МЫҢЖЫЛДЫҚТАР МАҚАМЫ
Ло ГУАНЖҮҢ
ҮШПАТШАЛЫҚ ҚИССАСЫ
Әзімхан Тышанұлының аудармасы арқылы беріліп отыр
Журналдық нұсқасын әзірлеген Иманғазы Нұрахмет
Кән Зының жалған бағыну хаты,
Паң Тұңның «шынжырқосақ» айласы
Әлқисса, Кән Зының жанама аты – Дырұн болатын. Хұйжидағы Шаниын деген жердің адамы еді. Кедей болса да, білімге жаны құмар, біреуге жалданып жүріп, елдің кітабын қарызға алып оқитын, бір көргенін ұмытпайтын. Асқан жүректі, желіп тұрған шешен еді, сондықтан Сүн Чуан оны ақылшылыққа алған. Хуаң Гаймен көңілдері өте жақын еді. Оның шешендігін де, жүректілігін де білетін Хуаң Гай осы жолғы жалған тізе бүгу хатын апаруға оған әдейі қолқа салды. Кән Зы әрі-сәрі болмай, қуана құп алды да:
– Еңіреп туған ер жігіт, елі үшін еселі еңбек етпей, шірік түбір, қураған шөптей өмір өткізсе, оның дүниеге келгенінен не пайда. Иесінің үмітін ақтау үшін қолбасымыз өз жанын азаптап отырғанда, пақырыңыз қораш басын қорғап, отыра берсе не болмақ,– деді. Қатты тебіренген Хуаң Гай, төсегінен домалап түсіп, бас ұрып, алғысын білдірді. Іс кешігуді күтпейді, барар болған соң, бүгін жүруім керек, – деді Кән Зы.
– Хат жазулы дайын, – деді Хуаң Гай.
Хатты денесіне жасырып алып, балықшы бейнесінде жасанған Кән Зы, сол күні түнде бір кішкене желқайықпен солтүстікті бетке алып жүріп кетті. Түн шытқыл болғанмен ашық еді, жұлдыздар жаудырап сайрап тұрған. Түннің үшінші дабылында Сау Саудың су бекінісіне жетіп те барды. Оны дарияны күзеткен қарауылдар ұстап алып, Сау Сауға алып келіп мәлімдеді.
– Жансыз болып жүрмесін, -деді Сау Сау.
– Қарамаққа балықшы сияқты. Өзі Уұ елінің ақылшысы Кән Зы дегенмін , құпия жұмыспен келдім дейді, – деді жасауыл. Сау Сау дереу алдына алып келуді бұйырды. Кән Зы кіріп келсе, әмір шатырдың шамы күндізгідей жарық, Сау Сау астақтайға шынтақтап отыр екен.
Кірген жерден:
– Уұ елінің айтулы бір ақылшысы екенсің, мұнда не іздеп келдің,– деді Сау Сау.
– Ел іші «уәзір игі жақсы» дегенде, ішкен асын жерге қояды деуші еді. Мына сұрағыңызға қарағанда,естігенім мен көргенім екі бөлек болып тұр. Хуаң Гай, сізге қате мөлшер жасаған екен, – деді Кән Зы.
– Мен Уұ елімен күн-түн демей шайқасудамын, мынадай бейсауыт келіп-кеткен адамды неге тексермеуім керек? – деді Сау Сау.
– Хуаң Гай Уұ елінің өзіңіз білетін үш дәуірін басынан кешірген көнекөз ұлығы. Бірнеше күннің алдында Жоу Иү тамам қолбасылардың алдында ол кісіні жолсыздықпен сабап қатты ренжітті. Хуаң Гай оған қатты кектенулі, сондықтан уәзірге тізе бүгіп, Жоу Иүден кегімді алсам деп, маған ақыл салып, көмек сұрады. Жан досым болғандықтан қия алмай, оның құпия хатын әкеліп отырмын. Қабыл аласыз ба, жоқ па? Оны өзіңіз білесіз, – деді Кән Зы.
– Хат қайда? – деді Сау Сау.
Кән Зы қойнынан хатты алып, Сау Сауға ұсынды. Сау Сау хатты жалма-жан жыртып, шам жарығымен оқып көрсе, былай жазылған екен:«Хуаң Гай Сүн аталының таудай мейіріміне бөленіп, адал қызмет істеп келе жатқан жан еді. Бірақ, әзіргі жағдай басқаша, дария шығысының алты аймағының аз ғана тобыр қолы орта жазықтың миллион қолына төтеп бере алмайтындығы әлемге белгілі. Уұ еліндегі қол бастаған қолбасы, іс басқарған мансаптылардың ақылдысы да, наданы да бұл жайды тегіс аңғарып, біліп отыр. Өзінен басқаны танымайтын, өркеуде Жоу Иү өзін-өзі әлденедей көріп, жұмыртқа басын тасқа ұрмақшы. Өзі би, өзі қожа болып құқайланып, жазықсызды жазаға тартып, еңбегі барды шетке қақты. Мен секілді ежелгі елдің оң көзі ұлықтар да жазықсыз жәбірге ұшырауда. Бұған жүрегі бар адам қалай кектенбесін! Уәзір, әр нәрсеге адалдықпен қарайтын, игі жақсыны ізетпен қабылдайтын адам деп естимін. Пақырыңыздың тобын бастап, қолтығыңызға қорғалап, еңбек көрсетіп, әрі өзінің кегін қайтару ниеті бар. Қабыл көрсеңіз, азық-түлік, құрал-сайман, сайыс қайықтарын алып, алдыңызға бармақшы. Үміт пен күдіктің ортасында көздің жасын көлдете отырып, бар мән-жайды мәлім еттім, бөтенсіне көрмеңіз».
