Әлем әдебиеті

ШЕКСІЗ МҮМКІНДІК ПЕН «ТӨНІП ТҰРҒАН ҚАТЕР»

0

ТӘРЖІМЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАМДАР

Шыңғыс ГҮСЕЙІНОВ

 

ШЕКСІЗ МҮМКІНДІК ПЕН «ТӨНІП ТҰРҒАН ҚАТЕР»

 

«Автордың тәржімесі» – мұның өзі бірінші кезекте бүгінгі іс-тәжірибеміздің төл проблемасы. Біршама бертінгі мысалдар: осетин жазушысы Нафи Джусойтының «Оразмақтың оралуы» мен әзірбайжан прозашысы Анардың «Түйісу» повестері, Чабуа Амиреджибидің «Дата Туташхиа» романы. Кезінде Василь Быков пен Шыңғыс Айтматовтың кейбір хикаяттарында «автордың тәржімесі» дейтін осы сөздер ілестірілген. Ендігі жерде бұл теориялық проблема ретінде талқыланып жүр.

Бір қарағанға ешқандай жұмбағы жоқ секілді: автор екі тілді – өзінің ұлттық және ұлтаралық қатынас тілі – орыс тілін туған тіліндей біледі, сол себепті кәсіпқой тәржімешінің қызметіне жүгінбей, өзінің шығармасын өзі тәржімелей береді (Бұл жерде мына жәйтті дәлдей түскім келеді, «ұлттық» сөзін айтқанда, мен «орыс тілі емес» дегенді меңзеймін, мұның өзі терминге айналып кеткен, орыс тілінің де мен «ұлттық тіл» екенін түсінемін).

Ендеше дәл сол Анар немесе Василь Быков өздерінің барлық шығармаларын өздері тәржімелемей, кейбір жағдайларды басқаның көмегіне сүйенді екен?

Ал Ш. Айтматовтың «Қош бол, Құлсары!» мен «Ақ кеме» повестері ше? Олар қырғыз тұрпатында тумай, бірден орыс тілінде дүниеге келді. «Сотников» та сондай күйді басынан кешті. Есімде, Мәскеудегі бүкілодақтық кеңестердің бірінде белорус әдебиеттанушыларының бірінің аузынан шыққан «Василь Быков орысша жазған кезде, біз оны белорус жазушысы санамаймыз» (!) деген пікірін жұрттың бәрі таңырқай әрі түсінбестікпен қарсы алған еді.

Мынадай сәттер де бар: орыс емес жазушы тек орыс тілінде жазады, алайда академиялық әдебиеттануда да, ағымдағы сында да ол ешбір күмәнсіз ұлт жазушысы ретінде аталады.

Мақсұд Ибрагимбеков орысша жазады, бірақ ешқандай дау-дамайсыз әзірбайжан жазушысы саналады. Олжас Сүлейменов те, Әнуар Әлімжанов та солай. Тимур Пулатов пен Александр Эбаноидзе де солай. Алғашқы екеуі – қазақ жазушылары. Тимур – өзбек, Эбаноидзе – грузин жазушылары. Орыс тілінде жазған Ганс Леберехт туралы оның «Коордидегі нұр» повесімен «эстон әдебиетіндегі социалистік реализмнің қалыптасуында елеулі рөл атқарғаны» жайында оқимыз.

Мен әрқайсысы арнаулы тұрғыда қарауды қажетсінетін мәнбілерді атаудамын, өйткені бұл мәнбілерді неғұрлым ауқымды проблеманың – көркемдік билингвизмнің, екі тілдегі шығармашылықтың мәнмәтінінде қарастыру (ұлт жазушысының орыс тіліндегі шығармашылығы да, шартты түрде айтсақ, «екі тілді шығармашылықтың» проблемасы) қажет. Бұдан да кеңірек кейіпте – кеңестік ұлттық әдебиеттердің бірімен-бірінің өзара ықпалдасу мен өзара байыту үдерісіндегі орыс тілі атқаратын рөлдің барған сайын арта беретіндігі тұрғысында қарау қажет; менің осынау кең арналы проблеманың кейбір қырларын зерттеуіме тура келген еді, оқырмандарды өзімнің «Кеңестік көпұлтты әдебиеттің ортақтығының нысандары» кітабыма (– М., «Мысль», 1978) көз салуын сұрар едім, кітапта «Кеңестік көпұлтты әдебиеттегі қостілді көркем шығармашылық проблемасы» дейтін тарау да бар.

