Әлем әдебиеті

Сұлтан ЖАНБОЛАТ. Қытайдың ғаламтор әдебиеті

0

БІЛГЕНГЕ – МАРЖАН

Сұлтан ЖАНБОЛАТ

Қытайдың

ғаламтор әдебиеті

 

          Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТ – профессор, жазушы, кезінде Шинжяң Университетінің проректоры, ШҰАР білім Комитеті төрағасының орынбасары, Бүкіл Қытай Парламентінің депутаты, оның Ұлттар комитетінің мүшесі болған қайраткер. «Үлес» (ҚХР) сыйлығының, “Достық” (ҚР) орденінің иегері. Дүниежүзі Қазақтары ІІІ Құрылтайының Төралқа мүшесі.

* * *

 

Өткен ғасырда, әсіресе соңғы отыз жылда қатты дамыған қытайлық дәстү­ри көркем әдебиет қазір жылына мыңдаған роман берерлік күйге жетті. Алайда жуықтағы Қытай әдебиетінде дәстүри жазумен басып шығарылатын саф әдебиет амалсыз «шеттеп», ғаламтор әдебиеті үздіксіз қаулап ұлғаюда. Бүгінгі Қытай әдебиетін «үш әлем» деушілер көбейді. Ол әлемдер: мерзімді басылымдарды алғы шеп еткен дәстүри элиталық әдебиет; қағазбен басып шығаруды нышан еткен кітап базарларындағы әдебиет; цифрласқан медияны вектор (тасушы) еткен ғаламтор (интернет) әдебиеті. Ғаламторлық медияның тебінді етек алуы, ғаламтор әдебиетіне мұндағы әдебиет қағанатының аумағын түгелге жуық жай­латып қана қоймай, оны баспалар шығаратын кітап нарығындағы (база­рын­дағы) өтімді кітаптардың ұясына да айналдырып жіберді. Қытайдың интернет информация орталығы жариялаған 27-статикалық есебі бойынша, 2010 жылдың аяғында торшылар (интернетке шығатындар) саны 457 миллионға жетіп, өткен жылдағыдан 73 миллион 300 мың адамға артқан. Интернеттің жалпыласуы 34,3 пайызға көтерілген. Ұялы телефонмен (қолфонмен) интернетке шығатындар 303 миллион болып, торшылар жалпы санының 66,2 пайызын ұстаған. Ғаламтор әдебиетімен айналысатындар 195 миллионға жетіп, 2009 жылғыдан 19,9 пайыз көтерілген. Бүкіл дүниедегі ханьше (қытай тілді) әдеби торсайттар саны 4000-нан асады екен. Оның Қытай мемлекетінің ішіндегісі 500 көрінеді. Бұлардың ішіндегі үлкенірек бір әдеби торсайттың өзі күніне мыңдаған туынды қабылдайды екен. Бір «Start» сайтына әр күні 10 миллиондай адам келіп, оның 34 миллион иероглифтік мәтіні жаңаланып тұрады деседі. Қытайда 2009 жылы 3000-нан астам роман жарық көрген еді, 2010 жылы жарық көрген романдар саны 4000-ға таяды! Бұл бір жылдық сан 1949-1966 жылдардікінен (17 жылдыкінен) асып отыр. Ал оның көбі және ғаламтор әдебитінің туындылары екен. Кей елдер сықылды Қытайда да «нарық экономикасы көтерілген соң, көркем әдебиет құлдырады», «бүгінгі жұрттың әдебиетке зауқы жоқ», «оқырманнан ақын көп» деп жүргенде, тор әдебиетінің тебінді етек алуы талайды толғантады. Жалпылама әдебиет құлдырады дегеннен көрі кей әдебиет құлдырады деген жөн сықылды. Меніңше, бұл қазақ әдебиеті де назар салуға, зерделеуге, ойлануға, түстен кейін маңыраудан сақтануға тиісті құбылыс.

