Әлем әдебиеті

ТҮРІК ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ СОПЫЛАР. Мехмед Фуад КӨПРҮЛҮ

0

ЗЕРТТЕУ. ЗЕРДЕЛЕУ. КӨЗҚАРАС

Мехмед Фуад КӨПРҮЛҮ

ТҮРІК ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ СОПЫЛАР

Мехмед Фуад КӨПРҮЛҮ – түркология ілімінің негізін қалаушы, ғалым, мем­лекет және қоғам қайраткері, профессор. 1890 жылы Ыстамбұл қаласында әйгілі Көпрүлү отбасында дүниеге келді. Оның арғы атасы Көпрүлү Мехмед паша Османлы мемлекетінің Бас уәзірі қызметін атқарған танымал тұлға еді. Одан кейін де көптеген мемлекет қайраткері шыққан әулеттің бай кітапханасы болды. Бұл әулетке елге танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері жиналып, ғылыми сұх­баттар ұйымдастырылатын. Міне, осындай ортада өскен Мехмед Фуад 1913 жы­лы Ыстамбұл университетіне «Түрік әдебиеті және тарихы» бөліміне профессор болып қабылданды. 1915 жылы «Ұлттық зерттеулер» атты журнал шығарған Көпрүлү тіл, әдебиет, тарих, әдебиет тарихы, руханият саласында мақалалар жариялай бастады. 1918 жылы «Түрік әдебиетіндегі алғашқы сопылар» атты кітабын жа­риялады. Әлемдік түркология іліміне үлкен үлес болып қосылған бұл еңбек үшін еуро­палық танымал ғалымдар «құбылыс, түркология ілімінде жаңа дәуірдің бас­тауы» деп баға берді. Тақырыпқа қатысты түрік, араб, парсы және батыс тілдерінде жа­рия­ланған зерттеулер мен еңбектерді, әсіресе сол күнге дейін ғылым әлеміне белгісіз болып келген қолжазбаларды молынан пайдалана отырып жазылған кітапта негізінен түрік әдебиеті тарихы тұтас қарастырылып, түрік әдебиетіндегі сопылық дәстүрді қалыптастырған Қожа Ахмет Иасауидің өмірі мен шығармашылығына тал­дау жасалды.
1924 жылдан бастап Ататүріктің тапсырмасымен ашылған «Түркият зерттеу-орталығында» қызмет атқара бастады. Сол жылы «Түркология» журналын шығарып, оның бас редакторы болды.   
Жасаған ғылыми еңбектері үшін 1925 жылы Ресей Ғылым Академиясына кор­респондент-мүше болып сайланды. Бартольд, Самойлович сияқты әйгілі ғалымдармен тығыз байланыста болды. Василий Владимирович Бартольдтың еңбегін аударып, оны сыни ескертпелермен бірге «Ислам мәдениеті» деген атпен жариялады. «Түркия әдебиеті тарихы», «Түркия тарихы», «Ұлттық әдебиеттің бастау көздері», «Осман­лы мемлекетінің құрылуы» сынды зерттеу кітаптары арқылы Еуропа елдерінде де танымал болған Көпрүлү 1927 жылы Алманиядағы Хайдельберг университетінің құр­метті профессоры атанды. 1929 жылы Чехословакия Шығыстану қоғамы мен Алма­ния Археология қоғамының, 1934 жылы Венгр Ғылым Академиясының мүшелігіне сайланып, Атина университеті мен Париж университеттерінің құрметті докторы деген атақ алды. 1947 жылы Америка Шығыстану қоғамының құрметті мүшесі бо­лып сайланды. 1959 жылы да Американ Тарих құрылымына құрметті мүше болды.
Мехмед Фуад Көпрүлү ғылыми жұмыстармен бірге қоғамдық істерге де белсене араласты. Елде мемлекеттік құрылымдардың орнығуына, ғылыми мекемелердің ны­ғаюына және батыстық негізде реформалар жүргізіліп, демократияның өркен жаюына ат салысты. Ататүрік өмірден өткеннен кейін құрылған «Демократ» пар­тиясына мүше болып, 1950-1956 жылдар арасында Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі болып жауапты қызмет атқарды. Қарбалас саяси істер мен мемлекеттік қызметтерде жүргенімен, бір сәтке ғылымнан қол үзген жоқ. Осы жыл­дары түрлі университеттерде дәріс берумен айналысты.
Елінің болашағы үшін талмай еңбек еткен Мехмед Фуад Көпрүлү 1966 жылы көз жұмды.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.