Жазушының қандай ұлттық әдебиетке жататынын анықтаған кезде, мәнбірлердің мынадай үш тобының айқындаушы рөл атқаратыны анық: біріншіден, жазушының ұлттық сана-сезімі, оның психологиялық, рухани, «сезімдік» тұрғыда өзін осы ұлттың өкілі ретінде түйсінуі; содан кейін шығармашылық ізденісінің іргесі мен көркемдік бейнелеу нышаны – белгілі бір халықтың тіршілігі, осы ұлттың болмысының терең қалтарыс-қатпарларын, тұрмысын, тарихын, ғұрыптарын, дәстүрлерін, халықтың тарихи қалыптасу жолдарын пайымдай білуін меңзейтін сол ұлттың өмірінің ішкі астарларына қанықтығы; ақырында – халықтың тілін білуі, мұның өзі бірде қарымды тұрғыда (егер жазушы орыс тіліндегі тәрізді ұлт тілінде де жаза алатын болса), бірде қысаң тұрғыда (яғни жаза алатындай дәрежеде емес, онша жақсы білмейді) көрініс береді, бірақ ана тілін білуі шарт.

Ендігі жерде біздің проблемамыз үшін қағидаттық маңызы бар үлкендеу бір үзінді келтірейін. Өз халқының перзенті Олжас Сүлейменовтің неліктен орыс тілінде жазатыны жайында толғанған қазақ ғалымы М. Қаратаев мынадай тұжырым жасайды:

«Тарихи жағдаяттардың себебінен Октябрьге дейін өзінің жазуы болмаған қазақ халқы өзінің ұлттық болмысын барлық қырынан бейнелей алатын тілін дүниеге әкелді. Мәдениеті ел аузындағы жырлардан, фольклорлық эпостан өсіп шыққан көшпенді халықтың сөздік құралында бірқатар философиялық категориялардың, техниканың, басқа халықтардың (өздері бұрын араласпаған) тарихын сипаттайтын көптеген сөздердің болмауы табиғи нәрсе.

Мұхтар Әуезов ана тілінде Абай туралы, өз халқының өткені туралы төрт томдық тамаша эпопеяны жасай білді, алайда ХХ ғасырдың қазақтары туралы осы заманғы эпопеяны қолға алған ол, сөз жоқ, үлкен қиындықтарға тап болды: ХХ ғасырға тән талай түсініктер, құбылыстар, ойлар қазақ тілінде жетіспей жатты, мұның өзі шеберді тежемей қоймағаны да белгілі.

Орыс поэзиясының үздік үлгілерінде тәрбиеленген Олжас Сүлейменов көкейіндегі көп нәрсені туған қазақ тілінде жеткізе алмасын, ал мұның өзін шектейтінін, тежейтінін сезінген еді, міне, осы арада оған мүмкіндігі іс жүзінде шексіз де шетсіз Пушкиннің, Блок пен Маяковскийдің тілі көмекке келді, сөйтіп, Сүлейменов қазақтың ұлттық ақыны бола тұрып, туысқан орыс тіліне көшті».

Біршама дүдәмал байлам. Менің ойымша, автор проблемаға үстірт қарайтын тәрізді. Кейбір ұлттар жазушыларының орыс тіліне көшуі, әлбетте, өз тілдерінің кедейлігінен емес; сондықтан да біз әдебиет тарихындағы ұлы жазушылардың өздерінің ұлттық тілдерін жаңа категориялармен және ұғымдармен байытқаны жөнінде айтып келеміз; осындай ұлы міндетті өз кезінде Пушкин де, Хетагуров та, Абовян да, Ахундов та өз мойындарына алған болатын, М. Әуезов те туған тілін байыта түскен еді. Ендеше Ә. Нүрпейісовтің күллі Одаққа атағы шыққан «Қан мен тер» романында ХХ ғасырға тән құбылыстар мен ойлар айтылмады деудің жөні кәне? Авар тілін байытудағы Р. Ғамзатовтың рөлі баршаға мәлім, бұл тілде ол біздің мына күрделі заманымызда өмір сүріп жатқан адам түсінігінің күллі көлемін бейнелеп отырған жоқ па?!

