Әлем әдебиеті

МЕДЕЯ

0

ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРДЕН ҰЛАҒАТ

Жан АНУЙ

 

МЕДЕЯ

 

Жан АНУЙ – атақты француз драматургы мен сценаристі. Өзінің алғашқы «Горностай» пьесасын 1932 жылы жазады. Содан 1960 жылға дейін жыл сайын бір пьесадан жазған. 1937 жылы Париж сахнасында қойылған «Жүксіз саяхат» пьесасы оған зор табыс пен танымалдылық әкелді. Одан кейін «Жабайы» мен «Ұрылардың кеші», «Эвридика» мен «Антигона» пьесаларын дүниеге әкеледі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «Ромео мен  Джульетта», «Медея», «Ардель немесе Маргаритка», «Байғұс Битое немесе Бастардың кешкі асы» пьесаларын жазды. Оның «костюмдық» «Жаворонок» пен «Беккет, Құдай ары» атты пьесалары Америка халқының жүрегін жаулап алды.

Сонымен қатар Жан Ануй «Месье Винсент», «Кішкентай Мольер» тәрізді. фильмдердің сценарийлерін жазды. Ал оның «Беккет» пьесасы атақты «Тони» сыйлығына ие болып, оның желісі бойынша кино түсірілді.

Жан Ануй Лозанда (Швейцария) 77 жасында дүние салады.

 

Қатысатындар:

Медея

Язон

Креон

Сүтана

Бозбала

Күзетші

 Жайлап шымылдық ашылады. Сахнада Медея мен Сүтана ат арба жанында тізерлей отырып, әлдебір жақтан еміс-еміс естіліп қалып тұрған музыка сазы мен ән әуезіне құлақ түрген.

Медея. Естимісің?

Сүтана. Не?

Медея. Бақыт. Төбемізде айналып жүр.

Сүтана. Ауылдағылар ғой, ән сап жатқан. Бәлкім, бүгін олардың кезекті той-томалағының бірі шығар.

Медея. Осылардың той-томалағын сұбыханым сүймейді-ақ. Ал қуанышты дауыстарынан денем түршігеді.

Сүтана. Өйткені сен бұл елдің адамы емессің. (Сәл тоқтап). Ал біздің той-думанымыз бұлардікінен сәл ертерек, маусым айында басталатын. Бикештер шаштарына құлпыртып гүл қосып өріп, жігіттер өз қандарымен өз беттерін әлеміштеп, алғашқы таң шапағымен жағаласа Тәңірге құрбандық шалынған соң, сосын олар шарт па шұрт сайыстарын бастап кеп жіберер еді. Шіркін, қанды айқас кезіндегі Колхида ұландарының өр тұрпатына тең келер ештеңе таппас едің-ау бұ дүниеден!

Медея. Сөйлемеші!

Сүтана. Сосын күні бойы бір талмастан жабайы жыртқыш аңдармен құмардан шыққанша шайқасады, ал кешкісін, сенің әкеңнің салтанатты сарайының алдына қаз-қатар қойып алау оттар жағар еді. Сол оттардың сумаңдаған қызыл жалынына қарап, жұпар иісті шөптердің сытырлап жанғанын естіп тұрудың өзі қандай ғанибет… Жаным-ау, біздің шөптеріміздің сол бір ерекше қош иісін сен шынымен ұмытып қалдың ба?

Медея. Жап аузыңды, кейуана, сөйлеме деймін!

Сүтана. Иә, мен кәрімін, ал жол дегенің соншалық тым ұзақ… Неге кеттік ол жерден, Медея, неге кеттік?

Медея (айқайлап). Себебі – мен Язонды сүйдім; себебі – Язон үшін өз әкемді өзім тонадым, бірге туған қандас бауырымды өлтірдім. Жап аузыңды, кейуана, үндеме! Бір болған істі қайта-қайта қазбалап айта бергеннен май шықпайды.

Сүтана. Сенің де алтын қабырғалы салтанатты сарайың болған еді дегенім ғой, ал қазіргі отырысымыз мынау – бықсыған шала оттың қасында бейшара қайыршылар сияқты бүрісіп.

Медея. Бар, шөпшек теріп әкел.

Сүтана орнынан тұрып, үһлеп ап, кетпек болады.

 Медея (кенет ышқына дауыстайды). Жол жақта біреу жүр.

Сүтана (тың-тыңдап). Жоқ, жел ызыңы ғой.

Медея отырған жеріне қайта тізе бүгеді. Алыстан тағы да ән әуені талып естіледі.

Сүтана. Енді күтпей-ақ қой, көгершінім, шаршаған шығарсың. Егер ана жақта той болып жатқаны рас болса, оны қалдырмайды, міндетті түрде шақырады. Ол немең, Язоның, Пеласгий бикештерімен би билеп жүрген шығар, біз болсақ, міне, отырмыз, екеуден-екеу жабырқап.

Медея (Күштеп). Өшір үніңді, кәрі албасты!

Сүтана. Өшірдім, өшірдім.

Сүтана төртаяқтай кетіп, ошақтағы отты үрлейді.

Музыка сазы естіледі.

 Медея (кенет). Естимісің?

Сүтана. Не?

Медея. Естері шыға есіріп жатыр… есірік шаттық… сасық иісі мына меңіреу түкпірдегі бізге де жетіп тұр… Ауылға жоламаңдар, алыс тұстан барып тоқтаңдар деген еді. Түн қараңғылығын жамылып тауықтарымызды ұрлайды деп қорыққан ғой. (Тұрып, айқай салады). Ненің құрметіне бола сонша есіріп ән салып, би билеп жатырсыңдар. Мен тұрмын ғой, міне, ән салмай-ақ, би билемей-ақ!

Сүтана. Олар өз үйінде. Тағы бір бейбіт, жомарт күніміз өтті деп қуанып жатыр. (Сәл тоқтап, қиялданып). Кипаристі аллеяның аяқ жағын ала орналасқан ақшаңқан сарай есіңде ме? Салтатпен серуендеп келіп, атыңның жүгенін құлыңның қолына тастай беріп, салулы дайын тұрған жайма төсекке күмп беріп аунай кететінің ше? Мен күтуші қыздарды шақыратынмын, олар сені сылап-сипап жуындырып, үлде мен бүлдеге қайта орап киіндіргенше, етектеріне сүрініп естерінен танушы еді байғүстар. Сен болсаң ештеңеден уайымы жоқ, дүниеге тек бұйрық беру үшін келгендей, патшаның еркетотай сүйікті қызысың, сандықтан алуан түрлі небір асыл киімдер шығарылады, ал сен тыр жалаңаш тұрып, қызметші қыздар бүкіл денеңді жұпары аңқыған қош иісті сулармен әбден сылап-сипап болғанша, көйлектен көйлек таңдайсың, ананы да ұнатпайсың, мынана да ұнатпайсың…

Медея. Қақпағы жоқ жабылмайтын бұл не деген ауыз, қу шұнақ! Түк ақылың жоқ-ау өзіңнің. Күмбезді сарайдан, үлде мен бүлдеден, құлдарымнан айрылып қалдым деп өкініп жүрмін бе мен?!

Сүтана. Содан бері қаңғудамыз, тоқтаусыз қаңғып жүрміз…

Медея. Сол жерден тезірек кетуді армандаған, алдын ала қашып шығу амалын ойластырған да өзім болатынмын.

Сүтана. Қуылдық, мазаққа ұшырадық, азып-тоздық… Еліміз де жоқ, үйіміз де жоқ…

Медея. Қуылдық, мазаққа ұшырадық, азып-тоздық, еліміз де жоқ, үйіміз де жоқ, бірақ жалғыз емеспіз!

Сүтана. Мені де тастамай өзіңмен бірге артыңнан сүйретіп жүрсің. Қартайған шағымда. Егер осыдан өліп кетсем ше, сүйегімді не істейсің?

Медея. Әлдебір жыра-сайдың түбінде ме немесе қара жолдың бойында ма, әйтеуір, бір жерде қаларсың шашылып. Саған бәрібір емес пе қайда өлгенің, кәрі қақбас. Маған да тап сондай жазмыш бұйырарын білемін. Ондайына көнгенмін де. Бірақ мен жалғыз емеспін.

Сүтана. Ол сені тастап кетеді, Медея!

Медея (ышқына). Жоқ! (Тын бола қалып). Тыңдашы!

Сүтана. Жел ғой, той-думанның дабырын жеткізіп тұрған. Язон бүгін де келмейді.

Медея. Бұ неғылған той-думан өзі? Маңайларын тер сасытып, шарап пен қақталған еттің жылымшы исіне бөктіріп, сонша думандатқандай бұл ненің құрметі болды екен? Әй, коринфтік пенделер, неменеге бола сонша даурығып, би билеп, есіріктеніп жатырсыңдар?! Аяқ астынан пайда бола кеткендей бұл неғылған қуаныш пен шаттық? Сендердің бұл елірме даңғазаларыңнан тынысым тарылып, жүрегім қысылып тұр… Ай, Сүтанам-ай, Сүтанам-ай, мен бар болсам да жоқ сияқтымын ба, қалай? Есіңде ме, жатырымдағы шарананы өз қолыммен суырып аларда маған қалай көмектескенің, бойымды тап сондағыдай қорқыныш билеп, жаным езіле қиналып барады. Көмектесші, Сүтанам!.. Жанымның әлдебір терең түкпіріндегі әлдене құбыжыққа тап сондағыдай жыбырлап тіл біткендей, біресе ол маған «мыналардың қуанышын тұншықтыр» десе, тағы бірде енді саған «бақытты болу жоқ» деп ызыңдайды… (Денесі дірілдеп, Сүтана қойнына кіреді). Егер тағатым таусылып шыңғырғандай болсам, дереу алақаныңмен аузымды жаба қой, Сүтанам, жарай ма? Егер өзіме-өзім иелеік ете алмай аласұра бастасам, қыбыр еткізбей тас қып ұстап қал. Сүйтесің ғой, жалғыздан-жалғыз азап шегуіме жол бермейсің ғой… Құшағыңнан шығармай, қозғалтпай мықтап ұста мені, Сүтанам! Кішкентай сәби кезімде мені қалай ұстаушы едің, дәл солай етіп ұста, алғашқы толғақтан өліп қала жаздаған түнім есіңде шығар, сонда мені қалай ұстап қалған ең, тап сондағыдай тырп еткізбей ұстайтын бол. Осы түн мені тағы да толғақ қысып тұр. Өзімнен де үлкен, дәу бірдеңе туатын секілдімін, ол жарыққа, өмірге келгісі келеді, алып шығуға күшім жетер ме екен, білсем ғой…

Кенет жасөспірім бозбала кіріп келіп, тұра қалады.

Бозбала. Медея деген сіз боласыз ба?

Медея (айқайлап). Сөйле! Онсыз да біліп тұрмын не айтпағыңды.

Бозбала. Мені Язон жұмсады.

Медея. Ол келмей ме? Жаралы ма, әлде өлді ме?

Бозбала. Сіз құтқарылыпсыз, соны айт деген.

Медея. Өзі рас келмей ме?

Бозбала. Келемін, күтсін дейді.

Медея. Келмеймін дегені ғой… Өзі қайда?

Бозбала. Креон патшаның қасында.

Медея. Тұтқында ма?

Бозбала. Жоқ.

Медея (ышқына). Ах! Мына той-думан соның құрметіне болды ғой! Кәне, айт дұрыстап. Көріп тұрсың, онсыз да бәрін білетінімді. Соның құрметіне ме?

Бозбала. Иә.

Медея. Ол соншалық не істеп еді? Бол енді айт, мелшимей! Жолда жүгіргенсің ғой, екі бетің албырап кетіпті, енді тез қайтқың кеп асығып тұрған боларсың… Ана жақтағылар, рас, би билеп жатыр ма?

Бозбала. Иә.

Медея. Шарап ішіп жатыр ма?

Бозбала. Сарай алдына домалатып әкеп алты бөшкесін бір-ақ ашқан болатын.

Медея. Қызық думан ойындарының жаңғырығы, шанақтардың дабылы, от шашу маржандары түн түндігін түріп тастап, у-шу боп бізге де естіліп тұр. Асық, балақай, асық. Алған тапсырмаңды орындаған соң, қайтып барып, қызықтың ортасына сен де кірерсің. Сен мені білмейсің. Демек, маған қандай хабар әкелгенің саған бәрібір емес пе? Әлде, менің түрімнен қорқып тұрсың ба? Қорқып тұрсаң, жүзімді жылытайын. Ал жымидым. Ана жақтағылардың естен тана билеулеріне қарағанда, әкелгенің жақсы хабар болар?.. Айта ғой, балақай, мен бәрібір білмей қоймаймын.

