Әлем әдебиеті

Әй ЧИҢ. АЛМАСҚАНША ҚАРА ТҮН МЕН ЖАРЫҚ КҮН…

0

 

ҚАЗІРГІ ҚЫТАЙ ПОЭЗИЯСЫ

 

Әй ЧИҢ

 

АЛМАСҚАНША ҚАРА ТҮН МЕН ЖАРЫҚ КҮН…

          5000 жылдық жазба тарихы бар қытай елінің өзіне тән салт-дәстүрі мәдениеті мен әдебиеті қалыптасқан. Қазіргі қытай зерттеулерінің есебі бойынша қытай әдебиетінің 3000 жылдық тарихы бар.

Қытай поэзиясы дамудың бірнеше кезеңін бастан кешірген. Осы тарихи кезеңдерде өлеңнің көркемдігі мен мазмұны ғана емес, құрылысы да өзгеріп дамып отырған. Қытайлар біздің заманымызға дейін-ақ халық жырларын жинап бастыру ісін қолға алған екен. Қытайдың тұңғыш өлең-жырлар жинағы «Жырнама» б.з.д. ІІІ ғасырларда басылған. Онда б.з.д. ХІ ғасырдан б.з.д. ІҮ ғасырға дейінгі Қытайдың халық өлеңдері, жоқтаулар, қиссалар жинақталған. Ол халық «жырлары, ән өлеңдері, мақтаулар» атты үш бөлімнен құралған. Жинаққа байырға қытай поэзиясынан 305 өлең топтастырылған. Жырнамаға кірген өлеңдер түгел 4 буынды болып келеді.

Алғашқы қытай өлеңдері астарлы сөздерден бастау алады. Халықтың әділетсіз патшаға қарсылығын бейнелейтін бір өлеңнің «Ей, күн, сен ертең шықпайтын болсаң, біз де өміріммен қоштасар едік». Онда халықтың жарық дүниені қимағандықтан ғана өмір сүріп жүргендігі бейнеленген.

Б.з.д. ІҮ ғасырда Чу бектігінде «Чу бәйттері» деген өлең формасы пайда болды. Өлеңнің бұл үлгісі шұбыртпалы еркін ұйқасты негіз екен, музыкамен айтуға қолайлы болып келген. Оның көнекті өкілі Чұй Иуан деген ақын. Ол өлеңдерінде халықтың көңіл күйін шыншылдықпен жеткізе жырлайды. Жырлары мұқалмас рухқа, адал сезімге толы, әсерлі. Қиял-ғажап ертегілерге негізделген, образды болып келеді. Ақынның «Арман» поэмасы, «Алысқа сапар», «Тәңірге сұрау» қатарлы өлеңдері қытай поэзиясының жауһарлары саналады.

Б.з.д. ІІІ ғасырлар Қытай тарихында Чұнчу-Жанго дәуірі деп аталады. Ол дәуірде өлеңнің жаңа түрі сануын (Қытайдағы қазақтар оны шалқыма деп аударған) жоғары деңгейде дамыды. Сануын ұйқасқа құрылмайды, ой ағымына бағынатын, сезімге толы қара сөз формасында болып келеді.

Хан У Ди патша заманында «Ән-күй ордасы» құрылып халық арасынан ән-күйлер жиналып, ол музыканың сүйемелімен айтылатын болған. Бұл үрдіс жалпы халықтық сипат алған. Қытайдың ерте замандағы халық жырларының жоғалмай сақталуында «ән-күй ордасының» ықпалы күшті болды.

Шығыс Хан, Шығыс Жин патшалықтары кезінде «ән-күй ордасында» жиналған халық жырларының үлгісімен өлеңддер жазған атақты ақындар өмір сүрді.

Оңтүстік, солтүстік патшалықтар тұсында да халық жырларын жинау үрдісі жалғасын тауып отырды. Оңтүстік патшалықтардың халық жырларында қыз-жігіт арасындағы ғашықтық сезім, махаббат тақырыбы көп жырланды. Солтүстік патшалықтардың жырларының тақырып аясы кең, мазмұны бай болып келеді. Онда көшпенді халықтардың өмірі суреттеледі. Себебі, солтүстік патшалықтардың бір бөлімі қытайдың солтүстігін мекендейтін көшпелі халықтардан құралған (кейін қытайға сіңіп кеткен), бір бөлімі көшпелі халықтармен қанаттас өмір сүргендіктен, олардың мәдениет алмасуы поэзия тақырыбындағы бір тектіліктің тууына әсер еткен. Оның үстіне олар оңтүстіктегі көршілерімен көп соғысқан, сондықтан соғыс апаты тудырған халықтың мұң-мұқтажы да поэзияның негізгі тақырыбы болып отырған. Бұл дәуірден қалған көркем шығармалардың шоқтығы биігі – «Мулан жыры». Жырды зерттегендер онда көшпелі өмір салтының ықпалы басым екенін байқаған. Әзімхан Тышанұлы «Мулан жырының» табиғаты Қазақ эпостарына жақын екенін айтады. Бұл дәуірлердегі өлеңдер 5, 7 буынды болып келеді.

