СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ
Cофы АЛЛАЯР
ДӘРМЕНСІЗДЕР ҚУАТЫ
(Сабатул әжизин)
мәснәуи дастан
Кешегі кеңестік кезеңде діни тақырыптағы кітаптарды оқу, аудару былай тұрсын, ұстаудың өзі қауіпті еді. Еліміз тәуелсіздік алып бабаларымыздың баға жетпеc мұраларымен қайта танысып жатырмыз. Алла тағалаға шексіз шүкірлік айтамыз. Абай мен көптеген алаш зиялылылары пір тұтқан ұлы ақын, сопы, ғұлама Софы Аллаяр (1634-1723) тек түркі тілінде ғана емес, араб, парсы тілдерінде де көптеген діни мұралар жазып қалдырған. Софы бабамыз 1700-1701 жылдары ақида және тақуалық туралы «Мәсләкүл муттақин» еңбегін парсы тілінде жазады. Ол кітапты халықтың қызыға оқығанын көрген Софы Аллаярдың түркі тілді достары «бізге де осындай кітапты түркі тілінде жазып берсең» деп өтінгенде, «Сәбәтүл әжизин» еңбегіне кірісіп:
Бітілсә түрки тіл бірлә `ақида,
Көңілләр болса андин арамида.
Түркі тілінде бір ақида кітап жазылса,
одан көңілдер қуанса.
Тәмәллуқ қылдылар чүн бірнечә йар,
Қалам тартай Худа болсун мәдәдкәр.
Бірнеше достарым өтініш етті, жазуға кірісейін,
Құдай тағала өзі жәрдем берсін, –
деп Алла тағалаға шексіз мақтаулар айтып, Пайғамбарға сансыз салауат жолдап, түркі мұсылман жұртының сүйіп оқитын кітабын жазады. Кітаптың алғашқы бөлімі әрбір мұсылманға ауадай қажет ақида мәселелері туралы. Алдымен Алла тағаланы танудан бастайды, онда құл өзін пәни, өткінші деп, Тәңірі тағаланы мәңгі деп есептеу, өзінің Жаратушы иесіне деген махаббаты мен сүйіспеншілігі әрі нәпсімен қалай күресу керектігін, сол нәпсінің бізге қандай дұшпан екенін де асқан шеберлікпен баяндап береді.
Софы Аллаяр мінәжат ету, яғни Алла тағалаға қалай жалбарыну керектігін үйрете отырып, бұл дүниенің өткінші, жалған екенін ескертуден жалықпайды. Һидаят, яғни тура жолда жүру бақыты тек Алла қалаған құлда болатынын, Иман мен Ислам сөздерінің бір мағынада болатынын да айтады. Иманның негіздері болып табылатын періштелерге, пайғамбарларға иман келтіруді, яғни сену міндет болған нәрселерді, артынша Ислам дінінде ерекше орынға ие болған миғраж оқиғасын, Пайғамбардан кейін халифалық отыз жылға дейін болатынын әрі төрт жар, яғни Әбубәкір, Омар, Осман, Әли (р.а.) Пайғамбарымыздан соң сахабалардың ішінде ең абзалы екенін жазады.
Ажал, қабір азабы, қиямет күні, мизан таразысы, сират көпірі, хауыз кәусар, шапағат, жаннат, тозақ, қысқасы, өлгеннен кейінгі адам баласының басынан өтетін үлкен істерді асқан шеберлікпен баяндайды. Софы Аллаяр (р.а.) әрбір тараудан кейін соған қатысты насихат айтып, пенде алдағы ауыр күндерге қалай дайындық жасауы керектігін де ескерте кетеді.
Автордың ғазалияттары мен рубаилары кейбір нұсқаларда бар, кейбірінде жоқ. Онда сопы бабамыз қанша тақуа, нәпсісін тәрбиелеген әулие болса да өзін айыптап, кінәлап, насихатты айту оңай, бірақ тыңдау қиын екенін көрсетеді.
