Фрэнсис СКОТТ
БІРІНШІ МАМЫР
Фрэнсис Скотт Кей Фицджеральд (1896-1940) – XX ғасырдағы әлемдік әдебиеттің классигі саналатын американдық жазушы.
1896 жылы Миннисота штатының Сент-Пол қаласында дүнеге келген, шыққан тегі жағынан ирландық. 1913 жылы Принстонда оқуға түсіп, бірақ оқуын одан әрі жалғастырмай, әскер қатарына өз еркімен жазылады. 1919 жылы әскер қатарынан босатылғаннан кейін біраз уақыт жарнама агенті болып жұмыс істеп жүреді, әйтсе де көп ұзамай әдеби шығармашылықпен әуестеніп, әдебиет майданында бірден танымал бола бастайды. 1924 жылы Еуропаға келіп, Парижде Гертруд Стайнның әдеби үйірмесіне қосылады. Еуропада жүріп «Ұлы Гэтсби» романын жазады. 1937 жылы Америкаға қайтарында Голливудта сценарий жазумен де айналысады.
Алғашқы шығармаларымен-ақ шынайы реалист екенін көрсетті. Шынайылықты жанына жақын қабылдауы биік адамгершілік сезімімен ұштасып жатады. Фицджеральд үшін өмір бойы өнердің шыңы – Достоевский болып қала берді. Әсіресе жазушының «Ағайынды Карамазовтар» романын ерекше бағалаған.
* * *
Соғыс жеңіспен аяқталып, ұлы жеңімпаз қалада салтанатты кермелер тартылып, ақ, қызыл, алқызыл жас гүлдер шашылып жатыр. Көктемнің осы ұзақ күндерінде майданнан оралған бөлімдер бас көшелермен сап түзеп өтуде, барабан дүрсілдеп, мыс керней ойнауда, ал саудагерлер мен кеңсе қызметкерлері есеп кітаптары мен кикілжіңдерін ысырып қойып, қуқыл тартқан жүздерін өтіп бара жатқан батальондарға бұрған.
Ұлы қала ешқашан осыншалық ғажайып көрінген емес, себебі жеңіспен аяқталған соғыс өзімен бірге байлық ала келді де, саудагерлер жақын-жуықтарымен батыс пен оңтүстіктен осында ағылып, бір жағынан той-думанға кенеліп, екінші жағынан қыздарына, әйелдері мен ашыналарына қысқы жүн киімдер, алтын бұйымдар, туфлилер, жібек, атлас маталар сатып алуда.
Ақындар мен жылнамашылардың бейбітшілік пен жеңімпаз қаланың гүлденгенін асқақтата жырлағаны соншалық, қызыққа кенелуге асыққандар елдің түкпір-түкпірінен осында жиналды, көпестердің бұйымдары мен туфлилері әп-сәтте-ақ сатылып кетті, жаңаларын әкеліп, сұранысты қанағаттандыру олардың бас ауруына айналды. Кейбіреулері тіпті қолдарын көкке созып күңіренді.
– Ойбай-ай, туфли таусылып қалды. Енді не істеймін, бұйымдар да бітті. Уа, көк аспан, көмегіңді аяма маған!
Алайда олардың зарына ешкім құлақ аспады, мойын бұруға мұршалары да болмады. Күн сайын жаяу әскер қала арқылы сап түзеп өтеді, оны көріп жұрт даурығады, себебі майданнан оралған жігіттер, қайратты, жүздері жарқын, тістері мықты, ал қыздар сымбатты да пәк болатын.
Сондықтан сол күндері ұлы қалада талай ғашықтар жолығысты, біз солардың кейбіреулерін… жоқ, біреуін ғана әңгімелейік.