2

Интернеттік (ғаламторлық) көркем әдебиет, қысқа қайырғанда тор әдебиеті – бертінде, жаңадан дүниеге келген әдеби форма. Былайша айтқанда, тор әдебиеті дегеніміз – торшылардың торды тасушы (вектор) ете отырып, компьютер техникасынан барынша пайдаланып, өз еркінше жариялаған, әрі дәстүри көркем әдебиеттік дағдыдан бас тартпайтын, әрі тордан өзге жолмен таратылуын тоспайтын әдеби туындыларының тобы. Ол топ – автордың интернетті мінбе мен тарату медиясы етіп, субьект пен тақырыпты – басты айтарын торшыларға супермәтін­дік ұлау және көпмедиялық әйгілеу амалдарымен білдіретін, жариялайтын әдеби туын­дылары. Бұл анықтамалық сөздер түсінікті болуы үшін тор әдебиетінің мына үш құрамын атай кеткен жөн:

1. Торға шыққан әдебиет – дәстүри жазушылардың кезінде басылымдарда жарияланған қағази шығармаларының, әдеби торбекеттері арқылы ғаламторда қайта жарияланған  нұсқалары.

2. Тордағы әдебиет – торшы автордың, торшыларды оқырман санап, компьютер арқылы жазып, тор бекеттері (уебсайттар) не өз блогы арқылы жариялаған туын­дылары. Ең әуелі интернетте жарияланған бұл туындылардың артынан қағази тәсілмен жариялануы да мүмкін.

3. Тор тілді әдебиет – супермәтінді көпмедиялық туындылар. Бұл – тор әдебиетін қағази әдебиеттен түбегейлі парықтандыратын басты түр. Тор тілді әдебиеттің авторы, компьютердің көпмедиялық техникасынан мейлінше пайдалана отырып, жазылған мәтінге әр алуан бейнелерді – фото не сызба суреттерді, дыбысты (сөз, музыка, т.б.), анимацияларды (қозғалатын суреттерді), түс-реңдерді қосып, туындысын керемет тартымды етіп шығарады. Бұл – дәстүри әдебиетке қарағанда, өнери тіл векторындағы (тасушысындағы) төңкерістік өзгеріс.

Тор әдебиеті – әу бастан, дәстүри әдебиетпен өзара толықтасатын, бірін-бірі қамтитын жүйе. Тор әдебиетінің басты стандарты да дәстүри әдебиеттен басқаша болуға тиісті емес. Ол дәстүри әдебиетке қарсы, екінші бір үйек те болмайды. Бүгінде тор әдебиетінің өте жалпыласқан формасы – блог әдебиеті.

Қытайдағы талайдың ортақ танымы бойынша айтсақ, тор әдебиетінің бас­ты ерекшелігі –  типификация (түрлегіштік). Типификация – өнер өңіріндегі ортақтыққа қарай салаларға беттеген, сала ішінде даралыққа немқұрайдылау қарап, жеке жасампаздыққа тым бой ұра бермейтін нысан. Мұндай туындыларда­ғы бір сала ішінде тақырып, кейіпкер, сюжет, құрылым парқы тым көрнекі болмайды.  Сондықтан оны біреу күнделікті өмірге қайта енген әдебиет санаса, енді біреу алуан түрлі реал өмірді терең реакциялай (аңыс ете) алмайтын, ой қуаты мен өнери тартымы олқы өнер санап жүр. Дегенмен, бұл көзқарастар ғаламтор әдебиетінің реал әлеуетін жетерлік байқай алмағандай сезіледі де.

Қытай тор әдебиетінде, осы әдеби туындыларды жазумен айналысуды бас­ты дағды еткендерді жазарман деу әдетке  айналған. Көп санды торшылар мен оқырмандардың өз блогы да болады. Олар әрі жазарман да. Қытайдағы тор әдебиетінде поэзиядан гөрі проза басты орында келе жатыр. Жазармандардың дені әдебиетке құмар жандар. Ал, олардың қозғаушы күші әр текті. Олардың көбі туындысының дәстүри жолмен басылып шығуын, жариялануын қалайды. Қаламақы алуға да қарсы емес. Оқу үшін оқырманға тегін емес амал  жобалап қойғандары да бар. Туындылардың көлемі әр алуан. Әңгіме де, хикаят та, роман да, еренромандар (суперроман) да бар.

