Әлем әдебиеті

Чинагийн ГАЛСАН. МОМАҚАН ЖІГІТТІҢ ІЗІМЕН

0

Чинагийн ГАЛСАН

 

МОМАҚАН ЖІГІТТІҢ ІЗІМЕН

 

              Еуропа мәдениетіне сіңірген елеулі еңбегі үшін өнер адамдарына берілетін Треббиа сыйлығының иегері, әлемге танымал қаламгер Чинагийн Галсан – шығармаларын неміс, монғол тілдерінде жазатын жазушы. Ұлты тува азамат қазақ тілін де жетік біледі. Туған жері Монғолияның Баян-Өлгий аймағы.  Қазақтардың ортасында өскендіктен әрі өз ана тілінің (түркі-тува) қазақшаға тым жақындығы Галсанмен жүздескен әр қазақтың оны өзінің қандас бауыры іспетті танып, жақын тартатындығына шүбәсіз сенуге болады.

           Жазушының алғашқы кітабы 1981 жылы Берлинде неміс тілінде жарық көрген. Неміс оқырмандарын лезде баурап алған кітап дүкен сөрелерінен «қаны жерге тамбай» сатылып кеткеннен кейін мерзімді баспасөз беттерінде жағымды да әсерлі пікірлер толассыз жарияланып, ауыздан түспеген. Әдебиет сыншысы Клаус Умихен «Галсанның «Найзағайлы жылдар оқиғасы» атты кітабының көркем тілі мен терең ойы көңілді баурап алады» – деп, «Нойес Дойчланд» газетіне жазса, Батыс Германияның «Нидерзаксен» басылымында Е.А. Толле: «өзге тілді әрі мәдениеті де басқа әлемге тиесілі жазушының неміс тілін он жылдың ішінде жетік меңгеріп алып, мынандай ғажап шығарма жазғаны мені шынымен таң қалдырды» – деген пікірін жариялатқан.  Сондай-ақ, «Зексише Цайтунг», «Нойе Дойче литератур», «Зоннтаг», «Тюрингер Ландесцайтунг» секілді көптеген газет-журналдар Чинагийн Галсанның неміс тіліндегі тырнақалды кітабы жайында тамсана жазып, таңдай қағысқан. Бәрінің пікірі шынайы өмір шындығын қысқа да нұсқа, дәлме-дәл суреттейтін жазушы шеберлігін мо­йындауға келгенде бір жерден шыққан.

 

* * *

 

           Қаңтар айының соңы. Қалада шыңылтыр аяз. Таңертең, кешке автобус күтіп тұрғанда сарышұнақ аяздың бетті шымшып-шымшып алғандай қарып өтуі ауылда өскен адамға ертеректегі қытымыр қыстарды еріксіз еске түсіреді. Бұрынғы қыстың қазіргіден де суық болғанын ғылым әлі дәлелдей қойған жоқ. Тіпті жоққа шығармаса игі. Солтүстік полюстің мұзы қалыңдай түскен, бір ғасыр бұрын көкмайса болған жерді жайпап барады дейді. Жарайды, ғылымға сену керек. Алайда, бұрын­ғы адамдардың қыста қазіргі бізден артық тоңып, жазда көбірек ыстықтағаны өтірік емес. Қала тұрғызып, қалың қабырғамен өзін қорғатып алған адам баласы табиғатқа тәуелділіктен сәл де болса арылған соң қысты жылынып бара жат­қандай сезінетін болған ғой. Оның сыртында қазіргі қала тұрғыны таңертең және кешке ғана тысқа шығады емес пе. Күндіз жұмыс орнында, түнде жылы пәтерінде болады. Тіпті даладағы ыстықты да, суықты да сезінуден қалған. Сезген күннің өзінде одан келіп-кетер дәнеңе де жоқ.

          Күн сенбі, кешқұрым. Жұрт аяғы сирей бастаған кез. Мен әдеттегімдей автобуспен үйге қайтып бара жатқанмын. Жұмыстың толықтай бір аптасын артқа тастағандықтан ерекше бір сәт іспетті.

         Бұл күн мен үшін тіпті айырықша еді. Айлап алысқан шаруамды бітіріп, оны үкіметтік комиссияға сәтті өткіздім. Олардың жағымды баға беруі төбемді көкке жеткізіп тастаған. Түсетін, мінетін адамдардың қатары сиреген соң автобусымыз кейбір аялдамаларға тоқтамай өтіп кетіп жатты. Мұнысы қысқы аязда жылы орындарына асыққан жолаушылар көңіліне майша жағып келеді. Тек қана бір аялдамада ғана сәл кідіріп қалды. Есік ашық тұрғанына қарамастан әлдебіреу кіретін жерді таппағандай сипақтап әлі жүр.

– Енді, кірсеңші, бол! – деп, барқ еткен жүргізушінің әміріне:

– Таппай жүрген жоқпын ба? – деген әйел адамның нәзік үні жауап қатты. Жолаушылар да шетінен сөзуар болса керек, сыбап жатыр: 

– Мас біреу ме?  

– Соқыр шығар…

Мен ауыз ашпасам да іштей жыным келіп, есіктің артындағы көрінбейтін адам­ға бірдеме дегім келген. Бірақ, есіктен алдымен ұзын жіңішке таяқтың ұшы көрінді де, егер айы-күні жеткен екіқабат болмаса орта мектептің оқушысы дерліктей жап-жас «бойжеткен» кіріп келді. Автобусқа ене салысымен:  

– Туыс, бауырлар! Мен батыс төрт жол қиылысына баруым керек еді. Мінген көлігім дұрыс па? – деп, сұрады. 

– Дұрыс, дұрыс – дедік, бәріміз жапа-тармағай.

Рұқсат алу

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.