Әлем әдебиеті

Әмір ЖАЛБАҒАЙ, Толқын РАМАЗАН. АҚЫН ТӨРЕ ИҮЙЧҰАН КҮШЛІКХАН

0

ЗЕРТТЕУ. ЗЕРДЕЛЕУ. КӨЗҚАРАС

                                                                                                                                                                                                                                                         Әмір ЖАЛБАҒАЙ,   Толқын РАМАЗАН

             АҚЫН ТӨРЕ ИҮЙЧҰАН КҮШЛІКХАН

                                                                                                                                    (1311-1381)

Ақын Төре Иүйчұан Күшлікхан туралы айтпас бұрын, тарихқа аз-маз шолу жа­сап алсақ деген ойдамыз. Себебі, онсыз ақынның кім екені толық ашылмайды. Ендеше…

Найман хандығы

«Найман тайпалар одағы Ⅷ ғасырдың орта шенінде жоғары Ертіс пен Орхон арал­ығында сегіз-оғыз (яғни «сегіз тайпаның одағы») деген атаумен пайда болған. Сегіз-оғыздар Хангайдың батысынан Тарбағатайға дейінгі жерді, яғни өзіміз наймандар (мекені) деп атайтын жерді алып жатты… кеш дегенде ғасырда найман тайпалары Селенга мен Орхон өзендерінің сағасынан Алтай тауларының шығыс сілемдеріне дейінгі шығыстан батысқа қараған аумақты алып жатты». Парсы тарихшысы Рашиддин наймандардың бір бөлегі тау-тасты, ал бір бөлегі шүйгін дала жазықтарын мекендеген көшпелілер болғанын тілге тиек етеді: «Керейттер Тола өзенінің аңғарын, Орхон өзенінің орта ағысы мен Онгын өзенінің аңғарын мекендеді… Орталық Азияның көшпелі тайпаларының ғасыр бойында күш-қуатының артуы олардың ең ірілерінде – наймандарда, керейттерде – алдыңғы феодалдық мемлекеттік құрылымдар – ұлыстардың пайда болуына жеткізді». «Ұлыс» рулық-тайпалық құрылымынан жоғары болып, «халық» дегенді білдірді. Ұлыс билеушісі Хан деп аталды. Хан ордасы – басқару орталығы. Ұлыстың өзінше бір үкіметі болды. Үкімет ханның мал-мүлкі мен хан әскерлерін басқарды. Әскери қосын ондықтар, жүздіктер, мыңдықтар, түмендерге бөлініп, басқарылды. Най­мандар мен керейттердің осы әскери әкімшілік жүйесін кейін Шыңғыс хан пай­даланды, ғасырдың аяғында наймандардың әскері 5 түмен болды.
Наймандар негізінен мал шаруашылығымен, қосымша аңшылық және сауда-саттықпен айналысты. Соғды саудагерлері әкелген ыдыс-аяқтар мен алтын-күміс, сән-салтанат бұйымдары, дәрі-дәрмек, бояу заттар, кілем, әр түрлі мата-бұлдарды көрші тайпаларға апарып сатып, олардан бағалы аң терілерін алып тұрған.  Көші-қонға қолайлы киіз үйлермен бірге кірпіштен қаланған там үйлерді қоныс еткен.
Наймандар да тұрмысқа қажетті сәнді ыдыс-аяқтар, көркем үй жиһаздары, алуан түрлі, сапалы әскери қару-жарақтар, көшкенде жүк артатын, соғыс жағ­дайында қару-жарақ таситын күркелі арбалар, қанатына киіз үй тігілген үлкен доңғалақты арбалар жасайтын «темір ұсталары», «ағаш шеберлері» болған. Киім-кешек үлгілері де сәнді, етек-жеңі ықшам, қонымды болған.
Наймандарда жазба мәдениет болған. Мемлекеттік істер қағаз жүзінде жүр­гізілген. Қағаздар соғды жазуынан өзгертілген ұйғыр жазуымен жазылып, Хан мөрімен бекітілген. Данагөй абыз, шығыс түрік қағанатының уәзірі Тоныкөктің он алтыншы ұрпағы білікті ғұлама Тата-тұнға найманның Таян ханының ақылгөй бас уәзірі әрі хатшысы болған. Мемлекеттің қазына есеп-қисабын басқарған әрі орда мұғалімі міндетін атқарып, Таян ханға және хан ұрпақтарына, елбасы мен әс­кер басыларына соғды-ұйғыр жазуын үйреткен. Сол себепті найман хандығында жазу мәдениеті қарапайым қалың бұқараға да кең тараған.
Наймандар Моңғолдардан жеңіліп, Таян хан өлгеннен кейін, Тата-тұнға хан­дықтың алтын таңбасы мен қазына есеп кітабын алып, қашып кетеді. Көп ұзамай моңғолдарға тұтқынға түседі. Шыңғыс хан одан: «Таңбаны алып қайда қашпақшы едің?» деп сұрағанда, Тата-тұнға: «Таңбаны алып қашу – борышым, иемді тауып, таң­баны тапсыруым керек» дейді. Оның адалдығына разы болған Шыңғыс хан Тата-тұнғаны моңғолдардың таңбасын ұстауға тағайындайды. Тата-тұнға ұзақ өмір сүреді. Кейін ол Үгедей ханның таңбасын ұстады. Қазына есеп-қисабын бас­қарды.
Найман елінде өлең-жыр, ән-күй өнері күшті дамыған. Қобыз, домбыра, сыр­най секілді музыка аспаптары да кең тараған. Ел ішінде тапқыр ойлы, ақылгөй сөз зергерлері, шешендер, дуалы ауыз дұғагөй, даңғыл дана абыз-жыраулар, дом­бырада күй ойнатып, ботасы өліп, тамыры тартылып кеуіп қалған бөзінгеннің желі­ніне нәр жүгіртіп, тас емшегін иітіп, сүт саулатқан күй перілері болғандығы мәлім.