 3

Жан баққаннан өзгеде жұмысы жоқ, орнықтылықты тек тыпа-тыныштық деп білетін, тіпті қаттырақ айтсақ жансыз, күйдегі ұлттың ойы да, тілі де, өзгесі де өркендей алмайды. Ғаламтор мен тор әдебиеті ұлттарға өзінің жаны мен рухын қоздырарлық орай мен кеңістік беріп отыр. Ғаламтор – шешен мен жазарман үшін ойын емін-еркін шарықтатуына, оларын дәстүри әдебиет аумағынан шыға баяндауына мүмкіндік беретін, шексіз де шетсіз, өте еркін кеңістік. Бұл – жаңа ғасырдағы ұлттық мәдениеттің соны нышандық формацияларының бірі. Былайша айтқанда, жаңа көтерілген соны халықтық әдебиеті.

Меніңше, қазір әдебиет тарихы екі сатыны басып өтіп, үшінші сатыға енді. Ол былай:

1. Ауыз әдебиеті сатысы. Көркем әдебиеттің атасы саналатын, ауыз бен құлақ арқылы тараған, адамзаттың  балалық шағынан басталған бұл қарт әдебиет, толыса келе, әбден пісіп жетілді. Сосын оның миф-аңыз, қисса-дастандары даму шегіне жеткесін, одан ары өркендеу мүмкіндігінен, сөйтіп жетекші рөлінен біртіндеп айрыла бастады.

2. Қағази әдебиет сатысы. Жазудың пайда болуы мен оның жалпыласуы және қажетті жағдайының (қағаз, қалам, баспа техникасы, тарату жолы, т.б.) оңалуы қағази әдебиетті дамытты. Таралу тарапы жағынан ауыз әдебиетінен мейлінше асқан қағази әдебиет зиялы қауым ішінен кәсіби жазушылар мен ақындарды дүниеге әкелді. Сонымен қағази әдебиет туындылары еселеп көбейді, әдеби өрнектеу формасы түрленді, суреттеу қуаты күшейді, қарыштап алға басты. Өзге елдікі түгіл, тарихы ең қысқа Қытайдың осы замандық қағази көркем әдебиеті де аса тез дамып, жетілу, пісу сатысына көтерілді. Бұған халықаралық саяси ортадағы даму, ғасыр соңындағы саяси жағдайдың көптүрлілесуі сықылдылардың осы әдебиетке кеңірек тыныс беруі басты себеп саналады. Базар (нарық) экономикасының дамуы қағази әдебиетке көптүрлі құндылық беталысын ұсынды, оны байытты.

Бірақ өткен ғасырдың соңғы он жылдығынан бастап, Қытайдағы қағази әдебиетте де тоқырау нышаны байқалды, былайша айтқанда, ол эстетикалық, адами, идеялық қуаттарын әлсіретіп, тіршілік үшін тым арпалыса қоймайтындардың ермегіне ғана айнала бастады. Қатты қарбаластар мен интернетке құлаған топ қағази әдебиетті сирек оқитын, қалың томдарға қарауға мүмкіндік таба алмайтын болысты (1); Қағази әдебиеттің өзгелер арқылы меңгерілуі, тізгінделуі, тіпті шектелуі кей тұстарда қатайды (2); Әдеби басылымдардың тиражы аза­йып, мерзімді басылымдар әр алуан (атын өзгерту, т.б.) арқылы күн көрер күйге енді (3); Осыларды сезген кей авторлар, оқырманды тартудың қағази әдебиеттен өзге амалына аунап, қағази емес тәсілдер (кинофильм, телефильм, т.б.) арқылы оқырманды қызықтыруға кірісті (4). Қысқасы қағази әдебиет аса піскен

Сөйтіп, тек Қытайды ғана мысалға алғанда, бір ғасырдың алдында, ескіше хань тілді ( вінян) әдебиеттің жаңаша хань тілді (бәйхуа) әдебиетке орын бергені сықылды, бүгінгі әдебиетке де өзгеге орын берерлік күн туды.

