СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
ГАМСЫЗДЫҢ ӨЛІМІ
әңгіме
Решат Нури Гүнтекин (1889-1956) Ыстамбұлда өмірге келген. Әдебиет факультетін бітіріп, оқытушы болып жұмыс істеген. Біраз уақыт депутат та болды.
Бірінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында жазушылықпен айналыса бастады. 1922 жылы Решат Нуридің «Бозторғай» романы жарияланды. Анадолы өмірінің маңызды мәселелерін түрлі типтер арқылы қызуқанды, табиғи таза тілмен баяндайды. «Бозторғай» түрік әдебиетінің ең таңдаулы шығармаларының қатарынан орын алды. Әңгімелерінде де Анадолы өмірін сатиралық мәнерде суреттеген.
Ол күні таңертең бастауыш мектептің ауласы көңілді шуға толы еді. Оқушылар мейрамы болатын. Бастауыш пен орта мектеп оқушылары топ-топ болып сап түзеген қалпы марштар шырқап, көшелерден өтіп жатты. Халық қаладағы демалыс аймақтарына ағылып жатыр. Ең үлкен оқушысы алты жаста болғандықтан, бұл мектептің оқушылары ұзаққа кете алмайтын еді. Олар мейрамдарын қысқа қадамдарымен жиырма минутта жете алатын өзен жағасында тойлайтын болды.
Мектепте күшті дайындық жүріп жатыр. Түрлі-түсті киінген балақайлар мектеп ауласын гүл бақшасына айналдырып жіберді. Ер балалар судай жаңа аяқкиімдерін сүрткіштеп, қыздар бір-бірінің шаштарын түзетіп, босап кеткен белдіктерін тартып байлап, түймелерін қадап, мәре-сәре болып жатыр. Алты жасар бір қыз тас баспалдақтың үстінде төрт жасар жетім досының сөгіліп кеткен тігісін тігіп отыр.