СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ
ЖҮРЕГІМДЕ – МҰҢДЫ ҮНІМ
Агостиньо НЕТО 1922 жылы дүниеге келген. Ақын, мемлекет қайраткері, Анголаның тұңғыш президенті. 1947 жылдан бастап Португалияда өмір сүрген. Луанда қаласының Сан-Сальвадор лицейінде оқып, кейін Лиссабон университетінде білімін жалғастырған.
1950 жылдардың басында Нетоның ұйымдастыруымен Анголада тәуелсіздік үшін күрес басталды. Алайда толқу тобықтан шалынып, Нето 1955-1957 жылдар аралығында абақтыда отыруға мәжбүр болды.
Бостандыққа шыққаннан кейін Коимбра қаласындағы университеттің медициналық колледжін тәмамдады және осы жылы біржола Анголаға оралды. Елінің еркіндігі үшін азаттық туын көтерген Нето жылдар бойы жалғасқан үздіксіз күрестің, талмас талпыныстың, қайтпас қайсарлықтың арқасында 1975 жылы Анголаның тұңғыш президенті болып сайланды. Ол билікке келген тұста ел ішін берекесіздік жайлаған болатын. Экономикалық қиыншылықтармен қатар, португалдықтардың отаршылдық әрекеттері, Заир мен Оңтүстік Африка Республикасы әскерінің шекараға еніп кетуі елдің болашағына қауіп төндірген еді. Нето осындай қиын-қыстау шақта КСРО мен Кубадан көмек сұрады. Екі жақты әскери көмектің арқасында Ангола шетелдік басқыншылардан азат етілді.
Агостиньо Нето ақын ретінде де, мемлекет іргесін қалаушы есебінде де халқы үшін қан мен терін қатар төккен тұлға болып тарихта аты қалды. Отты өлеңдерімен елдің рухын оятқан ақын, азаттық үшін арпалысқан қайраткер Нето 1979 жылы Мәскеуде өмірден озды.
ШАБЫТ
Менің үнім қасіретті тағы да,
Менің мұңым қайғы құйып жаныма
Джорджия, Конго аспанын шарлады,
Амазонка толқынына самғады.
Жүрегімде – мұңды үнім,
Айлы түнгі батукедей сиқыр би
Көз алдымда тұр бүгін.