СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Джебран Халиль ДЖЕБРАН
ҚҰДАЙ ҮЙІ АЛДЫНДА
Ливан-американдық философшы эссеист, романист, мистикалық ақын және суретші Джебран Халиль ДЖЕБРАННЫҢ (Джибранның) (1883-1931) шығармашылығы XX ғасырдағы араб әдебиеті мен философиялық ойының тарихында айрықша орын алады, басқаша айтқанда, философиялық бағыттағы араб романтизмінің негізі болып табылады. Оның жеке тұлғасы шын мәнінде Ливан символына айналды, оның даңқы бүкіл жер жүзіне тарады. Бүгінде оның шығармалары әлем тілдерінде көптеп басылуда, ол Батыста да, Шығыста да ең көп оқылатын араб жазушысы болып табылады, ал оның «Пайғамбар» атты шығармасы мыңдаған оқырман үшін қойын кітабы іспеттес. Сыншылар қауымы оның кітаптары мен шығармашылық жолын Блейк, Ницше, Юнг, Гете, Эмерсон сынды әйгілі тұлғалармен бір қатарға қояды.
Джебран ширек ғасыр бойы дерлік еңбек етті және оның шығармашылығы Ақиқат пен Сұлулық бірлігінің, Рух мәңгілігінің, оның шексіздігінің, тобыр тоғышарлығын артқа қалдырып, бостандыққа ұмтылудың жалпы идеяларымен нәрленген. Өз шығармаларында ол оқырман рухын азаттыққа, күнделікті күйбең тірлік тауқыметінен жоғары тұруға, әрдайым рухани құндылықтарды сақтауға шақырып, ұран тастап, ойға ой қосады.
* * *
Махаббат деген не?
Адам санасындағы осы бір сырын ешкім аша алмаған мәңгілік құпия жайлы, барлық себеп-салдардың осы бір түп-төркіні туралы, осы бір құдіретті күш хақында кім маған жеткізе айтып берер екен?
Махаббат кірпігін шарпып өткен сәтте шырт ұйқысынан оянбайтын жан бар ма, уа, адамдар?
Жүрек қалаулысының шақырған үнін естіген мезетте туған үйін, ата-анасын тастап кете бермейтін жан бар ма екен, сірә?
Сүйіктісімен көрісу үшін теңіздер мен биік тауларды, ұшы-қиыры жоқ дала менен шөлейтті асып өтпейтін кім бар? Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 25-10-2011
СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ
Джон КИТС
О, ҮМІТІМ, ҚҰТҚАР ҚИЫН СҰРАҚТАН
Джон КИТС (1795-1821) – әйгілі ағылшын ақыны. Ол Лондонда кедей отбасында дүниеге келген. 1811-1815 жылдарда Джон Китс дәрігердің оқуын оқиды. Дәл диплом аларда оқыстан оқуын тастап, әдебиетке бет бұрады.
1818-19 жылдарда Китс өзінің ең үздік туындыларын «Эндимион» мен «Гиперион» поэмаларын; «Психеяға арналған ода», «Грек құмырасына арналған ода», «Бұлбұлға арналған ода» мен «Меланхолия одасы» сынды шығармалары мен көптеген сонеттерін жазады.
1820 жылы Джон Китс айықпас дертке шалдығып, Италияға кетеді және сол жақта қайтыс болады.
ӨЛІМ ТУРАЛЫ
І
Өлім деген ұйқы ма шын құрсақ түп:
Болса тірлік кіл елес түс – ғажап той,
Жұбана ма кеуде сәнге бір сәттік?
Өлімді ойлау, о, бәрібір азап қой.
ІІ
Пенде, бірақ ел кезсе де бұрлыға,
Қимайды ғой дүниені арайлы.
Ойламай-ақ қасіретті де, мұңды да –
Әр таң сайын оянғанды қалайды.
Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Поэзия | Жарияланған күні: 25-10-2011
СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Вашингтон ИРВИНГ
ТАСҚАЛАУШЫНЫҢ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ
Вашингтон ИРВИНГ (1783-1859) – әлемге әйгілі Америка жазушысы. «Нью-Йорк тарихы», «Эскиздер кітабы», «Колумбаның серіктері», «Альгамбра» жинақтары оның есімін дүние жүзіне танытты.