Бозбала. Ол… Креонның қызы Креузеге үйленгелі жатыр. Ертең таңмен таласа некеге отырады.

Медея. Рахмет, балақай! Енді келген жағыңа қайтып бар да, Коринфтің қыздарымен үзіліп қалған биіңді жалғастыра бер. Түнді таңға жалғап, қашан шаршап жығылғаныңша билей бер. Тек жылдар өтіп қарттық келген күні, бұл хабарды кезінде Медеяға жеткізген, басқа емес, мына мен едім деп еске алуды ұмытпасаң болғаны.

Бозбала (кетуге ыңғайланып). Оған не дейін?

Медея. Кімге?

Бозбала. Язонға.

Медея. Маған алғыс айтты дерсің.

Бала кетеді.

 Медея (кенет дауыстап). Рахмет, Язон! Рахмет, Креон! Саған да рахмет, қараңғы түн! Бәріңе де рахмет. Оп-оңай шешілді! Мен еркіндік алдым!

Сүтана (жақындап). Өр кеуделі ақиығым менің, қаршығам менің…

Медея. Жолама маған, жаман күң! Бұдан былай мен сенің қызметіңе зәру емеспін. Нәрестем дүниеге келіп жатқанда, көмегің болған жоқ жаңа… Бұл жолғым қыз, қыз бала туып тұрмын. О, менің өшпес қайсар кегімнің жемісі! Кереметсің, ғажапсың, жұпар иісті тәттісің, менің қара торы балапаным! Бүкіл дүние жалғанда енді тек бір сені ғана сүйемін.

Сүтана. Медея, бері келші!

Медея (Бойын тіктеп, қолдарын алдына айқастырып). Мазалама, тың тыңдап тұрмын.

Сүтана. Оларды енді қайтесің, қайтайық!

Медея. Бұдан былай мен оны, сірә, естімеспін. Сондықтан өшпенділігімнің үніне құлақ түре түсейін. Сондай тәтті! О, менің жоғалтып алған қуатым! Сүтанам, сен оның жалпақ та ыстық алақандарымен мені қалай баурап, бағындырғанын білсең ғой! Әкемнің салтанатты сарайына кіріп келіп, денеме сәл сүйкенсе болды, есім танып, табанда майдай еріп кететінмін. Міне, он жылдан соң, Язонның сол аяулы қолдары мені босатты. Мені! Мен өзімді қайта таптым. Түсім емес пе? Жоқ, әрине, жоқ! Міне, мен Медеямын, тұрмын! Бірақ мен оның құшағын көргенше асығып, ақ төсекте еркек иісінен есі ауып талықсып жататын бұрынғы аңқау қаншық емеспін. Ұят! Ұят-ай! Екі бетім дуылдап, күйіп тұр, Сүтана. Ол менің жанымның бір ыстық үзігін алып кеткендей, соны қайта әкеп орнына қоятындай, мен оны бір түсініксіз іңкәр сезіммен, шашылған аяқтарымды жимастан тапжылмай жатып күнде аңсап күтетінмін. Мен оған бағындым, жүзіне қарап жайнаңдадым, әдемі боп киіндім, оған жағыну үшін бәрін істедім. Өйткені ол таң бозамығымен қасымнан тұрғанда, жанымның бір ыстық бөлшегін өзімен бірге ала кететін, мен болсам бақыттан басым айналып, кешке қайтып келеді, қайтып келіп, менен алып кеткен жанымның әлгі ыстық үзігін орнына қайта қояды деген ойдан басқа түк сезбейтінмін. Мен Язонның көңілінен шығу үшін оған алтын қойдың терісін тауып бердім, әкемнің жасырын құпияларын әшкереледім, туған бауырымды өлтіруге көмектестім, Язонмен бірге өзім де қылмыс пен күнәға белшемнен баттым, ол қайда барса, соңынан қалмай сүмеңдеп, қаңғыбастық тіршілікті қатар кешіп келдім. Оған не керек болса, соның бәрін істедім, әлі де талай көмегім тиер ме еді. Түсінемісің, кейуана? Махаббаттың не екенін сен де білген шығарсың?

Сүтана. Әрине, менің айбаттым.

Медея. Біреу менің бір жанды жерімді жұлып әкеткендей… О, күн ана, менің сенен жаралғаным шын болса, неге мені мұндай бейшара күйге түсіріп қойдың? Неге ғана әйел етіп жараттың? Мына төсімді сыздатқан қос анардың, дел-сал болған дененің, жанымның түкпіріндегі әлдебір тойымсыз аңсардың не керегі бар еді? Ал ұл Медея керемет көрікті жігіт, қоладан құйылғандай тұтас, бұлшық еті қайрақ тастай шымыр, ұнатқанын қас қағымда қағып түсіп, жұмарлап, тоят алып, сосын жайбарақат өз жайына кете беру үшін туған жандай болмас па еді?.. Ондай болсам, Язон жолар ма еді маңыма, жалпақ, ұсқынсыз алақандарымен денеме қолын тигізер ме еді?! Біздің әрқайсымыздың, иә, әрқайсымыздың қолымызда бір-бір қанжар болмас па?! Күштісі әлсізін өлтіріп, басына төнген қауіптен құтылып, сосын кетпес пе еді өз жөніне? О, бұл басқа күрес, төсіме төсі тисе екен, аямай жәукемдеп, есімнен тандырса екен дейтін тән құмарлық айқас емес… Қатын-қаншық! Қатын-қаншық! Саз балшыққа қосып илеп, еркектің қабырғасынан жаратыла салған міскін! Еркектің қалдығы!

Сүтана (құшақтап). Сен ондай емессің, Медея, ондай емессің!

Медея. Жоқ, сондаймын, сондаймын! Тіпті басқалардан әлдеқайда қорқақпын, ашықауыз сенгішпін. Он жыл! Алайда мұның бәрі бүгін бітті, Сүтана, мен енді қайтадан бұрынғы Медеямын. Қандай керемет!

Сүтана. Сабаңа түс, Медея, басыл!

Медея. Басылдым, моп-момақан қозыдаймын. Байқашы өзің, үнім солғын, қимылым баяу. Өлетін адам сияқтымын ғой. Мен өз жанымды өзім ақырын-ақырын тұншықтыра бастаған секілдімін. Жүрегімді қанатып.

Сүтана. Бері келші! Шошытып жібердің ғой! Қайтайық!

Медея. Өзімнің де зәрем ұшып тұр.

Сүтана. Олар бізге енді не істер екен?

Медея. Бізге?! Жоқ, кейуана, оларға не істейміз деп алдымен біз өзіміз өз әрекетімізді анықтап алуға тиіспіз! Иә, мен де қорқамын, олардың у-шуынан, даңғаза музыкасынан, үсті-басын бит басқан патшасынан, оның қауқарсыз құрғақ пәрменінен емес, өзімнен қорқамын! Язон, сен Медеяны ұйықтатып тастаған едің, ол оянды. Кек! Кек! Сен менің бүкіл жан дүниемді толқын болып шайқап, өмірге қайта жаңартып әкелдің.

Сүтана. Медея, олар бізді қуып жібереді-ау деймін.

Медея. Мүмкін.

Сүтана. Тағы қайда қаңғыр екенбіз?

Медея. Біз үшін, кейуана, дүниенің не арғы жағынан, не бергі жағынан, Медея оған ханшайым болғандай, қалай да бір ел табылмас деймісің. О, менің қара түнек патшалығым, ақыры қайта оралып келдің бе?!

Сүтана (күңкілдеп). Уһ, бәрін қайта сілкіп, қайта жинастыратын болдым-ау…

Медея. Сосын жиналарсың, кейуана. Қоя тұр.

Сүтана. Сосының қашан еді?

Медея. Сенің де білгің келеді, ә?

Сүтана. Тағы не істегелі жүрсің дегенім ғой.

Медея. Кезінде әкеме жасаған сатқындығымды, қашып шығуыма бөгет болмас үшін бауырымды өлімге қиғанымды, Пелеас билеп тұрған аралға Язон патша болуы үшін Пелеас қарияға жасаған қастандығымды есіме алып, яғни Язон үшін он рет жасағанымды, бір рет өзім үшін жасамақпын! Бір рет!

Сүтана. Адаспа есіңнен! Үйте алмайсың!

Медея. Неге үйте алмаймын, кейуана? Мен Медеямын, мені мына жаман арбаның қасына, түсі суық бейтаныс теңіздің жағасына тастап кетті. Жалғыз қалдым… Масқаралады, жексұрын етті, қуып жіберді… Ал менің қолымнан не келмейді, бәрі келеді. Не істеймін десем де!

Алыстан естілген саз әуені күшейе түседі.

(құлақ тосып, ышқына сөйлеп). Әндете тұрыңдар! Некенің беташар жырын айтып болыңдар! Мейлі, жас келінді ақ сарайының төрінде әдемілеп киіндірсін! Неке суын ішкенше де әлі талай уақыт бар. О, Язон, сен мені білесің, Колхидада қандай қызға үйленгеніңді білесің. Мені енді жылайды екен деп ойлама! Сенің қанды қарақшылық жолыңмен бірге жүріп келдім, демек, екеуміздің ажырасуымыз үшін де бірігіп қанды қарақшылық қылмыс жасауға тиіспіз!

Сүтана (ұмтылып). Сөйлеме, өшір үніңді, өтінемін! Өкпе-назыңды азынатпай жан түбіне жасырып қой! Өштік кегіңді тұншықтыр, мойынсұнып бағын! Бүгін олар бізден күшті, тым күшті.

Медея. Бағынғаннан не пайда, Сүтанам-ау?

Сүтана. Кегіңді аласың, қаршығам, аласың кегіңді. Әйтеуір, бір күні қайтсең де оңдырмай опық жегізесің. Бірақ қазір өте әлсізбіз. Біз кімбіз қазір? Қыршаңқы кәрі атқа жегілген жаман арба үстіндегі қос міскін шетелдікпіз; тауық ұрлап күн көрген қос ұрымыз… Балалар көрсе, бізді анадайдан таспен атқылайды. Асықпай бір жыл күт, тіпті бір күн шыдашы, күшіңе сосын қайта мінесің.

Медея. Тап осы қазіргі тұрған қалпымнан енді ешқашан күшті бола алмаспын.

Сүтана. Мына бейтаныс жат аралда жүріп қолыңнан не келмек? Колхидаң алыста, Колхидаң өзі қуып жіберген сені. Язоның тастап кетті. Нең қалды енді?

Медея. Мен өзім бармын.

Сүтана. Бейшара! Креон патша мына иесіз шет бұрышта жатқан бізге төзімділік көрсетсе, өзіне солай ету керек болғаны ғой. Ол бір сөз айтып, белгі берсінші, бәрі түгел шоқпарлары мен қанжарларын бізге қарай ала жүгірсін. Өлтіреді олар бізді!

Медея (ақырын). Өлтірер еді-ау, кешігіп қалмаса.

Сүтана (аяғына жығылып). Медея, мен кәрімін, сонда да өлгім келмейді. Бір сен үшін бәрін тастап, үн-түнсіз соңыңнан қалмай ердім де жүрдім. Ал мына жарық дүниеде жақсы нәрселер баршылық қой: күн нұрынан жылу алған орындықта отырып демалсаң қандай ғанибет; сәскелікте ішетін ыстық көжең ше; адал еңбекпен табылған алақаныңдағы бақыр ақшаң ше; ұйықтар алдында сүйсініп жұтар бір ұрттам шарабың ше?

Медея (аяғымен жақтырмай итеріп). Өй, кәрі қақбас! Кешегі күнге дейін менің де өмір сүргім келген-ді, ал бүгін өлсем де, өлмесем де мен үшін бәрібір.

Сүтана (аяғына жығылып). Медея, өлгім келмейді!

Медея. Білемін, бәріңе де өмір қымбат. Язон да өмір сүргісі келгендіктен бізді тастап кетпекші.

