ХХІ ҒАСЫР ФАНТАСТИКАСЫ
2066 ЖЫЛҒЫ ТІРШІЛІК…
Фантастикалық Америка әфсанасы
“Модерн электрик” атты ғылыми-көпшiлiк журналды шығарушы жас жiгiт келешекте өмiрге енетiн ғылым мен техника хақында әңгiме қозғайтын жазбаларын 1911 жылы өзiнiң журналына нөмір сайын жариялай бастады. “Ральф 124С41+” деп аталатын 2660 жылдағы тiрлiк туралы романы оқушы жұртшылық арасына кең тарап кеттi. Ал, романның авторы Хьюго Гернсбек “Америка фантастикасының атасы” деп саналды.
Бiрақ та Америка континентiнде фантастика одан көш бұрын туған болатын. Олардың iшiнен “әп” деп ауызға Эдгар По түссе керек. По – ғылым мен техниканың келешегi жөнiнде ұтымды-ұтымды пiкiр айтқан жазушы. “Ганс Пфалль деген бiреудiң өте таңғажайып уақиғалары” есiмдi повестiң авторын Жюль Верн “адам құбылыстарының дана ақыны” атаған.
Хьюго Гернсбектен көп бұрын қазiрде ұмытылып бара жатқан америка жазушысы Эдвар Хейл де қалам тартқан. Оның 1869 жылы жарыққа шыққан “Кiрпiштен қаланған Ай” деген әфсанасында өте қуатты катапультаның көмегiмен орбитаға шығарылған Жердiң жасанды серiгi хикаяланады. Одан кейiнiрек, 1894 жылы Фламмарион әсерiмен Джон Джекоб Эстор “Басқа әлемдерге саяхат” деген дүниесiн жазып шықты. Мұндағы бiр қызық нәрсе – Герберт Уэллстың “Айдағы алғашқы адамдар” романындағы ғылыми-фантастикалық идеядан көп бұрын антигравитацияның күшiн әңгiмелеген. Эстордың планетааралық энергетикалық кемесiнiң қозғалысы планеталардан тебiлiп ұшуға негiзделген. Юпитер мен Сатурнда роман қаһармандарының бастарынан кешкен таңғажайып уақиғаларын айтумен қатар, автор 2000-шы жылғы Жердiң келбетiн бередi. Инженерлер Жердiң осiн зор гидротехникалық аспаптармен “түзеткенге” ұқсайды.
Бұл кiтаптан алты жылдай бұрын жарық көрген Эдвард Белламидiң “Кейiнге көзтастау” (екiншi аты “Жүз жылдан кейiн”) романы да ел арасында кең тараған болатын. Өзiнiң қаһарманы Джулиан Уэсттi летаргиялық ұйқыдан автор бiздiң ғасырымызда оятып алып, Бостон қаласына апарады. Мемлекеттiк бақылаудың қоластына iлiккен монополиялық трестер социалистiк негiзде ұйымдасқан “бiр iрi iскер корпорацияға” айналған. Мұнда барлық адамзаттар еңбек етуi тиiс. Жұмысшы күшi өнеркәсiп қажетiне қатысты бөлiнген. Мамандығы мен машықтығына қарамастан, барлық жұмысшыларға жалақы бiрдей төленедi… Белламидiң утопиясы мұндай Арман Елiне жұмысшылардың қолын оп-оңай жеткiзе салады.
Беллами тәрiздес 1890 жылы Игнатиус Донелли деген лақап атпен “Цезарь колоннасы” атты фантастикалық роман жазған Эдмунд Буагильбер де соның идеясын ұстауға тырысты. Бұл ғұрыптас фантастикалық шығармаларды бiздер “антиутопия” тобына жатқызамыз.
Америка фантастикалық әдебиетiнiң санатынан Марк Твеннiң “Король Артурдың сарайындағы янкиiн” және Джек Лондонның әлеуметтiк-фантастикалық романы “Темiр өкше”, сондай-ақ “Адам-Атаға дейiн”, “Алқызыл iндет” повестерiн де шығарып тастаған қате болар едi.
