Әлем әдебиеті

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ. АБАЙ МЕКТЕБІ ЖӘНЕ КӨРКЕМ АУДАРМА

0

Тәржіме туралы толғамдар 

 

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университеті қазақ әдебиеті

 кафедрасының меңгерушісі,  филология

ғылымдарының докторы, профессор

 

 

 

АБАЙ МЕКТЕБІ ЖӘНЕ КӨРКЕМ АУДАРМА

 

           Абайдың қазақ әдебиетінде ашқан үлкен жаңалығы профессионалдық үлгідегі көркем аударма жанрын әкелді. Алдында үлгі етер ешқандай нұсқа жоқ айтақыр жерден бірден шыңдалған аударма жасауы Абайдың ақындық кемеңгерлігін тағы бір мәрте дәлелдегендей. Абай аудармаларына алғашқы ақындық тәжірибе деп қарамай, бірден ақынның ұстанған принциптері мен шеберлік жолына аса жоғары межеден баға беретін себебіміз – Абайдың бұл дәстүрді еркін игерген ғажайып құдіретімен ғана түсіндіруге болады. 

Абай аудармасының бір қыры нәзира үлгісімен жалғасып жатыр дегенді басшылыққа алсақ, жаңашыл ақын шығыстан келген сол нәзирагөйлік дәстүрдің өзін түлетіп, жағрапиялық аясын ғана емес, идеялық-тақырыптық желілерін байытып берді. 

Көркем шығармаларды аудару Абайға бірден келмегені белгілі. Дәстүрлі нәзира үлгісінің негізінде барып Абай орыс ақындарының шығармаларына көңіл аударды. Нәтижесінде Пушкиннің «Евгений Онегині» қазақша сөйлеп, қазақ сахарасына ән боп жайылды. Бұл туынды абайтанушы ғалымдар тарапынан нәзиралық үлгідегі аударманың озық үлгісі ретінде жоғары бағаланды. 

Ақындық өнердің басқа салаларындағыдай Абайдың көркем аударма саласындағы жаңалығы оның қасындағы шәкірттерін бірден елітті. Қазақ поэзиясына келген жаңа құбылысқа дені орыс тіліне жетік Абай мектебі өкілдерінің қызығып, бірден бас қоюы заңды-тын. Абайдың бағыт-бағдарымен, тікелей қолдауымен Европа, орыс ақын-жазушыларының түрлі деңгейдегі әдеби туындылары қазақша сөйлей бастады. Шәкәрімнің А. Пушкиннен аударған «Дубровский», «Боран», Л. Толстойдан «Алты әңгіме» әңгімелер циклі, американ жазушысы Г. Бичер Стоудың «Том ағайдың балағаны», Әсет ақынның «Евгений Онегин», Уәйіс Шондыбайұлының «Иванушка-дурачок», Тұрағұл Абайұлының М. Горкийден аударған «Челкаш», А. Неверовтен «Мен өмірге жерікпін», «Ортақшыл Мария» әңгімелері, Б. Прустан «Антек», Д. Лондоннан «Баланың ерлігі», бізге жетпеген Д. Лондоннан «Матин Иден» романы сияқты кейбірі нәзиралық үлгіде жалпы оқиғасы қазақшаланса, кейбірі түпнұсқадан алыс кете қоймаған түрлі жанрдағы көркем шығармалардың дүниеге келуінің басында Абай тұр. 

Абай мектебіндегі аудармашылық дәстүр тақырыбы абайтану ғылымы, оның ішінде Абай мектебі, Абай дәстүрі тақырыптарының аясында өз деңгейінде зерттеліп те келеді. Олардың бәріне тоқталып, пікір білдіру бір мақаланың ауқымына сыймайды. Абайдың аударма мектебіне қатысты кейінгі жылдары жазылған еңбектердің ішінде Б. Атығайдың «Абайдың ақындық мектебіндегі аудармашылық дәстүрдің қалыптасуы» деген кандидаттық диссертациясының тікелей осы тақырыпқа арналғандығын айту ләзім. Сондай-ақ, Абай мектебі тақырыбын тікелей зерттеген Қ. Мұхамедханұлының еңбектеріне қоса, Шәкәрім мұрасын зерттеуші ғалым Б. Әбдіғазиевтің, Әсет ақын мұрасын зерттеуші С. Қожағұлдың монографияларындағы тағы басқа еңбектердегі ақын шәкірттердің аудармалары туралы дүниелердің бар екенін ескере отырып, осы тақырыпқа қатысты ғалымдар назарынан тыс қалған кейбір мәселелер туралы ой өрбітсек дейміз.

Рұқсат алу

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.