Сүтана (кенет ызалана). Медея, сен оны бәрібір бұрынғыңдай сүймейсің ғой. Одан суығансың. Арба үсті тар, мен бәрін білемін. Рас,бірінші боп бастаған оның өзі, бірде түн іші болатын, ыстықтап кетті ме, ол көрпесін таза ауаға желпіндіріп алғысы келді. Сен қарсы болмадың. Ол қасыңнан тұрып кетісімен сен деміңді терең алдың да, аяқтарыңды көстите рахаттана созып жібердің. Қойындасқан еркегің үшін кісі өлтіруге болса да, ал қойныңнан қынжылмастан оп-оңай тұрып кете салатын еркек үшін өйтуге болмайды-ау, сірә.

Медея (жағасынан ұстап тік көтеріп, бетіне тесіле қарап). Тыңда мені, алжыған! Сен тым көп білесің, мыжып көп сөйлейсің. Мен сенің емшек сүтіңмен қоректендім, гөй-гөйіңді де үзбей тыңдап келдім. Ал онда не тұр? Сүт емес маған азық болған, оны өзің де жақсы білесің. Сенің емшегің орнына ақ ешкіні емсем де болушы еді. Сондықтан тыңда! Құяңымды уқалатсам, бір жұтым шарап ішсем, кәрі сүйектерімді күн шуағына қыздырсам дейтін түпсіз мылжыңдарыңа тойып болдым. Онан да аяқ-табағыңа бар, картоп аршы, алжыған, сендейлер үшін бұдан лайық басқа жұмыс жоқ. Менің бастағалы тұрған ойыным, сендейлер үшін емес. Егер осы ойынның отына ақылың кемдігінен екі ортада босқа күйіп кетер болсаң, несі бар, өлесің де қаласың! (Аяқ астынан итеріп тастайды).

Сүтана (шошына дауыстап). Медея! Келе жатыр!

Медея артына бұрылады. Қасында екі-үш адамы бар Креон келеді.

Креон. Медея деген сенбісің?

Медея. Иә, болсақ, болармыз.

Креон. Мен – Креон, осы елдің патшасымын.

Медея. Қош келдіңіз!

Креон. Сен туралы естігенмін. Сан алуан қылмыстарың осы елге де жақсы мәлім. Кеш түссе, аралдың бар қатыны тіл алмаған балаларын сенің атыңды атап қорқытады. Сенің осы бір иесіз шет бұрышта оңаша тұрып жатқаныңа мен біраз шыдамдылық көрсеттім, бірақ енді кетуің керек.

Медея. Коринф халқы менен не жаманшылық көріпті? Тауықтарын ұрлаппын ба? Менің кесірімнен малдарына топалаң келіп пе? Әлде, ас пісіру үшін суын алып, құдықтарын улаппын ба?

Креон. Әзірге, жоқ. Бірақ соның бәрін істей аласың. Сондықтан кет.

Медея. Креон! Менің әкем де өзіңдей патша.

Креон. Білемін. Колхидаңа барып, арызыңды сол жерде айтарсың оған.

Медея. Жарайды, қайтайын еліме. Аулыңның қатын-қалашын бұдан ары қорқытпайын, менің аттарым бұл жердің жаман шөбін жемей-ақ қойсын. Қайтайын, бірақ мені басында осында кім әкелсе, қайтадан Колхидама да сол апарып салсын.

Креон. Бұнымен не айтпақсың?

Медея. Язонды қайтар.

Креон. Язон – менің қонағым, ескі дос патшамның баласы, өзін қалай ұстаймын десе, еркі біледі.

Медея. Ауылыңда ән-күй толастар түрі жоқ. Шарап ішіп, аспанға отмоншақ шашып, дүрілдетіп би билеп жатырсыңдар. Егер бүгінгі кеш сенің жеріңдегі менің ең соңғы түнім болса, онда неге ақ ниетті коринфендіктерің толассыз мазамды ап ұйқы бермейді маған?

Креон. Кет деп айтуға келген себебім – қазір менің сарайымда қызымның ұзатылу тойы болып жатыр. Таң атқасын Язон екеуінің некесін қиямыз.

Медея. Ұзақ ғұмыр тілеймін екі жасқа, бақыттары ашылсын!

Креон. Олар сенің бата-тілегіңе мұқтаж емес.

Медея. Бетімді қайтарма, Креон. Онан да тойыңа шақыр, қызыңмен таныстыр. Оған пайдам тиюі мүмкін. Қалай дегенмен Язонға он жыл қатын болдым ғой, бір кісіні танып-білу үшін жетерлік уақыт, ал сенің қызыңның онымен танысқанына небәрі он-ақ күн.

Креон. Сендер кездеспесін деп әдейі бүгін түннен қалмай Коринфтен кетуіңе жарлық шығардым. Атыңды жек, жинал, бір сағаттың ішінде шекараның арғы сызығынан көретін болайық сені. Мына адамдар шығарып салады.

Медея. Егер бас тартсам ше?

Креон. Сенің қолыңнан өлген кәрі патша Пелеастың балалары осы аймақтағы барлық патшаларға тапсырып қойған, сенің басыңды сұрап. Бас тартсаң, ұстап беремін.

Медея. Білемін, олар сенің бақуатты күшті көршің. Мұндайда бір-біріне көмек көрсету патшалардың байырғы салты. Ондай ойың болса, осы тап қазір неге ұстап бермейсің мені?

Креон. Осы елден бөгетсіз шығып кетуіне мұрсат бер деп Язон еді өтінген.

Медея. Қамқоршым Язон! Менің мойнымда саған деген ықылас қарызым кетуі керек екен ғой. Язонның тойы болған күні, мына жақта фессалиліктер мені азаптап-қинап, қорлауы тиіс екен ғой. Коринфтен таяқ тастам жерде, сенің күйеу балаң үшін, керемет тату көршіңнің бұрынғы күйеу баласы үшін жаналғыш жендет соты алдында Пелеасты қалай өлтіргенім туралы менің берген жауабымды естігің келген екен ғой. Креон, сен өз міндетіңе тым жеңіл қарайды екенсің! Мен патша әкемнің сарайында жүргенде-ақ білгенмін, билікті бұлай атқаруға болмайды. Мені тап қазір, тап осы жерде жазалатуға дереу бұйрық бер!

Креон (түнеріңкі) Сүйтсем де болар еді. Еркіңе жіберуге уәдемді беріп қойдым. Сенің бір сағаттық қана уақытың бар.

Медея (кеудесін кере асқақтап). Креон, сен алжыпсың? Сен патшалық құрғалы қай заман, адамның да, құлдардың да түр-түрін көрдің. Әртүрлі былық-шалықпен тым ұзақ айналыстың. Көзіме тура қарашы, танимысың мені? Мен Медея! Эатестің қызымын, ол қажетті кезінде, менікімен салыстыруға да келмейтін болмашы кінәсі үшін кез келген адамның басын табанда ойланбастан шапқызып жіберетін. Демек, мен де сенің тегіңненмін. Біз соттасақ, үкім шығарсақ, әділ-теріс деп ойланып жатпаймыз, шешімді өзгертпейміз, ол үшін ұялып, бет қызарту дегенді де білмейміз. Алайда сен қазір патшаның ісін істеп тұрған жоқсың, Креон. Егер Язон қызымның күйеуі болсын десең, мені, ана алжыған кемпірді, қамсыз ұйықтап жатқан сәбилерді және аттарды қоса өлтір деп жарлық бер тап қазір. Сенің адал құлдарың бәрін түгел өртесін де күлімізді жел өтіне шашып жіберсін. Медеяның артында, шөп арасында, ошақ орнындай қарайған өртең мен кеш түссе коринфтік балаларды қорқытатын үрейлі аңыздан басқа ештеңе қалмасын.

Креон. Не себепті өлгің кеп тұр?

Медея. Менің өлмей жүре бергенімнен енді не пайда? Саған да, маған да, Язонға да, тіпті бір сағатқа болса да, менің тірі жүре тұрғанымнан енді ешқандай мән жоқ. Оны өзің де жақсы білесің.

Креон (біртүрлі олақ қимыл жасап, құмыға сөйлейді). Қан төгуден шаршадым.

Медея (айқай сап). Онда сенің патша болып отыра беруіңе болмайды, алжығансың! Сондықтан орныңды ұлыңа босатып бер, патшалықты дұрыстап ұлың атқарсын, ал сен жүзім бағыңды күтіп, кәрі сүйегіңді күн шуағына қыздырып жайыңа кет. Сенің қолыңнан енді одан басқа түк келмейді.

Креон. Өркөкірек! Қаншық! Сенен ақыл сұрайын деп келгем жоқ!

Медея. Сен ақыл сұрамасаң да, менің саған ақыл айтуыма тура келіп қалды. Өйткені құқым бар. Ал сенің құқың, егер қолыңнан келгенде, менің аузымды жаптыру еді.

Креон. Саған зиян тигізбей, босатып жіберемін деп Язонға уәде бермегенімде.

Медея (кекетіп). Зиян тигізбей! Жоқ, ол есебің болмас. Мені ешбір жазасыз еркіме жібере салу тым оңай шешім. Мені өлтіріп, жер бетінен із қалдырмастан құртып жібермей болмайды. Он жыл бойы жер-дүниені қатар жүріп, бірге шарлаған Медеясы оның әлдебір қателіктен болған елесіне, естелігіне айналуға тиіс. Язонның бар ойлаған арман-мақсаты, міне, осы! Мейлі, ол мені мазаққа айналдырсын-ақ, сенің салтанатты сарайыңнан сыртқа шықпай тығылып жатсын-ақ, бас сауғалап қарулы күзетшілерінің ығына паналасын-ақ, тіпті сен өлгеннен кейін орныңа Коринфтің патшасы болсын-ақ, бәрібір біздің есімдеріміз бір-біріне мәңгіге байланған. Язон және Медея! Бұл екеуін бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Мені қуып жібер немесе өлтір, бәрібір біз мәңгі біргеміз. Сен мұны қалайсың ба, қаламайсың ба, сенің қызың біз үшін, Язон екеуміз үшін тұрмысқа шығып жатыр, түсінемісің. (Айқайлап). Креон, патша екеніңді кәне, көрсет! Қуып жібер Язонды! Мен жасаған қылмыстарға ол да ортақ. Менің қолым былғанған қанға оның да қолы былғанған. Сол былғаныш қолдарымен ол енді сенің қызыңды да аймаламақшы. Ол екеумізге бір сағат, тіпті одан да аз уақытқа мұрсат бер. Бірге жүріп кезекті қылмысымызды жасағасын, ол жерден де қол ұстасып бірге қашатын үйреншікті әдетіміз еді. Ант ішейін, тез жиналып, қарамызды батырамыз!

Креон. Жоқ, өзің жалғыз кет.

Медея (кенет момақан күйге түсіп). Креон, жалынбаймын. Жалыну қолымнан келмейді. Бағыныштылығымды білдіріп, алдыңа кеп тіземді бүге алмаймын, даусымды да бұқтырта алмаймын. Соны біле тұра мені өлім жазасына кескің келмегеніне қарағанда, адамгершілігің бар екен. Менің бұл жерден жалғыз кетуіме жол берме. Қуғында жүрген мен бейбақтың кемесін өзіме қайтар, қасыма еріп келген серігімді де қайтар! Мен бұл жерге жалғыз келген жоқпын ғой. Бізді бір-бірімізден бөлектеудің не жөні бар? Язон үшін мен Пелеасты өлтірдім, әкеме опасыздық жасадым, туған бауырымның ажалына жеттім. Мен Язонның меншігімін, қатынымын, менің жасаған әрбір қылмысым оның да қылмысы.

Креон. Өтірік айтасың. Мен бәрін анықтадым. Егер Язонның әрекеттерін сенің істеріңнен бөлек алып қарастыратын болсақ, оны түсінуге болады. Сот талқысына салсақ, ақталады. Сен өз абыройыңды өзің төктің. Язон жерлесіміз, осы төңіректегі жақын патшаның бірінің баласы. Жасында, өзі сияқты достарына еліктеп тентектік жасаса жасаған шығар, ал қазір ол түзелген, біз өзіміз қандай болсақ, ол да сондай. Сен болсаң жат жұрттансың, өзіңе тән алдамшы көзбояушылықпен, айналаңа өшпенділікпен жанығып жүрген бөтен біреусің. Колхидаңа қайт, өз руыңның ішінен өзіңе лайық жабайы біреу табылар, мына ашық аспан астында, момақан шалқар теңіз жағасында өзімен-өзі тыныш жатқан біздің елді жайына қалдыр, сенің мекерліктен күйіп-жанып, ашудан жылап-сықтаған гөй-гөйіңе бұл жерде енді ешкім де пысқырмайды.