Инан Білге Бұқа хан дәуірінде жасаған, ақын-жыраулар пірі атанған Құбатегін жырау: «наймандар осы Инан Білге Бұқа хан билік еткен кезде гүлденіп өсті, Қара­қытайлардан бостандықты жеңіп алды» деп жырлаған. Шынында да тарихи деректерге қарағанда, Инан Білге Бұқа хан дәуірінде Найман елі күшейіп, жоталана түскен. Жаугершілік кезінде атының сауырын, өзінің жотасын жауға қаратып көрмеген, атойлап алда жүріп, жауын жер қаптырмай, шебін шегіндірмеген ер­жүрек батыр Хан болған. Құбатегін Қорқытты пір тұтып, қобызын мұра еткен деген аңыз бар. Найман хандығының соңғы мезгіліндегі жас жырау Кетбұқа (не Кетбұға) Тата-тұнғадан оқыған. Құбатегін жыраудан үйренген, пір тұтқан, кейіннен аталық жырау, ұлы күйші атанған. «Ботасы өлген бозінген» (яғни «Наридірген»), «Күйдім-жандым», «Ақсақал» күйлерін шығарған, қобыздың күңіренген, зарлы үнімен Жо­шының өлімін Шыңғыс ханға естірткен осы Кетбұқа сазгер. Тартқан күйі «Ақсақ құлан», «Жошы хан» деседі ел ішінде айтылатын аңызда. Демек найман хандығы дәуірінде жыраулық дәстүр қалыптасып, дамыған. Сазгерлік өнерді жете меңгерген найман хандары инабатты, ақылгөй, шешен ақын-абыздарды ел би­лігіне тағайындап отырған. Жалпы алғанда, найман елінің мәдениеті, тұрмыс жағ­дайы көрші тайпалардан жоғары болған. Бұл кедейлік әбден тұралатқан көршілерінің көңілін алаңдатпай қалмады. Айталық, Шыңғыс хан Керей ханы Тұ­ғырылмен бірлесіп, наймандардың Кошугұт руына шабуыл жасап, талан-та­ражға түсірген кезде, «жоқшылық тұралатқан моңғолдардан мүлде басқаша өмір кешіп жатқан ел барын білді, сирек кездесетін музыка аспаптарын, тамаша тасат­тық жабдықтарын, таза да ретті ас үйлерін, болған істерді қаз қалпында жазып отыратын әріптерді, көп адам сиятын тынысты ғибадатханаларды және жерге мәңгі қозғалмастай орнаған там үйлерді сол елден көрді». Осы жорықтан қайтып келгеннен кейін, Шыңғыс хан «Моңғолдарды жоқшылықтан құтылдырудың бір шарасы бүкіл найман елін шабу керек» деген байламға келді. «Шабуыл жасау керек. Моңғолдарда әдемі киім киіп, тынысты үйлерге отыруға, сырлы ыдыс-аяқпен тамақ ішіп, құс төсекке жатуға тиіс, моңғол әскерлері таңдаулы қару-жарақпен жабдықтанып, сапалы соғыс арбаларына ие болу керек» деп сардар мен сарбаздарына құлақ қағыс етті.
Найман хандығына бір қауіптің төнерін іштей межелеген, Инан Білге ханның бас сардары Коксегү Сабарак Баһадүр: «Инан Білге хан ылғи «әйелім жас, күйеуі мен қартайдым, осы Таянды тәңірден тілеп алған едім, бірақ бұл ширақ болмады. Ұлыстағы жүгенсіз даңғойларды басқарып кете алар ма» деуші еді. «Жау жағадан, бөрі етектен алмақшы, сен оған қарсы дайындалмай, қаршыға салып, аң аулаумен күн өткізіп жүргенің мынау» деп кейіиді.
Ата сөзі арына тиді ме, қалай, Таян хан дереу айбатына мініп: «Темучин керей­ді жалмағаннан кейін, елеуреп хан болғысы келіп жүргенге ұқсайды, аспан әлемінде жер бетіне жарық төгетін күн біреу ғана, ал жер бетінде хан да біреу болу керек. Мен одақтастарыммен бірігіп, Темучиннің көзін жоямын!» дейді.
Гүрбесу хан айым (Гүрбесу – Инан Білге ханның әйелі, Таян ханның өгей шешесі. Сол дәуірдің салты бойынша Гүрбесу Таян ханға тиген дейді кейбір тарихшылар. Ә.Ж.): «Шоқпыт-шоқпыт киім киген, қоңырсы иіс шығатын сасық моңғолдарды жаулап қайтейін деп едің?! Бірақ егер сұлу қыз-келіншіктері болса әкеліңдер, қол­дарын тазалап жуғызып сиыр, қойларымызды сауғызайық» дейді.
Таян хан Тайбұқа қазіргі ішкі моңғолдың орта бөлігін, яғни Кокхот қаласының терістігіндегі далын қара тауының солтүстігінен оңтүстігіне дейінгі өңірді мекен­деген түрік туысы Оңғұт (қазіргі уақ елінің арғы ата-бабасы. Ә. Ж.) тайпасының Албасы Алақұш дегит Хориге (бұл кезде Оңғыт елі Алтын хандығына қарасты бо­латын, бір рет Алтын хандығы татарларға шабуылға өткенде Алақұш ерекше б­атырлық көрсеткендіктен, Алтын хандығы оған дегит Хұри деген лауазым берген. Хұри – шүршіт тілінде батырлық атақ не шен аталымы болса керек. Ә.Ж.) «Міне, Темучин керейді жалмады. Көзінің сұғын екеуміздің елі­мізге қадады. Бір түріктің баласымыз, Алақұш дегит Хори оң қолым болып, шығыстан шабуылға өтсе, мен Батыстан шабуылға өтейін, сөйтіп моңғолдарды қыс­паққа алып, көздерін жойып, құралдарын бөліп алайық! «Осыны барып айт» деп Тұрби таш дегенді елшілікке жібереді. Алақұш дегит Хұри елшіден Таян ханның ұсынысын естігеннен кейін «Найман елі алыс, сонау қиырда, моңғол елі іргеде, жақыннан шыққан өртті алыстағы су қайтып өшіре алады?!» – деп іштей ой түйеді де, оң қолы болсам, болайын деп елшіні алдап жолға салады да, дереу барда Темучинге хабарла, Таян хан моңғолдарға шабуылға өтпекші, маған оң қолым бо­лып шығыстан шабуылға өтсең деген екен, мен қарсы болдым. Сондықтан абай болсын деп Иохонан деген адамын елшілікке жібереді. Темучин разы болып, Алақұш дегит Хұриге бес жүз жылқы мен мың қой сыйға тартады әрі бірлесіп найман еліне шабуыл жасауға уәде байласады.
1204 жылы көктемде Темучин мен Алақұш дегит Хұри найман хандығына ойда-жоқта шабуыл жасайды. Әсілі, тақ таласынан не бақталастықтан Таян хан мен інісі Бұйрық хан найман хандығын екіге бөліп жіберген. Осындай ел басына күн туған аласапыран кезеңде де екеуі тіл табыса алмайды. Әрі одақтастар опа­сыздық жасайды, үшіншіден керей хандығы құлағаннан кейін он үш тайпаны бастап найман хандығына паналаған Жамұха хан соғыс кезінде найман әскерінің соғыс барысындағы жай-жапсарын жансыздары арқылы Темучинге жеткіздіріп тұрады. Жамұха керейлерге де осындай опасыздық істеген болатын. Бірақ Жамұха қолға түскенде, Темучин оның опсыздығын бетіне басады, жанын жаһанаммға аттандырады. Төртіншіден, Таян хан әкесі Инан Білге хандай жауынгер, айлакер, ақылды хан болмаған, босбелбеу, соғыс өнерінен сауаты мардымсыз, қоян жүрек қорқақ хан болған. Темучин «Найман сардарларының ішінде керемет батыр, ше­бер қолбасылар бар екен, егер барлық сардарлары осылардай болған болса, шы­нында да мен бұл елді бойсұндыра алмайды екем» дейді. Демек Таян хан әскери қолбасыларды дұрыс таңдай алмаған. Ақыры найман хандығы құлап, ханы өліп, Темучин жеңіс тойын тойлайды.