Тәжүддин Жалшықұлдың «Рисалаи Азиза» кітабының кіріспесінде жазылған мәлімет бойынша, Самарқанд елінде, Кәттәқорған жерінде «Мыңлан» деген ауыл тұрғындарының көпшілігі мейірімсіз, қатыгез келеді екен. Сол ауылда руы ноғай Теміряр деген ізгі мінезді, аса тақуа кісінің Аллақұл есімді баласының отбасында 1634 жылы Аллаяр дүниеге келеді. Әкесі Аллақұл тайпа көсемі болған. Болашақ ғалым жас кезінен сауат ашады, яғни алты жасында Құран Кәрімді оқып түсіреді. Бастапқыда шайыхтар ауылында тәлім алып, кейін он екі жасында Бұқараға барып, «Жүйбар» медресесінде оқуды жалғастырады. Аллаяр медреседе он үш жыл білім алып, ілім-біліммен қоса талай өнерді үйренеді. Өзінің қабілеті мен зеректігінің арқасында медресені үздік тәмамдап, Бұқара ханының назарына ілігеді. Ханның оны бұлай жарылқауына оның білімділігімен қоса, сырт келбеті де себеп болған деседі. Өйткені ол биік бойлы, кең иықты, денесі ірі, әрі аса айбатты адам екен. Мақтау қағазымен марапатталып, жиырма бес жасында хандықтың бажыханасына төрелік етуші болып тағайындалады. Бұл лауазымын да адал атқарып, ханның қазынасын молайтуға зор үлес қосады. Ханның мақтауы мен марапатына ие болады. Бірақ қарапайым халықтың қиыншылықтарын, хандықтағы кейбір мансап иелерінің әділетсіздіктерін көріп, өз қызметінен бас тартып, кейін тақуа жолын ұстауға бел буады. Ақыры тасаууф жолын таңдап, ғибадатқа беріледі. Сол дәуірдің ұлық ғалымы шайх Хабибулланың қолында он екі жыл тәлім алып, Тариқат сырларын үйреніп, өзі де шайыхтық дәрежеге жетеді.
Софы Аллаяр өмірінің кейінгі жылдарын (1710-1721) Сұрхандария облысы Денеу ауданындағы (қазіргі Алтынсай ауданы) Кәттәуахшиуар ауылында өткізіп, тоқсан жасында сол жерде қайтыс болып, жерленген. Ол тек ақын ғана емес, өз заманының ірі ойшыл ғалымы. Софы Аллаяр үш тілде: араб, парсы және түркі тілінде өлең жазған.
Ол «Махзанул мутиин» еңбегін араб тілінде, «Мәсләкул муттақин», «Мурадул арифин» еңбектерін парсы тілінде, «Сәбәтул әжизин» кітабын түркі тілінде жазып, Ислам әлеміне баға жетпес мирас қалдырып кетті. Оның кітаптары бұрынғы медреселердің оқулығы болған, ал қазір Ислам университеттері мен медреселерде оқытылуда.
Бұл кітапты қазіргі қазақ тіліне аударудағы мақсатымыз, бабаларымыздың тасада қалған мол мұрасымен ұлт-ұрпағымызды таныстыру әрі қазіргі елімізде діни сауатсыздықтан жастар арасында болып жатқан кейбір түсінбеушіліктерге тосқауыл қою және жат жерлерден келіп, айрандай ұйып отырған еліміздің тыныштығын бұзғысы келетін арам ниеттілердің әрекеттеріне тойтарыс беру болып табылады. Құдіретті Ие әрекетімізге берекет бергей!
Кітапты көне шағатай тілінен жолма-жол аударған жасаған осы жолдардың авторы.
Жүніс Төрежан
Бірінші бөлім
Ақида ілімі туралы
Биссмилләһир рахман рахим!
Жер мен көктің Иесі – Хаққа арнаңыз мадақты,
Тамшы судан гауһардай пәк қып сізді жаратты.
Тіреуі жоқ көкті көр, аңда әлемнің бітімін,
Бар жаһанға көрсетті Ол өзгермейтін үкімін.
Нән балықтың үстіне орнатты да жер шарын,
Осы жерден таратты ырыздығын баршаның.
Төрт мезгілді пайда ғып,
Әрбірінің келбетін
Әрбір түрге енгізіп ажарлады жер бетін.
Таңғажайып тағдыр бұл!
Қандай ғажап сәттілік?! –
Күлше нандай жалғыз күн тұр ғаламды тоқ қылып.
Һай1 сипатты Құдірет егер бір сәт қаласа,
Хат танымас надан да кемелденер данаша.