Медея (сәл үнсіз тұрып). Жарайды, кетейін бұл елден. Кетейін. Балаларды не істеймін? Олар күнәдан туған жоқ, Язондікі ғой.

Креон. Олар саған жол жүргенде аяғыңа оралғы болмасын деп шешті Язон. Осында қалады. Менің сарайымда ер жетеді. Балаларыңа жақсы қамқоршы болуға уәде беремін.

Медея (момақансып). Сізге тағы да рахмет айтатын болдым-ау. Біреуді жек көру сезімінен ада әрі әділ, адамгершілігіңіз мол екен.

Креон. Рахметіңді өзіңде қалдыра тұр да бөгелме енді. Жиналуға берілген бір сағатың бітуге айналды. Кешікпей ай туып, жарық молайған кезде бұл жерде саған ешкім де қорған бола алмайды. Жарлық берілген.

Медея. Менің Кавказымды қанша жерден түсініксіз, суық әрі жабайы десе де, онда да әрбір ана өз бөбегін құшағына алып әлдилеп өсіреді. Тіпті аң екеш аңның да өз баласына деген мейірімі шексіз… Сәбилерім әнеу жерде ұйықтап жатыр. Мына қара түнді от көсеулерімен айғыздап, айқай-сүренге сап орман-тоғайды шулатып жеткен жат қолдар сәбилерімді шырылдатып, менен ажыратып, күштеп алып кетер болса, аналары жасапты деген қылмыстың өтеуіне кесілген тым ауыр жаза болмай ма? Маған таң атқанша мұрсат бер! Таңертең ұйқылары қанған соң, бөбектерімді әдеттегідей өзім оятып, өз қолыммен жіберейін саған. Уай, патшам, сенім білдір Медеяға! Бөбектерім ұзап көзден таса болғанша, бұл жерден мен де батырармын қарамды.

Креон (біраз қадала қарап тұрып, кенет). Болсын дегенің! (Көзіне көзін қадай тұрып, суық сөйлеп). Мен шынында қартайған екем… Тұтас бір түн – сен үшін тым ұзақ уақыт. Талай қылмыс жасап үлгеруің үшін жеткілікті. Келісім бергенім, сірә, дұрыс болмады-ау деймін… Алайда мен де, Медея, талайдың қанын жүктеген жан едім. Есалаң мас сарбаздарымды бастап барып жаулап алған елге баса-көктеп кіргенімде, жас балаларға шейін қырып салатынмын. Сол күнәларымның өтеуіне сәбилеріңнің бір түнгі тыныш ұйқысын өз тағдырларына байладым. Егер қаласаң, менің бұл кеңпейіл жомарттығымды ішкі арам пиғыл ниетің болса, жүзеге асыруға пайдаланып, байқап көр! (Нөкерлерін ертіп шығып кетеді).

 Ол кетісімен Медеяның жүзі шырайланып шыға келеді. Кеткендердің артынан түкіріп, бар даусымен айқай салады.

 Медея. Креон, мен қапы кетпеймін! Медея қапы кетпейді! Тағдырды демеп көрейін! Кәрі арыстан, жалбарынғаныма құлақ тосып, өзің өлтірген сәбилердің күнәсін өтемек болсаң, тырнағың мұқалған екен. Иә, менің кішкентайларымының ұйқысын бұзбауға келіскенің, күнде, қараңғы кеш түсіп, қаңыраған сарайыңда жалғыз қалған кезіңде, өз қолыңмен өлтірген сол бір жазықсыз сәбилердің азапты шырылы кеудеңді іштен мысық болып тырналайтын болғаны ма? Жоқ, ол сенің мес қарның, кәрі мешкей, басқа түк те емес. Мес қарның ішкен-жегеніңді дұрыс қорыта алмайды, бар болғаны сол ғана. Онанда ботқа же, дәріңді іш, мейірімді болып көріну сенің не теңің?! Алжыған Креон, өзіңше әділ боп көрінбек қулығың айналаңа күмән тудыратынын жақсы білесің, өйткені тісің пышақтай, қайратың тасыған жас шағыңда қаншама жанның жазықсыз өмірін қиғаныңды, әрине ұмытқан жоқсың. Бөрілер өз тобының ішіндегі кәрісін өлтіреді, қартайғанда өткендегі қылмыстарын еске алып, өкініп, босқа алжымасын деп өлтіреді. Ендеше сен де, Креон, қайырымдылық жасадым, сол үшін Тәңірден рахым келеді екен деп босқа үміттенбей-ақ қой. Өйткені мен Медеямын, алжыған кәрі айдаһар! Мен не нәрсеге де салқынқандылықпен қараймын, сенің құрған қармағыңа түскілері келсе, Құдайлардың өздері білсін. Ал мен қайырымдылықтың да, қысастықтың да не екенін жақсы білемін; әр істің қолма-қол төлемі болады, өзіңді-өзің қорғау үшін қандай амал қолдансаң да орынды. Маған бүтін бір түн уақыт сыйлағаныңа қарағанда, қаның суыған екен, өмірлік күш-қуатың сарқылған екен, ендеше көп кешікпей сазайыңды тартасың! (Сүтанаға айқайлап). Жинал, кәрі қақбас! Қазан-ошақты жинастыр, көрпе-төсекті ора, аттарды арбаға жек! Кетеміз.

 Язон келеді.

 Язон. Қайда жиналдың?

Медея (жалт қарап). Қашқалы тұрмын, Язон! Қашқалы тұрмын. Орныққан жерімнен қашып жатқаным мен үшін бұл бірінші рет емес. Бірақ себебі бұрынғыларға қарағанда басқашалау. Бұған дейін мен бір сен деп, бір сен үшін бас тігіп қашатынмын.

Язон. Әлгілердің арттарынан білдірмей еріп келіп, олар кеткенше бой тасалап тұрдым, сенімен оңаша кездесу үшін.

Медея. Не, бірдеңе айтқың келді ме?

Язон. Келсе ше, күмәнің бар ма? Онан да ойындағы барыңды кетер алдында түк қалдырмай түгел айт, естіп қалу үшін әдейі келдім.

Медея. Қорықпайсың ба?

Язон. Қорқынышым… жоқ емес.

Медея (ақырын жақындап келіп, кенет). Кәне, түріме қара менің. Мен сені сүйдім! Он жыл бойы қасыңда болдым. Қартайыппын ба, қалай ойлайсың, Язон?

Язон. Иә.

Медея. Ал сен екеуміздің Колхида түнінде бірінші рет кездесетіндегі қалпыңнан түк өзгермепсің, мен үшін. Кемеден түсіп келіп, алтын қойдың терісін талап ететін батыр жігіт, ерке бозбала, менің арқамда өлімнен аман қалған сол сылқым, шынында мына сенбісің?

Язон. Иә, менмін.

Медея. Мен сонда жеті қат жер астынан бірінен соң бірі шыға келіп, сенімен айқасуға тап-тап ұмтылған бұқалар мен жалғыз көзді дәулердің, алтын қойдың терісін күзеткен айдаһардың ортасына жалғыз тастап кетуім керек пе еді сені?

Язон. Оны өзің білесің де.

Медея. Сол жерде өлгеніңде… маған Язонсыз өмір сүру әлдеқайда жеңілірек болатын ба еді.

Язон. Ал маған Медеясыз. Бұл тұрғыдан мен де талай ойланғам.

Медея. Алайда Язон да, Медея да дін аман, демек, өмір қандай болса, біз оны сол қалпында қабылдауға тиіспіз. Қайын атаңнан көмек сұрағаның бекер-ақ болған. Жендеттеріне айдатып мені бұл елден қуып жіберген күннің өзінде, арамызды теңіз суы қақ жарып екіге бөліп тастаса да, бәрібір біз екеуміз ажырамаймыз ғой, оны өзің де білесің. Ол мені өлтірмек болғанда, қолын неге бөгедің?

Язон. Себебі – Медея, сен менің ұзақ жыл қатыным болдың, сені сүйдім.

Медея. Енді қатының емеспін бе?

Язон. Иә.

Медея. Демек, бақыттысың, Язон, Медеядан босадың. Алайда сен одан қалай құтылдың екен? Сені одан құтқарған анау коринфтік кішкентай балауса қызға деген кенеттен келе қалған ғашықтық алау сезімің бе, оның алқымынан шығатын ашқылтым жас иіс пе, әлде, күн тимеген ашасын ашуға қаймығатын уыз саны ма?

Язон. Жоқ.

Медея. Енді не?

Язон. Ол – сен.

Пауза. Олар қарсы келіп бір-бірінің көзіне тура қарайды. Кенет Медея шаңқ ете қалады.

Медея. Жоқ, құтыла алмайсың, Язон! Медея сенің мәңгілік қатының. Мені қуып жібересің бе, шаптыққан даусыма шыдамай тап қазір осы жерде тұншықтырып өлтіресің бе, сонда да бәрібір сен ешқашан өз жадыңнан Медеяны өшіре алмайсың! Ашу-ызадан қанға толып қабарған бетіме қарашы, бойыңдағы бар жиіркеншіңмен үңілші! Уақыт пен қайғы ұсқынымды кетірсе де, жасаған көп күнәмнің айғыздалған іздері сайрап тұрса да, бір күндері қарттық жеңіп, алжыған мыстан кемпірге айналсам да, бәрібір сен бұл беттен қашан өле-өлгеніңше Медеяның баяғы әсем келбетін іздейтін боласың!

Язон. Жоқ. Біржола ұмытамын.

Медея. Рас па? Басқа бөтен көздердің жарқылына сүйсінесің бе, басқа бөтен еріндерден бал сорасың ба, кез келгенмен қойындаса кетіп, еркектік жылымшы құмарлықтың жетегінде боласың ба? Жарайды, өрекпіме, басыл, саған бір ұрғашы аз екен ғой, ендеше ондайлардың алда әлі жүзін, тіпті мыңын құшақтайсың. Бәрібір сен олардың көзінен менің көзімнің отын, еріндерінен менің ернімнің дәмін, бойларынан менің, Медеяның, өзгеше иісін іздейтін боласың!

Язон. Ал мен осы айтқандарыңның бәрінен қалай құтылсам екен деп жүрдім.

Медея. Сенің еркектік жаман ақылың, бәлкім, солай ойласа ойлайтын шығар, алайда қолдарың қараңғы көрпе астында бөтен әйелдің денесін сипалап жатып, көзіңнен бұлбұл ұшқан Медеяның денесіне ұқсастық іздеп дегбірі кетеді. Салқын санаң айтады: мына дене мың есе сымбатты әрі уыздай жас екен дейді. Сондықтан бір сәтке де алданбас үшін көзіңді өтірік жұмба, Язон! Өйткені ырқыңа көнбеген қолдарың бұрынғы өзіне таныс дененің үйреншікті нобайларын мазасыздана іздеуін әсте тоқтатпайды. Иә, маған ұқсатқан талай Медеяларды тапқаныңмен, ал мен бұл кезде әбден қартайып, терісіне жабысқан қу сүйекке айналсам да, сен өзіңнің қалтыраған кәрі қолдарыңмен бөтен әйелдің қай жерінен сипама, соның бәрінен сезімталдығын жоғалтпаған саусақтарыңның ұшы Медея денесінің нобайын танығандай болады да, соның өзіне марқайып, есің кеткендей күй кешесің. Кесіп таста қолыңды, Язон, егер тағы да ғашық болғың келсе. Тап қазір кесіп таста да, жаңа қол жасап ал!

Язон. Мен туралы, шынымен-ақ, менен жаңа махаббат табу үшін кетті деп ойлап тұрсың ба? Мен туралы, шынымен-ақ, бәрін жаңадан бастағалы жүр деп ойлайсың ба? Мен қазір сені ғана емес, махаббат деген сөздің өзін өлердей жек көремін!

Пауза. Олар бір-біріне қарап қалған.

