МЫҢЖЫЛДЫҚТАР МАҚАМЫ
НИБЕЛУНГТЕР ТУРАЛЫ ХИКАЯ
Алғы сөз
“Нибелунгтер туралы хикаяның” жан-жақты зерттелгеніне қарамастан, оның әртүрлі ауызша және жазбаша нұсқаларының 13-ғасырдың басында қалайша бір туындыға жинақталғаны туралы сұрақ ашық түрінде қалып отыр. Жыр бір-біріне ұқсамайтын, үйлеспейтін өлеңдерден құралған. Мүмкін олар бізге дейін келіп жеткен “Нибелунгтер туралы хикаядан” бірнеше жүз жыл бұрын шыққан болар. Ұрпақтан-ұрпаққа қысқартылған түрінде ауызша жетіп отыруы да ықтимал. Сөйлем құрылымы мен айтылу мәнеріне қарап, зерттеушілер дастанның жазылған уақытын болжаммен 1200 жылға жатқызады. Оған дәлел ретінде кейбір ғалымдар жырда атаулары аталатын заттардың сол заманда пайда болып, қолданылғанын алға тартады.
“Нибелунгтер туралы хикая” 2 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі “Зигфридтің өлімі”, тағы бір нұсқада “Зигфрид пен Брюнхильданың іс-әрекеті” деп аталынады. Екінші бөлімінің атауы – “Бургундияның күйреуі”, дегенмен сонымен қоса “Кримхильданың кегі” нұсқасы да әдебиетте жиі ұшырасады. Бірінші бөлім бірінші авентюрадан* он тоғызыншы авентюраны толығымен (1–1142 шумақ), екінші бөлім жиырмасыншы авентюрадан отыз тоғызыншы авентюраның аяғына дейін (1143 – 2379 шумақ) қамтиды.
Бірінші бөлімде Кримхильда мен Зигфридтің ата тегі, Зигфридтің өзіне адал жар іздеп, Вормсқа баруы, сақтармен шайқасуы, Гунтердің Брюнхильдке Изенштайнға барып, Зигфридтің көмегімен оған үйленуі, жас корольдер жұптарының (Гунтер-Брюнхильд, Зигфрид-Кримхильда) тағдырларын қосуы, Зигфрид пен Кримхильданың Вормсқа тойға шақырылуы, екі королеваның тәжікелесуі, Зигфридтің қаза табуы (дұшпандарының опасыздықпен өлтіруі), Зигфридті жерлеу, нибелунгтердің қазынасының Вормсқа әкелініп, Рейнге батырылуы, Кримхильданың марқұм ерін, айырылған қазынасын аза тұтуы жырланады.
Екінші бөлімде әйелі қайтыс болған король Этцельдің бехеларендік Рюдигерді Кримхильдаға құдаласуға жіберуі, Кримхильданың ғұндарға баруы, Этцельдің Кримхильданы қарсы алғаны, Кримхильданың өтінуімен Этцельдің қайын жұртын шақыруы, бургундтардың (екінші бөлімде – нибелунгтер) ғұндарға сапары, бургундтардың ғұндармен шайқасы, Кримхильданың Зигфридтің қазасы мен батырылған қазынасы үшін кек қайтаруы айтылады.
Зерттеушілер аңыздар мен ертегілер көрінісін тарихи шындықтан ажыратып қарайды, поэзия мен ақиқаттың орта ғасырларда жанаспағанына, кереғар болғанына назар аударады. Олар “Нибелунгтер туралы хикаяда” бургундтар мен ғұндар тарихының бұрмаланғанын атап көрсетеді, алайда алғашқы автордың оны әдеби көркем тілмен иландыра суреттегені соншалық кейінгі авторлар мен оқырмандар оны шынайы ақиқат ретінде қабылдайды.
Жыр материалын ақындардың ой толғаулары ғана емес, тарих та құрайды. Бургунд корольдігінің 437 жылы күйреуі, ғұндар королі Аттиланың 453 жылы қайтыс болуы “Старшая Эдда”, “Песнь о нибелунгах” (“Нибелунгтер туралы хикая”) тәрізді аса құнды шығармалардың тууына себеп болған.