Хатты астақтайдың үстіне аударып-төңкеріп, бірнеше мәрте оқып көрген Сау Сау , бір уақытта тақтайды қойып қалды да, тұлан тұтып:
– Хуаң Гай етінен ет кесу айласы арқылы жалған бағыну хатын жолдап, менің түбіме жетпекші ғой. Келекелеп, басынатын адамын тапқан екен!– деп тістенді. Жендеттеріне Кән Зыны сүйреп шығарып, басын кесуді бұйырды. Жендеттер Кән Зыны сүйреп шығаруға дайындалды. Өңінен ешқандай өзгеріс білінбеген Кән Зы көкке қарап қарқ-қарқ күлді.
– Сайқал айлаларыңның сыры ашылып, шиі шығып отырса, бұл күлгенің қай сасқаның, – деп ақырды Сау Сау.
– Мен сізге күліп тұрғаным жоқ, Хуаң Гайдың адам танымайтындығына күліп тұрмын, – деді Кән Зы.
– Ол неге адам танымайды екен? – деді Сау Сау.
– Өлтірсең,тез өлтірмейсің бе? Хуаң Гайдың адам танымайтындығын білгенде саған не түседі? – деді Кән Зы.
– Мен жасымнан әскери кітаптарды көп оқыған, көзі ашық адаммын. Сайқал айланың қандайы болса да, менен қашып құтылмайды. Сендер мынадай амалсымақтарыңмен басқаны жаңылдырарсыңдар, мені алжастыра алмайсыңдар, – деді Сау Сау.
– Айтыңызшы, ана хатта сайқал әдіске жататын не бар екен, – деді Кән Зы.
– Мен сенің кемшілігіңді бірден бетіңе басам, сен өлгеніңе де өкінбейтін боласың. Сен айтшы, кәне, шын жүрегімен бағынуды ойлап хат жазған адам , тізе бүгетін уәделі уақытын неге көрсетпейді? – деді Сау Сау. Мұны естігенде Кән Зы қарқылдап күліп жіберді де:
– Ұялмай әскери кітаптың бәрін оқып бітірдім деп тұрғаныңа болайын! Қолыңды алып, ертерек жолыңа түс, соғысатын болсаң, Жоу Иү көзіңді бақырайтып ұстап алады. Бетіңе айтайын,наданның барып тұрған қара қасқасы екенсің! Амал қанша, көзі ашық дұшпан кездеспей, сендей көркеуденің қолынан қаза табатын болғаным өкінішті-ақ, – деді.
– Мені наданның қара қасқасы деуге қалай дәтің барады? – деді Сау Сау.
– Айла сырын білмесең, істің мәнін ұқпасаң, сен надан болмай, кім надан болады, – деді Кән Зы.
– Қандай айланың сырын, ненің мәнін ұқпаппын, – деді Сау Сау.
– Сенің игі жақсыға көрсетер әдебің мынау болса, бәрекелді, айтпаппын! Өлтіре бер, – деді Кән Зы.
– Алдымен айтып көр, зәуеде, айтқаныңның жөні болса көрерміз, – деді Сау Сау.
– «Иесінен бет бұрған ұрлық іс, беті ашық уәдеге келмейтін жұмыс» дегенді естімеп пе едіңіз? Ойлаңызшы, уәделі мерзім алдын ала белгіленсе,белгіленген мерзімде қол жұмсалмай қалса, ұштасам деп сіздер барсаңыздар,істің сыры ашылып қалмай ма? Ыңғайына қарап қимылдайтын жұмыс емес пе бұл, алдын ала қандай уәде беруге болады? Ап-айқын тұрған мұндай істі көре алмай, бейуаз жанға қылыш ала жүгіргеніңіз надандық болмай немене!-деді Кән Зы.Бұл сөзді естігенде Сау Сау өңін жылытып, отыратын орын нұсқап:
– Тар ойлап істің мәнін аңғармай бетіңізден алған екенмін, көңіліңізге алмаңыз, – деді.
– Хуаң Гай екеуміз әке-шешенің мейірін күткен сәбидей, сізден шапағат күтіп, шын көңілмен тізе бүгуге ниеттеніп отырмыз, күмәндана көрмеңіз.
– Егер екеуің шын көңілмен беріліп, сүбелі еңбек көрсетер болсаңыздар, үлкен лауазымға ие боласыздар.
– Біздің бұл келісіміз мансап алып, мәртебе табу үшін емес, тағдырдың жазуына мойынұсыну,– деді Кән Зы. Сау Сау шарап құйдырып күте бастады.
Әрі-беріден соң шатырға біреу кіріп келіп, Сау Саудың құлағына сыбырлады.