Таян ханның ұлы Күшлік қашып, Бұйрық ханға келеді. Гүрбесу хан айым қолға түседі. Моңғол әскерлері Гүрбесуді Темучиннің алдына әкеледі. Гүрбесу өткір жа­нарын Темучинге қадап:
– Жабайы! Жалмауыз! Елімді жалмадың. Ханын өлтірдің. Мені тұтқындадың. Сасық моңғолдың иісін иіскегенше, өлгенім артық, – дейді де алдында жатқан дөңбекке өзін-өзі тастай береді. Темучин оны шап беріп құшақтап алады. Осы кезде Гүрбесу ханымының тұла бойынан аңқыған жұпар иіс Темучиннің сезім әлемін жаулап, жанын баурап ала жөнеледі. Қолының ұшымен ақырын бет жа­мылғысын қайырып, жамалына қарауы мұң екен, көркіне көзі сүрініп, ақыл-есінен адасып қала жаздайды. Сүйіспеншілік оты маздап жүрек соғуы жиілейді. Қатыгез қаһардың орнын ыстық мейір басады. Өмірлік қосағы етпек ниетпен «Мен сені тоқалдыққа аламын» дейді. Гүрбесу: «Темучин! Мен найман ханының хан айымымын, саған тоқал болам ба?!» дейді. Темучин «Ендеше, хан айым бол!» дей­ді де, қол астындағыларға «Мен найман жерінде Гүрбесумен той жасаймын, дайындық жасаңдар! Найманның қыз-келіншектерін шақырыңдар, Гүрбесудің қа­сында болсын» деп бұйырады.
Той жасалды, тағдырдың тауқыметі ақыры Гүрбесуді Темучинге қосады. 1206 жы­­лы Темучин моңғол хандығын құрып «Шыңғыс хан» атанады. Гүрбесу осы моң­ғол хандығының «үшінші хан айымы» болады.
Бұйрық хан мен Күшлік Ертіс бойында наймандар мен меркіттердің бар кү­шін біріктіріп, моңғолдармен соғысты жалғастырады. 1206 жылы Бұйрық хан Ертіс бойында аң аулап жүргенде моңғолдар атып өлтіреді. Күшлік 1206 жылы моңғолдардың қаптаған қалың қолына төтеп бере алмай, Жетісудағы қарақытай еліне келеді. Бір күні Қарақытай Горханның орда қорғанының қақпасының ал­дына келіп, өзі атқосшы кейпіне еніп, сыртта қалады да, атқосшысын өзі етіп жа­сандырып ордаға кіргізіп жібереді. Қарақытай Горханы Жылугының ханымы Гүйсу Күшлікті көріп, «Хан сыртта қалып, атқосшы ішке кіргені несі?!» деп Күш­лікті ордаға ертіп кіреді. Күшлік келбетті, өңді жігіт болған деседі. Горханның Гүйсу ханымынан туған қызы Күшлікке бір көргеннен ғашық болады. Горхан үш күн­нен кейін екеуінің тойын жасап, үйлендіреді. Күшлік Горханға:
– Менің елім бесбалық (қазіргі Жемсары маңы) төңірегі, Ертіс пен Еміл бо­йында тоз-тозы шығып шашырап жүр. Соларды біріктіріп, жасақ құрсам, тізе қосып Темучинге соққы берсек деген ойдамын дейді. Моңғолдарға өлердей өш Гор­хан Жылугы келіседі. Күшлік қосынын құрып, жаттықтырады. Қарақытай хан­дығының Алмалықтағы билеушісі Озарды аң аулап жүрген жерінде өлтіріп, Алмалықты иемденіп алады. 1210 жылы Күшлік Қарақытай Горханы Жылуғыдан хандық құқықты тартып алып, хан болады. Әйелі Қуанның талабы бойынша христиан дінін тастап, будда дініне табынады. 1218 жылы Қашқар-Хотанда Қа­рақытай хандығының алман-салығына шыдамаған халық көтеріліс жасайды. Ба­сып-жаншуға Күшлік қол бастап өзі барады. Осы ретте Күшлік хан үлкен қателік жібереді. Қашқар-Хотан халқын ислам дінінен бездіріп, будда дініне өтуге мәжбүрлейді. Қарсы шыққан имам Алауд-дин Мұхаммед хазіретті ағашқа қағып өлтіреді, қалған үш мың имамның басын алады. Бұл хабар Шыңғыс ханға жетеді. Шыңғыс хан Жебе ноян, Құбылай және Құзордадан моңғолға қашып барған Қарақытай Горханның бұрынғы уәзірі Гесмали бастаған қалың қосынды Күшлік ханның көзін жоюға аттандырады. Қалың қол жетіп келгенде қаннен-қаперсіз жүрген Күшлік хан қашып Бадахсан тауына тығылады. Гесмали соңынан қуып же­тіп, оны өлтіреді. Жебе дін еркіндігін жарялайды.
Қайта оралып, Қарақытай хандығының астанасына басып кіріп, хандықтың бү­кіл қазынасын астына басып моңғол үстіртіне тасиды. Осындай аласапыран ке­зеңде Қуан ханым ондар шамасындағы ұлы Сауысты жетелеп, жансауғамен ас­танадан қашып шығады. Келе жатып үлкен бір дарияға тап болады. Ана мен бала екеуі дария жағасындағы қалың талды тасалап келе жатып, бір сынған арбаны кө­реді. Дереу сынған арбаның тақтайын сал қып жүзіп, дарияның  арғы бетіне шы­ғады. Ел аралап, тілемшілік қылып жүргенде моңғол әскерлері қолға түсіріп, еке­уін моңғол үстіртіне алып келеді.
Шыңғыс ханның екінші ордасының хан айымы Гүрбесу келіні мен немересінің келгендігін естіп, алдынан шығып, екеуін ордаға әкеледі. Батыл да батыр ана екеуін өз қамқорлығына алады. Содан бастап найман ханының немересі, Қарақытай Горханының жиені, Күшлік ханның ұлы Сауыс моңғол үстіртінде басқаша бір өмір жолын бастайды. Әжесі мен анасының тәрбиесінде ақылды, байсалды, өжет азамат болып өседі. Әскери жаттығуларға да қатынасады, қол бастайтын сардар дәрежесіне көтеріледі. Үйленеді, келініне Гүрбесу айым Әнтан деп ат қояды. Беден атты ұл көреді. Оны туа сала Гүрбесу әжесі бауырына салып алады, мәпелеп өсіріп, тәрбиелейді.