3. Тор әдебиеті сатысы. Дәстүри әдебиетке қарағанда табалдырығы төмендеген, жариялану мен таратудағы қатаң тәртіптерден аулақтаған, соған орай көркем әдебиеттің жаңа алаңдағы жаңа тұрпаты саналып отырған тор әдебиеті алты қасиетке ие. Олар – қамтымшыл (Inclusive), бұқарашыл (Popularity), көптүршіл (Diversity), жарияшыл (Open), қиялшыл (Fantasy), дереушіл (Timeliness) қасиеттер.

Тор әдебиеті, ең алдымен, әдебиеттің таралу төнкерісін дүниеге әкелді. Оның үстіне ол осызамандық ғылым мен техникаға тіке сүйеніп, капиталдық күштен демеу алып, шығармашылықтың бұқараласуына сүйеніп тез дамуда. Өткен ғсырдың ең маңызды табысы компьютер мен әлемді бір ауылға айналдырған ғаламтордың жалпыласуы оқудың беталысын жаңартты. Оқу цифрласуға, көптүрлесуге (Diversity), жекелесуге (Personalized) қарай дамыды. Осылардың арқасында тор әдебиеті әдебиеттің құндылығын максималдастыруда.

Тор әдебиетінің дүниеге келуімен көркем әдебиеттің жолы көбейді де кеңейді. Жағдайы бардың бәрі, жазуға ғана емес, жазғанын жариялай беруге де мүмкіндік алған күн туды. Жасампаздық жағдайға (паттерн) күшті ықпал жасады. Әдеби мектептер (School) мен бейнелеу формасы көбейетін, мысалы қатаң әдебиет (байыпты әдебиет, Serious literature), уэст әдебиет (Hip – Hop мәдениетіне жататын әдебиет), қара юмор (Black Humor) әдебиет сықылды мектептерге бөлінетін ықтималдық та туылды.

Тор әдебиеті мәдени құрылысты ілгерілетті. Ол дәстүри әдебиеттен бөлек те соны бейнелеу формасы мен тәсілін тудырып, жасампаздықты, ойлампаздықты, ізденімпаздықты, жаңашылдықты өрістетті. Басты ағымдағы мәдениетпен (Mainstream culture) жарысқан, ұлттың мәдени сапасын өрлетуге пайдалы тете мәдениет (субмәдениет, екінші мәдениет) пайда болды.

Тор әдебиеті – дәстүри әдебиеттің (жазушы еңбегі редакторлар алдында жататын, кешігіп жарияланатын, одан кейін ғана сыншылар сарабына түсетін, ең тәуір саналатындары ғана оқулыққа кіретін, сөйтіп барып әрең дегенде автор аты шы­ғатын жақтың) табағына түспей, олардың көбі бара алмайтын өңірден өзінің тың алаңын  ашқан әдебиет. Алайда тор әдебиеті мен дәстүри әдебиеттің ортақтығы толып жатыр. Бұл ортақтықтар оқырман зәрулігін иық тіресе қанағаттаныдырады, төл туындыларды бірге жаратады, баспа құқығын бірлесе қорғасады, баспаның кәсіптізбегін (Chain) бірге созысады.

4

Тор әдебиетінің Қытайдағы тарихы 20 шақты жылдай ғана. Қазір ғаламтор әдебиеті өңірінде Қытай әлем алдында кетіп барады.

1987 жылдың 14 қыркүйегінде, Бейжіңдегі компьютерлік қолданба техника зертханасы Қытайдың тұңғыш электрондық хатын (э-хат, e-mail) жіберді. Онда “Біз Ұлы қорғаннан асып, әлемнің әр түкпіріне бара аламыз” (Across the Great Wall, we can reach every corner in the world)  деген мәтін бар-ды.

