СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ
СЕНІҢ ҚАЙҒЫҢ, ҚАРА КҮЗ, МЕНІҢ ҚАЙҒЫМ
Бельгиялық аса көрнекті ақын Эмиль ВЕРХАРН (1855-1916) ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында, яғни дүниені дүрліктірген тарихи арпалыстар мен саяси сапырылыстар кезеңінде өмір сүрді. Қуатты, қайратты ақындар, әдетте, қоғамдық орта мен заман құбылыстарынан өздерін тыс қоя алмайды. Верхарн да дәл солай. Ол – сол заман тұсында болып жатқан саяси күйреулер мен ел басына түскен әлеуметтік күйзелістерді өзінің бүкіл азаматтық болмыс-бітімімен, зор ақындық дауысымен жеріне жеткізе жырлаған аса ірі ақын. Сондықтан да ол қайталанбас құбылыс ретінде әлемдік әдебиеттен өз орнын ойып тұрып алды дей аламыз.
ҚАРАША АЙЫ
Ірің менен қайғы түстес жапырақ
Түсіп жатыр, ұшып жатыр қалтырап.
Сартап болған ауыр қайғы басады
Жүрегімді жатқан менің қансырап.
Көзсіз соқыр көк аспанның торабы
Жалба-жұлба бұлттарға толады.
Күн дөңгелеп қаңғып кеткен бір жаққа,
Қара дауыл құтырынып соғады.
Қараша айы кіріп алған ішіме!
Қарауытып көрінеді ағаштар,
Ағаш іші абыр-сабыр, таластар.
Ой-санаңды кеміреді сонан соң
Әлдеқандай уіл шығып адасқан.
Қараша айы кіріп алған ішіме!
Ірің менен қайғы түстес жапырақ
Түсіп жатыр, ұшып жатыр қалтырап.
Жел мен жаңбыр жыртады кеп жұлмалап
Жүрегімді жатқан менің қансырап.