Мәселенің келесі қырын да ескеру керек: ұлт жазушысының орыс тіліндегі шығармашылығын, осы сөздің тура мағынасында, тәржіме деуге бола ма? Виктор Козько мұны шығармашылықтың жалғасы, дербес мәнге ие одан әрі ұстару ретінде қабылдауға бейіл. Тегінде, «авторлық тәржімені» теріске шығаратын Тазрет Бесаев та осындай пікірде, оның айтуынша: бұл ешқандай «тәржіме» емес, дербес шығармашылық. Бұған Мұхамеджан Қаратаев басқаша көзқараста. «Кей кездерде, – деп жазады ол, – Олжас Сүлейменовтың өлеңдері қазақ тілінен асқан шеберлікпен жасалған сәйкес тәржіме тәрізді, онда бәрі де сақталған: ырғағы да, ұйқасы да, мағынасы да, өлең құрылысы да орны-орнында». Мұны Мұхтар Әуезовтың: «О. Сүлейменовтың орыс тілінде туған поэзиясы қазақ оқырмандарының барша қауымына қуатты сарынымен жетуі үшін уақыт керек» дейтін пікірі қуаттай түсетін тәрізді.

Орыс тілді ұлт жазушысының шығармасы сол ұлттың тіліне тәржімеленетін кездер бар. Осы таяуда Максуд Ибрагимбековтің «Одан асқан бауырым болған емес» аталатын үздік туындыларының бірі әзірбайжан тіліне тәржімеленген еді. Тәржімешісі көрсетілмеген екен. Орыс тілінен тәржімеленгені де айтылмай қалған.

Кімнің тәржімелегенін сұрастыра бастадым. Тәжірибелі әзірбайжан прозашысының есімі аталды «Орыс тілінен тәржімеленгенін неге ескертпедіңіздер? – деп реніш білдірдім. – Максуд Ибрагимбековтың әзірбайжан тілінде жабайтыны белгілі ғой». «Қисынсыз емес пе? – сұхбаттасым сөзімді бөліп жіберді. – Әзірбайжан жазушысының шығармасы әзірбайжан тіліне тәржімеленді деу ыңғайсыз секілді…»

Мұндай уәжді қалай да түсінуге болатын сияқты (түсінуін түсінесің-ау, бәрібір оғаштығын да іштей сезінесің). Бұл арадағы кереғарлық мынада: ұлт жазушысының орыс тіліндегі түпнұсқасы, егер оны ана тілінде өзі емес, басқа тәржімеші сөйлеткен жағдайда, көбінесе әрі ашықтан-ашық тәржімелік туынды ретінде танылады!

Әлбетте, сыртқы сипаты (орыс тілі) мен мазмұны (ұлттық материал) арасындағы қайшылық еңсерілген сияқты еді. Нақтылы ұлттық сипаттау «дүниесі» мен оны бейнелеген сөзбен арадағы «айырмашылық» жоқ қой. «Басқа ұлттың» тілінде айтылса да айқын аңдалатын әрі сезілетін ұлттық нақыш ендігі жерде өзінің «ұлттық» тілінің желбегейін жамылған сәтте, кенеттен… ұлттық тұрпатын жоғалтып алатыны несі?

Мұндай ахуалды, атап айтқанда, «Одан артық бауырым болған емес» хикаяты да кешкен еді. Хикаяттың әзірбайжан топырағынан жаралғаны оны орыс тілінде оқыған жандардың ешқайсысының күмәнін туғызған емес, А. Кимнің сөзімен айтқанда (бұл сөздерді О. Сүлейменовтің де, Т. Зульфикаровтың да, сірә, А. Кимнің өзінің де атына қатысты айтуға болатыны айдан анық), М. Ибрагимбеков ұлтының тамыр соғысын тыңдап, әзірбайжанның көркемдік әлемін орыс тілінде «жаза білді», яғни оның орыс тілді шығармашылығында «авторлық тәржіме» туған тілінде жазылған шығармадан емес, осы аралықты айналып өтіп, тіке жасалып отыр»… Әзірбайжан тілінің аясына «оралған хикаяттың ендігі жерде орыс тілінен тәржіме ретінде қабылданғанына не қайраның бар!

