Әлем әдебиеті

Джек ЛОНДОН. ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Джек ЛОНДОН

ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

          Джек ЛОНДОН (1876-1916) көзі тірісінде-ақ әлемге танымал болды. І Дүниежүзі­лік соғыстан кейін әдебиетке жазушылардың жаңа толқыны, жаңа бір легі келіп қосылды да, Құрама штаттарында оның атақ-даңқы төмендей бастады. Дегенмен тіршілік жолында жан алысып, жан беріскен кейіпкерлердің романтикалық бейнелері өзге қай елде болса да, сол баяғы құндылығын жоймады.

Әйгілі «Теңіз көкжалы», «Мартин Иден», «Ақ азудың» авторы. 1916 жылы у ішіп өлген.

 * * *

Сылти басқан олар жыраға қарай құлдилап түсе бастады да, алда келе жатқаны бейберекет шашылған тастар арасында сүрініп, теңселіп кетті. Өздері қалжырап біткен, жүздерінен ұзақ мұқтаждық ізі мен күйзелісті көнбістік қана аңғарылады. Иықтарындағы қайыс таспалармен шандылған зілдей теңдер еңселерін одан әрмен езе түскен. Екеуінің де арқасында мылтық. Екеуі де бастарын төмен салбыратып, көздерін жерден алмастан бүкжеңдей түседі.

– Құпия орындағы оқтардың, тым құрығанда, екеуі өзімізде болғанда ғой, – деді бірі үнсіздікті бұзып.

Оның дауысы еш сезімсіз, салғырт естілген. Жүдә енжар айтқаны соншалық, тастарға соғыла ақшулан түспен көбіктеніп аққан суды енді кеше бастаған серігі жақ жарған жоқ. Әлгінің соңынан жолдасы да суға аяқ басты. Ағын су сүйектен өткен мұздай, суықтығы соншалық – балтырлары мен башпайлары мүлдем жансызданып сала берсін, – олар аяқ киімдерін шешкен де жоқ. Кей тұста су тізелерінен асып, тірегін жоғалтқан әлгілер теңселіп-теңселіп кетеді.

Жүргіншінің бірі жылтыр қойтаста тайғанақтап, құлап түсе жаздады да жан дауысы шыға шыңғырып жіберіп, сөйтсе де аяғында тік тұрып қалған. Сірә, басы айналып кеткен болуы да керек, теңселген күйі қолдарын ербеңдете түсіп, ауаны құр қармағандай болды. Бойын әрең билеп, алға қадам басқаны сол-ақ ізінше қатты теңселіп кетіп, тағы да омақаса құлай жаздасын. Сол сәтте кілт тоқтап, серігіне көз тастады: анау болса жүрісін кідіртпестен алға озып барады, ол ол ма, бұрылып қараған да жоқ.

Біршама ойланғандай болып, қимылсыз тұрып қалған ол іле-шала:

– Тыңдашы, Билл, мен тобығымды тайдырып алдым! – деп айқай салды.

Билл ақшулан суды кеше одан әрі ілбіп бара жатыр. Бір рет те бұрылып, соңына көз тастар емес. Екіншісі оның соңынан көз алмай қарап тұр, жүзіндегі енжарлық сейілмесе де жанарынан жаралы бұғыдай ауыр күйзеліс жылтырап аңғарылды.

Билл болса ендігі қарсы жағалауға өтіп, одан әрі сүйретіліп ұзап бара жатқан. Жылғаның ортасында тізеден су кешіп тұрған байғұс оның ізінен көз тайдырар емес. Еріндерінің қатты селкілдегені сонша, жез сымдай тікірейген жирен мұрты да қайшыласып кетті.

– Билл! – деп дауыстады тағы да.

Бұл – пәлеге ұрынған адамның жанұшырған айқайы болатын, амал қанша, Билл мойнын бұрған да жоқ. Жолдасы әлгінің ақсаңдаған күйі сүріншектей басып, жатаған төбенің ұшпасы толқынды көкжиек болып керілген жайуат беткеймен ебедейсіз қалыпта сүйретіле өрмелеп бара жатқанына көз алмай ұзақ қараумен болды. Билл жарқабақтан әрі асып, мүлдем көрінбей кеткенше бақылауын қойған жоқ. Содан кейін ғана теріс айналып, Билл өзін жапа-жалғыз қалдырып кеткен маңайдағы өлі кеңістікке асықпай әрі енжар көз жүгірткен.

Күн көкжиектен сәл биігірек, қою тұман мен көлкілдеген мұнар арасынан өлімсірей сығыраяды; көз шалынар шекара мен бұдыр жоқ, қалың мұнар болып сырғыған тұман ғана. Бар салмағын бір аяғына ауыстырған жүргінші қалтасынан сағатын суырды. Сағат төрт болып қалыпты. Соңғы екі аптада уақыттан да жаңылды: тек шілде айының аяғы мен тамыздың басы болғандықтан күн солтүстік-батыстан көрінуге тиіс екенін жақсы біледі. Түстікке көз жүгіртті; мынау тұнжыраған төбелердің ар жағында Үлкен Аюлы көлі жатқанын және тұп-тура сол бағытта Канаданың шалқар жазықтары бойымен Поляр шеңберінің үрейлі ендіктері өтетінін де пайымдаған. Бұл ортасында тұрған жылға Коппермайн де терістікке қарай толқындарын қуалап, Тәж кию шығанағына, Солтүстік Мұзды Мұхитқа құяды. Өз басы ешқашан ол жақта болып көрген емес, тек бірде Гудзон шығанағы Компаниясының картасынан осы өңірді байқап қап, үнсіз шолғаны бар.

Қарақан басы ғана қалған кеңістікті тағы да көзімен шолып шықты. Айнала ұнжырға езген сүреңсіз, жадау өлке. Жатаған төбелер бір-бірінен аумайтын толқынды белдеу болып көкжиекпен астасып жатыр. Ағаш немесе тырбық бұталар, шөп екеш шөп көзге ілінбейтін ұшы-қиырсыз әрі сондай қорқынышты өлі кеңістік қана керіліп жатыр – жанарында үрей табы жалт етті.

– Билл! – деп ақырын күбірледі де, іле-шала:

– Билл! – деп тағы қайталады.

Лайланып аққан жылғаның ортасына жүрелей отыра кетті: ұшы-қиырсыз кеңістік бой бермес күш-қуатымен еңсесін басқандай, қорқынышты тілсіздігімен зәре-құтын қашырған сияқты. Безгек тигендей дірілдеп-қалшылдап сала берді де, мылтығы шолп етіп суға түсіп кетті. Кілт бойын түзеп алды. Ерік-жігерімен үрейін жеңіп, ауру аяғына зілдей салмақ түспес үшін теңді сол иығына карай сырғытып, ақырын әрі абайлап алға қарай жылжыған. Жаны ауыра қабағын тыржитады.

Тоқтаусыз сүйретіліп келе жатыр. Ауруын елең қылмай, қайтпас өлермендікпен ұшарлығының арғы жағынан Билл көрінбей кеткен төбеге өрмеледі; өзі үшін қимылдары ақсаңдай басып, әрең сүйретілген Биллден де әрмен күлкілі әрі ебедейсіз көрінген. Бірақ аласа төбенің ұшпасында тұрып, аяқ астындағы жазықта ешкім жоқ екенін байқады! Тағы да қорқыныш қаумалап алсын, тағы да бойын билеген үрейін жеңіп, арқасындағы теңді одан әрі сол иығына таман сырғытып, ақсаңдаған күйі бөктерге қарай жылжыды.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.