Әлем әдебиеті

МАХАББАТ ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕЛЕР АНТОЛОГИЯСЫНАН

0

 СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

 

МАХАББАТ ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕЛЕР АНТОЛОГИЯСЫНАН 

 

О-ТЭЙ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

 

(Жапон халық әңгімесі)

         Бұл бұдан көп, өте көп уақыт бұрын болған оқиға еді. Ол кездері Эгисэнь провинциясына қарасты Ниигата қаласында Нагао Чосэй есімді жас жігіт өмір сүретін. Жігіттің әкесін қала халқы емі шипалы дәрігер ретінде білетін-ді. Ұзақ оқып-ізденуді қажет ететін бұл мамандық отбасы дәстүрі бойынша ұзақ жылдардан бері әкеден балаға мұра болып беріліп келе жатқан. Бірде Нагаоның жасы онға толған кезінде оның үйіне өзінің туған-туысы, қызметкерлері, оққағарларымен бірге әкесінің бай досы қонаққа келді. Көп ұзамай, бірнеше күннен кейін қонақтар кері қайтқанда Нагао өзінің қонақтың алты жасар қызы О-Тэймен атастырылғанын білді.

           Сондай-ақ Нагао оқуын бітіргесін ұзамай екеуінің үйлену тойы өткізілетіні туралы келісілгені де мәлім болды. Әйтсе де, адам тағдыры кесіп-пішкенге көне бере ме, О-Тэй өте аурушаң қыз болып шықты. Он бес жасында тіпті төсегінен тұра алмай қалды деуге болады. Көп өтпей дүниеден өтері де белгілі болып қалды. Міне, осындай күндердің бірінде Нагаоға қалыңдығымен қоштасып, соңғы бақұлдасу сөзін айтып қалсын деген хабар жеткен.

         Үйге кірген заматта бозбала тұтатылған қасиетті шөптердің иісін сезді. Олардан будақтай көтерілген көгілдір түтін жалқаулана жылжып, бөлмелерге бөлмені жалғайтын перделердің тесіктерінен сыртқа төгілуде. Мұңдана басқан қызметшілердің төбесінде ұйысып, бұйра бас бұлттар секілді толқындана қалыпты. Сырқаттың бөлмесіне кірген ол сәлемдесіп болғасын қалыңдығының төсегі жанына тізесін бүкті. Осы сәт тұншыға сыбырлаған үн шыққан:

– Нагао-Сан, құрметті күйеуім менің! Біз бала кезімізден бір-бірімізге уәде етілген едік. Ал осы жылдың аяғында үйленуіміз керек болатын. Мен болсам, міне, қырсық қылғанда өлейін деп жатырмын. Бірақ бізге ненің жақсы екенін тек Құдай ғана біледі ғой. Ойланып көрші, тағы екі-үш жыл өмір сүрсем, төңірегімдегілерге қаншама қайғы-қасірет әкелген болар едім. Мынандай әлсіз тәніммен саған да жақсы әйел болып жарытпасым анық-ты. Сондықтан да сен үшін болса да өмір сүре беруді қажетсіз деп санадым. Қысқасы, ұзамай өлетініме әбден мойынсұнған жайым бар, бірақ мен кеткенде қатты күңіренбеймін деп… сен де уәде бер. Иә, мен ұзамай кетемін. Бірақ бір әсер мазалап қояр емес. Білесің бе, өзіңмен ұзамай қайта қауышатын секілді бола беремін. Жаныма сол ғана жұбаныш.

Рұқсат алу

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.