СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
АЛАҚАНДАҒЫ ӘҢГІМЕЛЕР
Ясунари КАВАБАТА (1899-1972) – жапон халқының көнеден келе жатқан ұлттық дәстүрін өз заманының әдеби әдісімен ұштастырып, жаңа биікке көтерген әлемге әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты(1968). Оқырман қауымның көзайымына айналған «Мың қанатты тырналар», «Қарлы мекен», «Ескі астана» атты романдарымен қатар, Кавабата өзінің қолтаңбасы айқын ең негізгі шығармасы «Мейдзин» романы деп есептеген. Шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған
ӨЛІКТІҢ БЕТІ ЖӘНЕ АЛАҚАН
– Бишараның жүзін көргенше шыдамың таусылып, асығып тұрсың ба, түсінемін, – деген енесі оны өлген әйелінің мүрдесі жатқан бөлмеге қарай бастаған. – Ажалдың оған не істеп қойғанын, міне көріңіз. – Мүрденің бетін жапқан ақ жамылғыға қол соза берген еді, кенет күйеу бала тоқтатты:
– Бір минут. Сырт біреусіз өзім оңаша көрсем деп едім. Мені жалғыз қалдырсаңыздар?
Оның сөзі бөлме ішінде толып тұрған ағайынға біртүрлілеу әсер еткені байқалды. Бәрі үн-түнсіз шығып кетті де, арттарынан есік жабылды.