Әлем әдебиеті

Пэрэнлэйн ЛУВСАНЦЭРЕН. КҮН БАТҚАН ЖОҚ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

 

Пэрэнлэйн ЛУВСАНЦЭРЕН

КҮН БАТҚАН ЖОҚ

                    Пэрэнлэйн Лувсанцэрен – моңғол прозасында әңгіме жанрының хас шебері ретінде танылған дарынды жазушы. 1933 жылы Байқоңыр аймағының Байбұлақ ауылында туған. 1962-1967 жылдары Мәскеудегі М. Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. 1972 жылы мезгілсіз қаза тапқан.

* * *

Қаржы техникумын бітірген соң аймақтық оқу бөліміне есепші болып жұмысқа орналасқанмын. Жаңа қоныста көп кешікпей өмірлік серігімді тауып, қариялар айтпақшы, бір отаудың отын жақтым. Біршама уақыт ана-енеммен бірге тұрдық та кейін жаңадан пәтер алып, бөлек шықтық. Тұңғыш перзентіміз де дүниеге келді. Ұлым қазір екі жастан асып барады. Отбасы құрып, орныға бастаған соң қыз кездегі қылығың да, қылтың-сылтың мінезің де қыр асып жоғалады екен. Мен өзі мектепте оқып жүргеннің өзінде би кештеріне кіріп кетіп, мүғалімдерден сөз еститін, киімнің тәуірін киетін, ұшып-қонған желаяқ қыз болатынмын. Сол кезімді ойласам, таңғы күн сәулесін қалың тұманның арасынан көргендей бірде анық, бірде бұлдыр, біресе тамаша немесе біртүрлі секілді сезілетін болды. Отбасылық жаңа өмірді бастағаннан кейін адамның көңіл күйі біршама тұрақтап, тоқырап қалады екен.

Күндіз мекемедегі қызметіңді атқарып оралғаннан кейін үй шаруасымен айналысасың, сосын баламен арпалысып жүргенде ұйықтайтын уақыт болып кетеді. Ертеңгісін тұрып тағы да жұмысқа кетесің. Күндіз бен түннің еш айырмасы жоқ сәттері алма-кезек ауысып жатады да бірнеше айдың, тіпті маусымның қалай өтіп кеткенін білмей де қаласың. Үйге келіп-кететін адам да жоқтың қасы. Үшеуден үшеу өзара сөйлесеміз, кірсек те, шықсақ та сол өзіміз ғана.

Баратын жеріміз өлшеулі, кіретін үйіміз санаулы. Екі адамның жалақысы тірлігімізге толықтай жетеді. Тұратын үйіміз үлкен қалалардың тұрғын жайлары секілді болмаса да, жергілікті аймақ үшін әжептәуір жайлы, жылы, жарық дегендей, тіршілікке қолайлы. Осылайша өмір сүріп жаттық. Студент кезбен салыстырғанда мендегі үлкен өзгеріс – үй шаруасына келгенде алдыға жан салмайтын пысық болып ал­дым. Жолдасым шаруақор әрі ісмер жан болғандықтан шығар, оның айтқандарын екі етпей жүріп-ақ бірер оқу орнын бітіргендей деңгейде әжептәуір дүние үйрендім. Күйеуімнің бір жаман әдеті бар – өте қызғаншақ. Той-томалақ атаулыға зауқы жоқ, би-танц дегендерден мүлде мақрұм қалған. Жалынып-жалпайып жүріп, анда-санда кинотеатрға зорға апарамын. Би кештеріне, қыдырыстарға барғым келіп, алғашқы кездерде көп алағызатын едім. Алайда жолдасым менің кешке үйден шығуыма аса риза емес секілді көрінетіндіктен соңғы кезде ол туралы тіпті ойға алмайтын болып алғанмын.

Мен бірде киноға барып кешкі сағат он кезінде үйге келгенмін. Бір таныс жігіт үйге жеткізіп салған. Сөйтіп едім, күйеуім «кім ол өзі?», «қайдан келген?», «сенімен қайда, қалай танысып жүр?», «тамаша жігіт екен!» деп кекетіп-мұқата берген соң екеуміз жатып келіп ұрысыстық.

Сол оқиғадан кейін маған мынандай ой келді. «Бірден үй боламыз, жай боламыз деп бас қосқаннан кейін түкке тұрмайтын бірдемелермен бір-бірімізді қажаудан не түседі? Енді балалы болдық, не жетпейді? Күйеуім не десе, соған мойынсұнайын». Күйеуім мен дегенде ішкен асын жерге қояды. Жұмыстан тыс өтетін іс-шаралардан, жиын, сенбіліктерден амалын тауып босатып алады. Маған бала қараудан, үй-жайдың шаруасынан өзгені талап етпейді. Осылай деп тұрса,сен қалай қарап отырасың. Шамам келгенше бар жанымды салып, тырысамын. Алайда, қарын тоқ, көйлек көк болса да бірдемені жоқтап іздегендей аңсарым ауып, терең бір мұңға бата беретін болдым. Күйеуге шығу, бала сүю – бақыт, әрине. Ал балалы болғаннан кейін ше дегенге келгенде, жауап таппай, біртүрлі, аспанда жайнап тұрған күнім батып кеткендей сезіле береді. Мен байымнан жалығып жаңа жарды қалап отырған жоқпын. Баламнан безіп жан рахатын іздемеймін де. Сонда да бірдеме жетпейтіндей болып, енді не істеймін дегендей тығырыққа тірелген жауапты өзіме қоя беремін де тұрамын.

Сөйтіп жүргенде күздігүні мені күтпеген жерден пішеншілерге көмектесетін топқа қосып жіберді. Аймақ орталығынан жиырма шақты адам жолға шықтық. Бейне бір жер түбіне баратындай төсек-орын, киім-кешектерімізді сайлап, жұртпен қоштасып дегендей кешкісін екі машинамен аттанып кеттік. Шөп шабатын жерге барғаннан кейін үш шатыр тұрғызылды. Әйелдер жағынан бес адам бір ою-өрнекпен безендірілген көк шатырға жайғастық.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.