Дастанда халықтардың ұлы көші, саксон корольдері заманынан бастап, орта ғасырдың соңына дейінгі түрлі дәуірлерде болып өткен Аттила, Аттиланың өлімі, Бургундияның күйреуі сияқты уақиғалар көрініс тапқан. Оның қаншалықты шындыққа жанасатынын ашып айту қиын. Дастанға арқау болған тарихи уақиғалар мыналар:
1. Аттила. Аттила “Нибелунгтер туралы хикаяның” басты кейіпкері болмаса да, оның тарихи тұлғасы осы дастанда айтылатын дәуірде елеулі орын алады. Есімі немісше Этцель деп айтылады. Туысы Бледамен (дастанда Бледель) бірге 434 жылдан бастап ел билеген Отфрид Эрисманның (Otfrid Ehrismann) “Nibelungenlied. Epoche-Werk-Wirkung” зерттеу еңбегіне, Дуденнің сөздігіне және “Neues Meyers” анықтамалығына қарағанда, Аттила туысы Бледаны биліктен шеттетіп, 441 жылдан дара билеуші болған. Шығыс Рим империясы оны терезесі тең серіктес ретінде тануға тиіс болатын. Ол 451 жылы Каталаун алқабында батыс римдік герман тайпаларымен шайқаста жеңіліс табады. 452 жылы Аттила Италияға басып кіреді, содан соң өз елінің орталығына шегініп, 453 жылы қайтыс болады.
“Нибелунгтер туралы хикаяда” Аттила мінезі жұмсақ, қайырымды, христиан дініне қызығушылықпен, саналы сезіммен қараған, әділ жан ретінде суреттеледі. Неміс зерттеушісі Клаус Цатлоукал (Klaus Zatloukal) “Das Nibelungenlied und Niederosterreich” кітабында Этцельдің прототипі венгерлік билеуші Гайца (972-977 жылдары билікте болған) болар деген болжам айтады. Себебі Гайца иі жұмсақ адам екен. Мадиярлардың дәстүрі венгер короліне шайқасқа тікелей қатысуға тыйым салған. “Нибелунгтер туралы хикаяда” Этцельдің жуас болуы да сондықтан болар.
Неміс зерттеушісі Готфрид Вебер (Gottfried Weber) “Das Nibelungenlied. Problem und Idee” кітабында ғұндардың билеушісін былай сипаттайды: “Ол пұтқа табынушы, солай бола тұрса да өз құзіретінде білімді, кеңінен ойлайтын, керітартпа пікірлерден аулақ. Кең байтақ жерінде христиандар мен пұтқа табынушылар сыйластықпен өмір сүрген. Ізгілікті сардалы ой толғамы діни қақтығыстардың болуына жол бермейді. 1334-1335 шумақтарында мынандай сөздер айтылған:
“1334 Этцельдің иелігі алысқа танылған, сондықтан сарай маңынан есімдері христиандар мен пұтқа табынушылардың аузында жүрген көптеген сардарларды кездестіруге болады, олар корольмен келген.
“1334 Der Herrschaftskreis Etzels war so weit bekannt, dass man an seinem Hof stets die tapfersten Ritter finden konnte, von denen man bei Christen und Heiden ji etwas genort hatte: sie waren alle zusammen mit dem Konig gekommen.
1335 Этцельде христиандардың уағызымен және пұтқа табынушылардың заңымен әрдайым санасып отыратын. Король олардың қандай өмір салтын ұстанса да, бәрінің бай сыйлық иесі болуына қамқорлық жасайтын”.
1335 Bei Etzel galt stets (was es wohl kaum wieder geben durfte) das Gebot der Christen und auch das Gesets der Heiden. In welcher Lebensordnung auch immer einer lebte, des Konigs Grosszugigkeit sorgte dafur, dass man alle reichlich beschenkte”.
Аудару барысында кейіпкер Аттила бізге германдық суреттегі ғұндар билеушісінің бейнесі ретінде қызығушылық тудырды. Жоғарыда ескертіп өткеніміздей, хикая ауызша айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа көшіп отырған, оларда Аттилаға байланысты түрлі көзқарастардың көрініс табуы да заңды. Белгісіз автор солардың ішінен өз дәуірінің ірі тұлғасы, ғұндардың билеушісі Аттиланың ізгілікті жан бейнесіне тоқталғандай әсер алдық.
2. Аттиланың қазасы. Оның өліміне байланысты түрлі жорамал әңгімелер айтылады. Бірінде қарт билеуші неке түнінде Ильдико (Хильдико, Хильдхен) есімді қыздың қасында жатқанында қан кетіп өлген делінеді. Кенеттен аузы-мұрнынан қан аққан (Haematorrhoe). Оған туберкулез ауруының немесе есірткінің салдарының себеп болуы мүмкін..
Екінші жорамалда оны қыз өлтіреді. Неміс зерттеушісі Манфред Бирвиштің (Manfred Bierwisch) зерттеуінде германдықтардың түрлі жорамал жасауына билеушінің кенеттен қайтыс болуы, ол жан тәсілім болғанда есімі германдық жас қыздың төсегінде жылап отыруы себеп болды деген болжам айтады. Осылайша бесінші ғасырда бургундтар туралы франктық немесе готтық өлең дүниеге келген. Аттила бургундтық әйелінің туыстарының иелігін тартып алмақ оймен оларды Венгрияға алдап шақырады да өлтіреді, соған кектенген Кримхильда ұлдарын өлтіріп, олардың жүректерін пісіріп, Аттилаға жегізеді, соңынан өзін мерт етеді.
