Әлем әдебиеті

ТҮРІК МӘДЕНИЕТІНІҢ ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ. Бахаеддин ӨГЕЛ

0

ЗЕРТТЕУ. ЗЕРДЕЛЕУ. КӨЗҚАРАС

Бахаеддин ӨГЕЛ

ТҮРІК МӘДЕНИЕТІНІҢ

ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ

Бахаеддин ӨГЕЛ 1924 жылы дүниеге келген түріктің көрнекті ғалымы, танымал тарихшы, түрік мәдениет тарихының білгір маманы, профессор.
Бахаеддин Өгел тарих ғылымына үлкен дайындықпен келді. Ағылшын, фран­цуз, қытай, орыс тілдерін еркін меңгерген ол түпнұсқа дерек көздері мен көне қол­жазбалардың да ірі маманы еді. Түрік мәдениетінің ежелгі бастау кезеңдері мен көне дәуірлеріне қатысты еңбектер жазу үшін Қытай және Моңғолия жерінде зерттеулер жүргізіп, тақырыпқа қатысты негізгі дерек көздеріне жіті үңілді.
Бахаеддин Өгелдің 1962 жылы жарық көрген «Ислам дінінен бұрынғы түрік мә­дениетінің тарихы» атты еңбегі ғалымның көп жылғы ізденісінің нәтижесі еді. Бұл еңбегінде ғалым көне қытай дерек көздеріне жүгіне отырып, түрік халқының ежелгі мәдениетіне үңілді, түрік мәдениетінің әлем мәдениетіне қосқан үлесін анықтады.
Түрік мәдениетін тұтас қарастырған Бахаеддин 1971 жылы «Түрік мифологиясы» атты кітабының бірінші томын жариялады. Бұл еңбегінде мифологиямен бірге «Жаратылыс», «Ергенеқон», «Бозқұрттан тарау», «Көш», «Оғыз» сияқты көне аңыз­дар мен дастандарды талдай отырып, түріктердің дүниетанымы туралы тұщымды пікірлер айтты. Бұл кітаптың екінші томы ғалым өмірден өткеннен кейін ғана жарық көрді.
Тырнақалды еңбегі арқылы көрнекті мәдениет тарихшысы ретінде танылған Бахаеддин Өгел 1971 жылы жарық көрген «Түрік мәдениетінің даму кезеңдері» атты кітабымен  ғылымға жанашыр көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Осы кітаптың алғашқы томында ғұн, көк түрік, авар, печенек, хазар, оғыз, қырғыз, қыпшақ және бұлғарлар туралы кеңірек мәлімет беріп, олардың мәдени ерекшеліктеріне тоқталды. Аталмыш кітаптың екінші томында түріктер қоғамындағы әлеумет, әулет пен отбасы, мемлекет пен ұлт ұғымы жайында және түрік қағандарының міндеттері мен қасиеттері, мемлекеттік рәміздер мен мемлекет қызметкерлері туралы жан-жақты талдау жасады. Сондай-ақ, бұл кітапта түріктердің әскери жүйесі, қалалары мен әкімшілік басқару істері, сарайлары мен дүниетанымдары жайында баяндалды.
Бахаеддин Өгелдің 1981 жылы екі том болып жарық көрген «Ұлы Ғұн империясы» атты кітабы оның атын әлемге әйгілі етті. Бұл кітап Ұлы Ғұн империясына қатысты Қытай дерек көздеріне сүйеніп жазылған әлемдегі ең толыққанды зерттеу еңбек болып табылады.
Өгелдің іргелі зерттеу еңбектерінің бірі 1982 жылы жарық көрді. «Түрік қоғамындағы мемлекет ұғымы» деп аталған бұл кітапта ғалым түрік мемлекеті және жаратылыс, түрік мемлекеті мен Тәңір, Құт, қаған сайлау, қағанның міндеттері, мемлекеттік мәжіліс, халық пен мемлекет, түрік төресі, заң мен әскери жүйе жайында жан-жақты мәлімет береді.
Десе де, әйгілі ғалымның ең негізгі еңбегі алғашқы томы 1978 жылы баспаға беріліп, 1987 жылға дейін тоғыз томы  жарық көрген «Түрік мәдениеті тарихына кіріспе» атты көп томдық зерттеу кітабы деуге болады. Түрік мәдениетінің та­рихын біртұтас және түгел қарастырған автор аталмыш еңбегінде қытай дерек­теріне сүйене отырып, түріктердегі атажұрт ұғымы, жайлау мен қыстау, ауыл шаруашылығы, егіншілік, жеміс-жидектер мен үй жануарлары, отау, ошақ, ша­ңырақ, отбасы, ас, киім-кешек, мемлекеттік рәміздер, байрақ пен ту, әскери жүйе, ән-күй, өлең-жыр және басқа да тақырыптар төңірегінде терең талдаулар жасады. Бұл еңбек одан әрі жалғасын табар ма еді, әттең, оған ғалымның өмірі жетпеді. Бахаеддин Өгел 1989 жылы қайтыс болды.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.