* * *
Сонау бір кездерде Гранадада бір кедей тасқалаушы болған екен. Ол қасиетті күндерде, мейрамдарда, жексенбілерде, тіпті дүйсенбі күндері де жұмыс істемейді екен. Міне, осындай ізгіліктің ниетіне қарамастан, барған сайын кедейленген үстіне кедейлене беріпті. Өзінің көп адамнан тұратын отбасын әрең дегенде асыраған көрінеді. Бірде түн ішінде енді ғана ұйқы құшағына бата берген тұста есік қағылады. Ол есікті ашқанда, қарсы алдында тұрған әруақтай құп-қу священникті көреді.
– Тыңдашы, аяулы досым, – деді бейтаныс, – мен сенің мейлінше қайырымды хрестян және дұрыс адам екеніңді байқадым. Бүгін түнде жұмыс істегің келе ме?
– Аса қуанышпен, сеньор падре. Әсіресе лайықты төлемақы үшін.
– Бұл енді әдеттегі үйреншікті жай ғой, тек сенің көзіңді байлауға тура келеді. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 25-10-2011
СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Марк ТВЕН
ЕЛЕС ТАРИХЫ
Марк ТВЕН – атақты американ жазушысы, сатирик. Оның «Жерден хат», «Адамның күнделігі», «№44, құпия бейтаныс», «Үш мың жыл микробтар арасында» атты шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
* * *
Бродвеяның тура орталығындағы абажадай ескі үйден пәтер алдым. Мен қоныстанғанша оның үстіңгі қабаттары ұзақ жылдар бойы бос тұрған екен. Сондықтан да болар, өрмекшінің торы мен шаң, жалғыздық пен үнсіздіктің ордасына айналған. Алғашқы кеште баспалдақпен көтерілген сәтте мен өзімді әлденеден мәңгілік мекен мазарлардың арсында аруақтардың тыныштығын бұзып жүргендей сезіндім.
Сол сәт өмірімде алғаш рет көңіліме қорқыныш ұялады. Ал баспалдақтың қара көлеңке бұрышына бұрылған тұста көзге түсе қоймаған өрмекшінің жабысқақ торы бет-ауызымды шырмап алды. Мен әлдебір елеспен кездескендей секем алып, селт еттім.
Ал өзім тұратын тұраққа жататын тұста мен өзімді біртүрлі жеңіл сезіндім. Есікті кілтпен жауып, мазарлық мұнарадан тасаландық. Каминде от лаулап жанып жатты. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 25-10-2011
СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Франц КАФКА
ТҮЗЕТУ КОЛОНИЯСЫНДА
Франц КАФКА – аса ірі неміс тілді австриялық жазушы. Бар болғаны қырық бір жыл ғана (1883-1924) өмір сүрген ол көптеген елдердің қаламгерлеріне айрықша ықпал еткен ХХ ғасырдағы әлем әдебиетінің классигі болып табылады. «Америка», «Процесс», «Қамал» романдарында және әңгіме-әпсаналарында буржуазиялық әлемдегі адамның әлсіздігін әсем де әсерлі суреттеген.