Найман төрелері Қытайдың орта жазығында

Қоян жылы (жаңаша1231жылы) Үгедей хан Алтын Хандығына жорыққа ат­танды. Осы жорықта қол бастап 25 жастағы Сауыс та бірге барады. Қазіргі Хынан өлкесінің Үштөбе деген жеріндегі екі жақтың шешуші шайқасында Сауыс қолбасылық қабілетімен, ерен ерлігімен көзге түседі. Соғыс аяқталып, Алтын пат­шалығы күйрей жеңіліп, жері моңғолдар иелігіне өткеннен кейін, Үгедей хан Сауысты түменбасылыққа тағайындайды. Хынанның Таң Иың ауданынан 117 түтінді сыйға тартады әрі Хынанның әкімшлік-әскери билігінің тізгінін қолына береді. Сауыс ел билеуде халыққа жайлы басшы болады. Сондықтан халық Сауысты әрі билеуші, әрі құтқарушы деп құрметтейді. 1248 жылы Сауыс науқастанып қайтыс болады. Содан Сауыстың кейінгі әйелі моңғол үстіртіне келеді. Әжесі Гүрбесу айымның рұқсатымен Беденді өгей шешесі Хынанға әке­теді. Хынанға барғаннан кейін әкесінің орнына түменбасының орынбасары бо­лып тағайындалады. Беден (1229-1309) әкесінің міндетін мойнына жүктеп ал­ғаннан кейін, өгей шешесі оған «Әрбір пенде нағыз адам болу үшін мынадай үш нәрсені біліп ержетуі тиіс, яғни адам қорқыныш пен үрейдің, ар-намыстың, жапа-машақаттың не екенін білуі керек. Әйтпесе адамның хайуаннан айырмасы болмайды, балам» деп тәрбие беріп келген екен. Беден әжесі мен өгей шешесінің тәлімін өмір бойы жадынан шығармады. Ата-анасының үмітін ақтады.
Беден Хынан өлкесіне сол дәуірдегі қарасты аудандар Дамиң (Дамиң қазір Хыби өлкесіне қарайды), Анпиң, Чиңжоу, Иыңжоулардан 20 мың му (шамамен 1320 гектар) жер сатып алып, өз қажетіне пайдаланады. Беден 1276 жылы Хынан өл­кесінің Шин Яң аймағында Дарухач болып тұрғанда жабайы шошқа мен жол­барыс қаптап, халыққа шауып, үрей тудырады. Содан Беден Жяңжұн (Генерал) әскер жіберіп тауға от қойдырып, оларды қуып шығып, халықтың құрметіне ие болады. Сол кезде Беден аттың үстінде тұрып таудың бір бигінде кетіп бара жатқан жолбарысты жебемен атқанда, жыртқыш ыңыранып келіп алдына домалап түсіп, сеспей қатады. Содан бастап ел Беденді «жолбарыс атқан Жяңжұн» деп атайды. Бұл Беденге лақап ат боп қалады. Қытай тарихында Хан патшалығы дәуірінде Ли Гүаң Жяңжұн жолбарыс атқан деген аңыз бар екен. Содан кейінгі жолбарыс ат­қан осы Беден Жяңжұн деседі. Бұл кейіннен Қытай халқы арасында аңызға айнал­ған екен. Беден Хынан өлкесінен басқа Чаңжяң дариясының Оңтүстігінде Чыжұ, Тайжұ қатарлы жерлерде әскери-әкімшілік міндет атқарады. Міне осы Бе­ден Жяңжұн найман төрелерінің ішіндегі Сауыстан кейінгі орта жазықта орын тепкен, ел билеген сардар есептеледі.
Беденнің екінші ұлы Наңғадай оқымысты болған. Ол туралы кейбір дерек­терде «Наңғадай ыждағаттылықпен беріліп үйренді, әрі арынды, жігерлі болды», «кісілігі күшті еді» делінеді. Ұзақ уақыт әкесіне еріп ел аралады. Осы барыста қы­тай халқының білім дегдарларымен көп әңгіме-дүкен құрды. Қытай ұлтының дәстүрлі мәдениетін зер сала үйренді, зиялылар арасында білімді адам қатарында құрметтелді. Өмірі әскери не әкімшілік қызметте болмаған деседі.
Найман ханы ұрпақтарының ішінде, өзін найман төрелерінің ұрпағы екендігін, кейінгі ұрпақтары мәңгі жадынан шығармауы үшін Наңғадай өзі бас болып «төрені» фамилия орнында қолданады әрі өзіне қытайша «Уынгұй» деп лақап жапсырып алады, сонымен тарихта Наңғадай – «төре Унгұй» деп аталады. Наңғадай ақын  әдебиетші болған сияқты, олай дейтініміз, Юан патшалығы дәуіріндегі өлеңдер мен әдеби шығармалар жинағындағы естеліктерде төре Уынгұйдың тағы бір есімі Жаң рұй, жанама аты – Хыңши еді деген дерек жазылған. Оңтүстік Сұң патшалығының Моңғол үстемдігін мойындамаған ақыны Рын Шилин Наңғадай төренің тұрағындағы «сая жайы» туралы ерекше естелік жазған. Ақын, өлең-жыр таңдаушы Фаң Хұй «төре Жаңрұйдың саяжайына арнау» атты өлең жазған. Найман төрелерінің ішінде қытайласу, міне осы Наңғадайдан басталады. Біз жоғарыдағы Наңғадайдың өзіне қойған қытайша атындағы «Далу» деген және осыған мағыналас «Туло» дегенді, қазақша «төре» дегеннің дыбыстық аудармасы бо­лып, Найман хандығының Хан ұрпақтарының қара көктің тұқымы – ақсүйектер екендігін білдіретін лауазым аталым демекшіміз. Бұл жерде Наңғадай атын қы­тай­шаға өзгерткеннен кейін, «төрені» фамилия орнына алған. Наңғадайдың балалары мен немерелерінің ішінде аттарын қытайша қойып, төрені фамилия орнына алғандары да бар. Мәселен, Төре Шугұң, Төре Шули, Төре Иұйчұан. Қазақ тарихында қазаққа хан болған Жошы ұрпақтарының әулеттері «төре» деп аталады. Кейін бұлар көбейе келе бір ру ел болды. Жоғарыдағы найман хан ұрпақ­тарының өздерін «төре» деп атауына қарағанда, «төре» деп хан әулеттерін атау со­нау найман хандығы дәуірінде бар аталым екендігінен дерек береді.
Наңғадайдың ұлы Бораншы да арғы аталары сияқты үлкен мансапқа ие болған тәрізді бірақ қазірше оның өмірбаянына қатысты дерек-дәйекті кездестірмедік. Деседе, оның іс-әрекетінен оқымысты, лауазымды қызметтерде болғаны байқа­лады.
Беден дүние салғаннан кейін қазіргі Кайфың қаласы маңындағы Фугоу ау­данының батыс оңтүстігіне жерленсе, Сауыс қазіргі Хыбы өлкесінің Дамиң ауда­нына қойылады. Бораншы 1330  жылы 4 айда Сауыс пен оның әйелінің сү­йегін Беденнің қасына көшіріп әкеліп қояды. Ата-бабасын кейінгі ұрпақтар ұмытып кетпеу үшін қабір басына құлыптас орнатуға ниет байлайды да, жездесі, Жишиян ғылым Академиясының ғұлама ғалымы, әдебиетші-ақын Жаучииге барып, ата-бабаларының тарихын айтып береді. Әрі төрелер тарихын жазуға ұсы­ныс жасайды. Жаучии Бораншының айтқанын қабыл алып, төрелер тарихын жа­зып шығады.