Дүние жүзiнiң едәуiр жерiне аты жайылған ХХ ғасырдағы америкалық тұңғыш қиялгер-жазушы Эдгар Райс Берроуз боп саналады. Оның алпысқа тарта романы бар. Олардың жиырма үшi елге әйгiлi Тарзанның басынан кешкендерiне арнаған, оны –Марс, төртеуi Шолпан планеталарындағы уақиғаларды әңгiмелесе, қалғандары Жер асты, Ай жөнiнде сөз қозғайды. Ну орманның иесi Тарзан тәрiздi Джон Картер – Марста, Корсон Непир Шолпанда сайран салады. Тарзанның жасағандарына ұқсас, олардың қылықтары планетааралық кемелер, түрлi автоматты аспаптар, сәулемен ататын тапанша, Марста атмосфера өндiретiн ауа фабрикасы ғұрыптас ғылым мен техника элементтерiмен “безендiрiлген”.
Америка фантастикасын әңгiмелегенде, “космос операсы” мектебiн атай өтпеген жөн болмас едi. “Космос операсы” өткен ғасырдың 20-30 жылдары өзiнiң гүлдеп өсу шегiне жеттi. Осы кездегi оның белдi өкiлдерiнiң бiрi – Эдвард Эльмар Смит. “Ленсмендер” және “Скайлар” деген екi сериялы космостық таңғажайып романдардың авторы өзiнiң мамандығы философия докторы болғандықтан, автордың қиялдаған ғылыми жаңалықтарында, Берроузға қарағанда, анағұрлым нанымды дүниелер бар едi. Қаһармандары көршiлес Галактикаларға да қол созатын Смиттiң негiзгi идеясы – Әлемнiң саналы тiршiлiк иелерiнiң арасындағы жақсылық пен жамандықтың арпалысы. Кибернетика дүниеге келместен бұрын алғашқылардың бiрi боп Э.Э.Смит бүкiл Галактикада тәртiп орнатуға тиiстi алып машина-робот жөнiнде идея айтады.
Фантастика саласында осы тәрiздес ковбойлық, детективтiк характерi басым шығармалардан құрылып, “Космостық опера” деп аталған ағымның өрiс алуына Берроуздың романдары тiкелей септiк жасап, негiзiн салды десе де болғандай.
“Космос операсы” мектебiнiң тағы бiр өкiлi – Кларк Аштон. Оның “Ән салғыш жалынның қаласы”, “Андромеда тұтқындары”, “Гүл-әйелдер” т.б. осы тәрiздес романдарының атының өзi-ақ бiрталай нәрселердi аңғартса керек.
Жүздеген роман, повесть, әфсаналардың авторы Эдмонд Гамельтон осы айтылмыш ағымда едәуiр еңбек еттi. Онан кейiн әдебиет әлемiне енген “Джон Тэйн” деген лақап атпен жазған математика профессоры Эрик Темпол Бэлл “Космос операсына” жаңа бағыт бердi. Алайда замана жағдайына байланысты “Космос операсы” мектебi ХIХ ғасырдың 40-шы жылында бiрiншi қатардан кейiнге ысырылып қалды.
Екiншi дүние жүзiлiк соғыс фантастиканың өсуiн тежеп тастады. Соғыстың аяғын ала бере ғылымның бiр жаңалығы Хиросиманы сорлатты. Тарихтың осы бiр қара бетi фантастикада да әсер қалдырмай қойған жоқ. Көптеген қиялгерлер өмiрдiң келешегiне, ғылымның келешегiне күдiктене, түңiле қарайды. Ендi жазушылар “Космос операсына” тән жеңiл-желпi, көңiл көтерерлiк нәрселер жазуды сирете бастады. Әрбiр есi бар жазушы Жер планетасының алдында тұрған байсалды мәселелердi байыпты ойлануға көштi. Бұған бiр себеп – фантастикаға белдi-белдi ғалымдардың келуiнен болса керек: бұдан бiрнеше жыл бұрын АҚШ-та оқушылардың пiкiрiн бiлуге арналып өткiзiлген зерттеу нәтижесiнде фантастикалық әдебиетпен ғылым мен техника адамдарының отыз бес пайызға жуығы айналысатыны анықталған.
