Әлем әдебиеті

Хулио КОРТАСАР. БІР АҚЫННЫҢ ІЗІМЕН

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Хулио КОРТАСАР

 

БІР АҚЫННЫҢ ІЗІМЕН

 

            Хулио КОРТАСАР (1914-1984) – аргентина ақыны, новеллист, прозаик, «магиялық реализм» бағытының өкілі. Диктатураға қарсы зиялылардың жиналысына жиі қатысатын оған педагогикалық қызметтен бас тартуға тура келді. 1946 жылы Буэнос-Айреске оралып, Кітап палатасында қызмет етеді. 1951 жылы әдеби стипендия алып, Европаға кетіп қалады. Өмірінің соңына дейін Парижде өмір сүріп, ЮНЕСКО жанында аудармашы болып қызмет етеді.

             Хулио Кортасар жазуды ерте бастайды, ақын-символист ретінде 1938 жылы «Қатысу» сонеттер жинағымен танылады. Өмір бойы өлең жазса да, оларды жарияламайды, тек қайтыс болғаннан кейін ғана 1950-1983 жылдар аралығында жазылған өлеңдер мен поэмалары кірген «Тек қана ымырт» атты лирикалық кітабы жарық көреді. Кортасардың өзі айтқандай, оның туындыларының мистикалық элементтері – диктатурадан қашып-құтылудың ішкі формасы.

* * *

 

         Ақын Клаудио Ромероның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге түбегейлі бекігенде Хорхе Фраганың жасы қырықтан енді асқан-ды.

          Бұл ой Фраганың басына достарымен кафеде болған кезекті әңгімелердің бірінен кейін келді. Достары әлі күнге дейін таңданыс пен қызғаныш сезімін оятатын, ал ғасыр басында иесіне мәңгілікке болмаса да белгілі бір уақытқа даңқ пен табыс әкелген үш жинақтың авторы ақын Ромеро өзінің поэтикалық бейнелеріне сіңісіп кетті де, әдебиеттануда, әрине, өз дәуірінің іргелі зерттеу еңбектерінде де із қалдырмады. Жалпы жеке адам ретінде Ромеро жайлы ештеңе мәлім емес деген пікірге тоқтаған. Бұл рас-ты, сол уақыттың журналдарында басылған мадақнама рецензиялар мен Санта-Фе провинциясынан шыққан бір әуесқой мұғалімнің лириканың ләззатына шомылып отырып сүбелі ой айтуды ұмытып кеткен шағын кітапшасы болмаса, ақын өмірі мен тұрмыс-тіршілігі жайлы ауыз толтырып айтардай ештеңе жоқ-ты. Үзік-үзік мәліметтер мен өңі оңып сарғайған фотосуреттерден басқасының бәрі әдебиет кештерін құр жібермейтіндердің ойдан шығарған әңгімелері һәм кездейсоқ антология құрастырушылардың қызыл сөзге көмілген қып-қысқа қыздырма пікірсымақтары еді. Бірақ Фраганың зейінін жырсүйер көпшіліктің Ромероның өлеңдерін Карриего немесе Альфонсино Сторнидің жырларындай әлі де жата-жастана құныға оқитындықтары қызықтырған. Фраганың өзі болса Ромеро поэзиясымен мектеп қабырғасынан жақсы таныс-ты, артынан қаулап шыққан еліктеп-солықтаушыларының әбден жұлым-жұлым болған образдары мен өсиет-ақыл айтуға құмар құрбөспе өлеңсымақтарына қарамай «Рио-Плата жыршысының» поэмалары, Альмафуэрте немесе Карлос дела Пуалар іспетті, оның бозбала шағының ғажайып әсерлерге толы ұмытылмас беттері болатын. Әйтсе де, Фрага көп кейін, белгілі сыншы және көсемсөзшіге айналғасын ғана Ромеро шығармашылығына салмақпен зер салды және оның бәлкім туындыларынан да терең әрі нәзік болуы мүмкін адами күйзелістері жайлы ешнәрсе білмейді екенмін деген тоқтамға келді.

         Ғасыр басындағы басқа да жақсы ақындардың өлеңдерінен Ромеро жырлары даңғаза мен тәтті сөзділіктен әбден шаршаған жастардың жүрегін өзіне бірден баурайтын сыршылдығымен, сарынының нанымдылығымен ерекшеленетін. Иә, Ромеро поэмалары жайлы достары немесе шәкірттерімен болған әңгіме үстінде Фраганың ақын өмірінің жұмбақтығы идеалы бұлыңғыр, бастауы беймәлім оның поэзиясының тылсымдығын еселей түсетін күш емес пе екен деген сауалға да жауап іздеген кездері де аз болған жоқ. Және әрдайым ақынның өзін, өмірін білмеуліктері оқырманның оның поэзиясына деген құмарлығын үстемелете түсетіндігіне көзі жетіп жүрді. Бірақ қалай болғанда да тамырын қанша жалаңаштағанмен бұл поэзия бәрібір өз биігін алдыра қоймайтын тамаша поэзия еді.

            Қасындағылар Ромероны жалпылама мақтаған кафедегі басқосулардың бірінен шығып келе жатып Фрага бұл ақынды танып-білуге ниеті оянғанын сезінді. Ол бұл жолы әдеттегідей тек қана филологиялық зерттеулермен шектеліп қала алмайтынын да түйсінді. Көп тұстары уақыт түнегінде көміліп бұлыңғырланып қалғанымен, ақынның өмірін, шынайы өмірін қалпына келтіру қажеттігі түсінікті еді. Бұл үшін ақын ізімен жүре отырып оны басынан аяғына дейін бағамдау арқылы алдымен жан-жақты мәліметтер құрылған картотека жасақтау, сосын деректерді саралауға тиіс. Тек осылай еткенде ғана Ромеро шығармашылығының түпкі мәнін ашуға болады.

Рұқсат алу

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.