Ғұлама ғалым, ақын Төре Иүйчұан

Төре Иүйчұан Бораншыұлы (1311-1382), жанама аты – Дәуф, ғұлама ғалым, ақын, қоғам қайраткері.
1342 жылы Төре Иүйчұан Бораншыұлы мемлекеттік орда қызметіне қабылдау емтиханына қатысады. Оң жақ майданға қатысқандардан әйгілі хаткер Қаңлы Коко (Қаңлы 361сан) ұлы Байжу, Төре Иүйчұан, сол жақ майданға қатысқандардан Чың Зурын қатарлы 78 адам емтиханнан мүдірмей өтеді. Патша ордасының үкімет архивін, қарита, және жан саны тізімдіктерін басқарушы қызметкер болып ордада қызмет істейтін төре Иүчұан, Жаучии жазып шыққан төрелер тарихын көтеріп, Ханлин Академиясының көне жазбалар маманы, ғұлама ғалым Хұаң Жинды іздеп барып, найман төрелері зиратының қабырғасына орнатылатын құлыптасқа арнап төрелер тарихын толықтырып жазып беруін өтінеді. Хұаң Жин  жазылған тарихи материалдарға негіздеп, бар зейінін салып, «Найман төрелерінің ата-бабалар ше­жіресін» жазып шығады. «Шежірені» шебер қытай бәдізшілері әдемілеп тасқа ойып, ата-баба қабірінің алдына тіктеп орнатады.
Төре Иүйчұан мен әкесі Бораншының аруақтарға арнап құлыптас орнатуы, ата-баба тарихын кейінгі ұрпақтың жадында жаңғырту үшін екендігі шүбәсіз. Жаучии­дың шығармалар жинағы және ол жазған найман төрелерінің ғұмырнамасы біз­дің дәуірімізге  жетпеген. Тек ғана «құлыптастағы»: «Найман хандығы құлады, хандары өлді, ал олардың ұрпақтары санаулы ғана, Иелұй ханым① (Сауыстың ше­шесі) жалғыз ұлын жетелеп, тар жол, тайғақ кешулерді бастан кешіріп, аман қал­ғанына шүкіршілік!» деген сөзі қалған.
Төре Иүйчұанның ата-бабаларының тарихына қатысты ең құнды материал, міне осы 1349 жылы Хұаң Жин жазған «найман төрелері ата-бабаларының қабір басына орнатылған құлыптас», ал бұл құлыптасқа жазылған «шежіре» ақынның 43 дестрлі «Хұаң Жин Хуа жинағына» енгізілген. Осы «жинақ» арқылы «шежіре» біздің дәуірімізге жетті.
1345 жылы Қарлық ақыны Найшян Фужян өлкесінің Ниңбо аймағынан Хан­балыққа келеді.

Иелұй – «Кидан», «ҚараҚытай Хандарының ататегі»