* * *
– Мынау өзі ерекше порымдағы аппарат, – деді офицер ғалым-саяхатшыға, әрине, өзіне тамаша таныс аппаратты сүйсіне қарастырып жатып. Саяхатшы коменданттың әлдебір сарбазға нәшәндікті тыңдамағаны және тіл тигізгендігі үшін шығарылған үкімнің орындалысына қатысуды тек сыйлағандығынан қабыл алған сыңайлы көрінді. Әрі түзету колониясында алдағы ұрып-соғу жазасы да пәлендей ықылас туындата қоймаған сияқты. Қайткен күнде де, осында, мынау жан-жағынан жалаң қия беткейлермен қымталған шамалы да терең құмдақ алқапта офицер мен саяхатшыдан басқа тек екі адам ғана отырды: оның бірі – сотталған, топастау, шашы таралмаған және бет-ауызы қырылмаған кісі мен сотталғанның толарсағы мен мойынынан созылған шынжыршаларды қолдарынан шығармай отырған сарбаз еді. Бұл екі арада сотталғанның барлық бет-бейнесінде тек итке ғана тән бағыныштылық орын тепкендігі сондай – оны қия беткейлерге қыдырыстауға жіберуге болатын сияқты, тек сабаудың алдында ысқырып қалса болды, оның жетіп келетіндігі күмән туғызбайтын. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 25-10-2011
СЫНТАЛҚЫ
А. СТРУГАЦКИЙ
АКУТАВАНЫҢ ҮШ ЖАҢАЛЫҒЫ
Әдебиет тарихында тағдыр жазуымен өзіне берілген аз ғана ғұмыр ішінде соңына талай ұрпақ жата жастанып оқыр мол мұра қалдырған жазушылар аз емес. Солардың бірі – жапон жазушысы Акутагава РЮНЕСКЭ (1892-1927). Әлем әдебиеті оны новелла жазудың теңдессіз шеберлерінің бірі санайды.
Әдебиетте өзіндік дүниетанымы, көркемдік әдіс-тәсілдері, эстетикалық тұғырнамасы, төл тақырыбы болмаған жазушылар із қалдыра алмақ емес. Ал Акутагавада осылардың бәрі де бар болып шықты.
Қазір Акутагава ашқан тәсілдер әлем әдебиетінде кең қолданыс тапқан. Бұл тәсілдер әдебиет қана емес, киноматографияның да үлесіне айналғалы біраз болып қалды. Жапон киносы патриархтарының бірі Акиро Куросаваның «Қанға былғанған тақ» атты фильмі соның бір айғағы. Бір қарағанда фильм орта ғасырлардағы жапон өмірінен сыр шертетін секілді. Фильмнің негізінде кімнің, қай халықтың туындысы жатқандығын білмейтіндерге солай да көрінеді. Ал әлем әдебиетінен хабары бар жан фильм өзегінде атақты Шекспирдің «Макбеті» және осы пьесаға мұрындық болған шотланд ертегісі жатқандығын бірден аңғарған болар еді. Жапон өмірі туралы сыр шертетін шотланд ертегісі. Ал мұндай метаморфозалар Акутагава шығармашылығында жетіп артылады. Рас, Акутагава шығармашылығының бастауында сан ғасырлық тарихы бар жапон жазба әдебиеті жатқандығы жасырын емес. Осы ыңғайдан алғанда, бәріміздің аузымыздың суы құрып тамсана беретін Кафканың атақты «Құбылуының» («Превращение») өзі де көне жапон әфсаналарының жадағай көшірмесіндей болып көрініп қалатыны бар. Осындай құнарлы топырақта пайда болған әдебиеттің осал болмасы да белгілі. Оған бүгінгі жапон әдебиеті куә.
Төменде сол әдебиеттің белді өкілдерінің бірі – Акутагава Рюнескэ шығармашылығына байланысты жазылған орыс сыншысы А. Стругацкийдің «Акутагава Рюнескэнің үш жаңалығы» атты мақаласын ықшамдап жариялап отырмыз.
І
«Бүгінді байырғының көзімен зер
салып тануға болады»
Уэди АКИНАРИ
«Кондзяку моногатариде» («Бағзы кездер хикаялары»), он бірінші ғасырдың аяғында хатқа түсірілген әдеби ескерткіште баю мақсатында ауылын тастап астанаға келіп, Расемон қақпасының қарауыл – мұнарасында шарасыздықтан қайыршы кемпірді тонайтын ұры жайлы қысқа ғана әңгіме бар. Акутагаваның арқасында (жапон кинематографиясының да үлесі бар) бүгінгі күні осы Расемон атауы жер шарындағы әрбір мәдениетті адамға белгілі. Ал бәрі де жиырма төрт жасар студенттің әдебиеттегі өз тақырыбы жайлы ұзақ ойлануларынан кейін басталған еді. Асылы, ол ойлана келе мынадай ұйғарымға келген болса керек: «Менің тақырыбым адам рухының, адам психологиясының шексіз әлемі болуға тиіс. Әдебиет өнер болуға тиісті. Олай болса, мен де әдебиетті қарабайырлық, ақиқат өмірді жалаңаштап көрсету деп түсінетіндерге қарсымын. Олардың даңғыраларын қағып, ұлы мәртебелі өнердің мазасын алуына жол бермеуім керек. Бұл күресте шеберлік қана көмектесе алмақ. Ондай болса, менің ұстанар әдіс-тәсілдерім қандай болмақ?» Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 13-09-2011
ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРІ
Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ
КЛОД МОНЕ
НЕМЕСЕ ИМПРЕССИОНИЗМНІҢ КӨК ТУЫ
Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ – кескіндемеші, график, публицист. Мәдениет қайраткері. 1965 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1982-1989 жылдары ҚазПИ-дің көркем-сурет графика факультетінде оқыған. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. «Мәдениетті қолдау жылы» эмблемасының авторы (2000 ж). Президенттік степендия иегері. 2006 жылы «Өнер» баспасынан «Жеңіс Кәкенұлы» атты альбом-жинағы жарық көрген.
