МЫҢЖЫЛДЫҚТАР МАҚАМЫ
Ли БАЙ
ТӘҢІР ТАУДА АЙ ҚАЛҚЫП
Мен қытайда институт қабырғасында жүріп ежелгі Қытай мақамында жазылған «Таң дәуіріндегі өлеңдер»,«Ли-Байдың өлеңдер жинағы» қатарлы кітаптармен таныстым, ондағы ежелгі Түркілерге, Сақтарға, Ғұндарға, Үйсіндерге қатысты берілген кейбір түсініктемелер менің сол дәуірдің тарихына, және сол дәуірдің әдебиеті мен мәдениетіне деген қызығушылығыма жол ашқандай болды. Содан бері, мен көбіне ақын Ли-Байдың жеке өмірі және шығармашылығына шама-шарқымша ізденістер жасап жүрмін. Мақсатым, ақынның өлеңдерін қазақ оқырмандарына шынайы түрде аударып жеткізу, сол арқылы Ли-Бай дәуіріндегі батыс өңір халықтарының тұрмыс-тіршілігін топшылау болмақ. Бұл барыста аудармаға қолыда бар әрбір кітатың көне қытай тіліндегі өлең мәтініне берілген түсініктемелерінің түрліше болуы, және соңғы жылдардағы қытай басылымдарының Ли-Бай өмірі мен өлеңдеріне жасаған ішінара бұрмалаушылықтары да кедергі келтірді. Ал өз тарапынан, көне қытай тілі мен тарихи атаулары жөніндегі шамалы білімім, сондай-ақ, осы саладағы қазақша пайдалы кітаптардың тапшылығы да әсерін тигізбей қалған жоқ.
Осы заманғы қытай әдебиетінің тамыры аталмыш Таң дәуірінде жатқаны баршаға мәлім, сол кезде жазылған өлең, дастан, әңгімелер қазіргі қытай әдебиетінің мәйегі саналады. Мысалы, әлемге әйгілі «Батысқа сапар», «Үш Патшалық аңызы», «Қызыл сарай түсі» сияқты қытайдың бетке басар шығармалары да сол дәуірде жазылған, сондықтан да жұрт «Таң дәуірін» қытай әдебиетінің «Алтын ғасыры» деп атайды. Ли-Бай әне сол қытай әдебиетінің ең бір өркендеген кезінде жасаған шоқтығы биік ақын. Сол тұста өмір сүрген Ду-Фу, Бай-Жұйий, Ваң-Вый, Мың-Хауран қатарлы әйгілі ақындарымен салыстырғанда Ли-Бай өлеңдерінің айтары мол. Көбіне бір немесе екі шумақтан тұратын өлеңдері жат ел жат жердегі адал достыққа, қимастық сезімге, табиғат көркін суреттеуге арналған. Ал ұзақ толғауларының астары бөлек, мазмұны терең, өлең желісінің дамуына сәйке құрылысы мен ұйқасы да өзгеріп отырады. Қазір қытай танушы мамандар, көне қытайдың өлең-дастандарының ішінде әйгілі «Мулан жыры», «Жыр жинақ» деп аталатын қытай ерте заман өлеңдер топтамасы, тағы сол тектес ішінара шығармаларының мазмұны мен сөз саптауларынан қытайлық үрдістен гөрі салт-санаға жақындау тұстарды байқайтындарын айтып жүр. Ежелгі алып империя Түркі Қағанаты мен Қытай Бектіктерінің қанаттас отырғанын ескерсек, бұл сөздің де жаны бар сияқты, бұл әсіресе «Мулан жырынан» айқын көзге түседі. Осындай жәйттер Ли-Бай өлеңдерінен де көп кездеседі. Өкінішке орай, ақын өлеңдерінің қазақша аудармасы жоқтың қасы, бар болса тым мардымсыз. Осыларды ескере отырып мен Қазақстандық оқырмандарға қытайдың Таң дәуірінде өмір сүрген әйгілі ақын Ли-Байдың өлеңдерін тәржімаладым.
Ақын өмірінің деректері
Ли-Бай Қытайдың Таң дәуірінде өмір сүрген ұлы ақын. Ел арасына Ли-Тайбай, яғни қадірлі адам деген лақап атымен де таныс. Ли-Бай біздің жыл санауымыздың 701-жылы орта Азиядағы Сұят қаласының Балқаш көліне таяу өңірінде дүниеге келген. Ол 5 жасында атасымен бірге сауда керуендеріне еріп қазіргі қытайдың Сы-Чуан дейтін өлкесіне ауып келеді, сонда есейеді. Ли-Бай өмірі негізінен алыс-алыс сапар шегумен өтеді, қытайдың барлық жерін аралайды. Сапарлай жүріп ол ақындық талантын барынша ұштай түседі, туған жерге, өскен өлкеге, қоғамға деген азаматтық ой-пікірін өлеңмен шебер бейнелеп жеткізіп, жұрт жүрегінен жол табады. Дүйым қытайға аты шыққан ақын Ли-Байды 40 жасқа келген шағында сол кездегі Патша Ли Лұңжи (Шуан-Зұң хан) ордасына шақыртып лауазымды қызметке тағайындайды. Алайда от тілді ақынның кей өлеңдері мен істері орта өкілдеріне (негізінен Патша тоқалына) жақпай қалады, сонымен 3 жылға жетпейтін уақытта, ол Хан ордасындағы қызметінен қуылады. Ло-Яң қаласында жүріп Ли-Бай сол тұстағы қытайдың тағы бір әйгілі ақыны Ду-Фумен танысады, әрі онымен дос болады, екеуі бірге көп жерлерге саяхат жасайды. Ал ол кез, халық арасында патша үкіметіне қарсы ұйымдасқан қозғалыстардың өршіп тұрған тұсы еді, Ли-Бай сол қозғалыстарға белсене қатысады. 756-жылы Ли-Хың Патша (Су-Зұң хан) таққа отырғаннан кейін, бұл төңкерістер үкімет тарабынан қатаң түрде жанышталады, оған қатысушылар да қуғындауға ұшырайды, бұл шараға ақын Ли-Бай да ілігіп, Алыс Гүй-Жоу деген аймаққа жер аударылады. Есімін ел білетін ақынды жарты жолға жеткенде денсаулығына байланысты рақымшылықпен босатады. Азаттық алғаннан кейін ол Анхұй өлкесінің Даңту деген жеріне келіп тұрақтайды, көп өтпей 762-жылы сол жерде 61 жасында қайтыс болады.
Ли-Бай өлеңдері
Тыныш түнгі толғаныс
Жарық ай күліп жабықтан,
Сәулесін сүттей ағылтқан.
Көзімде тұнып ару ай,
Көңілде елім сағынтқан.
Сары тырна сарайынан*
Мың-Хауранды* Гуаң-лиңге* аттандыру
Сары тырна сарайда досыма айттым тілекті,,
Әз наурыз түрлендіріп айналаға гүл екті.
Сырғып кеме кеткенменен көк жиекке көміліп,
Күн беттеген Сонар дария* жалғап жатар жүректі.