ЖАН ЖАДЫРАТАР ҚОЙЫЛЫМ
Думан РАМАЗАН
«ГАМЛЕТ» – АСТАНА САХНАСЫНДА
Сәуірдің 12-13 күндері Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында ағылшынның ұлы драматургі Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы қойылды. Қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.
Спектакльге бармас бұрын Гамлет туралы жадымыздағы жайттарды жаңғырта түсу мақсатында ғаламторды да біраз сүзіп шыққанымызды айта кеткен жөн шығар. Сонда көзіміздің жеткені соңғы жылдары әлем экрандары мен сахналарында Гамлеттің неше түрлі нұсқасы жасалып, қойылыпты. Тіпті комедия, фарс жанрында сахналанған қойылымдарды көріп, таң-тамаша қалғанымыз да рас. Әркімнің өз шындығы, өз Гамлеті бар демекші, әр қойылым өзінше тыңға түрен салған екен. Әр режиссер өзінше қойып, өзінше шешім жасаған. Солай болуы керек те. Өнерде қатып қалған ештеңе жоқ, болуы да мүмкін емес. Заманның талабы ма, әлемге әйгілі трагедияның көп жері қырқылып, қысқартылғанын байқадық. Мұның бәрін тізіп отырғандағы себебіміз, спектальге барарда, біріншіден, іштей дайындалып барғанды жөн көрдік, екіншіден, енді біздің қазақтар қай бағытқа тартар екен, ескі сарынға сала ма, әлде осы күнге дейінге қойылған көп Гамлеттің бірін қайталар ма екен деген күдік-күмәннің де болғаны рас.
Екі күнгі тұсаукесерге де бардық, көрдік, көп нәрсені көңілге түйдік. Екі құрамның да өнерін тамашаладық. Сонда барып күдігіміздің орынсыз екеніне көзіміз жетті. Режиссер өзінше бағыт-бағдар ұстап, өзінше шешім тапқан екен. Былайша айтқанда, талантты режиссер Болат Ұзақов өз Гамлетін жасапты. Оның бұл қойылымға көп ізденіспен, үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр. Бұдан төрт ғасыр бұрын жазылған әлемге әйгілі бес актілі шығарманы, бүгінгі күнге лайықтап ықшамдау, шығармадағы кейбір кейіпкерлерді қысқарту мәселелері өте жауапкершілікті қажет етері сөзсіз. Әрине, режиссердің шығармашылық еркіндігіне шектеу қойылмайтынын тағы білеміз. Қандай шығармаға қай жағынан келсе де, өз еркі, өз қалауы. Кейде кейбір режиссерлердің «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деп, тым асыра сілтеп жіберетінін де көріп-біліп жүрміз. Шығарманың негізгі өзегі болып саналатын автордың ойынан мүлде ажырап, ақыр аяғы не айтқысы келгені түсініксіз болып қалатын жайларды да кездестіріп қаламыз. Бұл жағынан алғанда, Б. Ұзақовтың шығарманы қысқартпас бұрын, айтатын ойын анықтап алғанын сездік. Батыл қадам деуге болады. Бірақ айтатын ойды қағазға түсіру бір бөлек нәрсе де, ал енді сол ойды, яғни режиссерлік шешімді жүзеге асыру бар ғой. Ең бастысы, негізгі жұмыс сол болуға тиіс. Сахнаға спектакль қоймасақ та, театр өнеріне азды-көпті жақындығымыз болғандықтан, режиссер мамандығы туралы осылай топшылауға хұқылымыз ғой деп ойлаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, бұл қойылымда режиссер мен актерлер арасындағы түсіністікке толық қол жеткен деуге болады. Бұған дәлел актерлердің ойыны, жарықтың түсуі, музыкамен көркемделуі бір-бірімен қабысып, спектакльдің бір деммен жүруі. Көзге ұрып тұрған әттеген-айларын байқамадық. Бұл режиссердің қолтаңбасы қалыптасқан кәсіби маман, яғни өз ісінің майталман шебері екенін анық көрсетсе керек.
