұлағын.
Көкірегін кернеп моңғол қызының
Тербеп отыр сағыныш па, бір ағын?
Зула, зула, зула, зула, тұрмағын,
Заулат, мотор, дөңгелектер, зырлағын!
Мұңын басып зымыраған жылдамдық,
Шешер мүмкін жүрегінің жұмбағын!

Ұмытпайды ол, өртенеді өзегі,
Қиялы оның мектеп ішін кезеді.
Шәкірттердің екі жүз мұңлы жанары
Телміріп тұр өз соңынан, сезеді.
Ұмытпайды ол шәкірттерін ешқашан,
Қимағанмен шарасы жоқ, төзеді.
Оралмайды ол мектебіне сүйікті,
Келмейді енді оралуға кезегі.

Толығырақ »

МАХАББАТ БАЛЫН СІМІРГЕМ

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Бавуугийн ЛХАГВАСҮРЭН

МАХАББАТ БАЛЫН СІМІРГЕМ

КҮЗ АЙЫ

Бұлт қамаған күнді күтіп,
Сертіңді аңсап семеді ес.
Сенің әурең,
Шөп пен тасты егегеннен
Кем емес.
Жуық маңда мендейлерді
Бақытты етпес түрмесің-ау! «Түрмесің»…
Ақ кербезім, тәу етейін Мәжнүн болып жүргесін.
Бек сезімді көмейін де табаныңның астына.
Сосын, сосын аулақ салам мәңгі
өмірдің іргесін.
Басқалардың бал ернінен ұмсынып кеп
Өпсең кем…
Сонда менің махаббатым көтереді
Өкшеңнен.

* * *

Толығырақ »

АМАНАТ

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

 Чадраабалын ЛОДОЙДАМБА

АМАНАТ


Чадраабалын ЛОДОЙДАМБА 1917 жылы Говь-Алтай аймағының Тайшир деген жерінде дүниеге келген. Жазушының «Тұнық Тамир» атты атақты романы – орыс жазушысы М. Шолоховтың «Тынық Дон» романымен үндес әрі деңгейлес туынды ретінде ХХ ғасырдың үздік шығармасы деп танылған. Сонымен қатар жазушы әңгіме жанрының да хас шебері еді. Оның шығармаларының негізінде көптеген көркем фильм түсірілген.

* * *

Өткен жазда мен Архангай аймағындағы немере ағамның үйіне барып демалған едім. Олар көршісін Юндэннің үйі деп атайды екен. Ағамдармен бірлесіп шаруашылықтың мың басты қойын бағады. Негізі олар біздің ауылдың адамдары емес. Мен оқуда жүргенде «басқа жақтан ауып келген» деседі. Балалары есейіп, үйлі-жайлы болып кеткен, өзге өңірде тұратын көрінеді. Аналары Ханд деген жасы сексеннен асқан әжей бірге тұрады. Әдетте Ханд әжей секілді жасы ұлғайған адамдар әңгімешіл келеді ғой. Әсіресе жастық шағы туралы сұрай қалсаң, көңілдері көтеріліп, тізгін шылбырсыз кетпейтін бе еді? Ал Ханд әжеде ондай жоқ.

Демалыс кезінде бір әңгіменің тақырыбын тауып алармын деген оймен әжейді сөзге тартып көріп едім, түк шықпады. Бұл туралы Юндэн-ғуайға (моңғолдар сыйлы адамды, жасы үлкендерді міндетті түрде «ғуай» дейді. Бұл түріктердің «бей», қазақтардың «екең», «ақаң» сөздерімен төркіндес. Ауд.) айтып, «шағымданып» көріп едім. «Анам бастан кешкендерін айтуға құлықсыз. Баласы бола тұра, менің өзім осы жасқа дейін ата-тегімді білмеймін. Әкемнің қандай адам болғаны жа­йында да тіс жармайды ғой. Аты-жөнімді көрмейсің бе, «Хандын Юндэн» болып жүрген жоқпын ба?» – деп салғаны. Бұл жай мені одан әрі қызықтыра түсті. Кейуананың мың қатпарлы әжімге толы жүзі мен нұры тайған қос жанарының түбінде өткен өмірінің осыған дейінгі ұзын сонар жолында талай тосын сырларды, қызғылықты оқиғаларды бүгіп жатқандай көрінетін еді. Құдды бір үлкен құлып салынған жабық есік. Осы есіктің артында қаншама дүние жатыр десеңші. Алайда оны ашудың амалы табылмаған соң не істерсің? Демалыс бітіп, кетуге ыңғайланып жатқанмын. Ханд әжей келіп, жаңгемнің құйып берген шайын сораптап, біраз отыр­ды да: Толығырақ »

