ЗЕРТТЕУ. ЗЕРДЕЛЕУ. КӨЗҚАРАС
ЖАҢА ТҮРІК МЕМЛЕКЕТІНІҢ
ЖОЛБАСШЫЛАРЫ
Юсуф АКЧУРА (1879-1935) көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, түрікшілдік идеясының саяси негізін қалаушылардың бірі, ойшыл, тарихшы. Юсуф Акчура 1879 жылы Ресейдің Симбирск қаласында Еділ бойының қайырымды байларының бірі Хасан Акчуриннің отбасында дүниеге келді. Әкесінен екі жасында жетім қалған Юсуфты анасы Қамар Бану ханым тәрбиелеп өсіреді. Баласының келешегін ойлаған, толық білім беруді мақсат еткен Қамар Бану ханым жанына жеті жасар Юсуфты алып, 1886 жылы Ыстамбұлға келеді.
Юсуф Акчураның бұдан кейінгі өмірі Ыстамбұлда жалғасты. Бастауыш және орта мектепті бітіргеннен кейін әскери мектепке қабылданды. Мұнда жүріп саяси, мәдени істермен шұғылданды, тарих туралы мақалалар жариялай бастайды. Оның тырнақалды мақаласы татар халқынан шыққан көрнекті тұлға, жаңашылдық, жәдитшілдік қозғалысының жолбасшысы Шихабеддин Маржанидің өміріне арналды.
Әскери мектепті бітіргеннен Юсуф Акчура кейін саяси істермен шұғылдана бастады. Саяси көзқарасы үшін және Еуропадағы «Жас түріктер» қозғалысымен байланыс құрды деген күдікпен 1897 жылы айдауға жіберіледі. 1899 жылы айдаудан қашқан Акчура досы Ахмет Феридпен бірге Тунис арқылы Парижге жол тартады. Әртүрлі пікірлер мен ағымдардың тоғысқан тұсы болған Парижде ол «Саяси білімдер факультетінде» оқиды. Сол кездегі ірі саясаттанушылардан дәріс тыңдай жүріп, ұлтшылдық пен түрікшілдіктің саяси бағдарламасын жасай бастады. Садри Мақсуди Арсалмен және «Жас түріктер» қозғалысының жетекшілерімен танысады. Сонымен қатар, көптеген басылымдарда саяси мақалалар жариялай бастады.