1990 жылдың 28 қарашасында, Қытай өзінің басты өңіраты (домен аты, domain name) CN-ді SRI-NIC-ге (Станфорд зертханасының тор информация орталығы­на) тізімдетіп, Қытай ғаламторының (интернетінің) бірінші адымын басты.

Қытайдағы тор әдебиеті 1991 жылы басталды. Осы жылы Уаң Шяуфей ханьзуша поэзиялық тор ашты. Тағы да осы жылы АҚШ-та оқып жүрген тор жазарман Шаужүн қытайша ең алғашқы тор әңгіме «Тайталасу мен теңдік» дегенді жариялады.

1992 жылы АҚШ-тың Индиянна университетіндегі қытайлық студенттер GB-HZ кодпен «Нalt.chinese.text»-ті (ханьзуша хабарлар мәтінін) тұрғызды. Сонымен ханьзуша тор әдебиеті бүкіл әлемге тарай бастады.

1993 жылғы наурыздан бастап Шы-яң атты жазарман осы («Нalt.chinese.text») арқылы жүздеген өлең жариялап, ресми түрде Қытайдың тор ақыны атанды. Сонымен бұл сала кең етек ала бастады. Ханьзуша (қытай тіліндегі) тор әдеби басылымдары, э-хаттар, торханалар, әйгілі жазармандар осыдан соң наурыздың көгіндей бой көтерді.

1998 жылға келгенде, Са Жыхыңның қытайша тор әдебиетінде ең тұңғыш, ең уәкілдік сипатқа ие, ең ықпалды саналатын тор әңгімесі – «тұңғыш етене жуысу» жарық көрді. Мұнда сабақтас та жатақтас, бірақ мінезі бөлек студенттер Атай мен Пи Зыцайдың алғашқы махаббаттары туралы әңгіме тартымды өрбітілген.

Бұдан былайғы ханьзуша әдеби торбекеттері (вебсайттар) мен тор жазармандарын санап беру де қиын.

Үстегі ғасыр басталғалы бері, торшылар мен жазармандар тіпті көбеюде. Торбекеттері даму, реттелу, қосылу, техникалық өрлеуден өтіп, анағұрлым кемелденуде. Тор туындылары да бірегейленуде. Талай үздік шығармалар да шықты. Мысалы Әнни Баубей жазған «Қош бол, Уейән», Жин Хызай жазған «Укоң өмірбаяны», Дың Әндоң жазған «Мені сүйген бір алаяқ бар» сықылдылар (авторлардың көбі бүркеншік атын істетеді). Бұл сатыдағы жазармандар да, блогшылар да атақ пен пайданы қуа қойғаны жоқ. Дегенмен дәстүрдің тізгіндеуі, ғаламтордың кемелсіздігі, торшылардың көбеюі, тордан пайдалану ақысының артуы тәрізділер былайғы дамуға бір сәт оралғы да болды.

Қытайдың қазақ тілді ең алғашқы торбекеті «Ауыл» – қазір Алматыда тұратын көрнекті оралман кәсіпкер, текті атаның ұрпағы Асқар Әнуарұлы Жакулиннің басшылығында – 1998 жылдың соңында шаңырақ көтерді. Бұған Чиңхуа университетіндегі студент кезінен бастап, бүгінде Германияда тұратын компьютер ғалымы Әсет Әрінұлы және қазір Қытайда жүрген Айқын Әбиденұлы, Батыр Мәтқабылұлы сықылды жастар атсалысты. Мен әрі ақылшы, әрі жазарман ретінде араластым. Бәріміз «Ауыл» азаматы болыстық. Ол кезде төте жазудың да, крилше жазудың да компьютердегі күйі тым көңілдегідей бола қоймағандықтан (қазірде де оңып тұрғаны жоқ, әлемге кең тарала алмайды), «Ауыл» азаматтары ІКА атты қазақ латын жазу жобасын дайындап, торшыларды мәтінін сол арқылы жазуға үндедік. Менің шежіре туралы мақалам сықылдылар сол жобамен жария­ланды. Жазармандардың шағын әңгімелері мен өлеңдері, талай кеңесі, лебізі, пікірсайысы жарық көрді. Бертін келе біртіндеп Қытай қазақша торбекеттері көбейе түсті. Қазір оның бірқыдыруы екі тілді, үш (төте, крил, хань) жазулы. Талайы әмбебап (универсал), әрсақты бекеттер. Қазір бұлардың ұзын саны 100-ге де таяды. Бір талай жеке беттер (Personal pages), блогтар тағы бар.