Соғыстан кейiнгi дәуiрдегi америка фантастикасында алғы сапқа Рэй Бредбери мен Айзек Азимов бастаған бiр топ мықты қиялгер жазушыларды қояр едiк. Олардың iшiнде Пол Андерсон, Роберт Хайнлайн, Теодор Старджон, Джеймс Блиш, Роберт Шекли, Клиффорд Саймак, Мюррей Лейнстер, Альфред Ван Фогт, Сирил Корнблат, Фредрик Пол, Артур Порджес, Мак Рейнольдс, Эрик Франк Рассел, Генри Каттнер, Фредерик Браун, Фриц Лейбер, Джек Уильямсон бар. Бұлардың кейбiреулерi өздерiне тұрақты қимыл сферасын тапқан сияқты. Мысалы: Лейнстер космостық таңғажайып жайларға құрылған сюжеттердi көбiрек қалайтын болса, Дейбер уақыт заңының бұзылуынан туатын фантастикалық уақиғаны жазуды ұнатады. Каттнер сыртқы эффектiге көбiрек назар аударып, қызықты фабулалар табуға машықтанып алған. Ал, Фредерик Пол оқушылардың назарын өз қаһармандарының iшкi жан дүниесiне енгiзуге талпынады. Сондай-ақ… сол америка қиялгерлерiнiң әрқайсысының қай саланы қалайтынын тiзiп айта беруге әбден болар.
Теодор Старджонның шын аты – Эдуард Хамельтон Уолдо. Оның тұңғыш романы – “Адамнан да көп” – 1954 жылы жарық көрдi. Кейiнiрек “Мүлгiген асыл тастар” деген әфсаналар сериясының негiзiнде 1957 жылы “Синтетикалық адам” романын жазды. Оқушы жұртшылыққа олардан да басқа “Үйге апарар жол” әфсаналар жинағы кеңiнен таныс.
Ал, Айзек Азимов – биохимия профессоры, жұрт жақсы көретiн ондаған оқулықтар мен ғылыми-көпшiлiк кiтаптардың авторы. “Поль Френч” деген лақап атпен балалар әдебиетiнде де қалам тартқан. Оның оқушы қауымға көбiрек ұнағаны – “Мен, робот” деген әфсаналар сериясы. Сонымен қатар “Болат үңгiрлер”, “Жалаңаш күн”, “Кеңiстiк ағысы”, “Аспандағы ұсақ тас”, “Шаң тәрiздес жұлдыздар”, “Жаңғыру” романдарын да жұрт сүйсiнiп оқиды.
Америка қиялгерлерiнiң алғашқы тобына кiретiндердiң бiрi – Клиффорд Саймак. Висконсин университетiнде журналистiк мамандық алған Саймак фантастика жанрыңда көптеген дүниелер берiп тастады. “Күндi құрсаулайтын сақина”, “Уақыт – қарапайым нәрсе”, “Бекет” романдары мен “Кең – шалқар аула” повесi таңдаулы фантастикалық шығармалардың санатына ендi.
Бiзде америка қиялгерлерiнiң iшiнен ең кең таңымалы болғаны – Рэй Бредбери. Ол, сөз жоқ, дүние жүзiндегi маңдайалды қиялгерлердiң бiрi. Оның он бестен астам романдары, жүзден аса әфсаналары бар. Олар – “Марс хроникалары” атты циклi. “Фаренгейт бойынша 451қ” романы, “Сүйкiмсiз қонақ” повесi, “Бақыт машинасы” жинағы.
Журналға Пол Андерсон (1926-2001 жж.) мен Айзек Азимов (1920-1992 жж.) шығармалары ұсынылып отыр.
* * *
Айзек АЗИМОВ
ЖАНЫ БАР ЯДРОЛЫҚ РЕАКТОР
Мен, қаншама зауқым соққанмен, аты-жөнiмдi айтуға хақым жоқ. Оның үстiне тап осы жағдайда өзiм де жариялағым келмейдi.
Ғылыми мақалаларымды ескермесе, мен жазушы саналып жарытпаймын. Сондықтан мұны мен үшiн Айзек Азимов жазып отыр.
Оны таңдағаныма бiрнеше себеп қамшы болды. Бiрiншiден, ол –биохимик: мақыл-жырды, ең құрығанда шет-шебiрлеп, түсiнедi. Екiншiден, ол жаман жазбайды; ең құрығанда, әжептәуiр бiрталай кiтаптар шығарды. Бiрақ та, әрине, олар мен бұл тең емес екенi белгiлi.