Найшян Ханбалықта (қазіргі Пекин) мемлекеттік жоғары оқу орнының мүдірі Жаучиимен танысады. Жаучии арқылы төре Иүйчұанмен танысады. Төре Иүйчұан арғы атасы Беденнің таудағы жолбарысты атып түсірген мергендігін айтып береді. Содан соң Найшян арнаулы «төре сардардың жолбарысты атып өл­тіруі» атты мадақ өлең жазады. Осы таныстық кезінде Нәйшян төре Иүйчұанды өзін Ханбалыққа шақыртқан қонақ иесі, астана әдебиетшілерінің көсемі атанған атақты ақын Уйсумен таныстырады. Бұлардың арасында содан бастап барыс-ке­ліс күшейеді. 1350 жылы Уйсу өзінің туған жері Жяңши өлкесіндегі Лин Чуанды көрмегелі ұзақ жыл болғандығын, ауылын сағынатындығын, оны суреттеп өлең жазып көрмегендігін айтып, сондықтан ол туралы менің түсінігім аз, алдымен өзі­ңіз жазбаша таныстырып берсеңіз, соны оқып көріп, одан соң жазсам дейді. Оның өтініші құп алынып, содан Уйсу «Иүнлин суретіне түсінікті» жазады. Мі­не осындай атақты ақындардың төре Иүйчұанға арнау өлең жазуға ұсыныс жасау­ларына қарағанда 1350 жылдары төре Иүйчұан әдебиет әлемінде танымал болған деп сеніммен айта аламыз. Дарынды ақындар қатарына қосылғандығын әйгілесе керек.
Төре Иүйчұан 1361 жылы Ханлин академиясына жоғары дәрежелі жетекшілік қызметке тағайындалады. Осы жылы көктемде, Фужиян өлкесінің әкімшілік-әс­кери басшысы Ляң Хұйсан Хаян (ұйғыр) атақты ақын Гұң Сітай (қытай) мен төре Иүйчұан екеуіне Фужу қаласының батыс шетіндегі Шұан сасы ғибадатханасына саяхаттап баруға ұсыныс жасайды. Шұан Сасыға келгеннен кейін, төре Иүйчұан «атыздарды аралады, одан бұрылып талды тоғайдың ішіне кірді, одан шығып, ыңыр­сып әндетіп, дереу қайтып келді». Бұнда үшеуінен басқа тағы екі адам – сардар Хайчңши (ұйғыр) мен ақын Гофың (қытай) келеді. Бесеуі ғибадатхананың асханасына кіріп тамақтанады. Шарап ішеді, көңіл күйлері жадырап, қызықты-күлкілі қалжыңдар айтылады. Ляң Хұйсан Хая әндетіп ұйғыр биін билейді. Төре Иүйчұан бір мақалды жер-жердің ұқсамайтын акцентімен дәл өзіндей айтқанда отырғандардың ішек-сілесі қатады. Тасбиғының тасын санап мүлгіп отырған «мол­декең де» көзінен жас аққанша күледі. Төре Иүйчұан «білімі мол, есте сақ­тау қуаты ерекше, күлдіргі сөздерді ойлап табуға сондай шебер еді» деп «Миң пат­шалығының нақты істер естелігінде» жайдан жай жазылмаса керек. Отырыс қыза келе, Гұң Сітай орнынан тұрып, Дуфудың бес ауыз сөзді бір ауыздан бөліп алып, осы сөзге ұйқас құрап, өлең жазайық дейді. Бәрі қосылып, өлең жазады. Бесеуінің өлеңі «көктемде Шұансасыдағы шағын бас қосу» жинағы делініп, оған Гұң Сітай кіріспе жазады. Бір өкініштісі, осы «жинақ» жоғалған. Тек «кіріспе» ғана Гұң Сітай­дың «жинағында» сақталып, бүгінгі күнге жеткен. Жоғарыдағы бес ақынның бас қосу жайы осы кіріспеде баяндалады.
Осы шағын бас қосудан кейін, көп өтпей Төре Иүйчұан Ханбалыққа қайтады. Орда оны Хынан өлкесінің ең жоғары дәрежелі прокуроры етіп тағайындайды. Көп ұзамай Хынанға келеді. Әрине оның келуі, төрелер атасы Сауыстың келуіне әсте ұқсамайды. Сауыс қол бастап арыстандай айбаттана кірген. Оның атты қо­сыны әрқандай қарсы күшті табанда тып-типыл ететін құдіретке ие болған. Кім­де-кім халыққа озбырлық қылса, басып-жаншыса сол жерде сазайын тарт­қызатын. Сондықтан халық Сауысты әрі билеуші, әрі шапағатшы деп атады. Ал төре Иүйчұан орданың ерекше жоғары лауазымды өкілетті ұлығы болып кел­генімен, бар міндеті – тексеру, ордаға мәлімдеу ғана. Бүкіл жерлік әкімдер, әс­кери қолбасылар сыбайласқан, озбырлық, өктемдік шектен шығып, халықтың қар­сылығы бүкіл Хынанды шарпи бастаған екен. Тіпті кейбір аймақтар қолдан кет­кен, мұндай жағдайды оңалтудың мүмкіндігі жоқтығына көзі жеткен төре Иүйчұан лауазымынан бас тартып, аттың басын Фугу ауданындағы ауылына қарай бұрады. Біраз уақыт ауылда болғаннан кейін Хынанның Иұң Ниң (қазіргі Лониң) ауданына қарасты Лохы дариясының жоғарғы ағысындағы бір сайға көшіп келіп қоныстанады. Азын-аулақ жерге егін салып, басқа бір тұрмыс-тіршілік жолын бастайды.
Бір жарым ғасырға жуық орта жазықта моңғолдардың үстемдік тарихын тұлпар­дың тұяғымен жазысқан Найман сайыпқырандарының ұрпағы, өлең-жырдың дүлдүлі, Кұңзы тағылымының білгірі, қытай әдебиетінің бір дәуірдегі биігі, ғұлама ғалым Төре Иүйчұан Бораншыұлы өмірінің соңын Хынанның түстігіндегі бір сай­да өткізуге бел байлады. Ақын ел жұртын тастап, қиырдағы бір сайға келіп орын тепкенін, ұзатылған қызға балап, өз көңіл күйін былай суреттейді:

Түстікке аттанды қыз таң сөгіле,
Ел-жұртқа қарай-қарай жан егіле,
Көңіл күпті, дәрмені аз есіл ару,
Кім ортақ болар енді мұң шеріне.

Ақын тағы бір өлеңінде:

Қолымнан кітап тастаман,
Оқимын ұзақ толғанам,
Хан болам деп зарламан,
Бай-бағландық садағам.

Ескінің сөзі медетім,
Оқысам жаным жадырар,
Шаттығым осы бәсірем,
Жайым жоқ шашып тоздырар.

