Әлем әдебиеті

Михаил ЗОЩЕНКО. МЕЙЛІҢ ЖЫЛА, МЕЙЛІҢ КҮЛ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Михаил ЗОЩЕНКО

 

МЕЙЛІҢ ЖЫЛА, МЕЙЛІҢ КҮЛ

 

           Орыстың тамаша сатирик жазушысы Михаил Михайлович ЗОЩЕНКОНЫҢ (1894-1958 жж.) шығармашылығымен алғаш танысуымның өзі қызық. 80-ші жылдардың аяғына қарай Алматыдағы кітап дүкендерінің біріне бас сұғып, жаңа түскен әдебиеттерді қарап жүргенмін. Қолыма М.Зощенконың орыс тілінде жарық көрген әңгімелер жинағы ілікті. Парақтап көріп едім, қып-қысқа әңгімелері уытты тілімен, қызықты оқиғаларымен, онысының өз өмірімізге жақындығымен баурап барады.

 

– Сіз, немене, бүкіл кітапты осында оқып шықпақшымысыз? Тіпті, сатып алу үшін қалтаңызға қол салатын түріңіз көрінбейді ғой өзі? – деген әйел дауысын естігенде ғана барып басымды көтеріппін.

 

Сатушы әйел жымия қарап тұр.

 

– Қызық кітап екен! – дедім мен.

 

– Иә, ол – тамаша жазушы!

 

Мен кітап дүкенінде тұрып төрт-бес әңгімені оқып тастағанымды сонда ғана аңғардым. Әрине, кітапты жалма-жан сатып алдым. Оның аяғы, міне, өздеріңізге ұсынылып отырған осы жинаққа енген әңгімелерді аударуға алып келді.

 

Өмірбаянымен таныса келе білгенім: М.Зощенко Санкт-Петербургте кедейленген дворян отбасында дүниеге келіпті. 12 жасында әкеден айырылған. Үйелмелі-сүйелмелі сегіз баланы асырап, адам ету тауқыметі ана жазғанның мойнына түседі. Осы жетімдік тақсыреті болашақ жазушыны да ерте есейтеді. Ол өмірдің ұңғыл-шұңғылына, адамдардың мінез-құлқына, психологиясына үңіледі. Соның нәтижесінде қоғамдық құрылысты да, адамдардың ниетін де өзгерту керек екен деген ұйғарымға келгендей болады. Гимназияда жүргенде-ақ жазушы болуды армандайды. Алайда университетке түскенімен, ақысын төлей алмай, шығып қалады. Оң-солын тани келе, өзінің барлық қажыр-қайратын осы мақсатқа жұмсайды.

 

Бірақ өмірдің Зощенконың мойнына артар тауқыметі тек сол ғана емес екен. Ол пойыздағы бақылаушы, Азамат соғысы жылдарында алғы шептегі взвод командирі, ақпан төңкерісі қарсаңында батальон командирі болады. Ерлігі мен еңбегі төрт орденмен атап өтілген. Бірнеше рет жараланып, газбен уланған.

 

Уақытша үкімет кезінде Петроградтағы бас почтамттың коменданты, Архангельскіде полк кемесінің дружина адютанты әрі секретары болып істейді. Тағдыр оған Қазан төңкерісінен кейін Стрельнада, Кронштадта шекарашы, Қызыл Армияға өз еркімен өткеннен кейін Нарва мен мен Ямбург түбінде пулемет командасының командирі және полк адъютанты болуды да жазыпты. Бірақ, газбен уланғаннан кейін жүрек ауруына ұшырап, әскерден босаған соң, Петроградта қылмыскерлерді іздестіру агенті, Смоленск губерниясының Маньково кеңшарында қоян мен тауық өсіру жөніндегі нұсқаушы, Лиговода – милиционер, Мәскеуде етікші, Петроградтағы ”Новая Голландия портында” кеңсе қызметкері, есепшінің көмекшісі болып та істейді. Қысқасы, істемеген ісі, айналыспаған кәсібі қалмаған сыңайлы.

Зощенконың әңгімелері кезінде радио арқылы жиі беріліп, мәдениет сарайларының сахналарында жиі орындалған. Олардың оқырмандар мен тыңдаушыларға әсерлілігі сондай, шаруашылықтардағы шалағайлықтар мен келеңсіз көріністерге кінәлілерді ”Мұныңды Зощенкоға жазып жібереміз” деп қорқытатын болған. Қорқытып қана қоймай, хатты қарша боратқан. Баз біреулері оны ең жоғарғы билік иесі ретінде көріп, әкімсымақтардан көрген қиянаттарын айтып шағымданса, енді бірсыпырасы оны жүрегіне жақын адам санап, қайғы-мұңын шаққан. Әшкерелеп жазуды, ақыл-кеңес беруді өтінген.

Жазушы да олардың сол үміт-сенімін ақтауға тырысып баққан. Бір мыңнан астам әңгіме, фельетон жазған. Оларда қоғамдық құрылыстағы, адамның жаратылысындағы, психологиясындағы, мінез-құлқындағы, дүниеге көзқарасындағы кемшіліктерді, пендешіліктерді мазақ етіп, әжуаға айналдырады.

