Әлем әдебиеті

Алехо КАРЕНТЬЕР. ӨЗ АТАУЫМЕН АТАСАҚ

0

УАҚЫТ. ЗАМАНА. АДАМ.

Алехо КАРЕНТЬЕР

 

 ӨЗ АТАУЫМЕН АТАСАҚ    

 

            Кубалық ұлы жазушы Алехо Карпентьердің есімі “Жер патшалығы”, “Жоғалған іздер”, “Әдістің құбылмалылығы”, “Қасиетті көктем”, “Барокко концерті” сияқты роман-повестерімен оқырмандарға жақсы танымал. 1921-1922 жылдары шығармашылық жолын журналистикадан бастаған ол, өмірінің соңына дейін бұл кәсібінен қол үзген жоқ, қарымды журналист әрі публицист ретінде көпшілікке мәлім болды. Жасы ұлғайған шағында өткен өміріне байыппен қарай отырып, (“Журналист – уақыт жылнамашысы” деген мақаласында) жазушылық пен журналистік қызметтің арасына қатал шек қоюшылықты ешуақытта түсінбегенін айтады.

«Күн сайынғы тіршіліктің бәрін зерттеп, болып жатқан оқиғаның ізінен қалмайтын, қауырт ақпаратпен жұмыс жасаушы журналист…»

Романист… керісінше, бәрін тұтастай қарастырғанда, мәнбіні толық меңгере алатын, философиялық түйін түйетін, пайымдауды жоққа шығармайтын,“ талдау стиліне” жүйрік қасиетке ие болуы керек”. “Журналист, публицист – өзгелерден бөлектеу тарихшы, ол өз уақытының жылнамашысы”, жазғандары кейін жазушының шығармашылығына негіз болып қаланатын болғандықтан, оған барлық жағынан болашақ жазушы ретінде қарауымызға болады”.

Карпентьер журналистиканың мән-мағынасын осылай терең түсінді, өйткені бұл оның көркем шығармашылығымен ғана емес, басқа салалардағы қайраткерлігімен де тығыз байланысты, ол – тек жазушы болып қана қалған жоқ, өнертанушы, музыка және әдебиет сыншысы, әдебиет пен музыка өнерінің теоретигі болды. Журналист және өнер зерттеуші ретіндегі оның жалпы еңбектерін, кітаптарын, ірі очерктері мен шағын мақала, рецензияларын есептемегенде, Латын Америкасы мен Еуропаның газет-журналдарында жарық көргенінің өзі бірнеше мыңға жетеді. Әңгіме көлемінде ғана емес, тіпті көркемдік ізденісін терең түсінуге шығармашылық мұрасының бұл бөлігі де жетіп артылар еді, өйткені Карпентьер – ойшыл, теоретик, публицист ретінде Латын Америкасының қазіргі заманғы әдеби-теориясына, мәдени-философиялық ой-санасына тигізген ықпалы ересен зор болды.

Алехо Карпентьер Гаванада (1904-1980) “интернационалдық” отбасында туды. Әкесінің ұлты – француз, Гаванада көптеген көрікті ғимараттар салған архитектор, әуесқой композитор әрі музыка білгірі және кітапты ерекше сүйіп оқитын адам болған. Анасының да музыкадан әжептәуір хабары бар, Бакуде туып-өскен орыс қызы, бізге белгілі болғандай, анасы жағынан Карпентьердің нағашы атасы – белгілі орыс жазушысы Константин Бальмонттың әкесінің ағасы. Кубалық жазушының әкесі мен шешесі тарапынан қоса алғанда толық аты-жөні – Карпентьер– Бальмонт.

Карпентьер нағыз кубалық болып ержетті, бозбала кезінен өмірінің соңына дейін тағдыр айдап, қайда бармасын, ол барлық саналы ғұмырында отанымен байланысын үзген жоқ.

1921-1922 жылдары шығармашылық жолын Гавана баспасөзінде журналистикадан бастаған ол, қаражат мұқтаждығынан кез-келген жұмысты қолға алады, музыкалық-сыни рецензиялар мен шолулар жазады, редакцияның тапсырмаларын орындайды, коммерциялық “Испаниа” журналының меңгерушісі қызметін атқарады, кейін айналасына нағыз мәдениет қайраткерлерін жинаған беделді “Сосьаль” журналында жариялана бастайды, 1924 жылы көпшілікке танымал “Картелес” журналының бас редакторы болады. (1926 жылы Мексикаға барған сапарында оған құрлықтағы ең жас редакция басқарушысы ретінде құрмет көрсетіледі).

Өмірі мен шығармашылығы біте қайнасқан Карпентьер өз елінің саяси-қоғамдық, рухани өміріне белсене араласқан, Латын Америкасы әдебиетінің қанат жайып, өркендеуіне жаңашылдығымен қомақты үлес қосқан суреткер жазушы болды.

 

 

* * *

 

Өткен ғасырда біздің құрлықтың сазгерлері мен суретшілері өзара байланыс орнатуға, өнер жайындағы пайымдауларын ортаға салуға қандай да бір әрекет жасамаған еді, оның өзіндік қарапайым себебі бар, өйткені Латын Америкасында саусақпен санарлықтай ғана суретшілер бар еді, ал сазгерлерге келетін болсақ, олардың қарабайыр деңгейден көтеріліп, орындаушылық, шығармашылық шеберлігі тұрғысынан таныла бастаған тұста өнерін еуропалық жәмиғаттың талқысына (мысалы, Карлос Гомес, Тереса Карреньо) тартуға тырысып, ал біздің көпшілік болса, осы жақын күнге дейін кез-келген сүйкімді хоропос*, ән, салон вальсін шығарушылардың кез-келгенін асқақтата әкете берген… Жазушылардың жағдайы бұған керісінше, мүлде өзгеше өрбіді. XIX ғасырдың басында қаламгерлер біріне-бірі ерекше құлшыныспен ұмтылды, кездесу, пікір бөлісу керектігін сезініп, күллі құрлықтың (әрине, бұл жерде құрлықты деп айтып отырмын, солтүстігімен шектелетін Мексика) тамыр соғысына құлақ түрді. Бірін-бірі жақсы білетін, қолжазбалары мен трактаттарын алмастырып тұратын, ну орман мен бай мұрагерлер иеліктеріндегі жерлердің шекарасына да қарамастан, қарапайым қараңғы халықтың ішінде өмір сүріп жатқан өз ағайындарының, Горациидің білгірі, кейбір оқымысты-латыншылардың мекен-жайы туралы да нақты біліп отыратын, жоғарғы ортағасыр дәуірінің гуманистері тәрізді біздің жазушылар, пікірлестер бола отырып, өздерінің қай ұлттық қатыстылығын жете ұғынған бойда, яғни өздерінің креолдігін, осы креолдіктерінің ықпалына көңіл аударған сәттен, ой бөлісуге, үн қатысуға ұмтылды. Айталық, Сармьенто* жол-жөнекей Гаванаға соғар болса, Антонио Бачильера-и Моралесті* қай жерден табатынын, тура сол сияқты Хосе Марти Каракасқа жолы түссе, Сесилио Акостуды* қайдан іздестіретінін қиналмай-ақ біліп отырды.

Рұқсат алу
 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.