Қытайда 1997 жылдан бастап тор кітапүйлері (Random House) дүниеге кел­ді. Мысалы, 1998 жылы «әдебиет қалашығы» (қазір оның оқырманы мил­лионнан асады), «алтын кітапүй», «кітап жолы» сықылды әдеби торбе­кеттері жұмысқа кірісті. Алғашында, бұларда көшірме дүниелер (торға шық­қан әдебиет) басты орын алды. «Ұлы Таңның қос айдаһары» мен «Ға­рыш батыры» сықылдылар оқырмандарды өзіне қатты-ақ тартты.

Аралықта бір сәт «алтын кітапүй» сықылдылар өте тебінді болды. Бірақ 1999 жылдың аяғында, ханьзуша Дорәйми  торбекеті «алтын кітапүй» бас­таған жекелердің ең жақсы бекеттерінен 16-ны 4 миллион юанға сатып алды. Дәл осы тұста АҚШ-та блогтар қамбасы шаңырақ көтеріп, мықты тор шеберлері мен қаламгерлерді өзіне тарта жөнелді. Іле-шала оқу мен көшіріп алу сықылдыларды ақылы етіп, тегін емес күйге түсірді. Бірақ ол кезде­гі тор шарт-жағдайының мәз еместігі, торға шығатындардың аздығы, тор жыл­дымдығының баяулығы мен ақысының жоғарылығы секілді себептер жағ­дайды сәл  ауырлатты. Талай тор бекеттері амалсыз жабылды. Әуелі әлгі  блогтар қамбасының өзін де сазға отыртып кетті.

2003 жылы Қытайдағы ғаламтор әдебиеті қайта өрлеуге кірісті. Бұл тұс­та Қытай Сиқыр Фантазия Ұйымы (Chinese Magic Fantasy Union) құрамында­ғы қаламгерлер айрықша демеу көрсетті. Әдеби тор бекеттері де, жазарман торшылар да күрт көбейді. Жаңа VІР оқығыш (Reader) қолданысқа кіріп, техника да оңалды. Жазуға көпмедиялық техниканың қолғанат болуы (жазуға дыбыс, фото, анимация, рең сықылдылардың кеп қосылуы), торәдебиетін дәстүри баспашылықта жоқ өнермен қаруландырып, тор әдеби мәтіндерінің тартымын анағұрлым күшейте түсті. Жазармандар қаламақысы да көтеріліп, дәстүри жазушылар қаламақысымен теңесті. Бірер торбекеттің өзінде (мысалы «Start» дегенде) 100 шақты туынды жарияланатын болды. Тордағы шығармалардың зияттық құқығы  авторға тән екендігі де заңмен бекітілді.

Демек, тарих тұрғысынан алғанда, қарт дәстүри әдебиет алдында балаң көрінген тор әдебиеті, құдіретті интернет пен жоғары техниканың қол­дауымен, қағазды тасығыш (вектор), баспа техникасын сүйеніш еткен дәстүри әдебиет саласына қарағанда, салыстыруға болмайтын дәрежеде күшті медиалық абзалдыққа ие. Содан ол Қытайда тым тез дамып барады. Оның дәстүри әдебиетпен диалогы және ауыс-түйісі тереңдеуде. Қытай жазушылар одағы тор әдебиетіне әділ баға беріп, жазармандардан мүше қабылдап, талай талқы жиындарын өткізіп те келе­ді. Тор әдебиетінің туындылары Лушүн әдеби сыйлығына қатысатын да болды. 10 шақты жыл ішіндегі тор әдебиетінің туындылар саны 60 жылдан бергі қағази әдебиет туындыларының санымен теңесті. Қазір тор әдебиеті әр жылдық көркем әдебиеттің қорытынды баяндамаларынан ойып орын алып жүр. 2009 жылғы осындай баяндамада, «Тор және жаңа медиа әдебиеті – 2009 жыл­ғы әдеби жасампаздықта өзіне ел назарын тартқан құбылыс» делініп, Анай дейтін жазарманның «Ұлы дария шығысқа тартты» деген романы сықылдыларды айрықша алқай ауызға алған. 2010 жылдың 26 мамырында Қытай жазушылар қоғамы мен Гуаңдоң жазушылар қоғамы «Тор әдебиетін зерттеу жиынын» өткізді. Мұндай жиындар өзге тұстарда да өтіп жатыр. Жуық жылдардан бері әр жылы тор әдебиеті мерекесі тойланып та келеді.

