СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Артур Конан ДОЙЛ
ЖИРЕН ШАШТЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ
әңгімелер
Артур Игнатиус Конан Дойл – шотланд және ағылшын жазушысы, дәрігер. 1859 жылы 22 мамырда Шотландия астанасы Эдинбургте дүниеге келген. 1881 жылы Конан Дойл Эдинбург университетінің медицина факультетін тамамдаған. Диссертация қорғап, медицина докторы атанған. Әлемге Шерлок Холмс туралы детективтік әңгімелер топтамасы, профессор Челленджер туралы шытырман әрі ғылыми-фантастикалық шығармасы, бригадир Жерар туралы юморлық туындылары арқылы танымал. А. Конан Дойль, сонымен қатар, бірқатар пьесаның («Ватерлоо», «Тамұқ періштелері», «Тағдыр оттары»), автобиографиялық очерктердің («Старк Монро жазбалары»), тұрмыстық романдардың авторы. Өмірінің соңында спиритизм мәселесі қызықтырып, «Спиритизм тарихы» (1926 ж.) атты екі том кітап шығарған. Сондай-ақ, үш том өлеңдер жинағы жарық көрген. 1930 жылы 71 жасында көз жұмды.
* * *
Былтыр күзде орайы келіп байырғы досым мистер Шерлок Холмсқа кіре шыққам. Үйінде мосқал тартқан, шамадан тыс толық, жалындай түтеген жирен шашты бір джентльмен отыр екен. Ішке кіргім келгенімен екеуара әңгіменің қызып жатқанын көріп іркіліп, қайтып кетпек болдым. Алайда Холмс мені бөлмеге сүйрегендей боп кіргізіп, соңымнан есікті жауып алды.
– Іздегенге сұраған дегендей, нағыз керек кезде келдіңіз, қадірменді Ватсон, – деді ол жайдарлана езу тартып.
– Сізге бөгет жасағым келмеген. Шұғыл шаруамен айналысып жатқандай көрініп едіңіз маған.
– Шұғыл екені рас. Тіпті айтары жоқ.
– Басқа бөлмеге барып тоса тұрсам қайтеді?
– Жо-жоқ… Мистер Уилсон, – деді ол жуанға қарай бұрылып, – мына джентльмен сәтті аяқталды-ау деген ізденістерімнің бәрінде де маған талай рет достық көмек көрсеткен. Мына біздің ісімізге де пайдасы тиеріне еш күмәнім жоқ.
Орындығынан көтеріле түскен жуантық маған қарап басын изеді; май басып жылтырап қалған көзі тұла бойымды тіміскілей шолып шықты.
– Мына жерге, диванға, жайғасыңыз, – деді Холмс.
Өзі креслоға отыра кетті де, ойға шомған кездегі әдетімен екі қолының саусақ ұштарын бір-біріне түйістірді.
– Қадірменді Ватсон, – деді ол, – әдеттен тыс, шетін нәрсе атаулының, бірсарынды тіршілігіміздің шырқын бұзатын нәрсе атаулының, бәріне айрықша бейіл беретінімді сөкет көрмейтініңіз маған бек жақсы мәлім. Алабөтен оқиғаларға деген айрықша құштарлығыңыз болмаса бастан кешкен кейбір жайларымды соншалықты ынтызарлықпен қағаз бетіне түсірмес те едіңіз… Дей тұрғанмен, ақ адал шынымды айтсам, кей әңгімелеріңіздің іс-әрекетімді азды-кем боямалап жіберетіні де бар.
– Бастан кешкен оқиғаларыңыз өзіме қашанда кереметтей қызық көрінетіні өтірік емес, – деп қарсылық білдірдім мен.
– Осы жуырда ғана, мисс Сазерленд бізге жеңіл-желпі жұмбағын ұсынар алдында, өзіңізге күнделікті өмірде орын алып жататын елден ерек, оғаш та өрескел жайларды қандай ұшқыр қиялдың да ойлап таба алмайтынын айтқаным есімде.
– Сол араның өзінде-ақ пікіріңіздің дұрыстығына шәк келтіргім келетінін айтып жауап қайтарғам.
– Солай бола тұрғанымен, дәрігер, пікірімнің дұрыстығын мойындауыңызға тура келеді, өйтпеген жағдайда адам айтса нанғысыз алуан-алуан фактіні алдыңызға шаш-етектен келтіріп жайып салам да, сізді өзіммен келісуге мәжбүр етем. Басқасын былай қойғанда, жаңа ғана өзіме мистер Джабез Уилсон айтып берген оқиғаны алайық. Шыным сол, мұндай таңғаларлық хикаяны өмірі естіп көрмеппін. Есіңізде ме, ұсақ қылмыстар, соның ішінде тіпті заң бұзушылық орын алған-алмағанына күмән келтіруге болатындары да аса ірі қылмыстардан гөрі әлдеқайда шетін, ақылға сыймайтындай алабөтен боп шығатыны жайында айтқанмын. Ал, мына хикаяда қылмыс деп танырлық жайлардың бар-жоғын әзірше айта алмаймын, бірақ оқиға барысы көңіл аударуға тұрарлық. Мистер Уилсон, рақым етіп, әңгімеңізді қайталап беріңізші. Мұны сізден, досым, дәрігер Ватсон, әңгімеңіздің бас жағын естуі үшін ғана емес, сонымен бірге өзімнің де мән-жайға мүмкіндігінше молырақ қанығуым үшін өтініп отырмын. Әдетте, біреулер маған әлденендей бір оқиға жайында баяндай бастаса болды-ақ, қаперіме осыған ұқсас мыңдаған басқа оқиғаның орала кететіні бар, бірақ бұл жолы бұған ұқсас ештеңе естіп көрмегенімді мойындауға мәжбүр боп отырмын.