Енді спектакльден түйген ойымызға келейік. Дат елінің ханзадасы Гамлет – сөз жоқ, күрделі тұлға. Әкесінің өлімінен кейін көз алдында дүние төңкеріліп түскендей болады. Сатқындық пен жағымпаздық жайлаған қоғам мен екі жүзді билік қос өкпесінен кезек қысып, жаны мен тәнін бірдей жаралаған жауыздықпен бетпе-бет келеді. Міне, тура осы кезде ар-намысты бәрінен жоғары қоюға дағдыланған ханзаданың алдына «Өмір ме, өлім бе?» деген сұрақ кесе көлденең тартылады. Осы тұста ең алдымен спектакль басталмас бұрын екеуара әңгімеде айтқан қоюшы-режиссердің мына бір сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік.
– Мен пьесадағы мәңгілік тақырыптарға акцент бергім келді. Гамлет үшін, әкесін өлтірген қанішерден кек алу басты мақсат емес. Оның ерте ме, кеш пе, әке рухына берген антын орындайтыны сөзсіз. Сондықтан спектакльдің оқиғасы біз үшін екінші планда, ендеше ең бастысы Гамлеттің ішкі жан дүниесі. Шынтуайтына келгенде, билік үшін болған қатігез қанды қылмыстар қай елдің болсын тарихынан табылады. Ал Шекспир Гамлетінің ұлылығы – ғасырлар өткен сайын заманауи бола беруі, оның пәлсапасында. Бұл пәлсапа Гамлеттің жеке монологтарында, оның басқа кейіпкерлермен болған диалогтарында беріліп отырады. Мысалы, «Зат өздігінен жақсы, не жаман бола алмайды, ол әркімнің сол затқа берер бағасына байланысты» дейді Гамлет. Немесе «Егер әркімнің еңбегіне қарай еп қылатын болсақ, бұл дүниеде дүреден құтылар кім бар?» дейді, – деген еді Болат Ұзақов
Біздің ойымызша да режиссердің ұтқан жері – пьесаның осындай тұстарын саз аспаптарының пернесіндей дәл басып, сөйлете білуінде. Иә, негізгі күрес Гамлеттің басында, жүрегінде. Адами құндылықтар аяқ асты болған осындай қоғамда, ар-ұятына сатқындық жасап, әлгілердің бірі болып, ары қарай өмір сүру керек пе, жоқ әлде, бұл өмірден баз кешу керек пе?!. Қайтпек керек?..
Бас аяғы екі сағатқа созылған қойылымда осы негізгі ой актерлердің шеберлігі арқылы еш бәсеңсімей көрермендерді жетелеп отырады. Әсіресе, Гамлеттің бейнесін сомдаған Н. Өтеуловтің шеберлігі бәрімізді тәнті етті. Дат ханзадасының жан-күйзелістерін, ішкі қарама-қайшылықтағы сәттерін өте сенімді жеткізе білді. Сахнадағы биіктігі 2-3 метрлік темір құрсаудан жеп-жеңіл түсіп-шығуы оның физикалық дайындығының жоғары дәрежеде екенін анық көрсетті. Бұрын да басты рөлдерді сомдап жүрген актер осы жолы тағы бір шығармашылық белеске көтерілді деп айтуымызға әбден болады. Сөз жоқ, Нұркен – қазіргі қазақ сахнасындағы орта буын актерлердің ішіндегі кемеліне келген сахнагер. Жалпы, спектакльге қатысқан актерлер жандарын сала ойнады. Трагедиядағы Гамлеттің негізгі қарсыласы корольдің бейнесін Ерлан Малаев пен Ержан Нұрымбет сомдады. Ерланның ойнаған королі – атаққұмар, нәпсіқұмар, өркөкірек, билік жолында кімді болса да баса-көктеп өтіп кетуге дайын тұрған екіжүзді жан. Актердің ойынынан осыны ұқтық. Ал Ержанның королі – жылпос, ішінідегісін