МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ
ЖҮРЕГІ ЖҰМСАҚ ЖЕР ҒАНА
Цэдэв ДОЖООГИЙН – көрнекті моңғол ақыны, әдебиет зерттеушісі. 1944 жылы дүниеге келген. Көптеген өлең кітаптарының авторы. Сексенінші жылдары Моңолия Жазушылар одағын басқарған. Тоқсаныншы жылдары Жапонияда тұрып, моңғол тілінен сабақ берген. Қазір Ұлан—Баторда Өнер институтының ректоры. 1984 жылы «Дос жүрегі» атты кітабы қазақ тілінде «Жазушы» баспасынан ақын Ұ. Есдәулетовтың аудармасымен жарық көрген.
* * *
Ұйықтап жатыр құлыншақ,
Не біледі?
Шидей нәзік сирағын тебінеді.
Жапырақтай
Қос құлақ қайшыланып,
Тыңдап жатыр десеңші,
Тегі, нені?
Бұзбайын деп
Құлынның тыныштығын,
Еппен сүйіп
Шалғынның күміс шығын,
Сипайды жел
Жібектей жұмсақ қолмен
Құйрық-жалын құлынның,
Пүліш түгін.
Енесінің сүтіне тойған
Құлын,
Үйірінен саяқ қап қойған бүгін.
Талай ақын тамсанып жырлар,
Бәлкім,
Әлі-ақ мұның қас тұлпар болғандығын.
Аударған Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