Гәп неде? Әлде Анардың «мені ұлттық толымды характерді шеттілдік сөздің қуат-күшімен жеткізуге тырысатын әрекет әрдайым таңырқатады» дейтін пікірімен келісу керек пе екен? Ендеше Мақсұд немесе Рұстам Ибрагимбековтер прозасының үздік үлгілеріндегі ұлттық характерлердің сырын қалай түсіндіруге болады? Осы орайда өзімнің бір болжалымды айтқым келер еді: ұлт жазушысының орыс тіліндегі туындысы туған тіліне қайта тәржімеленген кезде, «тәржіме түрінде» көрінбеуі үшін оны автордың өзі ұлт тілінде қайыра туындатуға тиіс секілді. Өйткені орыс түпнұсқасында табиғи қалыпта көрінетін ұлттық бітімді сипаттау лексикалық тұрғыда, мүмкін, дәл келіп тұрмаса да, есесіне сыр-сезімдік жағынан дәлірек келетін өзгедей бейнелеу құралдарын қажетсінетіні аңғарылады. Онсыз «тәржіме» екені бәрібір көзге басылып тұрады!

Екі және одан да көп тілдегі туындыгерлік, тегінде, ежелгі құбылыс. Мұны қуаттайтын мәнбілерде қисап жоқ. Қазір әңгіме бірнеше тілдегі қатарлас шығармашылдық туралы болып отыр. ХVІ ғасырдағы ұлы ақын Физули туған әзірбайжан тілімен қатар араб және парсы тілдерінде туындатқан. Саят-Нова ХVІІІ ғасырда армян, грузин және әзірбайжан тілдерінде жазған. Алайда ақынның өзінің армян тіліндегі өлеңдерін грузин тіліне, грузин тіліндегі өлеңдерін әзірбайжаншаға тәржімелегіні туралы мағлұматтар жоқ.

Автордың өзінің шығармасын бір тілден екінші тілге тәржімелеуі, мұның өзі, мәнісі жағынан тегінде сәйкес тәржіме болуға тиіс біршама жаңа құбылыс. Әзірбайжан классикасы хақында жалғыз ғана дерлік мысалым – Мирза Фатали Ахундовтың шығармашылығы. Ол өлеңдерін парсы, прозасы мен драматургиясын әзірбайжан тілінде жазған еді. Өзінің алғашқы шығармаларының бірі – 1837 жылы парсы тілінде жазылған «Пушкиннің қазасына» поэмасын Ахундов ырғақты прозамен орыс тіліне тәржімелейді (кейіннен поэманың А. Бестужев – Марлинский жүзеге асырған тәржімесі де жарияланады). Ахундов өзінің бірталай комедияларын да орыс тіліне тәржімелеген. Алайда мұның өзі – қайталап айтайын, кешегі күндерге қиыса бермейтін ішін-ара оқиға.

Қазіргі уақытта «авторлық тәржіме» қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанын айту керек.

Авторлық тәржіме идеясына әркімнің өз жолымен келетіні де басы ашық дүние. Тағы да қайталаймын, екі тілді де туған тілі ретінде сезінген жағдайда ғана солай болады. Былайша айтқанда, «туған әзірбайжан тілінен туған орыс тіліне» деген сияқты, мен мұны жеке өзімнің тәжірибемнен алып отырмын.

Бір қарағанға бәрі де оңай: бір тілде жазған екенсің, келесісіне тәржімелеудің несі қиын. Алайда іс жүзінде бәрі де күрделілеу.

Жеке өзіме келсек, әуелгіде бойымда іштей қарсылық сезімі оянды. Мен ұлт жазушысымын. Кәсіпқой тәржімешілер де бар. Мен жазамын. Тәржімеші тәржімелейді. Өзіңді-өзің тәржімелеу деген қай сорым? Күпірлік емес пе? Иә, менің басқаларды: өзіміздің классик Жалел Мамедкулизадені, белгілі романшы Әбілғасанды, халық ақын-ашығтарын тәржімелегенім бар. Менің бұл қарсылығымды республикалардағы екі тілді жазушыларға деген, майдалап айтқанда, жақтырмаушылық сезімімді көңіл түкпіріндегі қыжылдың да қыздыра түскен сыңайы бар. «Таза» ұлт жазушысы болғанға не жетсін дейтін ой да жоқ емес.

«Сен не, орыс жазушысы ма едің? – дейді көкейімдегі ұлттық үн. – Орыс тілін қаншама жақсы білсең де, бәрібір әдебиетте жаңадан ештеңе айта алмайсың, сенсіз де онда мүйізі қарағайдай талайлар… жазған және жазып та жатыр…» – мен ішімнен небір есімдерді атағанымды және кімдерді аузыма алғанымды өздеріңіз-ақ оңай шамалай берерсіздер?