М.Зощенко әдебиеттің өзге жанрларында да біраз құнды мұра қалдырған дарын иесі. Оның ”Сентименталдық повестер”, ”Жазушыға хаттар”, ”Көк кітап”, ”Қайта оралған жастық шақ” повестері жазылу стилі тұрғысынан қарағанда бір-біріне ұқсамайтыны соншалық, тіпті бір автордың дүниелері деуге келіңкіремейді. Ал ”Зауал”, ”Керенский”, ”Қара ханзада”, ”Тарас Шевченко” сияқты деректі повестер Зощенконың жан жақты білімді, талант ауқымы кең жазушы екендігін көрсетеді. Балаларға арналған шығармаларының өзі бір төбе. ”Қауіпті байланыстар”, ”Кенеп портфель”, ”Капитализмнің түп-тамыры”, ”Берлиндегі жөке ағаштың түбінде” деп аталатын пъесалары кезінде сахналарға қойылып жүрген.

Жалпы, менің ойымша, М.Зощенконың есімі қазақ оқырмандары үшін де тосын болмайтындай жөні бар. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында Алматыда тұрған. Қазақтың С.Мұқанов сынды марғасқа ұлымен сыйластық қарым-қатынаста болған. Сәбеңе жазған бір хатында өзінің Алматыны сағынғанын, қалтқысыз меймандостық көрген, шынайы достар тапқан, туған қаласындай болған қалаға күзге салым келетінін хабарлаған. Бірақ жоғарыда аталған себептермен ол арманы жүзеге аспай қалған… Қазақтың халық ақындары туралы үлкен ілтипатпен жазған мақаласы бар.

Республикамыздың газет-жұрналдары оның қайсыбір әңгімелерін анда-санда, тиіп-қашып жариялап тұратындығы болмаса, М.Зощенконың шығармалары қазақ оқырмандарына көңіл көншітерліктей көлемде жете қойды деп айту қиын. Осы олқылықтың орнын толтыруға үлесімді қосу мақсатында 1992 жылы жазушының 33 әңгімесін аударып, ”Мейлің жыла, мейлің күл” деген атпен 10 мың дана етіп, өз қаржыма басып шығарған болатынмын. Одан әлдеқайда молырақ дүниелер қамтылып, ұсынылып отырған осы жинақ та сол кемістіктің орнын толтыру орайындағы кезекті қадам деп ұғарсыздар. Оқырман мұнымен танысқанына өкіне қоймас деген үміттемін. Өйткені, шын таланттың қадір-қасиетін уақыт көлегейлей алмаса керек. Ал Зощенко заңғары кімді де болса өзіне қызықтырмай қоймайды.

 

Аударған және алғы сөзін әзірлеген Орынбасар  Сүлейменов

 

 ***

 

ҚАТЫН

 

Судья айыпталушыларға тесiле қарады. Олар екеу – ерлi-зайыпты самогон қайнатушылар. – Сөйтiп сiз, айыпталушы, өзiңiздi кiнәлi деп санамайсыз ба?

– Сонда бұл қалай? – дедi судья.

– Әлбетте, санамаймын. Бәрiне әйел кiнәлi. Ендi жазасын өзi тартсын. Мен түк бiлгенiм жоқ.

– Сонда қалай? – деп таңданды судья. – Сiз кешiрiңiз. Сiз әйелiңiзбен бiр пәтерде тұрасыз, бiрақ ештеңе де бiлмейсiз. Әйелiңiздiң немен айналысып жүргенiнен де бейхабарсыз. Қызық екен.

– Бiлмеймiн, азамат судья… Бәрiне өзi кiнәлi…

– Қызық екен. Сiз бұған не айтасыз? – деп судья әйелге қарады.

– Бәрi рас, бастық судья… Ол дұрыс айтады. Бәрiне кiнәлi – мен… Менi жазалаңыз… Ол мүлде бейхабар…

– Азаматша, – дедi судья, – сiз күйеуiңiздi бекер арашаламақ боласыз. Сот бәрiбiр шындыққа көз жеткiзедi… Сiз тек iс барысын тежейсiз. Өзiңiз ойлап көрiңiзшi: сiзбен бiр пәтерде тұрған күйеуiңiз түк бiлмейдi-міс. Бұған қалай сенбекпiн? Әлде ол төсегiңiзден безген бе?

Әйел аңырады да қалды. Күйеуi қуанғанынан басын шұлғи бердi.

– Мен одан безгенмiн, – дедi ол. – Дәл солай. Қасына жоламаймын. Кейбiреулер бiрге жатады деп ойлайды. Мүлде олай емес… Бәрiне өзi кiнәлi…

– Рас па осы? – деп судья әйелге тесiлдi.

– Рас қой… Менi ғана жазалаңыз, оның бұл iске қатысы жоқ.

– Апырай-ә! – деп таңданды судья. – Бiрге жатпайсыздар… Сонда мiнездерiңiз үйлеспедi ме?

Күйеуi басын шұлғыды.

Рұқсат алу

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.