Әлем әдебиеті

Анна ГАВАЛЬДА. ЖАЗЫЛМАЛЫ ТӨСЕК

2

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Анна ГАВАЛЬДА

                                  ЖАЗЫЛМАЛЫ ТӨСЕК

                                                                                       новелла

Анна Гавальда – Франциядағы бүгінгі жас жазушылардың ішіндегі ең танымалы. Оның үш кітабы дүниежүзінің отызға тарта тіліне аударылып, жалпы таралымы үш миллионға жетті. Ең алғашқы «Жолымды тосып жүрген біреу бар деп алаңдаймын» новеллалар жинағы 2000 жылы Францияда  әдебиет саласы бойынша берілетін ең мәртебелі сыйлық – Гран Приге ие болды. Қаламгердің «Мен оны сүйіп едім» атты романының желісі бойынша көркем фильм түсірілді.

* * *
Біздегі сауда бөлімінің бастығы Сара Бриоға сырттай ынтық болғаныма міне, бес жарым ай болды.
Басқаша қалай айтсам екен. Өзім бес жарым айдан бері Сара Бриоға ғашықпын деп ойлаймын. Шынымды айтсам, осы сауда бөлімін басқаратын қызға неге ға­шық екенімді өзім де білмеймін.
Осы қызға кездескелі бері менде күндіз де, түнде де маза жоқ. Есіме түссе болды, біртүрлі құшақтап жатқандай болам да, терлеп кетем. Мұндай күйді басымнан бірінші рет өткізіп тұрмын. Ал енді бұл сезім не деп, қалай деп аталатынын өзім де білмеймін.
Сара Брио болса мұның бірін де білмейді. Тіпті менде шаруасы да жоқ. Менің шалбарымның астындағы небір жайсыз жағдайымнан да, оған деген құштарлығым­нан да мүлде хабарсыз.
Менің ойымнан осы қыздың кетпей жүргеніне дәл бүгін, сейсенбі күні, тура бес жарым ай толды. Әрине, ол мен сияқты күн санап, сарғайып жүрген жоқ, әрі цифрларға да мән бермейді (мен болсам осында бухгалтер болып жұмыс істеймін, мәселе қайда…) Әй, бірақ сол қыздың мүлде сезбеуі мүмкін емес. Қыздардың, әсіресе Сара сияқты қу қыздың түк сезбей қалды дегеніне сенбеймін.
Оның ерлермен сөйлескен кездегі қылығын алғаш көргенде таңғалғанмын, ке­йіннен жыным ұстайтын болды. Тура бір түгіңді қалдырмай, денеңді тінтіп, ар жағыңды да, бер жағыңды да көретін (Суперменнің лазері сияқты десем қате­леспес едім) ерекше көзілдірік киіп алған тәрізді, әңгімелесіп отырған адамын тап­жылтпайтын.
Ол қолыңды қысқанда, сенімен сөйлескенде, саған қарап күлгенде немесе се­німен бірге кәдімгі пластикадан жасалған ыдыстан бірге кофе ішіп отырғаныңда, сенің ойың мүлде басқа жақта болады да, тақымыңды әзер қысып отыруға ғана шамаң келеді. Айқастырып отырған аяғың жазылмай қалады. Осыдан кейін ол қызды қалай атауға болады? Әсері сұмдық.
Ең қиыны, ол сенімен әңгімелесіп отырғанда сенен көзін бір алмайды. Көзі қан­дай десеңізші, ондай әдемі көз ешкімде жоқ.
Сараны бір жағынан өте сұлу деуге де келмейді. Бірақ оның сүйкімділігі, тек өзі­не тән назды қылығы сені еркіңнен айырады.
Қазіргі қыздардан қалыспай, ол да үнемі шалбар киіп жүреді. Көбіне джинсы түс­пейді үстінен. Көйлек киіп жүрсе ғой, шіркін…
Оның бойы өте ұзын демес едім. Ақ сары шашы алтындай жарқырап тұрады. Өзі­нің табиғи түсі емес, әрине. Бояп алғанын мен маниту1 болмасам да біліп тұрмын.
Сара топ-толық, тығыршықтай қыз. Ол өзінің қыздарымен телефонмен сөй­лескенде қашан болмасын қайдағы бір диеталарды айтып жатады (мен жақын бөл­меде отырам ғой, дауыстап сөйлесіп жатқан соң бар әңгімесін естіп қоямын).
Мысалы, ол өз салмағы 50 кило болу керек екенін, ол үшін 4 килоға арықтайын деп жүргенін айтудан бір жалықпайды. Енді мен де оның арықтау мәселесін ерік­сіз уайымдайтын болдым, себебі алақаныма «54!!!» деп өшпейтіндей етіп жа­зып алғам. Сол жазуды күнде көрем ғой.
Енді бір ретте ол телефонның ар жағындағы біреуге Монтиньяктың әдісі бо­йынша арықтап жүргенін, «жүз кило салмақтан оп-оңай құтылуға  болатынын», Estelle Hallyday2 компаниясының салмақ жоғалту мәселелерімен арнайы айна­лысатын атақты маманының барлық ақыл-кеңесін осы сәуір айында түгел жаз­дырып алғанын, өзінің кіп-кішкентай асүйінде бүкіл азық түліктің калориясы көр­сетілген үлкен плакат ілулі тұрғанын, артық тамақ жеп қоймау үшін асүйге арналған ойыншықтай таразы сатып алғанын айтып жатты. Weight Watchers3-тің айтқанын бұлжытпай орындайтын болып жатқан.
Ол менің миыма кірмейтін осындай әңгімелерді неге көбіне Мариге айтатынын түсінем, әрине. Маридің бойы ұзын, әрі өзі сидиған ап-арық. (Құрбы қызының Са­раға қандай ақыл айтатынын біліп тұрмын…)
Әңгімемнің тура осы жеріне келгенде «арықтай алмай жүрген семіз қызға неге сонша құмар болдың?» дегендерге:
– Ағайындар, тұра тұрыңдар!!! – деп жауап берер едім.
Осы жақында мен Сара Брионың (Мариге айтып жатты ғой деймін), мәз бо­лып, мамасына да асүйдің таразысын алып бергенін, енді жексенбі күні анасы «оның жақсы көретін торты мен тәтті дәмділерін» тек қызының айтқанындай етіп пісіретінін, сондықтан оның көңіл күйі ерекше көтеріңкі екенін айтып жатты.
Тағы бір айтарым: Сара Брио толық болғанымен сүйкімсіз емес,  керісінше, адам­ды өзіне тартып тұрады. Назданып тұрғанын көрген кезде, оны еркелеткің ке­ле­ді де тұрады.
Осы жерде тағы бір шегініс жасап алайық.

* * *
Осыдан бір апта бұрын, дәл аналар мейрамы күні, мен түскі үзілісті пайдаланып, Galeries Lafayette4-тің әйелдер іш киімін сататын бөліміне барған болатынмын. Дүкендегі бар сатушы қыздар мейрамның алды болғасын, пиджактарының түй­мелеріне қып-қызыл раушан гүлін қыстырып алып, бар ынтасымен қызмет көр­сетуге дайын болып алыпты. Олар сыйлыққа нені, қалай таңдап аларын білмей, сатушыларды әбден мезі қылған еркектерге тістеніп алып, ашуланғандарын біл­діргісі келмей, қызмет көрсетіп тұр.

Рұқсат алу

Пікірлер: 2 комментария

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.