СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Теодор ЛЯЧО
МЕЙМАН
Теодор ЛЯЧО – қазіргі албан жазушысы. 1936 жылы Албанияның Дарда қаласында туған. Өз әріптестері арасында өнімді де өтімді жазатын қаламгер. Бұл туындысы 1988 жылы Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан жарық көрген «Когда начинается другая жизнь» новеллалар жинағынан алынды.
Мен үйден шығуға оқтала бергенім сол еді, кенет есіктегі қоңырау соғылғаны бар емес пе? Уақыт едәуір ерте болатын, бірақ елдің бәрі – жұмысқа баратындары жұмысқа, мектепке баратындары мектепке кетіп, үйлерде тек зейнеткер қариялар ғана қалған еді. Бұл болса тек төртінші қабаттағы Рубья кемпір болуы мүмкін. Ол күн-түн демей, тамағына шамалы дүние – жұмыртқа, әйтпесе қырыққабаттан әзірлеген самсасына маргарин, бұрыш, қалампыр, ақжелкек жетпей қалса жетіп келетін. Әйтеуір оған ылғи бірдеңе жетпей жататын. Ол бірде бізді түн ортасында оятты. Оның күйеуі оған дейін танысқан (бәлкім, қызу күйде, кафеде танысқан болар деп болжаған болатынмын мен сонда) тамырын үйіне сүйретіп әкеліпті, тек қас қылғандай, тағы да бір рөмкеден жөнелтейін десе, ракиясы бар болғыр таусылып қалмай ма? Бір айтарлығы, Рубья қарыз алған адамдарын да, берешектерін де соңғы тиндаркасына дейін ұмытпайтын және сондықтан Жаңа жыл қарсаңында біздің кіреберістегі бар жұртқа арнап ғажап дәмді баклава дейтін дәм пісіретін – ондай асты өзге жерден өлсеңіз де таба алмайсыз.
Мен оның келістеріне «оңтайлы» жылжыспен есік аштым. Дәлізде, әдеттегіден әртамандау жерде, етегінен жүні шығып тұрған қоңыр кеудеше мен хаки түстес шалбар киген бейтаныс еркек тұрды. Бәтеңкелері айғыз-айғыз, сатыдан көтерілер кезде қағазбен асығыс сүрткілегендей сыңай танытады. Бөтен кісі орта бойлы, әлсіз ғана жымиысы оның сирей бастаған тістерін сәл-пәл ашып көрсетіп тұрды. Мен өзім де шаруалардан шыққанмын – ауыл тұрғындарын қалалықтардан еш айырмалары жоқтай көрінсе де ажырата аламын. Мәселен, мына адамды алайық. Оның кім екенін анықтау үшін бәтеңкелеріне не істегенін көргенім жетіп жатты. Ол әуелі балалар жыл бойына доп қуалайтын үйлер арасындағы алаңқалайлардағы шалшық пен балшыққа онша назар аудармаған сыңайлы. Менің тұңғыш ұлым да сөйтеді – ол сабаз күн құрғақтың өзінде лайға малтығудың есебін тауып бағады. Әйелім байғұстың «Тап бір маған ерегіскендей, осынша лайды қайдан тауып аласың, жаным-ау?» деп әрдайым күңкілдеп жүргені…
Бірақ менің мейманым кіреберіске енбес бұрын өзін-өзі бастан-аяқ шолып шыққан сияқты, тек сонсоң кішкентай ғана қағаз іздеп қалталарын қарманған ба, қалай?