Демек, күй кетіп, күні біткен әкімияттан үміті үзіліп, торыққан ақын, өзін мұң-шер, қам-қайғы, уайымнан сергітіп, рухани күш-қуат, демеу, медет беретін жан серігім кітап деп біледі, шабыты келгенде өлең-жырларын жазады. Ақынның бізге жеткен өлеңдері, міне осы мезгілден бастап жазылған. Төре Иүйчұан – Қытайдың әдебиет әлемінде отыз жасында даңқы шыққан ақын. Тіпті ірі ақындар өз ауылы туралы арнау өлеңдер жаздырған ақын. Бір өкініштісі – Төре Иүйчұанның Юан патшалығы дәуірінде жазған өлеңдері мен ғылыми зерттеу мақалаларының бүгінгі күнге дейін табылмай отырғандығы.
1368 жылы Юан патшалығы (1279-1368) құлап, Миң патшалығы (1368-1644) құ­рылды. Жүиұанжаң патша болды. Жүиұанжаң Юан патшалығына қызмет ет­кендерге, әсіресе батыс өңірліктерге сенімсіздікпен қарап, бұйрық беріп, бәрін жи­натты. Осылардың ішінде жеті жыл таулы қыстаққа жасырынған Төре Иүйчұан да бар еді. Осындай басқа қауіп төнген жағдайда жерлік үкімет басшыларының дұ­рыс баға бергендігінен Төре Иүйчұан ешқандай жазаға тартылмағаны өз алдына, көп ұзамай патша ордасы оны жаңа қызметке тағайындайды.
1373 жылы 2 айда Төре Иүйчұан Нанжин қаласындағы Жүйұанжаңның екінші ұлының (Чиң Уаң-Чиң сұлтаны) ордасына хатшы болып тағайындалады.
Бір күні Жүйұанжаң Төре Иүйчұанды өзіне шақырып әңгімелеседі, оның білі­мінің молдығына, ақыл-кеңесінің орындылығына сүйсінген Жүйұанжаң оны де­реу мемлекеттің заң-түзімдерінің атқарылуын, жерлік әкімдердің қызмет істеу жағ­дайын тексеретін прокурорлыққа тағайындайды. Содан бастап патшаның   ықыласына ие болады, әрі патшаның ең жақын төтенше істер уәзірі болады. Пат­шаның атынан түсірілген бұйрықты жазатын Ханлин Академиясының ғылыми қызметкері Жушан, лақап аты – И Жай өзінің «И Жай жинағына» енгізілген бұйрықтың кіріспесінде былай жазады: «Алдыңғы күні орда жиыны ашылғанда, Жүйұанжаң ақылшы уәзірі Төре Иүйчұанның бойын тіктей алмай аяқ-қолы діріл­деп тұрғанын байқайды да, дереу қасына келіп, «Не болды?» дейді. Төре Иүйчұан: «Аз­дап басым айналып, еңсемді тіктей алмай тұрғаным» дейді. Жүйұнжаң мейі­рімділікпен дереу демалуға орналастырады, әрі «Жақсылап тамақтаныңыз, рухы­ңызды көтеріп сергіңіз, жасыңыз ұлғайып қалды, айтқан тамаша пікірлеріңіз жа­дым­да» дейді.
Қытай тарихшылары тарихта адамға мейрімділігі кем, қатыгез саналатын Жү­йұан­жаң патшаның осы бір «түрікке» соншалықты жанашырлық істегеніне қай­ран қалады. Бірақ Жүйұанжаңның Төре Иүйчұанға мұндай мәміледе болуында да себеп бар. Төре Иүйчұан «Қытайдың әрқандай байырғы кітабын оқып, түсіндіре алады, Кұңзы-Мыңзылардың тағылыматын терең біледі, әрі ақын, әрі жазушы, та­быссыз емес», бұны патша ағзам жақсы білетін. Сондықтан оны аялайтын, қа­дірлейтін.
Жүйұанжаң «Төре Иүйчұанды қайда барса, сонда ертіп жүретіндердің қатарына қосып, саяхаттарға бірге шықты, қайтып келгеннен кейін, қызметтің аракідік аралықтарында екеуі қытай шахматын ойнайтын, үнемі мемлекеттің келелі істері жөнінде кеңес құратын, өз ойының кем-кетіктерін толтыратын». Сол себепті, адал, ойы терең, білімі ұшан-теңіз, көрген-ілгір Төре Иүйчұанға ерекше сенді, әрі оны керемет құрметтеді.
Төре Иүйчұан істеуге тиісті істер жөнінде Жүйұанжаң патшаға өзінің пікір-ұсыныстарын үнемі тіке айтып тұрды. Мәселен:
1373 жылы 4 айда: түзім, заң-ереже, бұйрық-жарлықтарды қайта басып, қатыс­ты тарауларға таратып берілсе деген ұсынысын айтады. Жүйұанжаң бұл ұсынысты қабылдап, дереу іс жүзіне асырады.
5 айда Төре Иүйчұанға арақ және қой, әйеліне жібектен бір киімдік, торғыннан бір киімдік тарту тартылды.
6 айда Иұ Тай ауданының дихандары Жүйанжаңға басты жоғары сортты бидай­дан 16 түп әкеліп тарту етеді. Ертеңінде Төре Иүйчұан бұл сортты бидайды патша ғибадатханасының маңына егуге ұсыныс жасайды. Жүйұанжаң бұны да «тамаша ұсыныс» дейді. Төре Иүйчұан арнаулы «Тамаша дақыл» атты өлең жазады. Бұл өлеңі «Иұң Лы энциклопедиясына» енгізілген, қазірде сақтаулы.
Бұлардан басқа да ұсыныстары көп… 1378 жылы 3 айда, жасы ұлғайып қалған­дықтан қызметтен босап, демалысқа шығу ұсынысын қояды. Бірақ көп ұзамай қызметі қайта қалпына келеді.
1381 жылы 3 айда орда Төре Иүйчұан қатарлы 68 адамға бірден дүрдіннен киім тарту етеді. Осыдан бастап Төре Иүйчұанның тарихи кітаптарда аты аталмайды. Жасы 70-ке келген кезі, бәлкім қайтыс болған болу керек. Жоғарыдағылар «Миң патшалғының нақты істер естелігі» мен «Миң патшалғы тарихында» келтірілген.
Төре Иүйчұанның өмірбаяны «Иұан патшалғы тарихында» жазылмаған. Та­рих­шылардың айтуынша, «Иұан тарихы» жазылып жатқан кезде, төре Иұйчұан көне патшалықта қызмет істегендермен бірге тексеріп анықтаудағы кезі еді деседі.
Төре Иүйчұанның бүгінге дейінгі сақталған өлеңдері, тек Миң патшалығының бастапқы мегілінде жазған жетпіске тарта өлеңдер ғана. Осылардың ішінде ең кө­лемдісі 47 (бес буынды) өлеңнен құралған «аралас өлеңдер», ең шағыны 4 (жеті буынды) өлеңнен құралған «Кездейсоқ» атты өлеңдері.
