ҚЫЛҚАЛАМ
суретші, ҚР-ның Мәдениет қайраткері
ДЖОВАННИ БОЛДИНИ
Шығармашылығы ауызға ілінсе-ақ әңгіме ауаны бірден көтеріңкі көңіл күйге еніп, тамсантып-таңырқатып тұратын суретшілер болады. Көрерменін одағай, қысқа эмоциямен дауыстатып, өзіне сүйіндіріп, тәнті ететін. Соның бірі – италиялық суретші Джованни Болдини.
Бізді алғаш, қалың иллюстрациялардың арасынан алақандай ғана болса да көзге бірден шалынып, Болдиниді өзіне тартқан «Кір жуушылар» картинасы еді.
Сарғыш, тастақ жағалаудан еңкейіп барып тұнық айдынды шеңберлей кір шайып отырған әйелдер, қос тертесі көкке шаншылып, төңкеріле жаздап тұрған ескі қол арба, аспан, алабажақ кейпін суға жүздірген бұлттар, сонау арғы жағада көрінген орман, әлдебір қайық кейпі – бір қараған адамға түкке тұрмайтын-ақ сюжет. «Оның несі таң, мұндай суретті екінің бірі салады ғой» десек те, сол таптаурын тақырыпты әйгілеп, өзіне арбап тұрған қасиет – суретшінің картина жазу шеберлігі. Импрессионист суретші Буденнің шығармаларындай табиғаттың тамылжып тұрған жалғыз сәтін шап беріп ұстай алғандығы. Бейнелеу тәсілінің әбжілдігі.