КӘРІ ҚАСҚЫРДЫҢ ҰЛУЫ

Комментарии к записи КӘРІ ҚАСҚЫРДЫҢ ҰЛУЫ отключены

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Донровын НАМДАГ

КӘРІ ҚАСҚЫРДЫҢ ҰЛУЫ


Донровын НАМДАГ 1911 жылы Завхан аймағының Алдархан мекенінде дүниеге келген. 1926-1927 жылдары Германия еліне аттанып, неміс тілінің дайындық курсына түскен. 1927-1929 жылдары аталмыш елдің Вихерсдоф университетін оқып бітірді. 1932, 1941-1947 жылдары «Жапония және Германияның тыңшысы» деген жалған жаламен абақтыға қамалып, 1958 жылы ақталған. «Уақыт арпалысы» романы үшін 1962 жылы мемлекеттік сыйлық алды. 1971 жылы еңбек сіңірген өнер қайраткері атанса, 1983 жылы екінші мәрте мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болған.

* * *

Жаздың орта кезінің иен даладағы ай толған сол түнін бүгінгі күнмен салыс­тыруға еш келмес еді. Күн баяғыда батып кеткен, екінті ақшам да өткен іңірде төбеңнен аспан емес, биік тас-құз төніп тұрар еді. Айдың сүттей жарық сәулесінде өсімдік атаулы жапырақ, гүл, тіпті тау төбешіктер де қаралтым көлеңкелерін батыс жаққа тастап, тыныш қана ұйқы құшағына бөленбек. Дәл осындай бір сәттен әңгімені бастайық.

Аталмыш жердің жайы: ой мен қырдың ортасы, терең сайдың түбі. Дұлан-хайрхын атты үш бөлек тік қырлы тастардан тұратын шыңдары бар тау қарсы алдындағы Тарғыт даласына байсалды түрде көз салғандай мүлгіп тұр. Жалпы бұл аса бір үлкен тау болмаса да, қыс, көктем мезгіліндегі жұтта жылқы малына аса жайлы болғандықтан, жұрт «дұлан» (жылы) деп атаған әрі «хайрхын» (тәңір) деген атақты сыйлаған. Дұлан-хайрхынның орта тұсындағы шыңның батыс өңірінде сансыз жылдар бойы күннің өткір сәулесіне қақталып, қошқыл күрең түске енген тастардан тұратын аңғар бар. Жергілікті жұрт үшін ол етене таныс әрі бала кезінде қозы-лақ жайған бала-шаға атаулыдан сол тастарға өрмелеп, секіріп ойнамағандары некен-саяқ шығар? Алайда осынау тастардың астындағы қараңғы қуыстардың бірінде бір қасқырдың орнығып алғанына бірнеше жылдың жүзі болғанын ешкім білмейтін еді. Толығырақ »

ҚҰПИЯ СЫРДЫ АШҚАН ХАТ

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Бямбын РИНЧЕН

 

ҚҰПИЯ СЫРДЫ АШҚАН ХАТ

Бямбын РИНЧЕН 1905 жылы Хиагт маңындағы Бул-Сарай деген жерде дүниеге келген. 1923 жылдан бастап шығармашылықпен айналысып, «Таң сәулесі» трилогиясын, «Заан залуудай» атты көне заман туралы романын, «Ханша», «Гүл келін» тәрізді жеке жинақтарын жарыққа шығарған, «Цогт тайж» атты тарихи тақырыпта кино түсірген. 1944 жылы Моңғолия мемлекеттік сыйлығын алған. Аты аңызға айналған академик, әлемге әйгілі шығыстанушы ғалым.


