Журнал туралы
Халқымыз «Өнер алды — қызыл тіл» деп тілге аса мән беріп, сөз өнерін ерекше қастерлеп, қадір тұтқан. Баспасөз айдынында өзіндік бет бейнесі бар, бағыт-бағдары айқындалған «Әлем әдебиеті» журналы 2006 жылдан бастап шығып келеді. Басылымның аты әйгілеп тұрғандай, басты мақсаты – қазақ оқырмандарын, әсіресе кейінгі жас ұрпақты әлем әдебиетінің шоқтықты шығармаларымен, классикалық үлгілерімен, қазіргі танымал жазушыларының туындыларымен, шетелдік әдебиетші ғалымдардың, білікті сыншылардың назар аударарлық мақала-материалдарымен дер кезінде таныстырып отыру. Сондай-ақ, журналдың шығармашылық ұжымы әлемдік әдебиеттің озық туындыларын ана тілінде сөйлетіп қана қоймай, осы заманғы әдеби мектептер мен әртүрлі ағымдардан хабардар ететін сыни танымдық туындыларды, көркем очерктерді үзбей жариялап келеді.
Сонымен қатар журнал алыс және жақын шетел тілдерінен аударатын аудармашылармен тығыз қарым-қатынас орнатуды, әрі жас аудармашыларды тәржіме өнеріне баулып, шынайы шыңдалу мектебінен өткізіп, аға ұрпақтың ізбасарларын тәрбиелеуді мақсат етеді. Яғни, өскелең ұрпақтың жан-жақты жетілген, рухани толысқан парасатты да өнерлі азамат болып өсуіне қал-қадірінше өз үлесін қоса бермек.
Әлемдік философиялық, эстетикалық көркем ойдың үздік туындыларымен, басқа жұрттардың тыныс-тіршілігінен хабар беріп, әдет-ғұрпымен, тұрмыс-салтымен, әлеуметтік-экономикалық дамуының барысымен таныстыратын көсемсөздік шығармалар жариялау да – журналдың алдында тұрған келелі міндеттердің бірі.
Шетел туындыларын қазақ тіліне тәржімалаумен айналысатын кез келген аудармашы аударма еңбектерін alemadeb@mail.ru электронды поштасына жібере алады. Жарияланымның мән-мазмұны мен көлеміне қарай аудармашыға қаламақы төленеді.
Журнал екі айда бір рет шығады. Оған «Қазпочта» АҚ бөлімшелерінде, сондай-ақ «Эврика-пресс», «Астана-пресс» ЖШС бөлімшелері арқылы жазылуға болады.
Журналға жазылу индексі:
Жеке адамдар үшін – 75 391;
Кәсіпорындар мен ұйымдар үшін – 25 391.
Жазылу бағасы:
Жеке жазылушылар үшін: Алматы қаласында (жылына) – 2439,54 теңге, өңірлердегі қалалар мен ауылдарда – 2460,54 теңге.
Кәсіпорындар мен ұйымдар үшін: қалалардағы кәсіпорындар мен мекемелерде – 2469,54 теңге, өңірлердегі ұйымдар мен мекемелерде – 2490,54 теңге.
Байланыс телефондары: 8 (7172) 31-03-39, факс: 39-72-49