Әлем әдебиеті

Жюль ВЕРН. ПАТША ШАБАРМАНЫ

0

     

Жюль ВЕРН

 

ПАТША ШАБАРМАНЫ

 

          Жюль ВЕРН (18281905) – француз географы, көрнекті жазушы, оның шығармалары ғылыми фантастиканың қалыптасуына зор ықпал етті. Француз Географиялық қоғамының мүшесі болған. Ол – жетпіске жуық романның, жиырмадан астам хикаяттар мен әңгімелердің, отыздан аса пьесаның, сонымен қатар бірнеше ғылыми зерттеу еңбектердің авторы. Жюль Верннің «Жер ортасына саяхат», «Капитан Гранттың балалары», «Құпия арал», «Он бес жасар капитан» және басқа да көптеген романдары әлем жұртшылығына әйгілі.

         Атақты жазушының «Патша шабарманы» атты романының бас қаһарманы – патша тыңшысы Михаил Строгов болғанымен, онда халқымыздың Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты оқиғалар суреттеліп, қазақ жеріне қатысты жай-жапсарлар баяндалатындықтан, біз бүгін осы шығармадан үзінді жариялап отырмыз.  

 ***

БIРIНШI БӨЛIМ

 

МӘСКЕУДЕН ҮРКIТКЕ ДЕЙIН

 

I тарау

 

ҮЛКЕН КРЕМЛЬ САРАЙЫНДАҒЫ САУЫҚ КЕШI

 

– Сiздiң императорлық мәртебеңiзге жаңа жеделхат келiп түстi.

– Қайдан?

– Том қаласынан.

– Томның арғы жағындағылармен телеграф байланысы бар ма?

– Кешеден берi байланыс үзiлiп қалды.

– Жаңадан шұғыл хабар келетiн болса, маған жедел түрде  жеткiзетiн болыңыз.

– Құп болады,  мәртебелi тақсыр! – деп тақ ете қалды генерал Кисов.

         Бұл түнгi сағат екiлер шамасында, Үлкен Кремль сарайындағы сауық кешi қызған шақта айтылған әңгiме едi. Сән-салтанатты зал iшi сауық-сайран құрушыларға лықа толы; бiрiнен-бiрi iлiп әкетiп екi әскери оркестрдiң үзiлiссiз ойнаған вальс, мазурка және полька биiнiң ырғақтары ауада қалықтап, көңiлдi әуен өз кезеңiнде талай-талай қанды оқиғалардың куәсi болған ескi Кремль қабырғаларын жаңғырықтырып тұрды.  Императордың туған-туыс, жақын-жуық, тамыр-таныстары бар өнерлерiн сала билеп, шақырылған меймандарына үлгi көрсетiп жатты. «Полонез» құйқылжыта ойналғанда, бишiлер қос-қостан  қол ұстаса, қолтықтаса тербетiле жөнелдi. Мың құбылған асыл тастардан жасалған жүздеген люстралардан шашыраған сәулелер қабырғадағы айналарға, әйелдер мойынындағы асыл алқа, құлақ, қолдарындағы жақұт, лалаларға, әскери адамдар мен мәртебелi қызмет иелерiнiң кеудесiндегi орден, медальдарға шағылысып, зал iшiн нұрландыра түседi. Кең шаңырақ астындағы әсем безендiрiлiп, алтынмен апталған жақтаулар, өңi көз сүрiндiрерлiк қымбат бағалы шiлтерлер мен перделер осы бiр ғажайып суреттiң жарасты жабдықтары iспеттi. Сарай iшi  алыстан ендi рауандап  келе жатқан таң шапағындай жарқырап, түн тыныштығына енген қаланы ерекше бiр нұрға бөлеуде. Қараңғылықта шіркеу қоңырауының талып жеткен үнi мен Мәскеу өзенiнiң алыс шалғайында жүзген кеме шамдарының жарықтары ғана анда-санда жарқ ете қалады.

          Егор полкы мундирiн киген мәртебелi кеш қожасы өзiнiң қарапайым киiмiмен айналасындағы қызмет адамдарынан да, жарқыраған түймелi, әлем-жәлемi мол кавказдық костюм киген нөкерлерiнен де ерекшеленiп, мен мұндалап, бiрден көз тартады. Ол бiр топтан екiншi топқа  жағалай өтiп, би қызығына  елтiп, көңiлдене, көпiре сөйлеушiлердiң де, шетел дипломанттарымен арада тыңғылықты да, тиянақты iс шешiп жатқан билiк  иелерiнiң де әңгiмелерiне немқұрайлы қарайды. Айналадағы сыншыл көздер мен ұры көздер құрметтi қожаларының жабығыңқы көңiл-күйiн байқаса да, тiс жарып бiрдеңе деуге ешқайсысының да батылы жетпейдi, әрi ол тиiстi адамдарға мереке қызығын қыздыра түсудi өзi ескерткен болатын. Қолына  генерал Кисов ұстатқан жеделхатты оқығаннан кейiн ел билеушiсiнiң бет әлпетi бұрынғысынан да сұрланып сала бердi.

– Сонымен, – дедi ол, – кешеден берi менiң ағайым, ұлы князьдан ешқандай хабар-ошар келмедi ме?

–  Болмай жатыр, мәртебелi тақсыр, мен жуық арада жеделхаттар азиялық шекарадан арлы-берлi өтпей ме деп қорқамын.

– Үркiт, Жақұт, Байқал жағалауы әскери округтарына Үркiтке қарай қозғалу туралы қатынас қағазы жiберiлдi ме?

– Бұл бұйрық кейiннен Байқал жағалауына бағытталып қайта жолданған соңғы жеделхатта қамтылған.

– Енисей, Омбы, Тобыл губерниялары мен Семей облысынан басқа жерлерден ешқандай хабар жоқ па?

– Мархабатты тақсыр, бұхарлықтардың Ертiс пен Обь өзендерiнен әлi өте алмай жатқандары анықталған болатын.

– Сатқын Огарев туралы не хабар бар?

– Оның шекарадан өткен, өтпегендiгi туралы ешқандай хабар жоқ, – деп жауап бердi генерал Кисов.

– Оны Пермь, Екатеринбург, Қасымов, Түмен, Есiм, Омбы, Колывань, Том қалаларынан iздеу туралы құпия қатынас хатты тездетiп жiберiңiз, әлi байланыс үзiлмеген пункттерге жеделхат жолдатыңыз.

– Императорлық мәртебелi бұйрығыңыз екi етпей орындалады, тақсыр, – дедi Кисов.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.