3. Бургундияның күйреуі. 437 жылы ғұндардың Гундахар билігіндегі бургундтықтарды жойып жібергені белгілі. Гундахардың өзі де руластарымен және халқының көп бөлігімен опат болады. (Дастанда Гунтер өзінің жақын туыстарымен және соңынан ерген адамдарымен бірге қаза табады). Тарихта бургундтардың 406 жылы орта Рейннің сол жақ жағалауында кең аймақта патшалық құрғаны айтылады, оның іргетасы кейін қаланған Вормс немесе Майнс қалаларының төңірегі болуы мүмкін. Олардың королінің Гундахар, әлде Гундихариус аталуы, Римнің одақтасы болуы да ықтимал. Өз иеліктерін солтүстік-батысқа қарай Римнің провинциясы Белгикаға (Belgica) дейін кеңейтпек болғанда 436 – 437 жылдары ғұндардың көмекші жасақшыларынан күйрей жеңіледі. Осы уақиғаға байланысты қағазға түскен кейбір пікірлерге назар аударалық.
Жылнамашы Проспер (Prosper) былай деп жазады: “Бұл кезде Аетиус (Aetius) Галлияда мекендеген бургундтардың королі Гундахарға қарсы соғысып жатқан. Ол дұшпандарының сұрауымен бейбітшілік ұсынған. Алайда тыныштық көпке созылмады, себебі ғұндар Гундахарды бургундтармен қоса жермен жексен етті”. “Бұл бургундтар үшін шынында ауыр күйзеліс болды. 20 мың бургунд қаза тапты”, – деп испандық епископ Хидатиус (Hydatius) 436 жылы ескертпе қалдырған. Ал мына жазба тіпті басқаша. Ол Манфред Бирвиштің: “Король Гундахар мен оның руластары 437 жылы ғұндардың жасақшыларымен шайқаста мерт болды, әрине кейінгілердің билеушісі Аттила емес еді”, – деген пікірі. “Нибелунгтер туралы хикаяның” мәтінімен жұмыс істеу кезінде түріктердің рухын, жан дүниесін сезінгендей күй кештім. Себебі көп жағдайлар (құдалық, бай тартулар, жерлеудің ұйымдастырылуы, қонақжайлылық, киімдер) бала кезімізден етене таныс ұлттық салт-дәстүрге ұқсас.
Мысалы: “1914. Билеуші Этцель ұлына қарап, оның нағашыларына достық сөзін арнаған: “Достарым, қарындастарың мен екеуміздің жалғыз ұлымыз осы. Сіздерге пайдасы тиетін болар.
1916. Достарым, айтатын үлкен өтінішім бар. Рейнге қайтқандарыңызда жиендеріңізді ала кетіңіздер. Балаға жүрек жылуын беріп, мейірімді болсаңыздар екен”. Осы жолдарды оқығанда “…жігіттің жақсысы нағашысынан”, – деген халқымыздың нақылы ойға оралады емес пе?! Аударма біткен соң қолыма Мұрад Аджидің “Европа. Тюрки. Великая степь” кітабы түсті. Автор онда нибелунгтер жайлы дастанды қыпшақ жазуы мүмкін деген пікір айтады. Дала салтында әр адам өзін қорғайтындай қайратты болуы керек. Басқаның көмегіне жүгіну ұят. Этцельдің жырда әйелі мен баласына қорған болмауы, бургундықтармен шайқасқа араласпауының себебін соған саяды. Көріп отырғанымыздай, уақиға әртүрлі түсіндіріледі.
“Нибелунгтер туралы хикаяны” қазақ тіліне аударғандағы мақсатымыз қазақ тілді оқырмандарды орта ғасырдағы германдық поэзиямен таныстыру еді. Мұнда Аттила билік жүргізген дәуірде өткен уақиғалар арқау болды. Белгісіз автордың қанына тартып, бургундтардың салт-дәстүрін, ерлік істерін дәріптеуді мұрат тұтқаны анық байқалады. Солай бола тұрса да, сол дәуірдің ірі тұлғасы Аттиланы айналып өте алмаған, басты кейіпкер ретінде суреттелмегенімен жанама түрде жалпы көріністе оның бейнесін сомдауға мәжбүр болған, бізге сонысымен де қызықты.