* * *
Әдетте, біз – қалалықтар, тіршіліктің қым-қуыт жүгірісімен зымырап жүріп, айнала көріністің әсерін бақылай, байқай бермейміз. Таң қалай атып еді, күн сәулесінің әуемен ағып барып үй қабырғасына шағылғанда қандай түсте еді, біраздан соң неге өзгеріп сала берді дейтін сұрақтарға тіпті бас қатырмайтынымыз анық. Әлдебіреу сізді тоқтатып: «Әлгінде ғана аспанның әнебір шеті жұмсақ көгілдір түстен жібек күлгінге қарай ауысып еді, енді келіп тотияйындай көкпеңбек бола қалыпты ғой», – десе, оның ақыл есінің дұрыстығына күмән келтіретініңіз де айдан анық.
Табиғаттың айнығыштығын, жарықтың айналаға әсерін, сәт сайын өзгеріп отыратын жарық пен көлеңкенің арпалысы, күн жылжи келе әлгінде ғана жарқырап тұрған әлдененің жарқыраған бүйірі солғын тартып, келесі бір қыры құлпырып, құбыла бастағанын кенебіне дереу түсіріп, осы үрдісті өзінің суретшілік ғұмырына өмір бақи азық еткен суретшілер жүрді арғы ғасырда. Қас пен көздің арасындағы құбылыстың, әсердің өзін ұстап қалуымен ғана бейнелеу тарихында өшпес ізін қалдырып кеткен бұл суретшілер импрессионизм өкілдері болатын. Өздеріне дейін тек ғимарат ішінде сурет салып, академиялық сурет канондарынан қия баспай отырған әріптестерінен жеріп, мольберттерін арқалап, аулаққа, табиғат аясына безіп кеткен импрессионистердің көш басында Оскар Клод Моне тұрды. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Авторлар | Жарияланған күні: 25-08-2011
ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРДЕН ҰЛАҒАТ
Джузеппе ВЕРДИ
«АИДА»
Джузеппе ВЕРДИ (толық аты-жөні Джузеппе Фортунато Франческо) – итальяндық сазгер. Опера жанрының хас шебері.
1813 жылы 10 қазанда Бусетто қаласының Ронкол елді мекенінде дүниеге келген. Бала кезінен музыкаға әуес болып, өзінше ізденіп, дәріс алады.
1839 жылы Миланда жас сазгерге үлкен жетістік әкелген алғашқы операсы «Оберто, граф Бонифачоның» тұсаукесері болады. Вердидің «Навуходоносор» мен «Крест жорығындағы ломбардшылар» туындыларымен музыка сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп, танымал сазгерге айналады. 1842-1849 жылдар аралығында ол 13 опера («Эрнани», «Макбет», Луиза «Миллер», «Махаббат пен зұлымдық», «Леньянодағы шайқас» және т.б.) жазады. Келесі онжылдықта таңғажайып опералық үштік «Риголетто», «Трубадур», «Травиата» Вердиға үлкен табыс әкелді. 1861 жылы петербургтік Мариин театры үшін жазылған «Тағдыр күші» аяқталып, Испанияға барған сапардың әсерімен 1866 жылы «Дон Карлос» жазылады. Египет үкіметінің тапсырысымен 1870 жылы Вердидың атақты операларының бірі «Аида» жазылды. Шығармашылық жолының соңында «Отелло» мен «Фальстаф» сынды атақты туындыларын өмірге әкелді.