Орыс әріптестерімнің арасында да мін таққандар болған: «Өз тіліңде жаза бермейсің бе? Сенсіз де бұл әдебиетте небір анау сынды (тағы да ұзын-сонар әлгі тізім кетеді) мықтылар жазған».

Ш. Айтматовтың өзінің құдіретті талантының арқасында осындайлық кінәмшілдік пен күмәншілдікті еңсере біліп, сенімсіздік бұлтын сейілткені қандай жақсы!

Әрине екі тілде бірдей ойдағыдай жазып жүргендер бірен-саран; егер санап шығуға бір қолдың саусақтары аздық етсе, екінші қолыңда бос саусақтар қалуы мүмкін… Біраз жыл бұрын мен екі «авторлық тәржімені» – Анардың («Мен, сен, ол және телефон») және Г. Сейдбейлидің («Телефоншы бикеш») туындыларын талдаған едім, сонда мынадай тұжырым жасадым: екі тілде бірдей жазатын жазушы соның бірінде ғана – немесе «ұлттық», немесе орыс тілінде (әлбетте, біз мысалға алып отырған жағдайда) өзінің даралығын, ешкімге ұқсамас бітімін еркін көрсете алады. Авторлық тәржіме кезінде ол еріксізден кітапшылдыққа, ұлттық нақышты күшейтеді-міс дейтін боямашылдыққа, іс жүзінде басы артық қайталаушылыққа бой алдырады. Ұлт тілінде жасалған түпнұсқаны орыс тіліне «көшіру» кейде оны әуелгі әлпетінен айырып, романтикалық мәтінді мінәйі сезімсоқ сергелдеңдікке айналдырып жіберетіні бар.

Сонымен қатар шығарманың «кімге арналғандығы» мәселесін де естен шығармаған жөн. Міне, повесть жазылып та бітті. Ұлттық болмыстың «қақтығысты» проблемасын қозғайтын шығарма. Моральдан безінушілікті, мансапқорлық пен парақорлықты мінейтін және әдебиет жұртшылықты соларға қарсы күреске үндейтін, басқа да келеңсіз құбылыстарды сынайтын шығарма.

Міне, осы арада әдебиетке нағыз адамтануға деген көзқарас пен оған деген жергілікті мүддешілдік көзқарастың арасында қайшылық; келеңсіз құбылыстарға қарсы күрес жүргізу ниеті мен «үйдегі қоқысты сырт көзге көрсетпеудің» пиғылы арасында қайшылық пайда болады.

Мен «Мұхамед, Мәмет, Мәміш» романына байланысты өзімнің тәжірибемді айтып берейін. Шығарманы толық көлемінде бүкілодақтық оқырманның назарына жеткізу ниеті осы кітапты орыс тіліне өзімнің тәржімелеуіме себепші болды.

Оқиға қалай өрбіді дейсіз ғой?

Мен әуелі сәйкес тәржіме жасауды қолға алдым. Алайда белгілі бір ахуалды орыс тілінде бейнелеген кезімде мен әзірбайжан оқырманына арналған түпнұсқадағы көріністердің толықтығы орыс тіліне тәржімелеген кезде бұлдырлана бастағанын байыптадым. Баратын мекені басқа! Ендігі жерде басқадай тілдік және мәдени мәнмәтін күшіне ене бастады. Сәйкес тәржімеге салған кезде әзірбайжан сөзінің «магнит өрісі», сөздердің ілектесуі көмескіленіп, жоғала бастады, тиісінше сезімдік қызу мен қысым төмендеп, сөз тегеуріні әлсіреп кетті. Бәрі де дәл секілді, бәрі де «бейнеленген» тәрізді, тек сөздің шымырлығы босаңсып, орыстың тілдік «магниттік өрісі» жетіспей жатты. Маған тіптен шығарманың межесі де өзгеріп кеткендей көрінді, бір орыс оқырманы ғана болса бір сәрі, ендігі жерде менің эстондықты да, литвалықты да, армянды да иландыруым керек. Оқыған сайын сезіне түсем: әзірбайжан тілінде психологиялық ауан бейнеленген және тіркестердің сезімдік ұтқырлығы да бар секілді, тәржімеге келгенде бәрі де оңып сала береді. Бәрін қайтадан қалыптау керек, жаңа түпнұсқа жасау керек. Әрине, «сырттан қосылатын» тәржімешіге қарағанда, маған жеңілірек, өзім дүниеге әкелген кейіпкерлердің психологиялық жағдайына қанықтығым шаруамды оңайлата түспек. Дегенмен енді екінші туған тілім – орыс тіліне деген «қиял қуатымды» іске жегуім керек…

