Әлем әдебиеті

НАЙЗАҒАЙЛЫ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Чинагийн ГАЛСАН

НАЙЗАҒАЙЛЫ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

 

Чинагийн ГАЛСАН – шығармаларын неміс, моңғол тілдерінде жазатын жазушы. Ұлты тува азамат қазақ тілін де жетік біледі. Туған жері Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы. Қазақтардың ортасында өскендіктен әрі өз ана тілінің (түркі-тува) қазақшаға тым жақындығы Галсанмен жүздескен әр қазақтың оны өзінің қандас бауыры іспетті танып, жақын тартатындығына шүбәсіз сенуге болады.

* * *

Өзен, су, шілік тоғайлар артта қалып, мидай жазық дала басталды. Суы тартылып үлгермеген өзенді бойлап өткен аттардың үстін сансыз маса жамылғы жапқандай басып алған. Жануарлар құйрықтарымен, біз екі қолымызбен сабаласақ та, масаның селкеу тартар түрі жоқ. Осынау биттей қарақшылар аш жүріп өмір сүргенше, тойып алып өлуге бел байлаған сыңайлы.

Күннің шыжитын түрі бар. Аспанның сол жақ көкжиегіне енді ғана өрмелей бастаған күн арқаға оттай басылатындықтан, аттардың денесі тез кепкенімен, тірі қалған азын-аулақ маса қалмай еріп келеді. Енді олардың түсі бағанағыдай бозғылт сұр емес, қызара бөрткен күлгін өңге айналған.

«Өртенетен болды-ау!» – дегенімде үзеңгі жолдасым, шаруашылық түйешісі Жәнібек қария: «Жай ғой. Керісінше, нөсер төгіп, соңы қарға айналмаса игі», – деді. Мен таңдана тосырқап бұрылып қарағанымда күн мен аспан көкжиегі арасында бір үлкен шардың төбесі секілді сұрғылт бұлттың шеті қылтиып тұрғанын байқадым. Сол бір дақты ғана есепке алмасаң, аспан тұнық көгілдір сәуле шашқан мөлдір айнадай тап-таза. Түске қарай жаңбыр құюы мүмкін екен деген ойға келдім. Осы жай көңіліме бір үрей ұялатты да, одан арыла алмай, ақыры үзеңгі жолдасым жайындағы ойға беріліп кеткендей болдым. Жұрт неге осы кісіден іргесін аулақ сала береді? Осы кісімен бірге қасқыр аулауға шығатынымды естігенде: «Сол Жәнібекпен бірге мылтық асынтып, сені иен далаға жіберуім керек пе?» – деп анам азар да безер болған. «Тағы біреуді тауып, үшеуміз барамыз», – деген соң ғана зорға басылған. Алайда қасқырдан өзге аң аулауға тиым салынған маусым айында бізбен еретін жан табыла қоймады. Асылы, түйеші қартты түз тағысын аулайды дегенге менен өзге адам сенбесе керек.

Рұқсат алу

Аударған Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.