Медея. Мені қайда қумақсың? Қай тарапқа жер аудармақсың? Фазаис жағалауына, Колхидаға, әкемнің патшалығына, туған бауырымның қаны төгілген өтікеніме жете алатыныма кепілмісің? Кет дейсің… Сенсіз қай тарапқа бет бұрсам екен? Қай теңіздің шалқарына шығып кетсем екен? Сенің артыңнан жүзіп, бір сен үшін жолдағыларды алдап, арбап, ұрлық жасаған Понти бұғазына ма? Әлде, мені ешуақытта өлсе ұмытпайтын Лемносқа ма? Немесе мені қашан қолға түсер екен деп аңдып отырған Фессалияға ма? Сені құтқару үшін мен олардың патшасын өлтірдім емес пе! Бір сен үшін мен барлық жерден жол аштым, бірақ өз жолымды жауып тастап отырдым. Сансыз көп күнәсінің бесбатпан салмағынан жаншылған Медеямын мен. Мені сен ұмытсаң да, басқалар ұмытқан жоқ. Қылмысты істердегі бұрынғы серіктесің басыңа бәле болды-ау, ә, солай емес пе? Креонға айтып ендігі мені өлтіртіп тастағаныңда ғой, бүйтіп өкінбейтін едің.

Язон. Мен сені құтқарамын.

Медея. Құтқарамын? Өз басының қайғысы мен өшпенділігін қоса арқалап, өмірден қаңғып өтуге жазаланған, қу сүйегі терісіне жабысып, арып-ашқан Медеяны ма? Әлдебір жан білмейтін түкпірде атаусыз қалып, жұрт оны біржола ұмытып кетуі үшін алдына бір жапырақ нан тастап, басына пана тауып бермексің бе?.. Неден қорқасың, Язон? Бастаған екенсің, неге түптемейсің? Медеяның үні енді мәңгі шықпасын десең, оның басына пана болғандай бір ғана жер бар. Иә, әуелі мені тыныштандырып алмай, ешуақыт басыңда маза болмайтынын өзің де біліп тұрсың. Басыма тыныштық сыйла, бар Креонға, келістім де. Сен үшін бұны істеу түк емес қой! Қас қағым сәт, бәрі бітеді. Бүгін сен Медеяны өлтіртесің. Медея – өлік. Оның қаны шашылғаннан бірдеңе өзгере ме, өзгермейді. Жерге тамған қанымды сүртіп тастайды, жан қиналғаннан қисайып кеткен бетімді, салбыраған жансыз денемді жасыру үшін бір шұңқырға апарып көме салады… Сонымен бәрі бітеді. Бол, Язон! Бұдан әрі күтіп тұра беруге шыдар түрім жоқ. Бар Креонға, келістім де.

Язон. Жоқ!

Медея (жұмсарып). Неге? Тәні жыртылып, қол-борбайы бөлшектеніп жатқанда жаны қиналады деп ойлайсың ба?

Язон. Мен сенің өлгеніңді тіпті де қаламаймын. Өлімің ол да сенің өзің. Мақсатым – сені ұмыту, тыныштық табу.

Медея. Язон, бұл арманың ешқашан орындалмайды! Өйткені сен оны Колхиданың ну орманы ішінде шап беріп, құшақтай алған сол бір меңіреу түнде жоғалтып алғансың. Өлі болайын, тірі болайын, Медея әрқашан қуанышыңда да, ренішіңде де қасыңнан бір елі қалмайды. Екеуіңнің араңда сонда басталған әңгімені тек сенің өлімің ғана үзеді. Иә, ғашықтық ыстық лебізбен, алаңсыз еркелікпен басталған әңгіме кейін келе бет жыртысқан ұрыс-керістерге ұласқан күндер болды. Сен қазір мені ит етінен жаман жеккөруің мүмкін, мейлі, есесіне, арамыздағы бір басталған бастапқы әңгімені бәрібір үзгің келмейді. Өйткені бүкіл әлем сенің көзіңе Медея бейнесінде елестейді.

Язон. Сен үшін де бүкіл әлем Язон кейпіне айналған болар?

Медея. Иә, айналған.

Язон. Ендеше қалайша тез ұмыта қалғансың! Мен қазір бұл жерге отбасылық шатақ іздеп келгем жоқ, алайда өзің айтып тұрғаныңдай, жар төсегінен бірінші суыған кім? Таза тәнін ластап басқа бөтен қолға сипатқан кім? Басқа бөтен еркектің салмағынан езілген кім?

Медея. Мен!

Язон. Екеуміздің Наксостан не себепті қашқанымызды ендігі ұмытып кеткен шығарсың деп жүрсем.

Медея. Сен менен суи бастадың. Рас, түн келгенде әдеттегідей қойындасып жатасың, о, бұл еркек иттің ойына не келмейді дейсің, ал қиялыңмен шарықтып басқа жаңа ләззат іздейтінсің. Соны біліп, менің сенен бірінші боп қашқым келгені өтірік емес.

Язон. Құтылудың жолы – қашу дедің бе?..

Медея. Құтыла алмағаныма қарағанда, ол емес-ау… Бірақ сол түннен бастап сенен таппаған әлгі бөтен қолдың жылуын, оның ащы кермек иісін, одан алатын құмарлық ләззатын өлердей қатты жеккөріп кеттім… Сол себепті мен оның келетін уақытын айтып, саған әдейі өлтірттім. Сөйтіп, оған да опасыздық жасадым, қылмысыңа ортақтастым. Сол бір тылсым кешті сен де ұмытпаған шығарсың? Есіңде ме «ол келіп тұр, ұстап ал да өлтір» дегенім?

Язон. Доғар, бұл сөзді енді ешқашан естімейтін болайын!

Медея. Сол кеште мен бір емес, екі рет иттік жасадым, солай емес пе? Сен мені барынша жек көріп тұрдың, суық көзбен сұғына қарадың, мен үшін енді одан басқа түк қалмағанын білсем де, тастама, өзіңмен ала кет деп жалындым… Ал ол өте сымбатты еді, менің наксостық бақташы ойнасым. Қылшылдаған жас әрі мені шын сүйетін.

Язон. Ендеше оны маған неге өлтірттің? Әйтпегенде, мен қазір сенен әлдебір алыс жырақта өз бетімше тып-тыныш қана еш алаңсыз өмір сүріп жүрер ем.

Медея. Солай шештім. Өйткені мен сенің бойыңдағы бас білмес асау өшпенділіктің қан тамырымын. Сондықтан жалбаңдап тағы ердім артыңнан, ертеңінде мен үшін суып кеткен қойныңда бұралқы күшікше тығылып жатып, әйтеуір, бір ұйықтап алсам-ау деп ұйғардым. Мен де сені жек көрдім, сезбедің бе? Мың есе артық жек көрдім! Жалғыз қалғанда, айнаға қарап отырып қасқыр боп ұлыдым, сояу тырнақтарыммен өз бетімді өзім аямай тырнадым, өйткені мен үйренген төсегі үстінен түскісі келмейтін сал бөксе қаншықпын… Жыртқыштар жабайы құмарлықтары тарқасымен-ақ әрқайсысы өз жөніне кетіп, бір-бірін тез ұмытады… Ал мен сені – коринфтік сұлулардың жүрек әміршісін, өзімнің бес саусағымдай жақсы білемін, қолыңнан не келіп, маған не бере алатыныңа да әбден қанықпын… Міне, көремісің, сондықтан әлі де қасыңдамын.

Язон. Бақташы ойнасымды өлтіртуге асығыстық жасадым деп ойламайсың ба?

Медея (асыға-үсіге). Мен бұдан кейін де талай рет ойнасқа бармақ болдым, Язон. Сезбедің бе? Бұдан кейін де басқалармен ойнас жасап көрсем деген ниетте болдым. Бірақ қолымнан келмеді!

 Пауза

 Язон (кенет, бәсең). О, сорлы Медея…

Медея (бойын тіктеп, ашумен). Аяма мені!

Язон. Менсінбеуге ше? Сорлы Медея, әбден шатастың-ау! Бақытсыз Медея, сенен бүкіл әлем теріс айналды. Өзіңе жаны ашып, аяныш білдіруге тыйым салмақсың ба? Саған енді ешкім, ешқашан аяушылық білдіре қоймас, әрине, бірінші кезекте мына мен. Сенің бастан кешкен қанқұйлы хикаяттарыңды осы бүгін тұңғыш рет естігендей болсам да, мен саған бәрібір аяушылық білдірмес едім. Еркек ретінде басқа еркектер қалай қараласа, мен де солай қаралаймын сені. Саған шығарылған үкім мәңгілік. Медея! Әуезді әдемі есім… Бұл дүние жалғанда тек бір саған ғана бұйырған есім. Мақтан! Өзіңнің қуаныштарыңды сақтайтын жан түкпіріңе жасырып қой мұны да; жер әлемде бұдан былай екінші Медея тумайды. Барлық ана атаулы нәрестесіне сенің атыңды беруден қашатын болады. Осы қазірден бастап жер әлемде күн сөнгенше Медея жалғыз.

Медея. Тіпті жақсы!

Язон. Тіпті жақсы! Тіктел, жұдырығыңды түй, түкірін, жер тепкіле! Сені сыртыңнан балағаттап сөгетіндер мен жек көретіндер қатары неғұрлым көбейген сайын, соғұрлым жақсы бола түседі, солай емес пе? Иә, өз айналаңды өзің жалмап, төңірегіңді тарылтқан сайын жаныңның іштегі сыздауық жарасы өршіп, өзіңді-өзің бұрынғыдан да асыра жек көре түсесің, керегі де осы ғой. Ал тап бүгінгі кеште сенің жалғыз болмауың – бұл да өзіңнің сорың. Бұ дүниеде сенің кесіріңнен ең көп азап шеккен адам менмін, өйткені жанымды қинап, қорлау үшін сен мені көп ішінен әдейі таңдап алған болатынсың. Иә, мен сені аяймын!

Медея. Аяма!

Язон. Жоқ, аяймын. Біреуге аз беріп, есесіне өзіңе одан көп алу үшін өмір сүретінің үшін аяймын. Өз ниетіңе өзің байланып, өзіңнің тар қалыбыңнан шыға алмай жүретінің үшін аяймын.

Медея. Аяушылығыңды өз артыңа қыстыра сал. Мен жаралы қаншықпын. Онан да жан сауғалағаның дұрыс болар.

Язон. Сен қарны жарылып, қарнынан ақтарылған өз ішегіне өзі сүрініп жүрсе де, жауына өршелене тап-тап беретін ызалы жыртқышқа ұқсап кетіпсің.

Медея. Мұндайда аңшы қаруын оңтайлап ұстау орнына «мен жеңдім» деп сақтықты ұмытса – құрығаны. Білесің ғой, менің қолымнан келмейтін бәле жоқ.

Язон. Білемін.

Медея. Ең соңғы шешуші сәтте мен ешқашан аяушылыққа ырық беріп, босаңсып көрген емеспін. Аз нәрсе үшін бар жиған көбімнен айрылып қалатындай қауіп төнгенде, өзің де талай көрдің, алған бетімнен бір тайғам жоқ.

Язон. Оның рас.

Медея. Ендеше бұл жерден не іздедің? Неге келдің? Өзіңнің түкке тұрғысыз аяушылығыңмен бәрін былықтырып шатастыру үшін бе? Менің оңбаған жан екенімді білесің. Басқаларға жасаған опасыздығымды саған да жасадым емес пе? Менің қолымнан бар келетіні – тек қана жаманшылық. Сенің, әрине, бұдан әрі төзе беруге шыдамың таусылуға айналған болар, оның үстіне тағы бір сұрқия ауыр қылмысқа дайындалып жүргенімді де сезесің. Сондықтан сақтан! Жан сауғала! Көмек шақыр! Маған қарап беталды шұқшиғанша, қалай аман қалуыңды ойла!

Язон. Жоқ, өйтіп әуре болмаймын.