Қазір интернет тіпті жалпыласуда, тор әдебиетіндегі үздік туындылар көбеюде, электрон кітаптарды шығарудың  кәсіпорындасуы цифрлы бас­паларды демеуде.

5

 

Әрине, мұндай балаң күйдегі дүние түгіл, талай кексенің де жетімсіз жағы болады. Қытайдағы тор әдебиеті – бүгінгі алып әдеби болмыс. Қытайдағы жазушылар одағының мүшелері 8000-даймыз. Оған өлкелік мүшелерді қоссақ 50 мыңға ғана таяйды. Ал үлкенірек 7 ғана интернеттік әдеби торбекеттеріндегі мүшелердің өзі 980 мың екен. Оған жазармандарды қоссақ бір миллионнан асып тұр! Әрине, қоғам үшін, алып әдеби болмыс­ты кесек әдеби проблема деп қарауға ақылысыз. Таралу қарқыны үздік­сіз шапшаңдаған, таралу кеңістігі дамылсыз кеңейген, керемет көп туын­дылары мен қалың оқырманы бар, осызамандық көркем әдебиеттің басты ағымдарының біріне айналған, алайда кеңдік пен тереңдікке қарай даму­дың балаң сатысында тұрған тор әдебиетінің тап болған мәселелері де аз емес.

Ол мәселелердің ішіндегі ең бастысы – оның көркем әдебиеттік сипа­тының түбегейлі де толық шешілмеуі. Бүгінгі Қытайдағы тор әдебиеті, махаббат, әскери іс, сиқыр-фантазия сияқты көпшіл тақырыптың бәрін қамтығанымен, көркем әдебиеттің өзіне – адамның өзі (жаны) және оның қоғам жайлы ойымен айналысуға қанағаттанарлық дәрежеде келе қоймады. Бұл әрине оның жұрт көңілінен толық шығуына зор бөгет бо­луда. Ол көңілашар функциясынан сырт, мәдени функциясын артылта түсуге, өнери жасампаздық биігін көтеруге, идеялық қамтым тереңдігін қаза түсуге, жазармандар жариялылығын асыра түсуге борышты болып отыр. Жазармандар құқығына кепілдік ету тетігі мен тор әдебиетіндегі зияткерлік құқықты қорғау да көңілдегідей емес. Жазармандардың көбі жастар болғасын, жазудағы тездік (кейде тіпті бір түнде бір хикаят!) пен жастық қызу басылғасын жазудан суыну сықылдылар да бұл әдебиетке өз зардабын әкелуде.

Ұлы өзен тасыса, лай түгіл тас та ағады. Тор әдебиеті бай да күрделі маз­мұндарға ие. Оны әр алуан мүмкіндіктер де тосып тұр. Тасқыны қатты тор әдебиетіне жармасқан лас дүниелер де жоқ емес. Ұңғыттық (спекуляция, мүнтәкірлік) сықылды жаман ғадеттер де кезігеді. Бұл әрине жазармандар мәдениеттілігіне байланысты.

Бұл олқылықтар – болашағы зор ғаламтор әдебиетінің балаңдығына ғана тән уақыттық жетімсіздіктер, әрине.

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.