Осылайша өзімнің ұлттық әлеміме екіұдай тілдік жаратылыстың сәулелері түйісетін тұстан көз салу мүмкіндігі пайда болды. Сөйтіп, жаңа фразеологиялық кеңістікке деген, сөздердің – түсініктердің – бейнелердің жаңа «сезімдік өрістеріне» деген қажеттілік туды.

Істің барысындағы тәржімелеу кезінде табылған жаңа сюжеттік, психологиялық, тілдік шешімдерді бастапқы әзірбайжандық түпнұсқаға енгізу жөніндегі тартымды идеяның ойға орала кеткені. Мұным әбестік болды. Орыс тілінде жасалып қойылған дүниені қаз-қалпында әзірбайжаншаға айналдырғанда, орыс тілінен жасалған тәржіме сияқты болды да шықты. Бақсам, әзірбайжанша жаңа сезімдік сөздік баламалар іздеу қажеттігі білінді, ал іздеу дегеніміз – мәтінді қайтадан бағдарлау, терңдету, қайтадан жазу деген сөз.

Алғашында сәйкес «авторлық тәржіме» ретінде басталған туынды тәмамдалар тусында бастапқы ұлттық негізінен едәуір өзгере бастады. Сайып келгенде, шын мәніне үңілсек, тәржіме емес, жаңа түпнұсқа пайда болды.

Осыған орай «авторлық тәржіме» түсінігіне шағындау ғана терминологиялық айқындық енгізу қажет деп санаймын.

Авторлық тәржімелер екі үлгілі болып келеді: сәйкес тәржіме; немесе өлеңдік тәржімелердің терминін пайдалансақ, келесісі еркін тәржіме. Мен соның екеуін байқап көрдім, олай да тәржімеледім, бұлай да тәржімеледім. Сәйкес тәржіме мәні жағынан, дәл тәржіме бұл жұмысты автор өз ойнына алды ма, әлде тәржімешіге жүктелді ме, бұл арада пәлендей айырма жоқ. Еркін тәржіме дегеніміз – тіпті тәржіме емес, түптің түбіне келгенде, өзіңнің шығармаңның тақырыбына арналған, былайша айтқанда, шалықтаулар, оның барысында жаңа, ұлттық нұсқаға ұқсамайтын орыс тіліндегі түпнұсқа пайда болады. «Мұхамед, Мамед, Мәміш» романын тәржімелеу(?) барысында әзірбайжан тіліндегі желісі бойынша сапалық тұрғыда жаңа түпнұсқа пайда болды. «Тәржіме» тыңнан түрен тартуға ұласып кетті.

Сөйтіп, кереғар құбылыс пайда болды: әзірбайжандық түпнұсқаны ғана оқыған адамдар орысша «тәржімесін» оқығандардың туындыға деген оңды көзқарасын пайымдай алмай дал болды. Сайып келгенде, мұның өзі екі басқа шығарма болып шықты.

Орыс тіліндегі түпнұсқада, мәселен, «саналық ағыс селі» дейтініміз көрініс берді, әрі стилдік тәсіл ретінде ғана емес, шығарманың стилдік құрылымын бастан-аяқ ұйымдастыратын қағидат түрінде пайда болды. Енді «саналық ағыс селі» туралы. Бұл ежелгі әзірбайжандық «сюжеттік» әуендерде, халықтық «симфониялар» аталатын мұғамдарда барынша бай қалпында көзге түседі, алайда жаңа әзірбайжан әдебиетінде өз бейнесін таппай, сөз ырғасында іске қосылмай келеді. Мен «Мәміште» сондай бір тәжірибеге бардым, ендігі жерде оның әзірбайжан прозасының тілдік және мәдени мәнмәтінінде ірге тартар-тартпасын біле алмаймын.

Осыған байланысты жаңа сюжеттік-композициялық нұсқалар және уақыт пен кеңістік қатпарларының арасындағы байланыстар дүниеге келді: өткендегі, қазіргі мен бүгінгі бір мезгілде көрініс береді, қандай оқиғаның болғаны сәт сайын белгілі болып тұрады.