Медея. Мен Медеямын! Медея! Ұмыттың ба? Қашан болмасын атыңа кір келтіріп, масқараңды шығарып жүрген Медеямын. Өтірік айтамын, алдаймын, ұрлық жасаймын, оның үстіне жаман салдақымын. Менің кесірімнен сен еріксіз қаңғыбасқа айналдың, мойныңа жазықсыз талайдың қанын жүктедің. Язон, мен сенің бағыңды байладым, жаныңның жазылмас сыздауық жарасына айналдым. Босқа өткен жастық шағың үшін, ойрандалған отбасың үшін, жалғыздықтан күйзеліп шет шығып қаңғып жүргенің үшін, басыңдағы барлық ауыр тауқыметің үшін бәріне кінәлі менмін. Басыңдағы барлық арам ойларың, бүкіл қылмысты істерің – ол да менмін! Мен – өзімшіл өркөкіректіктің, бойындағы мекерлігін тыя алмайтын зинақорлықтың, қанқұмар қылмыскерліктің ұясымын. Өн бойым түгел сасық, Язон, мүңкіп тұр. Менен бәрі қорқады, анадайдан қашып, жоламайды. Менің қандай жан екенімді, бетімнің әрі кетіп, қуарып-солатынымды, ұсқыным қашып, мыстан кемпірге айналатынымды сен жақсы білесің. Өйткені мына жарық дүниеде не жексұрын, не жаман соның бәрі маған, менің бойыма біткен. Естідің ғой түгел. Ендеше әлге шейін неменеге бола көз алмай қарап тұрсың маған мелшиіп? Маған сенің мейірбандығыңның да, жанашырлығыңның да түкке керегі жоқ. (Айқайлап). Жетер енді, Язон, бүйтіп маған тесіле қарағаныңды қоймасаң, тап қазір жарып тастаймын!

Язон (жұмсақ). Бәлкім, ең дұрысы да солай еткенің болар ма еді, Медея.

Медея (ақырын қарап қалады). Жоқ, мен сені өлтірмеймін.

Язон (жақын келіп, қолынан ұстап). Енді сен тыңда, мен сөйлейін. Мен сенің өзіңмен-өзің болғаныңа бөгет жасай алмаймын. Бойыңа біткен зұлымдықпен басқаларға зиян шектірмек ниетіңе де қарсы тұру қолымнан келмес. Оның үстіне өз шешіміңді жасап та қойыпсың. Әрине, ерегестің аяғы, әйтеуір, бір жамандыққа әкеліп соқтыратынын білген адам, шешілмейді дейтін дау-дамайдың өзінен жол табары ақиқат. Ал менің қолымнан ондай мәмлегерлік келмейді. Қолымнан бар келері – бір кезде тағдырымның маңдайыма жазып қойған рөлін аяғына шейін ойнап шығу ғана. Сондықтан ойымдағымды өз кезегімде сарқып айтуға менің де құқым бар. Сөзде тұрған не бар десек те, қазір бәрін айтып қалуға тиіспін. Егер бүгінгі трагедияның кейіпкерлері ішінде мені де өлім күтіп тұрған болса, тым болмаса, өз сөзіммен тазарып өлейін.

Мен сені сүйдім, Медея, еркек адам әйел затын қалай сүюі керек болса, мен де солай сүйдім. Сен махаббаттың тек осы түрін ғана білдің, бар қызық рахатына армансыз шомылдың. Ал мен болсам саған еркек құшағынан да артық қуаныштар сыйласам дедім, бірақ сен ол жағына мән бермедің. Мен сенің қасыңда, жатырда жатып анасының нәрімен жетіліп, жарық дүниеге келетін сәби сияқты еш қамсыз өмір сүрдім. Сен ұзақ уақыт менің жарығым, демалатын ауам, шөлімді қандыратын кәусарым, жейтін наным, бар тіршілігімнің көзі болдың.

Мен сені Колхидада алғаш кездестіріп, құшағыма алғанымда, қарапайым ғана қыз едің, рас, басқаларға қарағанда әлдеқайда сұлу, әлдеқайда тәкәппарлау болатынсың, ырқыма көндіріп, алтын қойдың терісімен бірге алдым да кеттім. Мен сені әкеңнің алтындарымен қоса ұрладым, әкеңнің алтындарын шашқандай сені де қалауымша пайдаланып, ештеңеден алаңсыз рахатқа бату үшін ұрладым. Қазір сен сол сері Язонды аяп тұрсың ба? Тәңірім-ау, менің сенен басқа да кемелерім, адал достарым, алдан күткен небір керемет қызықтарым болды ғой… Басында, Медея, сен мені қалай сүйсең, мен де сені солай сүйдім; іздегенім тек құмарлық ләззаты еді. Мен үшін де бүкіл әлем Язонның қуанышына, күш-қайратына, тайсалмас өжеттігіне, соның ашқарақ тойымсыз қомағайлығына айналып кеткендейтін. Сен де, мен де осындай аран тісті тойымсыз қомағай болғандықтан, әйтеуір, бір күні екеуміздің бірі екіншісін қалай да жеп қоюға тиісті еді.

Бір күні кеште, кәдуілгі жаңа ержеткен балауса қыз сияқтанып, иығыма басыңды сүйеп отырған қалпыңда ұйықтап кеттің. Бәлкім, ұзақ жол шаршатқасын қалғыған шығарсың, мен кенет, неге екенін өзім де білмеймін, саған қамқор болуым керек деген ойға келдім. Дәл сол сәтке дейін мен тек өз басының қызығын ғана ойлайтын, өзіне керегін күшпен тартып алатын Язон едім. Басыңды иығыма қойып, сайрап отырған тіл-жағың қалай сөнді, солай мен үшін табанда бәрі өзгерді де кетті… Айналамдағылар бірі күліп, біреулері самбырлап сөйлеп жатты, бірақ мен оларды мүлде сезбедім. Өйткені бозбала Язон өзгерген еді. Құдды мен сенің әкең де, шешең де болып кеткендеймін. Медея менің иығыма басын қойып ұйықтап отыр. Ұйқыңды қыбыр етпестен күзеттім, сонда сен, мүмкін, небір ғажайып түстер көрген шығарсың. Сосын мен сені жайлап көтеріп төсегімізге апарып жатқыздым, сол түні бірінші рет қойныңды ашпадым, сүйтейінші деген ниетім де болған жоқ. Жәй ұйқыдағы жайбарақат келбетіңе қарадым да отырдым. Сенің әкең жіберген қуғыншылардан біршама қара үзіп кеткенбіз ғой, жан-жағымызды менің қандыбалақ жолдастарым күзетіп тұрды, түн тыныш өтті, сонда да таң атқанша көз ілмедім. Кімнен қорғағанымды өзім де білмеймін, әйтеуір, көз ілместен түнімен сені күзеттім.

Ертеңіне тағы да ұзақ сапар басталды, бір-бірінен егіз қозыдай айнымайтын ұқсас күндер алмасып өтіп жатты, менің иек қаққанымнан қалмай жат теңіздерді кешіп өтіп, қолдарындағы қаруларының әлсіздігіне қарамастан, қандай жыртқышқа да тайсалмастан қарсы баратын артымнан ерген адал серіктерім-колхидалық жігіттердің бойын біртіндеп қорқыныш үрей билей бастады. Өйткені олар менің көңілімнің түгел саған ауғанын көріп, өздеріне көсем болудан қалғанымды байқады, жаңа жеңістерге бастай алмайтынымды сезді. Мен олардың көздерінен маған деген немқұрайдылықты, тіпті жеккөрушілікті байқадым, бірақ реніштерін білдіріп, ешқайсысы тіс жара қойған жоқ. Қолымыздағы ортақ алтынды бөліскен соң, олар өз жөндеріне кетті. Бәрі айналып өз орнын тапқандай, қашан соңғы демім біткенше, осы өзіміз үйренген қалыпта өмір сүре беретін шығармын деп ойладым. Өйткені бүкіл тіршілік әлемі мен үшін Медея болып кеткен-ді…

Екеуміз ылғи бірге жүретін, бір-бірімізден ой жасырмай сырымызды қылдай бөлісетін сол күндерді сен шынымен ұмыттың ба? Тіршілігіміз күн санап қиындай түссе де, өмір үшін қасқайып күрескен қос мұңлық, жеңдерін түріп қойып, бар тапқан-таянғандарын бірге алып жүріп, барлық істе, тіпті өлім алдында да өздерін тең санайтын, кездескен қиындықты қатар көтерісіп, бір бөтелке шарапты да қылдай бөлісіп ішетін, бұзық біреулер тиіссе әрқайсысы өз қанжарымен қарсы шығып, айқаса кететін ажырамас қос бауыр емес пе едік біз? Осындай қиын өткел кезінде көмектеспек боп саған қол созбасам, сен өкпелемес пе едің? Менің қарамағымда бір кішкентай ғана қайық болды. Ал менің бар әскерім сар шашты кекілін қиық орамал астына жасырған, талдырмаш келген, алдындағы шексіз теңіз қиырынан көз алмай қарап отыратын аса бір нәзік жан еді, алайда осынау адал, жалғыз әскермен-ақ бүкіл әлемді жаулап алу қолымнан келетін… Мен үшін жан беруге дайын отыз матросымды алып «Аргомен» жолға шыққан брінші күні мен өзімді тап бұлай күш-қуаты тасыған алыптай сезінбеген болармын ешқашан. Кеш түсіп, қарсыласқан жау сарбаздарын жапыра жеңіп, бәріміз бір сәт дамылдауға отырғанымызда, сомаладай еркек пен әйелдің бір көйлектің астына сыйып кеткендерін көрген жауынгер серіктерім «махаббат деген осы екен-ау» деп өзара қатты қайран қалушы еді…

Біз қазір бақытсызбыз, арамыздағының бәрі бітті, жанымыз өлшеусіз азап шегуде… Сонда да ол күндер біз үшін тағдырдың үлкен сыйы болатын, ендеше оны қанша күнә жасалып, қанша қан төгілсе де жоққа шығара алмаймыз…

 Үнсіздік. Язон ойланып кеткен. Ол сөйлеген кезде Медея жерге құйрық қойып, тізесін құшақтап, басын төмен салып үнсіз тыңдаған. Язон оның қатарына жақындап, өз бетінше сөйлей береді.

 Сосын кішкентай жауынгер өзінің сүйкімді әйел бейнесіне қайта оралды, қолбасшы қайтадан еркек қалпына енді, сөйтіп, сол күннен екеуміздің бір-бірімізді азаптауымыз басталды да кетті. Қасымнан бір сұлу бикеш өтсе, мен оған көз сүзетінді шығардым. Бірінші рет сенің басқа еркекпен сөйлесіп тұрып, сықылықтап күлгеніңді естігенде де қайран қалдым. Сосын сен өтірік айта бастадың. Алғашқы айтқан өтірігің улы жыланша жылмаңдап, көпке дейін соңымыздан қалмай қойды; ал біз болсақ артымызға бұрылып, оның бетіне тура қарауға да жасқандық. Өтірікті екінші рет тағы айттың, сөйтіп, біртіндеп көбейте бердің. Түн көрпесін жамылып, ләззат қызығына түскен шақта, осындайды ашқарақтана тілейтін тәніміздің опасыздығынан екеуміз де ұялатынбыз, ал бұл кезде өтіріктің жегі құрты жанымызды іштен кеміріп, тынысымыз тарылып, миымыз шағылатын. Бір-бірімізге деген жеккөрушіліктің күдік құрты арамызға осындай ықылассыз қойындасулардың бірінде түсіп кетті білем; содан бері үшеу болдық, сен, мен және арамыздағы күдік құрт. Алайда баяғыда өлген жансыз нәрсе туралы айта бергеннен не шығады? Саған деген мендегі өшпенділік те баяғыда өлген…

Медея (ақырын). Егер екеуміздің әңгіме етіп тұрғанымыз баяғыда өлген болса, онда осыншама азап шегіп, қиналуымыздың не жөні бар, Язон?

Язон. Өйткені дүниедегінің бәрі өмірге азаппен қиналып келіп, азап шегіп қиналып барып өледі.

Медея. Сен де азап шектің бе?

Язон. Әрине.

Медея. Өз білгенімді істеймін деп бәрібір мен сенен бақыттырақ болғам жоқ.

Язон. Білемін, ол солай.

 Пауза

 Медея (тұншығыңқы) Менен неге ертерек құтылмадың?

Язон (қимыл жасап). Сүйдім ғой сені, Медея! Біздің бетімен кеткен жүгенсіз салтымызды сүйдім. Қасымнан бір елі қалмай жүріп, менің адамдарға жасайтын зұлымдық пен қысастықтарыма ортақтасқаның үшін ұнаттым. Қылмыс үстінде бір-бірімізді сөз айтпай түсініскен осындай жауыздық ерліктерден кейін шаршап келіп, арба қуысындағы қомша үстінде екеуміздің анайылықпен өршелене қойындасатын құмарлық айқастарымызды ұнаттым. Мен сенің тойымсыз қорқау әлеміңді, өжеттігіңді, қорқыныш атаулыға пысқырмайтыныңды, өлімнің бетіне күле қарайтыныңды, жолыңда не тұрса да қиратып өткің келетін көзсіздігіңді – бәрін – ұнаттым. Мен де сен сияқты ешқандай тыйым дегенді білмедім, сондықтан қашан жаным кеудемнен шығып кеткенше шайқасып, арпалысумен өту керек деп ойлайтынмын.