Ол әдебиеттен тыс, Кұңзы-Мыңзы тағылиматын да зерттейді. Осы зерттеуі не­гізінде «Кұй Баугуан» атты тағылымшылдардың классикалық шығармаларын талдап түсіндіретін арнаулы ғылыми шығарма жазған. Бұл шығарма да жоғалған, оның тек кейбір бөлімдері ғана «Иүң Лы энциклопедясында» сақталып, біздің дә­уірімізге жеткен.
Төре Иүйчұан қайтыс болып, 160 жылдан кейін, ақын-әдебиетші Хұаң Шыңзын (1490-1540) Төре Иүйчұан тұрған жерлерді аралап әрі қатысты материалдардан оның жазып кеткен өлеңдерін іздейді,  дегенмен еңбегі еш кетпейді, Төре Иүйчұан­ның бір бөлім өлеңдерін табады. Оларды реттеп «Төре Иүйчұанның жинағын» шығарады және «алғы сөз» жазады. Өкініштісі «жинақ» кейін жоғалады, тек «алғы сөз» ғана өзінің «Уиұесандықтар жинағы» атты еңбегінде сақталып қалады.
Төре Иүйчұанның өмір жолы мен еңбектері жөнінде ұзақ жыл ізденіс жасап, жүз паршаға жуық туындыларын жиып, реттеп, сол негізде арнаулы ғылыми зерттеу мақала жазған порфессор Яң Лян: «Төре Иүйчұанның өлеңдерінің өзіндік ерекшелігі мол, әрі мейлі сапа жақтан, мейлі сан жақтан болсын, сол дәуірдегі ақындардың кез келгенінен кем түспейді. Тіпті Иұан патшалығы дәуіріндегі ақын­дар пірі саналған Гұан Иұншы, Сағдолла қатарлы ақындармен иық тіресе алатын батыс өңірлік ақын. Сондай-ақ, туындылары біздің дәуірімізге келіп жеткен бір­ден-бір найман ақын» дейді.
Найман хандығының ең алғашқы хандары: Нарқыш-таян, інісі Енят қаған, ал кейінгі хандары: Инан Білге Бұқа хан, оның балалары Тайбұқа (не Байбұқа) Таян хан мен Бұйрық хан, Таян ханның ұлы Күшлік хан; Күшліктен Сауыс; Сауыстан Беден; Беденнен Наңғай; Наңғайдан Бораншы және Төрешугұң, Төрешули; Бо­ран­шыдан Төре Иүйчұан. Әрине Сауыстың ұрпақтары жоғарыда аталғандармен ғана шектелмесе керек, одан көп, бір руға жуық ел болуы мүмкін. Бұл мақалада та­ныстырылатын негізгі нысан – Төре Иұйчұан болғандықтан, біз тек Сауыстың Төре Иүйчұанға тіке байланысатын ұрпақтарын ғана сөз өттік. Сауыс әулеттері өздерін төре әулеті деп атады. Сол себепті, кейінгі қытайласқан әулеттері өз­деріне қытайша ат қойып, «төре» Ні фамилия орнында қолданды. Бұлардан бас­қа, орта жазыққа келіп қоныстанған Иұан патшалығы дәуірінде өте ықпалды бол­ған найман руларының саны 13 болып, олардың ішінде төре әулеттері 4 ру ел, солардың ішінде «Жұңсан Уаңының» бір бұтағы ­– атақты сардарлар Темұгы және хаткер Бұқа темір. Бұқа темір «Жұңсан әулеттері» шежіресін жазады, Гұң Сітай оған алғы сөз жазып берген. Демек әйгілі хаткер, әскери қолбасы Бұқа темірдің ата-бабасы «Жұңсан» аймағына Уаң болған найман төресі.
Иұан патшалығы құлағаннан кейін, найман рулары, найман төрелері қай жаққа қоныс аударды? Бұл жағы беймәлім. Моңғол ағайындар ішкі моңғолда да найман руы бар дейді. Еліміздің шығыс-терістік өлкелері мен ішкі моңғолда кейбір ру аттарымен аталатын қалалар бар. Мәселен, Тұматчи, Жұңғарчи, Ойарт Чи, тағы­сын тағылар… бұл қалалар қазір аудан орталықтары, Чи (ту, байрақ) –аудан де­ген мағынаны береді. Бұдан өз кезегінде осы аудандарда Томат, Жоңғар, Ойрат ру­лары қоныстанған, не осы рулардан құралған әскери қосын орналасқан деуге болады. Олай болса, Жилин өлкесі Жаулай Өзенінің батыс жақ шетіндегі найман Чи қаласы найман рулары қоныстанған аудан орталығы. Демек найман рулары Иұан патшалығы құлағаннан кейін осы өңірге қоныс аударған деген тұжырымға ке­луге болады. Жоғарыдағы төрт ру ел төрелердің Сауыс ұрпақтарымен тіке бай­ланысы жоқ. Бұл төрелер бәлкім Таян ханның аға-інілерінің, не Күшліктің басқа ұлдарының ұрпақтары болса керек.
Найман тайпасы – қазақ халқының этногенезін құрайтын байырғы тайпалар­дың бірі. Найман тайпасының тарихы – қазақ тарихының құрамдас бір бөлігі. Най­­ман тайпасының тарихына қатысты елімізде сақталған ертедегі жазба деректер әліге дейін толық іздестіріліп, түбегейлі зерттелген емес, мұндағы бір себеп, хан тіліндегі көне жазбаларды оқып, түсіне алатын оқымыстылардың аздығында.
«Төрелер шежіресі», «Төре Иүйчұанның өмір жолы» найман хандарының ұрпақ­тары жөнінде жазып қалтырылған тың дерек. Бұл деректер найман тайпасының бұрынғы тарихын толықтыра түсуге табылмайтын құнды материал болары сөзсіз.
Соңында ескерте кететін бір жайт:
«Қазақстан тарихы» атты көптомдық еңбектің 1 томының 412-бетінде мынадай бір келте дерек келтірілген:
«Юань-шиде» наймандар мен қаңлылардың шонжарлары арасында тығыз туыс­тық байланыстар болғаны жөнінде мынадай деректер келтіріледі: «Шаостар (Чаос) наймандардан шыққан. Оның арғы атасы Тайянь (Даян) наймандардың билеушісі болған. Оның арғы атасы Цюйшулай (Күшлік)… Бэдэинь (Бөде) Шаос­тың ұлы… Бэдэины қаңлы тайпасынан шыққан нағашы әжесімен тұрады…»
Мұндағы Сауыс кім, Беден кім? «Юан патшалғы тарихына» енгізілген қандай бір тарихи тұлға? Бұл жағы ашық, анық түсіндірілмеген. Сол үшін «Қазақстан та­рихының» қайта басылымында осы мақаладағы деректерді пайдалануға ұсыныс жасаймыз.

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.