Шығармада бір батырдың: “… вассалдарын билеушінің өзі бастап шыққанда ғана халықтың рухы көтеріледі”, – деген сөзі бар. Осы қомақты еңбекке байланысты сол ойды алға тартпақпын. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауына сәйкес “Мәдени мұра” республикалық бағдарламасының қабылданғаны баршаға аян. Ұлттық салт-дәстүріміздің асыл мұраларына ықыласпен қарап, рухани жәдігерлерімізді қазіргі әлемдік өркениет тұрғысынан зерделеп, келешек ұрпақтың санасының дұрыс қалыптасуына ерінбей еңбек етіп жүрген С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Е. М. Арын оны сөз жүзінде ғана қолдап қоймай жүзеге асыруға жан-тәнімен араласты. “Нибелунгтер туралы хикаяның” 2005 жылға арналған іс-шаралар тізбесіне енуі тікелей сол кісінің арқасы. Ерлан Мұхтарұлының жай ғалым ғана емес, жаңалықтың жаршысы, игілікті жұмыстың ұйымдастырушысы екені осы тұста тағы да көрінді. Дастанды ана тілімізге аудару идеясын ұсынуы оның бойында табиғи дарынның, көрегенділіктің ұялағанын анық байқатады. Сындарлы шаруаны бізге сеніп тапсырғаны, жұмыс барысында қамқорлық жасап отырғаны үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді.
Дастанның неміс тілінен қазақшаға тәржімеленуі филология ғылымының, аударма теориясының практикалық материалы болып табылады. Аттиланың пұтқа табынушы, ұстанған мәдениеті тұрғысынан зерттелуі, оған германдықтардың көзқарасы бізді бей-жай қалдыра алмайды, оның астарында бабаларымыздың көне тарихы жатқандай…
Айтқаным Қайырбекқызы Қалиева
Аударма – ұлт әдебиеттерін жалғастырып тұратын көпір іспетті екені белгілі. Шет жұрт шығармаларын оқи отырып, сол ел туралы мол мағлұмат аласың, рухани дүниеңнің көкжиегі кеңейе түседі. Республикалық “Мәдени мұра” бағдарламасында өзге тілдегі шығармаларды қазақ, төл туындыларымызды басқа тілге аударып, жарыққа шығарудың көзделуінде үлкен астар жатыр.
Ал, нақты осы шығармаға келер болсақ, мұндағы кейбір суреттеулер бала кезімізден құлағымызға сіңімді болған эпостық жырлармен үндес, кейбір салт-дәстүрлер қазақ халқының салт-дәстүріне ұқсас. Сондықтан болар бізге ерекше бір жақындығы сезіліп тұрады.
Мәселен, қазақта “қыз көрейік, қыз көретін жігітті біз көрелік”, – дейтін сөз бар. Яғни бозбалалар ат жалын тартып мінген соң көрші ауылдарға барып, қыздарға қырындаған, сөз салған. Мұнда Зигфрид пен Гунтер де қыз іздеп, алыс сапарға аттанады.
Қазақтың дәстүрінде немеренің тұңғышы ата-әжесінің бауырында өседі. Бұл жырда Этцель Кримхильда екеуінің жалғыз ұлын нағашыларының тәрбиесіне бермек болады. Міне, осындай сәттері ұлтымыздың дәстүріне ұқсастығымен тартымды болып келеді.
Ал, Рюдигердің адалдығын оқығанда халқымыздың “ердің екі сөйлегені – өлгені”, “малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы”, – деген қанатты сөздері есіңе еріксіз оралады. Сондай-ақ әйелі қайтыс болған соң Этцельге жанашырларының оған лайықты жар іздеуі, Бургундия елінде Рюдигердің ең алдымен Кримхильданың туыстарымен сөйлесіп, содан соң оған баруы да біздің құдалық рәсімімізге ұқсас.
Әрине, көркем шығарма тарихи шындық жүгін көтермейді. Дегенмен жоғарыда айтылған ұқсастықтар, сондай-ақ Бургундия, Гунтер сөздерінің буындарының “ғұн” сөзімен үндес болуы уақиға желісіне түп бабаларымыз – ғұндардың өмірі арқау болмады ма екен деген сұрақ туғызады. Оған жауап беруді ғалымдардың еншісіне қалдырайық. Сізге, қадірменді оқырман, аударма ісіндегі тырнақалды туындымызды қабыл алғаныңызға алғысымызды білдіреміз.
Хабдыжәлел Борисұлы Мағзұмов
***
1. Авентюра
1. Ертеде өткен заманнан ғажап әңгімелер қалды. Жайсаңдар мен жақсылар даңққа бөленіп, тойларды думандатты. Батырлардың тұлпарларының тұяғы төніректі дүркіретті, қайғы-мұңдары да жеткілікті болды. Аңыздарда неше түрлі кереметтерге қанығасыз.
2. Бургундтар елінде балғын қыз бойжетіп келе жатты. Одан асқан сұлу бұл дүниеде болған емес. Есімі Кримхильда. Оның сұлулығына ғашық болған көп адамдар өмірін құрбан етті.