Медея. Қазір ше, қазір олай ойламайсың ба?

Язон. Олай ойламаймын. Жазмышпен ойнауға болмайды екен.

Медея. Жазмышпен ойнауға болмайды?

Язон. Тағдырға мойынсұнғым келеді. Мына шым-шытырық дүние, сен менің қолымнан жетектеп алай-дүлей дауылдары арасынан алып шықпақ болған қым-қуыт әлеміш дүние, ақыры бір тыншыса екен, бар бояуымен айқындалса екен деймін. Әрине, дүниеде ақыл-ес те, жарық та, тыныштық та жоқ, сондықтан алдыңнан кездескеннің бәрін қанды қолыңмен тұншықтырып, олай-былай ақтарыстырып, керегін алып, керек емесін лақтырып тастап жүре беру керек деп сен айтатын сөздерде жан бар шығар. Алайда мен тоқтадым, адам болғым келеді; осыған дейін өзіміз мазақ етіп келген қарабайыр пенделерше, әкем айналысқан, әкемнің әкесі айналысқан істермен, яғни қарапайым жұпыны өмір сүрген бізден бұрынғылардан қалған дағдылы үлгімен өмір сүргім келеді менің де… Осынау түн түнек, алас-күлес дүние ішінен жай қарапайым пенде үшін өзіме лайықты орын тапсам екен деймін.

Медея. Ол қолымнан келеді деп ойлайсың ба?

Язон. Сенсіз, күн сайын сенің қолыңнан ішіп келген усыз, иә, келеді қолымнан.

Медея. Менсіз?.. Менсіз мына жарық дүниені көз алдыңа қалай елестетпексің?

Язон. Бар күшімді салып өзімше тырбанып көремін ғой. Жас емеспін, бұдан ары қайғы-қасірет тауқыметін арқалай бергім келмейді. Қым-қуыт шатақтардан, болымсыздықтан, қарақшылықтан құтылу үшін, иә, адамдардың баяғыдан ойлап тапқан үйреншікті ескі жолына түсемін: бойымдағы қорқыныш-үрей, күдік-күмән дегендерден арыламын.

Медея. Үнің байыпты, Язон, бірақ сөздерің тым суық. Өзіңе өте сенімді, сыртқа аса күшті боп көрінгендейсің!

Язон. Мен күштімін.

Медея. О, Абылдың жұрағаты, әулиелер мен байлардың ұрпағы, неткен мұнша салқынқанды едіңдер! Аспанда Құдайлардан демеу көріп, жерде жаныңды бағатын қарулы күзетшілеріңнің болғаны қандай жақсы. Күндердің бір күнінде әкең сияқты, әкеңнің әкесі сияқты ойлай бастау, бұрынғылардың арттарына өсиет етіп қалдырған әділет жолына адасып келіп қайта түсу қандай ғанибет. Қайырымды, зиялы, әділ болып көрінгенге не жеткен, шіркін! Бойыңда қажып-шаршай бастағаның алғаш рет білінгеннен кейін, айғыздалып бетке түскен алғашқы әжімдерден кейін, қалтаңдағы ақша-қаражатың қомпайып көбейгеннен кейін, осының бәрі аяқ астында, басыңа бірден келе қалатыны ғажап. Иә, Язон, жаңа ойын бастамақ екенсің, енді тұрма, бірінші боп жүрісіңді жаса, «Иә» де! Тыныштық рахатында өтетін қарттық өміріңнің қамына кіріс.

Язон. Бұл жүрісті, Медея, екеуміз бірге жасасақ деп едім. Екеуміздің мамыражай тыныштықта қатар жүріп қартаюымыз үшін мен оның жолына дүниенің бәрін салуға дайын едім. Бірақ сен қолдамадың.

Медея. Иә, қолдамадым.

Язон. Сондықтан сен де енді өз жолыңмен жүре бер! Өзіңді-өзің басқа ұрып тоқпақта, өз етіңді өзің жұлмала, өзіңе қатысты еместің бәрін жек көр, қорла, сыртқа теп, өлтір. Ал мен олай еткім келмейді. Шаршадым да жалықтым. Бір кезде екеуміз қатар жүріп талақ еткен бейбіт, тыныш өмірге батыл бет бұрдым. Егер алда әлі де шайқасар болсам, тек осы тыныш өмір үшін ғана шайқасамын; бей-берекет мазасыз ию-қию тіршілік пен өз болмысым арасына өз қолыммен орнатқан қабырғадан таяныш іздейтін боламын. (Пауза). Адамзат баласы өмірінің мәні де тек осы болар деп ойлаймын.

Медея. Күмәнің қалмасын, Язон, енді сен адам болдың.

Язон. Мен сенің маған деген жиіркенішіңді мүлде жаңа есіммен бірге қабылдаймын. (Тұрады). Бұл қыз өте әйбат. Рас, Колхида жерінде, сені алғаш көргендегі тап сендей сұлу емес, мен оны ешқашан дәл сені сүйгендегідей сүйе де алмаспын. Дегенмен пәк, қарапайым, мөп-мөлдір таза жан. Бірнеше сағаттан кейін, жаңа шыққан күннің алғашқы сәулесімен, бір топ жас баланың ортасында ол аппақ ақ көйлекпен жарқырап қарсы алдымнан шығады, мен оны сөйтіп, әкесі мен шешесінің өз қолдарынан пәк күйінде алмақшымын. Бұла қыздың жасқаншақ нәзік саусақтарының дірілінен мен оның маған бағынуға, алаңсыз құлай берілуге дайын екенін сезетін боламын. Ал сенің бұ дүниедегі ең басты жек көретінің – бақытты болу еді, сол алған өз жолыңнан таймадың, қарапайым пенде бақытына қарай тым болмаса бір рет те бет бұрмастан қаштың да жүрдің, Тәңір жазса, мен енді солардың бәрін өзім табатын шығармын деп ойлаймын.

Пауза

 Медея (күбірлеп). Бақыт…

 Пауза

 (Кенет қалшиып тұрып, құмыға сөйлейді). Язон, бұл сөзді айту қандай қиын еді, тіпті тіл келмейді екен. Ұяттан өртеніп, тұншығып барамын… Егер қазір саған сенімен бірге өмірдің жаңа жолына түскім келеді десем, сенесің бе?

Язон. Жоқ.

Медея (сәл үнсіз қалып). Сенікі жөн. (Қалыпты дауыспен). Демек, бәрі бітті де. Бір-бірімізге айтарымызды айтып болғандаймыз ғой, солай ма?

Язон. Солай.

Медея. Бәрін айтып болсаң, тазарсаң, енді кетсең де болады. Қош, Язон!

Язон. Қош, Медея. Саған бақыт тілеуге аузым бармайды! Әйтеуір, өзіңмен-өзің болатын шағарсың. (Кетеді).

Медея (күбірлеп). Олар бақытты… (Кенет кеудесін тіктеп, Язон артынан қатты дауыстайды). Язон! Тап бұлай кетпеші, мойын бұршы. Бірдеңе деші! Күдіктенші, жүрегің сыздамады ма?! Өтінемін, Язон! Сенің көзіңнен қас қағым сәттік күдігің мен екіойлы болған қалпыңды байқасам деп едім, сонда біз құтыламыз! (Артынан жүгіре беріп, тоқтап, қатты дауыстап). Язон, сенікінің бәрі жөн: сен мейірімдісің, әділсің, барлық күнәлі қылмыстарымыздың ауыр жазасын мәңгі бақи жалғыз тартатын жан менмін! Тек қас қағымға, бір ғана қас қағымға күдіктенгеніңді көрсем болды. Менің ең соңғы тал қармауым болсын десең, Язон, мойныңды бұр! (Қолдары шаршады ма, салбырап төмен түсіп кетеді. Язон жоқ. Басқа дауыспен). Сүтана!

 Арба жақтан Сүтана көрінеді.

 Таң атып қалды. Балаларды оятып, мерекедегідей әдемілеп киіндір. Олар менің тойға тартуымды Креон қызына апарып берсін.

Сүтана. Тарту? Жаным-ау, сенде не қалып еді, тарту-таралғы болуға жарағандай нең бар еді?

Медея. Құпия ұрада менің Колхидадан ала шыққан қара сандықшам бар. Соны әкел!

Сүтана. Сен оны көруге де тыйым салғансың. Тіпті ол туралы Язонның өзі де білмеуі керек болатын.

Медея. Көп былшылдамай, кәрі қақбас, бар да тез алып кел! Былшылыңды тыңдап тұрар жайым жоқ. Қазіргі жағдайда найқалмай тез қимылдауға тиіспіз. Сандықшаны балаларға бер де, ауыл көрінетін жерге дейін шығарып сал, әрі қарай жаңа үйленгендерге аналары Медеяның сыйлық жібергенін айтып, патша сарайының қайда екенін кездескендерден өздері сұрап білсін. Сыйды қалыңдыққа өз қолдарымен тапсырып, тез қайтып келетін болсын. Тыңда, оның ішінде алтынмен әдіптелген жамылғы орамал және біздің әулет байлығынан қалған асыл білезік бар. Балаларға ескерт, жолда сандықшаны ашушы болмасын. (Екіойлы болып тұрған кемпірге қорқынышты дауыспен айқай салады). Айтқанды ұқтың ба, неғып мелшиіп тұрсың!

 Сүтана арба жаққа кетеді де, сәлден соң балаларды ертіп оралады.

 (Жалғыз қалып). Солай, Медея, енді өз-өзіңмен қалып тыныш жүрсең жарадың. О, жаманшылық! Ғаламат жыртқыш, өн бойымды жайлап алдың, оттай ыстық тіліңмен жалаңаш тәнімді күйдіріп әкетіп барасың, ала ғой мені! Бүгінгі түн мен сендікпін, қатыныңмын! Бойла тәніме, қанамды шарла, ісін, үлкей, асап-асап же мені!.. Байқаймысың, саған есім ауды, берілуге, көмектесуге дайынмын… Жүн-жүн денеңнің бар салмағымен жанышта мені, шор-шор қисық аяқ тақымыңа алып аямай қыс, сенің қыр-қыр еткен сасық деміңе тұншығып өлейін-ақ! Бұл – менің өмірім! Азап шеккенім – өмірге қайта туғаным. Бұл – менің неке түнім! Менің бұған дейінгі бар өмірім біздің осынау ғажайып махаббат түніміздің кіріспесі ғана болатын.

О, түн, жан алысып, жан беріскен айқастардан шығатын шыңғырған, ыңырсыған үндермен күңіренген ұзақ түн. Сенің қара көрпеңді жамылып ап жыртқыш аңдар бір-бірін қуалайды, шағылысады, өлтіреді. Жалынамын, қара түн, тез өтіп кетпей, сәл бөгеле тұр. Жан-жағым қаптаған жыртқыштар, олар маңайына өлім себетінін өздері де білмейтін түн қойнауының мақұлық еңбекшілері ғой. Ал адамдардың бір-бірін талап жеген, қайта-қайта шағылысып өршелене шақылдасқан осынау жабайы құбылысты түн тыныштығы дейтіндерін қайтерсің… Мен сендерді сезіп тұрмын, осы түн бәріңді түгел естіп тұрмын; біреуің су ішіндесің, біреуің шөп арасына жасырындың, біреуің ағаш басында отырсың, жер астында жатып ап аңдығандарың және бар… Біздің қан тамырларымыз бірдей бүлкілдеп, бірдей соғады. Түнгі жыртқыштар, өлім себушілер, бауырларым, әпке-сіңлілерім! Медея да өздерің секілді жыртқыш. Медея да сендер секілді өлтіріп құмар қандырғанды ұнатады. Жердің мына мен тұрған түкпірі, екінші бір түкпірмен жалғасады, сөйтіп, ғалам шетіне шыққанша жалғаса береді, барлық жерде де миллиондаған жыртқыштар бір-бірімен қайта-қайта шағылысып, бірін-бірі қырып-жойғанын бір тоқтатпайды. О, түнгі жыртқыштар! Медея осында, қастарыңда, мен сендердің сыбайластарыңмын, мен адамдық тегімді сатып жібергенмін. Сендермен бірге ырылдаймын, ақыл-ой барын ұмытып, сендермен бірге ессіз есер күшке жүгінемін. Санадағы жарықты өшіремін, таптаймын, бетіне түкіремін! Бәрін өз мойныма аламын, барлық қылмыстарым үшін бір өзім ғана жауап беремін, өзімді-өзім қорғай да аламын. Менің жыртқыштарым – ол менің өзім! Бүгін түн жыртқыштық жасағандар болса, өлтіргендер болса, солардың бәрін Медея деп біліңдер!