* * *

Cтудент кезімізде алыстағы Ленинградта Ғылым академиясының Азия ғылым­дары мұражайында ресейлік ғалымдардың осы құрлықтан тапқан сирек те құнды жазбаларымен танысатын едік. Ежелгі тод моңғол жазуымен жазылған көне хаттар амандық-саулық сұраған (бұйымтай шаруасы елші, хабаршының аузымен айтылады) азғана сөзбен ғана шектелетіні таң қалдыратын еді. «Ерте заман хаттарында кім арқылы жолдағанын хабарлағаны болмаса, негізі айтарын елші арқылы жеткізетіндігінде бір сыр бар секілді» деуші еді, ұстазым академик Владимирцов.

Кейін Қобда шекаралық өлкесінде халық ауыз әдебиеті, жергілікті тіл диалек­тілерін жинап, көне жазба тастарын іздеп, лау арқылы жолаушылап жүргенімде Цорос руының тумасы, сандық толы көне кітабы бар қарияның үйінде қона жатып, жазбаларын оқығаным бар. «Айтар сөз елшінің аузында» деген сөздің мәнін сол ауылдық шежіреші қарттан естіп білгенімді отыз жыл бойы көкірегімде сақтадым. Енді міне, шаш ағарып, бурыл бас жазушы болған шағымда жазып көпке жеткізуге кірістім. Он жетінші ғасырдағы халқымыздың тарихы қайғы-қасіреттен кенде болмады. Ендеше, шежірешілер мен тарихшылардың зерттеп бітіре алмауының себебі – мен ерте заман делінетін сол бір дәуірдің мұңлы аңызы жайында сыр толғайын. Толығырақ »

ТӨСЕК ЖАҢҒЫРТҚАН ЖІГІТ

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Цэндийн ДАМДИНСҮРЭН

ТӨСЕК ЖАҢҒЫРТҚАН ЖІГІТ

Цэндийн ДАМДИНСҮРЭН Дорнод аймағының Матад деген жерінде 1908 жылы дүниеге келген. 1938 жылы Ленинградтағы шығыстану институтын, 1950 жылы аспирантурасын бітірген. 1957 жылы профессор атағын алды, 1961 жылы Моңғолия ҰҒА толық мүшелігіне сайланды. Ғылыммен бірге көркем әдебиет саласында да көп еңбек сіңіріп, кітаптарын жарыққа шығарған. 1946, 1947, 1951 жылдары елдің мемлекеттік сый­лы­ғының иегері болды. 1986 жылы халық жазушысы атанды.

* * *

Говь даласында өскен жас жігіт Бат, Соль («соль» сөзінің тура мағынасы «ауыс­тыр» деген ұғымды білдіреді. Ауд.) есімді 18 жасқа жаңа толған зайыбын қалдырып, әскери қызметке аттануға мәжбүр болды. Бат кетерінде әйелі Сольға айтқаны:

– Қоштасудың қиынын айтудың өзі ауыр. Алайда әскери борышымды өтеген соң ораламын ғой. Екі-үш жыл деген не тәйірі. Сен отауымызды ақ ордаға айналдырып, мал басын өсіріп күтіп отырғайсың! – деп басынан сипағанда, Соль байғұс көз жасын зорға тиып айтқаны:

– Сен аман-есен оралсаң болғаны. Мен сен айтқандай үйімізді ақ ордаға айналдырып, малымызды көбейтіп, сәбиімізді өсіріп күтіп отырайын!

– Қайдағы сәби? Толығырақ »