Таң патшалығы дәуірінде төрттағын деп аталатын өлең формасы қалыптасты. Ұйқасы да, табиғаты да қара өлеңге ұқсайтын бұл өлеңнің негізін салушы Ли Бәй (701-762), Ду Фу (712-770) ақындар. Ли Бәй өлеңдерінде адамдық қасиет ардақталып, ар тазалығы шабытпен жырланады. Өлеңдерінің көбі табиғат лирикасы, романтикалық сарын, еркін өмірді аңсаған көңіл күйі басым болып келеді. Ли Бәй туралы қытай зерттеушілерінің өзі екі ұдай пікір ұстанады. Бір бөлімі Ли Бәй қытай ақыны десе, екіншісі ақынды түркі халықтарынан шыққан деп қарайды. Олардың пікірінше Ли Бәй өлеңдеріндегі тағылық пен еркіндік рухы қытай поэзиясының табиғатына жат көрінеді. Оның үстіне Ли Бәйдің Айнұр есімді қызы, Бөрі есімді ұлы болған екен. Бұл есімдер де түркілердің адам аттары деп қарайды. Ал, ақынның туған жері Сояп қаласы болуы да бұл пікірлердің жансыз еместігін аңғартады.

 Ду Фу өлеңдерінде халықшылдық сарын басым. Жоқшылық өмірдің тақсіреті көп суреттеледі.

Таң дәуірі поэзиясының көрнекті тұлғаларының бірі Бәй Жұий. Ол өлеңнің ірі оқиғаларды бейнелеуін дәріптейді. Қоғамның көлеңкелі жағын әшкерелеп, халықты оятуды мақсат еткен қытайдың отаншыл ақыны. «Арылмас арман толғауы», «Пипа жыры», «Жаңа ән-күй ордасы», «Чинжұң толғауы» атты өлеңдері қытай поэзиясының мақтанышына айналған.

Төрттаған өлең түрі Қытай поэзияның даңқын шығарғанымен қытай әдебиетінің тарихында ол Таң патшалығы дәуірінде туып, гүлденіп, сол дәуірде аяқталды. Соң патшалығы тұсында терме өлең (бәйіт) жетекші орынға шықты. Оуиаң Шиу (1007-1072), Сушы (1037-1101) қатарлы терме өлеңнің шеберлері өмір сүрді. Оңтүстік Соң патшалығы Шин Чижы (1140-1207), Лу Иу (1125-1210) қатарлы ақындар өтті. Бұл дәуірлерде сан уынмен қатар сюжетке құрылған поэзиялық шығармалар туа бастады.

ХХ ғасырдағы Қытайдың поэзиясының Лу Шүн. Одан кейінгі көрнекті ақындардың бірі – Әй Чиң. Әй Чиң қытайда ғана емес, Шығыс Азияның қытай тілді елдеріне кеңінен таныс танымалы тұлға. Аты шулы мәдениет төңкерісі кезінде он жылдан артық уақыт Шин Жаңның Шыхызы қаласында тұрған.

Қытай поэзиясында астарлап айту, тұспалдап жеткізу әдісі жетекші орында тұрады. Өлеңнің ойынан көрі идеясына көбірек мән береді. Бұл қасиет Әй Чиң поэзиясынан да байқалып отырады. Десе де оның идеядан гөрі ойды, сезімді жырлауға баса мән беретіндігі оның даралығын қалыптасырған. Әй Чиң лирик ақын. Өлеңді детальға байлап жазатын, поэзияның деректілігін құптайды…

        

 Әй Шиң

 

Теңіз жартасы

 

 Қытай тілінен аударған

 Нұрахмет Иманғазы

 

Толқындар құйрық тістетіп,

Келеді мұнда желігіп.

Соғылып қайсар жартасқа,

Быт-шыты шығат бөлініп.

 

Сол жартас толқыны кемірген,

Нажағай тіліп кескендей.

Баяғысындай тұр күліп,

Теңізге қарап сескенбей.

Рұқсат алу

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.