МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ
САРЫ СУ ТАСҚЫНЫ
Дамбадаржаагийн НАМСРАЙ 1949 жылы Хөвсгөл (көпсукөл) аймағының Рашаант ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Мәскеуде А.М. Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. Ол театр, мәдениет ұйымдарында, Жазушылар одағында, Моңғол телевизиясында және радио саласында еңбек етті. 1971 жылдан шығармашылық жұмысын бастаған. Намсрайдың қаламынан «Хрусталь айна», «Балаңдықтан арылу», «Оралмас», «Асыл шолпан» атты драмалар мен «Тау мен судың ұрпағы», «Иман мен күнә», «Жин дунгуй», «Махаббат аңызы» киносценарийлер туған. Сонымен қатар «Зәулім қаладағы Хандарма сүйіктім», «Жаздың бастапқы айы», «Торай орманы», «Жамуханың уәжі», «Сайын даладағы ой», «Көгілдір Сэлэнгэ» романдары мен жинақтарын жарыққа шығарған. Моңғолия Жазушылар одағы сыйлығының иегері.
* * *
Жасы жетпісті желкелеген қушиған қара шал шабан жүрісті ақ боз атын тебініп қойып, тері тоқымын сықырлатып, бөк-бөк желдіртеді. Қолындағы қамшыны үйірмейтіндігіне әбден үйреніп алған ақ шабан да сәлден соң жүрісін баяулатып, ауыздығын шықырлатып, өгіз аяңға басады. Аттың желісі мен аяңын айыруға соншалықты құлқысыз шал ежелгі әдетімен сан сапалақ ойларға ерік беріп, көзі ашық пен жабықтың арасында, өзі ұйқылы-ояу кейіпте шылбыр мен тізгінді бір қолға уыстап, келесі қолдағы қамшысын салбыратып келеді. Жетер жол мен бағытты ат өзі табатындықтан, Ғонжо шал үшін оған бас қатырудың қажеті шамалы еді. «Қарасан, аусыл дейді… Оба, құтырма, ал адамға спид дей ме? Бұрынғылардың ақыр заман дейтіндері расында келіп қалды ма? Мал-жан демей бәрі жын-шайтанның пәлесіне ұрынып жатыр ма, сонда?.. Ал сонда әлгі жын-шайтанның өзі қайда тұратын неме? Адамның өз ішінен шығып жатқан жоқ па?! Дауыл, тасқын су, өрт, қуаңшылық, жұт атаулыны қойшы, дүниеде әлімсақтан бар нәрсе. Ал енді мына ұры-қарылық, тонаушылық, кек қайтару, қанды қырғынды жасайтындар екі аяқты, шақша басты пенденің ішіне кіріп кеткен сайтандардың әрекеті ме? Жоқ, мына әкім болып жүрген ана бір адамға не жабысты екен, аяқ астынан о дүниелік болып кетті. Миына қан шапты дей ме, жүрегі тоқтап қалды дей ме біліп болмайсың! Кенет аттанып кеткен екен. Ал енді қарашы, оның тағына таласқандар бүкіл ауылды дүрліктіріп жатқанын. Тегі мен тұқымына қарасаң да, кешегі жалаңбұт кезін еске түсірсең бе, қазіргі шулап жүргендердің өңшең көгенін сүйреткен лақ текешіктер! Оны жақтап, жағалап жүргендер құдды бір сойылған малдың тұлыбына мөңіреген сиырлар сияқты».
Ғонжо шал осылайша түс көріп отырған адамша өз ойымен оңаша тіссіз аузын бүлкілдетіп, сыбырлап келеді.
Аударған Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