КӨНЕДЕН ЖЕТКЕН ҚАЗЫНА
ҰЛЫ ШЫҢҒЫС ХАН ТУРАЛЫ АҢЫЗ-ДАСТАНДАР
Жагдалын ЛХАГВА 1942 онд Дорноговь аймағының Хөвсгөл елді мекенінде дүниеге келген. 1966 жылы Киевте политехника институтын, 1987 жылы Мәскеуде Әдебиет институтын бітірген. 1960 жылдан әдебиетпен айналысады. 1991 жылы Моңғолия Жазушылар одағының сыйлығын алды. Көптеген әдеби шығармалар мен кино туындыларының, телекино және телепьесалардың авторы.
«Шыңғыс ханның үш жүз Тәйшілермен шайқасы», «Шыңғыс ханның тоғыз тұғыр уәзірі мен жетім ұлдың шешендік шежіресі» ежелден бергі түркі тектес көшпенді тайпалардың береке-бірлікті, ынтымақ-достықты, тату-тәтті сыйластықты аңсаған аса маңызды ұлағатты, моңғол халқының ауыз әдебиетінің ең сындарлы мұрасы:
Аралап таппас, Алтын қазынасы. Іздеп таппас, Інжу-маржаны.Бұл жыр бұған дейін ешбір елдің тілінде жарыққа шықпаған. ХІV ғасырдан бері моңғол халқының арасында ауызша таралып, астарлы аңызға айналып жалғасып келген. Халық аузынан жинақталып, толық нұсқасымен моңғол тілінде баспадан жарық көргеніне де он шақты жылдың жүзі болды.
* * *
ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ҮШ ЖҮЗ ТӘЙШІЛЕРМЕН ШАЙҚАСЫ
Ұлы Шыңғыс хан шет жерлерді мекендеп жүрген заманда бір күні тоғыз тұғыр уәзірлерімен бірге із шалып, барлауға шығып жүріп, былай деп уәж айтады: «Қай бағыттан қандай дұшпанға тап боларымызды алдын ала болжау мүмкін емес. Мәртебелі тоғыз уәзірлерім, бір жерге топтасып, ұйлығыспай үш-үштен жұпталып, аса сақ жүргеніміз абзал», – дейді. Ханның аманаты бойынша Зелме мен Шу мерген Шихихұтық үшеуі бір жұп, Боршы мен Борқұл, Мұқылай үшеуі екінші жұпқа бөлінеді де, Сүлдестің Сорқын-сарысы мен Бесүдтің Жебесі, Ойраттың Қарақожалағы үшеуі ауылды басқарып қалады. Шыңғыс хан алты уәзірін жасақтап алып, із шалып, барлауын жалғастырып, Шақырай ханның ту сыртынан, Жалмын ханның алдынан тосқауылдап келе жатқанда хан ағзамның тұсынан: