Әлем әдебиеті

ЧХУНХЯН ТУРАЛЫ ХИКАЯ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

 

ЧХУНХЯН ТУРАЛЫ ХИКАЯ

 

           Бас кейіпкерінің есімі «Көктем жұпары» деп аударылатын осы аңыз елге XVIII ғасырда тарала бастаған. Осы тұста Кореяның оңтүстігіндегі Чолла аймағында кезбе актерлар халық серуені кезінде Намвон үйезі әкімінің баласы мен ежелгі Кореяда жұрт жек көретін кәсіп кисэнмен айналысқан, әнші, биші әйелдің асқан ару, аса ізгілікті балғын қызы Чхунхянның «тыйым салынған махаббаты» туралы оқиғаны әнге қосып, әуен бунақтарын желпуішпен қаға отырып әңгімелейтін болған.

Бұл сюжет XVIII-XIX ғасырлардың көптеген жазушыларына шабыт берді. Оның мазмұны ханмун (қытай классикалық жазба тілінің кәрістендірілген нұсқасы – «вэньянь») «жоғары» әдеби тілінде жазылған дастан мен өлеңмен жазылған драмаға арқау болды, пхансори (көмей әні) жанрындағы бір актер гусли мен барабанның сүйемелдеуімен бірнеше сағат орындайтын аңыз шығарылды. Ана тілінде ұзынды-қысқалы көптеген хикаялар (повестер) жазылды. Жұрт оны талай рет өз талғамынша өзгертіп, қолдан көшіріп таратты. Кітап сатып алуға қалтасы көтермейтіндер де, сүйікті шығармасының сирек кездесетін көшірмесін сақтағысы келген эстеттер де осылай жасады. Сөйтіп, көптің көмегімен елден ерек жақсы келбетімен, әрі көрегендігімен сан алуан сыннан сүрінбей өтіп, қоғамның ең төменгі сатысынан министрдің жұбайы болуға дейін жеткен әйелдің бейнесі жасалды.

«Чхунхян туралы хикая» Кореяға кеңінен тараған. Оның кейіпкерлерінің аттары елдегі ең сүйікті есімдерге айналды. Хикая кейіпкері шынайы тарихи адам есептеледі. Оның бейнесі әйелдің асқан көргенділігі мен адалдығының нышаны, жұрт жас ұрпақты тәрбиелеуде өнеге тұтып, қыздарының атын Чхунхян қояды.

Қазір «Чхунхян өңірі» (Чхунхян голь) аталатын оның туған елі Намвонда орнатыл­ған құрбандық михрабына (алтарына) оған құрмет көрсетіп, топырағына тағзым етуші қыздар топ-тобымен шұбырып жатады. Осында жыл сайын 4-9 мамырда оның атындағы фестиваль өтіп тұрады. Сонау жапон басқыншылығы тұсында басталған бұл мерекені Әртіс-кисэндардың қалалық ассоциациясы алғаш рет 1931 жылы халық қаражатына өткізген. Олар мұнымен жерлестерін біріктіріп, еркек пен әйел теңдігі туралы ойландырмақ болды. Чхунхянның рухына садақа беру рәсіміне әйелдің басшылық жасауы конфуцийлік дүниеде сирек кездесетін құбылыс еді. Чхунхян фестивалі қазір де осы өңірдегі үлкен мерекелердің бірі. Оның бағдарламасына кіретін «Чхунхян бикеш» арулар бәйгесінде жеңімпаз қыздарға телевизияға, киноға, жарнама бизнесіне, тіпті… сәтімен тұрмысқа шығуға даңғыл жол ашылады.

Кореяда «Чхунхян туралы хикая» мазмұны пайдаланылмаған өнер жанры жоқ деуге болады. Кәріс кинематографиясындағы кең тараған осы сюжетке 1921 жылы елдің тарихындағы тұңғыш (тілсіз) фильм түсірілген. 2000 жылы ұлттық опера жанрында түсірілген Чхунхян туралы фильм шықты, ал 2005 жылы «Қаршадай батыл қыз Чхунхян» телесериалында кейіпкер қыз жоғарғы сынып оқушысының ақ жағалы дәстүрлі киімінде көрінді, ал оның таңдаған сүйіктісі шашын үрпитіп сәндеген мектеп оқушысы болды. Сериал шыққан соң осы сюжетке құрылған фильмдер саны он беске жетті.

Хикая мазмұны талай пьесаларға, қуыршақ спектакльдері мен мультфильмдерге, күлдіргі суреттерге арқау болды. «Чхунхян туралы аңыз» (пхансори Чхунхянға) сахналарда жүріп жатқан бес халық операсының ішіндегі ең көркемі, каван «жанрының падишасы» аталады. Ғаламтор жүйесінде хикая кейіпкерлері кездескен жерлерді аралағанда ежелгі күй естіліп тұрады. Ол туралы түн ортасында өмірдің мәні жайлы ойланған қарттар блогтарына жазады, әйел теңдігіне қол жеткен заманның қыздары Чхунхян Маннёнді қандай асыл қасиеттері үшін сүйгені туралы айтысады.

Алғаш рет Владивостокта 1935 жылғы қыркүйекте қойылған Чхунхян туралы спектакль Алматыдағы Кәріс республикалық музыкалы комедия театрының сахнасынан түспей келеді.

Чхунхян мен Маннённің махаббаты туралы әлемге әйгілі аңыз үш ғасыр бойы өмір сүруде. Ол туралы жұрт 1892 жылы Парижде оның француз тіліне аудармасы шыққан соң алғаш рет білген болатын. Сонда осы шетелдік кітап жаңалығына жедел назар аударған атақты орыс баспагері И. Сытин екі жылдан кейін оның орысша аудармасын басып шығарды. Содан бері бұл кітап Ресейдің өзінде сегіз рет басылды.

Жұрт бұл хикаядан өмірдің мән-мағынасын, туған елге деген сүйіспеншіліктің төркінін, ұлттық ерекшелік куәсін, күлкі мен өсиет іздейді, ал бәрінен бұрын ол адамды шыққан тегіне қарай айыруды білмейтін махаббат туралы сыр шертеді. Кәріс прозасының ортағасырлық інжу-маржаны аталған бұл туындының ұдайы жұрттың көкейінен кетпеуінің сыры осында.

Алдыңыздағы аударма Ресей ғылым академиясының Санкт-Петербордағы Шығыс қолжазбалары институтында сақталған «Чхунхян туралы қысқаша хикаяның» орысша аудармасынан жасалды.

 

            Ли əулетінен1 шыққан Инджо2 патшаның заманында Чолладо аймағындағы Намвон қаласы əкімінің он алты жасар баласы бар еді. Атақты Ду Му3 сияқты сұлу, жүзі саф нефриттей4 жайнаған бала жігіт əйгілі қытай ақыны Ли Бо сияқты өлең жазатын. Ұдайы бөлмесінен шықпай, жанын сала сабақ оқитын.

Сəмбі тал шешек атып, жұпар шашқан керемет көктем еді. Күллі тірішілік сайран салып, көк майса, жасыл орман, бəрі қуаныш құшағында. Борсық төрт немерелі болыпты, құрбақа екеш құрбақа да тырбақайларын шұбыртып шықты. Па, шіркін, мезгілдің қандай шырайлы шағы! Көктем көңілін көтеріп, желіккен жігіт табиғатты тамашалағысы келіп, малайын шақырды.

Рұқсат алу

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.