СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
ӘКБАР МӘЖИТҰЛЫ
БАЛБАЛ ТАС
Әңгіме
Әкбар МӘЖИТҰЛЫ Қазіргі қытай еліндегі аса көрнекті қаламгерлердің бірі. Ұлты – қазақ. 1954 жылы ҚХР Шынжаң өлкесіне қарасты Қорғас ауданында туған. Шығармаларын қытай тілінде жазады. Бүгінге дейін «Қайран, он бестегі Халида», «Ақсақ құлан», «Көк көгершіндер», «Әйелдің абдырасындағы тізім», «Мұхаммед» тәрізді көптеген прозалық кітаптарымен қоса, қазақ тілінен аударған «Абайдың қара сөздері», ұйғыр тілінен аударған «Он екі мұқам» қатарлы еңбектері жарық көрген. Шығармалары дүниежүзінің көптеген тілдеріне аударылған. ҚХР мемлекеттік сыйлығының және көптеген шет елдердің әдеби сыйлықтарының иегері. Қазір ҚХР жазушылар одағының басқарма мүшесі, ҚХР Жазушылар одағы мемлекеттік баспа корпорациясының вице-президенті. ҚХР жазушылар одағының органы «Жазушы» журналының бас редакторы. ҚХР мемлекеттік саяси кеңесінің мүшесі.
2009 жылы күзде «Таңдамалы шығармалары» (төрт томдық) қытай тілінде жарық көріп, ҚХР Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен Пекин қаласында тұсаукесері өтті.
***
Күнес өзені тоқтау су секілді, аққан-ақпағаны білінбейді. Ал Шапқы өзенінің ағыны қатты, қашан көрсең арқырап, жартастарға шапшып, ақ көбігін аспанға атып жатады.
Шапқы өзеннің басында, тау бөктеріндегі екі өзеннің түйіліскен тұсында бағзыдан қалған бір балбал тас судың ағысына тесіле қарап үнсіз тұр.
Балбал тастың тұрған жері өзен жағасынан бір жарым метр шамасында ғана…
* * *
Есімбекті билеген бір үрей күні бүгінге дейін айықпай-ақ қойды. Сол бір күнгі түсінде көргендері түнді қойып, күндіздің өзінде көз алдынан кетпей, аза бойын қаза қылатын болып алды.
Ол өмірі мұндай қорқынышты түс көрмеген-ді. Сол түні Құдай оңдағанда, тұла бойынан бұрқ ете түскен суық тер оны шырт ұйқыдан оятып, тынысын үзіп бара жатқан азаптан құтқарып қалды. Ол булығып жатып «өлді деген осы болар» деп ойлаған. Кенет үрейлі түстен оянған ол, өзінің әлі де тірі екенін аңғарып, әрі қарай ұйықтауға жүрегі дауаламай, көрер таңды көзімен атырды.
Қырсық болғанда, Есімбек бір емес, бірнеше күн бойы сондай түстер көріп, бастырылып оянып жүрді. Түсінде көретін бар оқиға, бар құбылыс, тіпті елеусіз бір ұсақ-түйектің өзі де сол алғашқы түсіндегіден еш айнымайды. Оның үрейін алған да тура осы жағдай. Кәдімгі ауыр науқас меңдеткен адамша бірнеше күн бойы дел-сал болып, ұнжұрғасы түсіп, жаны жай таппады. Бірақ бұл жағдайды ол тіс жарып ешкімге айтпады. Тіпті әйеліне де білдірмеді.
Сол күні таңертең Есімбек күндегі әдеті бойынша атын суарып келуге беттеді. Ой-қиялы астаң-кестең. Ауладан шыға беріс қақпадағы қашаны ала бергені сол еді, қашаның бір ұшы әлденеге соғылып, екінші ұшы серпінмен келіп тізесіне тиді. Қапелімде аяғын қатты ауыртып алған ол қарсы алдына жалт қарап еді, қашаның қасында қақиып әлгі балбал тұр. Қашаның бір ұшы балбал тастың басының астында жатыр. Қабақтары шодырайған тас мүсін бұған кірпік қақпай, қадала қарап қалыпты. Жаны мұрнының ұшына келген Есімбек шошығаннан айқайлап жібере жаздады. Есі кеткен ол жайдақ атқа қарғып мінді де, шапқан күйі өзен жағасындағы қалың талдың арасына кіріп кетті…