Әйгілі сазгер 1901 жылы 27 қаңтарда Миланда қайтыс болды.
№1 ЛИБРЕТТОНЫҢ МӘТІНІ
Оқиғи Мемфис пен Фивада перғауынның құдіреті жүріп тұрған кезеңде өтеді.
Жоғарғы абыз РАМФИР:
– Суық хабар, сұм хабар!
Сұмырай Эфиоп патшасы
Шекарадан бері аттамақ,
Фива мен Ніл алабын
Жау табаны таптамақ.
Құдай ана Изидаға
Жар бола гөр деп
Жалбарындым күнімен. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Поэзия | Жарияланған күні: 25-08-2011
ТӘРЖІМЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАМДАР
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ
АУДАРМА ҺӘМ ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСТАР
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы гуманитарлық ғылымдар академиясының және халықаралық Айтматов академиясының академигі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. С. Демирел атындағы университеттің проректоры. 1946 жылы мамыр айының 27-ші жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Қоғам ауылында дүниеге келген.
Ғалымның еңбектері негізінен қазақ әдеби сынының теориясы мен тарихына, XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің проблемаларына арналған. «Әдеби көркем сын», «Сын шын болсын», «Сын жанрлары», «Сын өнері», «Сынсонар», «Сын сымбат», «Сынталқы», «Әдебиет айдыны» сияқты еңбектерде әдеби сынның теориялық мәселелері қазақ әдебиеттануында алғаш рет арнайы зерттелініп, жеке ғылым саласы ретінде негізі салынды.
Д. Ысқақұлы жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдері М. Жұмабаев, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, М.Ж. Көпеев жайлы жеке еңбектер жазды.
* * *
Халықтың томаға тұйық өмір сүруі аралас-құралас күшейген заманда мүмкін болмаса, әдебиеттің дамуында да рухани байланыстар ерекше орынға ие. Даму барысында ұлттық әдебиет өзін өзгелермен салыстыра отырып, бой теңестіреді; жетістігін үкілеп, жетпей жатқан жерлерін өзгелерден үйрене отырып, жетілдіре түседі. Сондықтан да әдеби даму барысында әдеби аударма, түрлі шығармашылық қарым-қатынастар аса маңызды.
Социализм кезіндегі қазақ әдебиетінде әдеби аудармаға ерекше көңіл бөлініп, әлемдік әдебиеттің озық үлгілерімен қазақ оқырмандары кеңірек танысты. Әсіресе орыс әдебиетінен қазақшаға көбірек аударылып, бұл «совет халқының», «коммунизм құрылысшыларының» ортақ рухани қазынасын жасаудағы аса маңызды міндеттердің бірінен саналды. Сонымен бірге әлемдік әдебиеттің озық үлгілерінің бірсыпырасының қазақ тілінде жарық көргенін де айта кету керек. Қазақ әдебиетін орыс тіліне аурару саласында да біршама жұмыстар аударылды. Ал олардың аударма сапасы – өз алдына жеке әңгіме. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Публицистика | Жарияланған күні: 25-08-2011
СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Василий ШУКШИН
НӨЛ-НӨЛ БҮТІН
Колька Скалкин есептесейін деп совхоздың кеңсесіне келді. Кеше директор «осындай қауырт кезеңде…» деп ұрысқан болатын. «Сіздерде барлық уақыт қауырт кезең! Тек жалақы ғана сылбырт». Директор оның арызына «өз еркімен босатылсын» деп жазып берді. Еңбек кітапшасын алу ғана қалды.
Кольканың еңбек кітапшасын алуға келіп тұрған беті бұл.
Кітапшаны Синельников Вячеслав Михайлович деген семізше, беті жылтыраған, ақ қасты, ақ костюмді біреу беруге тиіс еді. Сырттан келген ол туралы Колька көкмылжыңның өзі деп естіген болатын. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 25-08-2011