сыртқа шығара бермейтін өте сақ, қулық-сұмдықты білдірмей жасайтын зымиян жан. Ол үшін билік бәрінен де жоғары тұр. Екі Полоний де ұнады. Болат Ибраевтың Полонийі өзінен жоғары тұрған адамға құлдық ұрып үйренген. Ал танымал актер Кеңес Нұрлановтың ойынында Полоний әр қадамын байқап басатын әккі адам болып шығыпты. Гамлеттің шешесі Гертруданың образын сомдаған Алтынай Нөгербектің ойыны нанымды шыққан. Екінші құрамдағы Сая Тоқманғалиеваға образ сомдауда әлі де іздену керек сияқты. Розенкранц, Гильденстерн, Лаэрттің бейнелерін сомдаған актерлар бүгінгі күнгі жас мансапқор шенеуніктердің мінез-құлықтары мен қимыл-әрекеттерін көз алдымызға айнытпай әкелді. Спектакльдегі Офелия образы өз сезімі мен ой-пікірін қорғауға шамасы жетпейтін әлсіз жанның бейнесінде беріліпті. Жалпы жас актерлерге образ сомдауда шеберлікті шыңдай түсу керек деген тілек айтамыз.
Спектакльде ең ұтымды шыққан көріністердің бірі – негізгі ойды түйіндейтін қабіршінің сахнасы. Көрерменді терең ойға жетелейді.
Қойлымның декорациясы шартты түрде шешілгенін айта кеткен жөн шығар. Бірде орта ғасырлық қамалдардың сұлбасын елестетеді. Кей көріністерде сол қамалдың қалтарыс-бұлтарыстары көп құпия бөлмелеріне ұқсайды. Ал Гамлеттің «Даттың елі түрме ғой» деген тұсында ызғарлы темір тор көз алдымызға келгендей болды. Әртістердің физикалық мүмкіндіктерін көрсетуге қолайлы болған сияқты. Көпшілік сахналары мен Гамлеттің монологтары айтылатын көріністер еш кедергісіз декарацияның алдында ойналды. Бұл шешім режиссер мен суретшінің ортақ келісімінен туған болар деген ой түйдік. Өте сәтті шешім.
Спектакльдің костюмі заманауи үлгіде шешіліпті. Шынын айтқанда, мұны жаңалық деп айта алмаймыз. Ең бастысы, киім ортақ шешімге, актерлардың ойынына сәйкес келіп тұр.
Жалпы алғанда, әлем драматургиясының асқар шыңдарының бірі болып есептелетін Шеспирдің «Гамлетін» Қ. Қуанышбаев театры бағындырды деуге толық негіз бар. Біз театр сыншысы емеспіз, сондықтан тырнақ астынан кір іздегеннен гөрі, көзімізге көрінген, көкейімізге қонған қойылымның жетістіктерін шамамыз жеткенше атап өтуге тырыстық. Мақсатымыз – белгілі театртанушы, дарынды драматург, білікті басшы Еркін Жуасбек мырза басқарып отырған театр ұжымының академиялық атақ алғаннан кейінгі алғашқы қойылымының сәтті шығуымен құттықтап, қуаныштарын бөлісу еді. Бұл спектакль ойнала келе, көркемдік деңгейі жоғарылап, шыңдала береді деген сенімдеміз.
Спектакльден кейінгі шағын сұхбатта режиссерға «Гамлетті» қандай оймен қойдыңыз?» деп сұрақ қойған едік. Ол:
– Біз «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «өлімнен ұят күшті» деп өскен халықтың ұрпағымыз ғой. Спектаклге келген адам «Осы мен не істеп жүрмін?» деп ойланып кетсе екен деймін, – деді бір ауыз сөзбен ойын түйіндеп.
Ал қойылымнан кейін ұлы Мағжан ақынның «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген сөздері ойымызға орала берді.