СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
ӘЙЕЛ ҚЫРЫҚЖАНДЫ
Джек ЛОНДОН (1876-1916) көзі тірісінде-ақ танымал болды. І Дүниежүзілік соғыстан кейін әдебиетке жазушылардың жаңа толқыны, жаңа бір легі келіп қосылды да, Құрама штаттарындағы оның бедел-даңқы солғын тарта бастады. Дегенмен тіршілік жолында жан алысып, жан беріскен кейіпкерлердің романтикалық бейнелері өзге қай елде болса да, сол баяғы құндылығын жоймады.
Әйгілі «Теңіз көкжалы», «Мартин Иден», «Ақ азудың» авторы. 1916 жылы өзін-өзі улап өлтіреді.
***
Тұла бойы аппақ қырау, көзi кiртиген бір ит үшкiр тұмсығымен шатыр есігін түртiп ашып, басын iшке сұғып жiберген.
– Е-ей, Сиваш!.. Әй, албастыдан туған малғұн, шық әрi, шық! – деп iштегiлер жамырай айқайлап, өре тұрды. Беттлз қалайы тәрелкемен тұмсықтан таңқ еткiзiп ұрып үлгергенi сол – әлгi кiртиген көз бен үрпиген бас қас-қағымда жоқ болды. Бұдан соң iле-шала Луи Савой шатырға есiк ретiнде iлiнген қалың брезенттiң жан-жағын қымтай жауып қойды да, пеш үстiндегi ыстық табаданды аяғымен аударып тастап, оның жалын шарпыған түбiне қолын төсеп жылытуға кiрiстi.
Сыртта сақылдаған сары аяз. Екi күн бұрын спирттi термометр алпыс сегiз градусты көрсетiп тұрып, кенет сырт етiп сынып түскен, одан кейiн де суық күшейе түспесе бәсеңдеген емес, ал ендi оның қанша күнге созылары да белгiсiз. Мұндай түкiрiгiң жерге түспес аязда, жылы үй, жылы ұядан алыста, мұздай суық ауамен өзек қарып отыруды досың түгiл дұшпаныңа тiлемес едiң. Рас, дәл осындай күндерi алды-артына қарамай жолға шығып кететiн көзсiз ерлер де болады, бiрақ олардың кейiн дiн аман қалғандарын көрген ешкiм жоқ – екi өкпеден айырылып, күрк-күрк жөтелiп, ақыры мәңгiлiк тоңға жаңбасын мәңгi тигiзiп тынғандар қаншама. Бiр қызығы өстiп өлгендердiң мәйiтiн мұздай көрге салғанда, осындай бүлiнбеген, бұзылмаған қалпында Қиямет күнiне жетсiн деген ұғыммен олардың бетiн мүкпен ғана жауап кете барады. Ал мұндай Ұлы Күнге сенбейтiндерге, әрине, ең кереметi – Клондайкке барып өлу деп көпiре алмайсың. Бiрақ бұдан Клондайкте өлу – жаман, тiршiлiк ету – тамаша деген ұғым тумаса керек.
Шатыр ішінде дәл сырттағыдай суық болмағанымен оның да жетiсiп тұрғаны шамалы. Сондықтан iште отыр ғандардың бәрi ортадағы жалғыз пешке итiнiп жабыса түседi. Аяқастындағы жердiң бiр бөлiгiне қалыңдау етiлiп самырсын бүрi төселген. Оның астында – қар да, үстiнде – түктi көрпе. Ал қарын мокасинмен таптап тастаған шатырдың екiншi бөлiгiнде ыдыс-аяқ, киiм-кешек, құрал-жабдық сияқты неше түрлi заттар қалай болса солай шашылып жатыр. Бүйiрiне дейiн қызарып алған темiр пештiң iшiнде қу отын күркiрей жанады. Ал одан үш-төрт қадам жерде құдды қазiр ғана өзен бетiнен ойып әкелгендей үлкен бiр мұз бөлiгi өңкиiп тұр. Етек жақтан ескен суық ызғар шатыр iшiндегi бар жылуды жоғары көтерiп әкеткен. Пеш мұржасының сыртқа шығар тесiгiнiң айналасындағы брезенттiң екi-үш қарыстай жерi құп-құрғақ та, одан әрi дымданып, тершiп… сосын бiртiндеп ақ қырауға айналып кете барған. Бұл қырау шатырдың төрт қапталын қуалай жылжып, пештен алыстаған сайын қалыңдай берген де, ақыры iргедегi етекке жеткенде, жарты дюймнен бiр-ақ асқан.
– О-о-о! О-ох!-О-ох! – Түктi көрпенiң астында ұйқысырап жатқан жас жiгiт түсiнде ауырсына ыңқылдайды. Сақал-мұрты өскен, жұқалтаң, жадау жүзiнен әбден азып-тозып, қажығаны байқалады. Тегi ауруы жанына қатты батып жатса керек, ыңқылы уақыт өткен сайын күшейе түскен. Көрпе астынан жартылай шығып жатқан денесi құмырсқа илеуiне тастаған жыландай бiрде жиырылып, бiрде жазылып, тынымсыз тыпырши бередi.
Кәнеки, бұл батырды сiлкiлеп жеберiңдер! – дедi Беттлз бұйыра сөйлеп. – Бейшараның тағы да қояншығы ұстаған секiлдi.
Бұл бұйрық ауыздан шығысымен алты жiгiт оны орнынан жұлып алып, әбден оянып ес жиғанша әрi-берi жұлқылап, сiлкiлей берген.
– Сайтан алғыр, осы қарғыс атқан өлкеде нем бар едi, – дедi жас жiгiт, шамалы өзiне-өзi келген соң. Сосын үстiндегi көрпесiн сырып тастап, төсекке жүрелей отырды. – Мен қатарымен үш жыл бойы бүкiл Американы тұтастай шарлап шықтым. Және көбiнде қыста. Құдай-ау, сонда шынығатын кезiм болған шығар. Жоқ, мына өлкеге келдiм де, қайдағыбiр қатын тектес афиналық сияқты, үп еткен аязға ұшып түсетiн болдым. Ешқандай еркекке тән қасиетiм қалмаған. Өкiнiштi! Өт-те өкiнiштi!
Ол отқа жақындай отырып, темекiсiн орай бастады.