Нышаналар шоғыры: классикалық әзірбайжан поэзиясына тән махаббат бейнелерінде жасырылған «күпіршілік» – антиклерикалдық үрдістегі нышаналық пайым пайда болды.

Осы жұмыстың барысында бір ой менің мазамды кетіріп, қажытайын деді. Әдетте орысша жаза бастаған ұлт жазушысы содан кейінгі жерде өзінің алғашқы тіліне орала алмай қиналатыны жиі кездесетін жәйт әрі ондай мысалдар да аз емес. Егер бірден орысша жаза алады екенсің, онда «екі жұмыс» жасаудың қажеті қанша дейтін сауал алдыңды кес-кестейді? Мынаны қараңыз: алдымен әзірбайжанша түпнұсқа туындатасың, содан кейін орыс тілінде іс-жүзінде жаңа түпнұсқа жасайсың, ендеше әзірбайжанша кәдімгідей жаңа туынды жасап, тәржімені сәйкес баламасын жасау үшін кәсіпқой тәржіманға тапсырған әлдеқайда артық емес пе!? Немесе ұлттық түпнұсқа жасауға уақытыңды зая кетірмей бірден туған орыс тіліңде (ақырында, әйтеуір «тәржіме» емес, басқа «түпнұсқа» келеді екен) жазған жөн емес пе? Әрі оның «ұлттық» дүние кешуін ойлап басыңды ауыртпайсың, әрі ендігі жерде орыс тілінде жаңа шығарма жазуға отырасың.

Бірақ әлдене тежейтін тәрізді. Бұл не? Ш. Айтматовтың сөздері есіме оралды: «Тіл таңдауда, сірә, шығармашылық еркіндіктің мүмкіндіктерін ғана ескеріп қоймай, сені дүниеге әкелген, саған өзінің дүниедегі ең басты байлығын сыйлаған халықтың алдындағы азаматтық парызыңды да естен шығармаған жөн».

Тіл дегеніңіз – шынында да, қарым-қатынас құралы ғана емес, ақыл-ойдың болмыс-бітімі, ұлттық тәжірибенің кілті, танымның қуатты қаруы. Сөздің көмегіне сүйенетін көркемдік таным сөзді бағамдаудың барысында ұлттық-тілдік бейнеліліктің ашылып, айшықтала түсуіне жәрдемдеседі, ал мұның бәрі, егер әуелгіде характерлер мен қайшылықтар өзіне тән мәнмәтіні бар келесі туған тіліңнің құралдарымен бейнеленген жағдайда бәрібір санаң мен сезіміңнің терең түкпірінен шыға алмай қыстығып, көріне алмай қалуы ықтимал. Бұл ретте әлдене әйтеуір анықталмай, айтылмай қала береді. Олай болса, халықтың өзінің тарихи шығармашылығының үдерісінде жинақтаған бейнелік құралдарын ұлт тілінің қатпарларын даралық белсенді ізденіс арқылы ақтармай, қазбаламай, қозғамай кең өріске шығаруға болар ма екен? Меніңше, мүмкін емес!

Ұлттық тілде жұмыс істеу осы тілдік жүйенің байлығын мәтіннің өрісіне тартады, ал бұдан кейінгі басқа тілдегі жұмыс түпнұсқаның ұлттық белгілерін сақтай отырып, оған жаңа реңк енгізуге, жаңа қырларын ашуға, мәтінді жаңа өзге тілдегі түпнұсқа дәрежесіне дейін дамытуға мүмкіндік береді. Мен бұл ретте жаңа түпнұсқаның тілі – орыс тілінің де баи түсетініне сенімдімін.

Мен мінсіз шығармашылық қағидат – екі тілдік табиғатты бірдей дамыту жайында айтып отырмын. Біз осы мақсатқа жетуге ұмтылуымыз керек. Сонымен қатар жеке тәжірибеге түзетулер енгізетін болмыс та бар.

Мен біздің мына ширыққан шапшаң уақытымыз бен адамдар арасындағы байланыстар көп өлшемді күйге түсіп, күрделене түскен жағдайда «авторлық тәржіме» мүкіндіктердінің шексіздігін көріп тұрмын…

Бұл әдіс «төндірмек қатерлерді» де көріп тұрмын, егер… дегенмен бұл жайында жоғарыда айтқан едім.

Аударған Кеңес ЮСУП

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.