Топырағына Сафидың2 жан менен тән бергесін,
Үйретті оған бар заттың есімінің әмбесін.
Раббысы жер-көктің түссе араша – сау қылад,
Мысқал залал шектірмес – кетсе үстіңе тау құлап.
Сахараны, тауларды топан суы шайғанда, ал
Ылғал болмай аяғы сау шықты Нұқ пайғамбар.
Өртемекке Халилді3 Нәмруд-кәпір жақтырды от,
Халил қадам баспастан жөнелді оттан бақ гүлдеп.
Қаһар желі Тәңірдің Ад4 қауымын жоқ қылды,
Һудқа5 ергеннің жүздерін сол самалға өптірді.
Балық жұтқан бір ұлық6 – Тәңір өзі сынаған,
Қырық күнде шығыпты пәк күйінде дін-аман.
Таңды түннен айырған Хақ Тағала бұйырса,
Батыстағы – шығысқа жетер сәтте құйынша.
Қаласа Алла пендесін жеті қаттан өткізген,
Досын – қабы-қаусайын7 мақамына жеткізген.
Құрметтеп, сыйлы етсе, қолдаса Алла кімді егер –
Қызметіне жегіліп адамзат пен жын келер.
Тақ-Сүлеймен – адам мен жын жұртының қожасы,
Бір жүзікке байлаулы тұрды олардың тобасы.
Бір теңгедей сол тасты Сүлейменге енші ету –
Мұнда мақсат – Жаббардың құдіретін көрсету.
Мұса-Кәлим8 қолында аса таяқ –
Тілесе
Көпір болды жолына, аждаһа боп біресе.
Кісі бойы ағаш-тын сыдырылған қабығы,
Құдіретін танытты бір асамен Тәңірі.
Көрсеткісі келсе егер Жаратушы әмірін –
Екі дүние сыяр ед қауызына тарының.
Рухуләмин9 егер де жая қалса қанатын –
Айналар ед пердеге Жердің жүзін жабатын. –
Сол періште ұшып кеп Сидрадан10 демілде,
Хақ хабарын айтатын Мұхаммедтің жеңінде.
Бір құлының хақтығын танытса Алла тағала –
Куәлігін берер-дүр бесіктегі бала да.
Сол Шаһ Алла қадірлі қылам десе қай құлын –
Жатырса да ол зынданда, асырады айбынын.
Сүлейменге қызмет қылған сансыз құстардың
Білмес ешкім қисабын – болса да оған құштар кім?!
Бірақ һудһуд есімді титімдей құс елші еді,
Әміршіге құрметтің жоқ еді ешбір өлшемі.
Әшекейлеп әлемді, сұлу қылды түнді Алла –
Ай да екіге бөлінер – Досы11 ишарат қылғанда.
Кәлим жүзі ұяттан күймесін деп шешті Алла –
Ніл дария астынан шаң шығарды аспанға.
Тастауға Алла кеспесе құлын егер зейнетсіз,
Қайда жүрсін –
Ырзығын жеткізеді бейнетсіз?!
Мәриямға несібе жіберді Алла аспаннан,
Періштелер Мәсіхтің12 тартты алдына дастархан.
Хазірет Салих13 Хақ танып, болды үкімге пәруана,
Тастан шығып сол сәтте боталады аруана.
Бақытты ету қай құлын тек Жаббар Хақ еркінде,
Ұлы құсап Халилдің14 тұрар болса сертінде.
Басын тігіп, құрбанға шалынуын хош көрді ол,
Кімді көрдің сен ондай Хақ жолына шешкен бел?!
Надандықтың шарабын жұтқан пенде бір кесе,
Баспас! –
Жаннат есігін ашып: «ішке кір!» десе.
Хақтың рахмет суынан жұлдыздар шөл қандырар,
Жолдан тайған пендесін бір тамшыға зар қылар.
Қараңыздар Тәліп15 пен Ләһапқа16 тұл надан –
Ұлы дария бойында еріндері құрғаған.
Қашық болса от пен су – туу менен қазадай,
Неге ендеше шығады су ішінен нажағай?!
Сол сықылды шамның да жанбағы әлгі оттан-дүр,
Ал қара су жанарға шам құсатып жаққан нұр.
Қай құдірет сипатын еске, мейлі, алмағын,
Пенде ақылмен жете алмас
Тылсымына Алланың.