Сүтана (жүгіре жетіп). Медея, балалар патша сарайына жеткен білем, ауыл жақ у да шу болып жатыр. Қандай зұлымдық жасап қойғаныңды білмеймін, бірақ хабары тез тарап жатқандай-ау. Тез ат жегейік! Шекара қайдасың деп табанымызды дереу жалтыратайық!

Медея. Мен бе қашатын? Егер жолға шығып кеткен болсам, ана кереметті қызықтау үшін, қайтып келген болар едім.

Сүтана. Қайдағы қызық?

 Жүгіріп бозбала келеді.

 Бозбала. Бәрі құрыды! Патшалық та, әулеті де опат болды! Патша да, қызы да өлді.

Медея. Бәрі өлім құшты ма? Қалай тез.

Бозбала. Таң елең-алаңда бейтаныс екі жас бала, ішінде алтынмен әдіптелген жамылғы орамал, аса қымбат асыл білезік салынған қара сандықша әкеп Креузеге беріпті. Креузе алған сыйлықты дереу иығына жамылып, жеңілтек жас қызға ұқсап желпілдеп айна алдына жетіп барған екен, сол сәтте бетінен қан-сөлі кетіп, тұрған жерінде құлап түсіпті. Жаны қатты қиналғаннан бет-аузы қисайып кетіпті…

Медея (шыңғырып). Бет-аузы қисайып? Ажалды өлімнің тура өзіне ұқсап кетіп пе, сөйтіп пе?

Бозбала. Ентіге жүгіріп Креон да жеткен екен, қызын жыланша орап ап тұншықтырып жатқан орамалдан әрең деп босатып, білегіндегі алтын білезікті ағытып, тұрғызып алмақ боп қол тигізгені сол екен, сол сәтте оның да өңі аппақ қурайдай боп қуарып, жанарына үрей толып, теңселіп кетіпті де, жаны ышқына екпетінен өкіре құлап түсіпті. Жандары шығар алдында ауру азабынан қиналған денелері дір-дір етіп, жыланша иретіле бірін-бірі орап, шиеленісіп, екеуі қатар жатыр дейді, маңдарына дәті барып ешкім жолай алмапты. Алайда уды сіз жіберіпті деген қауесет тез тарап кетті. Еркектер шоқпарлары мен қанжарларын ала сап тұра жүгірген; әне-міне осында келіп те қалар. Мен олардан озып кеттім. Бұл жолы ақтала алмассың, Медея, қаш дереу, қараңды батыр!

Медея (айқайлап). Жоқ! (қашқан баланың артынан). Рахмет, балақай, көп рахмет! Өзің құтыл алдымен. Мені мүлде білмегендерің дұрыс! Адамдар ақыл-есінен түгел айрылып болғанша мені ешкім білмей-ақ қойсын. (Сүтанаға бұрылып). Қолыңа пышақ ал да, Сүтана, атты бауыздап таста, Медеядан артында ештеңе қалмасын! Арба астына шөпшек әкеп үй. Біз қазір Колхидадағыдай мерекелік алау от жағамыз. Ал кеттік!

Сүтана. Мені тағы қайда сүйремексің?

Медея. Қайда дейсің, білмейсің бе? Өлуге! Өлу қиын емес. Жүр артымнан, алжыған, қазір көресің. Бұдан былай кәрі сүйектеріңді сүйретіп, ауырсынып аһлап-үһлемейтін, жыламайтын боласың. Тыншығасың, сөйтіп, ақыры сен үшін де ешқашан бітпейтін мәңгілік мереке басталады!

Сүтана (ойбайлап, қолын кері итеріп, құтылмақ болып). Өлгім келмейді, өмір сүргім келеді, Медея!

Медея. Өлексеңді сүйретіп мәңгі осылай жүре бермекпісің, қалай жалықпайсың?

 Балалар жүгіріп кеп Медеяның аяғына оратылады.

 (Тоқтап). Міне, сендер де келдіңдер! Өңеш жыртып айқайлап осылай қарай шұбырған адамдардан, барабан дабылынан қорқып кеткен боларсыңдар. Ештеңе етпес, бұл да өтер! (балаларының басын иектері астынан жоғары көтеріп, көздеріне тура қарап, ақырын). Мөлдіреген сәби көздер – қандыауыз қақпандар! Адам басты кішкентай жыртқыштар. Тоңдыңдар ма? Мен қазір… Қазір-ақ. Өлімнің тез келетіні сондай – көздерің қалай жұмылғанын сезбей де қаласыңдар. (Еркелетеді). Жүріңдер, жып-жылы сүйкімді денелеріңді құшағыма алып аз-кем әлдилейін. Аналарыңның құшағына кірсеңдер болды, қорқынышты ұмытасыңдар… О, менің жып-жылы кішкентай бөбектерім, тар құрсағымды жарып шыққан, бақытты өмір сүру үшін туған жандарым! (Кенет қатты дауыстап). Язон! Міне, сенің отбасың, түгелміз! Тап осындай ғажайып керемет сурет көрдің бе? Ау, Язон, осы Медея да басқалар сияқты бақытты болғысы келмеді ме екен деп, сен өзіңе неге сұрақ қоймадың? Ендеше тазалық пен адалдыққа ұмтылмады деп қалай айтасың? Адалдық пен тұрақтылықтың үлгісі болу Медеяның қолынан келмейтін бе еді? Қайғырған кезіңде, ал қайғың тап осы қазірден басталып, басың көрге кіргенше жалғасты дей бер, мына жарық дүниеде Медеядай таза да ізетті қыздың болғанын есіңе алғайсың. Таза да ізетті бұл Медея менің жанымның терең түбінде үнсіз ғана бұғып жататын. Оның ешкімге түсініксіз күйде, ешқандай сырт көмексіз, жалғыздықпен жеке дара алысқанын да ұмытпағайсың… Ол сенің нағыз адал жан жарың еді. Мен, бәлкім, Язон, әрдайым тап осындай таза күйде болғым келген шығар, бәрі де ертегі ғажайыбындай болса екен деп тілеген шығармын… Тап осы қазіргі сәтте де, тура бала кезімдегідей, әлемді тек жарық пен мейірімділік билесе екен деп тілеп тұрмын! Алайда бейкүнә Медеяның маңдайына дау-дамай көкпары, біреуге олжа болуды жазыпты. Түкке алғысыз, татымсыз ұсақ біреулерге ұқсасам, мен де алдымнан құрылған тордың кішкентай жасуынан ебін тауып өтіп кетіп, лай судың ішіне жасырынып қалмас па едім, ұсақ шабақтарды Құдайлар көздеріне ілмейді ғой. Бірақ Медея тым қомақты олжа болатын, сондықтан ол ау торына шырмалды. Мұндай олжа Құдайларға да күнде кездесе бермейді, өйткені мен Құдайлардың өзара шайқасына лайық, сасық ойындары кезінде құмарларынан шығаратын аңсарлы олжасы болдым. Олар мені шалқамнан жатқызып қойып, менің қалай жыланша ширатылатынымды көріп, сілекейлері шұбырды. Язон, сен де қызықтап қал, Медеяның соңғы тұяқ серпуін. Ал әзірге мекерліктен есі шығып отырған ана алтын сарайыңдағы бейкүнә қызды, сосын өз жүрегімнің қанынан жаралған жып-жылы қос бөпемді өлтіруге тиіспін. Анау аспандағы құдіретті Құдайлар кінәсіз жандардың қаны тез төгілсе екен деп шыдамсыздық білдіріп жатыр. (Балаларды арбаға қарай алып жүреді). Қорықпаңдар, жандарым, қорықпаңдар! Мен қастарыңдамын, әлдилеймін, үшеуміз де өз үйімізге бара жатырмыз…

 Олар арба үстіне шығады. Бір сәт сахна бос қалғандай. Сүтана келеді. Көздері аларып кеткен.

Сүтана (қатты дауыстап). Медея! Медея! Аналар келе жатыр! (Шегініп, тағы айқайлайды). Медея!

 Сахна алаулап кетеді. Арба жанып жатыр.

Қарулы жасақтарымен Язон жетіп келеді.

 Язон. Сөндіріңдер өртті! Ұстаңдар кемпірді!

Медея (арба үстінен бас көрсетіп, айқайлайды). Жақындама, Язон! Қасыңдағылар да тырп етпесін! Қозғалмаңдар!

Язон (тоқтап). Балалар қайда?

Медея. Тағы бір сұрашы, көзіңе дұрыстап қарап алайын. (Айқайлап). Олар өлген, Язон! Екеуін де өз қолыммен бауыздап тастадым, маған қарай аттаушы болма, аттасаң, мына алмас менің де кеңірдегімді орып түседі. Осы сәттен бастап мен әкемді де, бауырымды да, патшалығымыздың белгісі-алтыннан құйылған асатаяқ күрзіні де өзімізге қайтардым; алтын қойдың терісін де Колхидама қайтарып алып келдім. Мен сен ұрлаған Отанымды, бұла қызға тән бастапқы пәктігімді қайта таптым. Сөйтіп, мен ақыры нағыз Медея болдым, мәңгі осындай пәк боп қаламын! Өзіңнің осынау керемет санайтын ғаламыңда тамырсыз сопайып жалғыз қаларыңда, Язон, менің бетіме дұрыстап бір қарашы! Мына қолдарыммен мен сені аймаладым ғой; от боп жанған жібектей жұмсақ алақандарыммен маңдайыңнан сипадым ғой. Сен мені ессіз құштарлықпен қысып-құшып сүйетенсің, мен үшін қапаланып жылайтынсың! Қарашы маған, өзіңнің жан жарыңа, жасы кіші қарындасыңа! Бұл мен ғой. Сенің сұрқия сұм Медеяң! Ал енді жадыңнан шығара алсаң, ұмытып көр мені! (Кеудесіне қанжар сұғып, от үстіне құлайды, алау өрши түседі).

Язон (Арбаға қарай ұмтылмақ болғандардың жолын бөгеп, жібермей, байсалды). Мен сені жадымнан біржола сызып тастаймын. Менің жүрген жолдарымда сен қалдырған айғыздалған қанды іздерге қарамастан, мен өмір сүретін боламын, Құдайлардың тас төбемнен ащы кекесінмен үзбей қарап тұрарын білсем де, күні ертеңнен бастап адамзат бақытының бақшасын өсіруге кірісемін. (Қасындағыларға қарап). Біреуің мына өрт жанып, Медеяның сүйегі әбден күлге айналып болғанша осында қарауылға тұр. Қалғандарың патша сарайына дейін менің артымнан еріңдер. Тіршілікті күйттейік, тәртіп сақталуын қадағалайық, Коринф үшін жаңа заңдар шығарайық, ешқандай таңғажайып кереметтерсіз-ақ, асқақ қиял-армансыз-ақ өзіміздің күнделікті қарадүрсін жұмысымызды атқарайық, сөйтіп жазмыштан ажал күтейік. (Адамдарын ертіп кетеді).

 Сахнада жалғыз күзетші, ол ерніне насыбай салып, тұнжыр күйде күзетке тұрады. Сүтана келіп, оның қасына жерге отыра кетеді. Таң жарығы молая түседі.

 Сүтана. Мені тыңдап үлгермеді, өкінішті-ақ, әйтпесе менің де айтар бірдеңелерім бар еді. Түн артынан таң келер; төсекті жинап, шәй қайнату керек. Аула сыпырған кезде, ептеп күнге қыздырынып аласың, сосын түскі ас үшін картоп аршисың. Егер жалынып-жалпайып қожайыннан бақыр ақша сұрап алсаң, тіпті қатып кетеді, бірер жұтым шарап ішіп, қарның қыжылдап, аңқаң ашылады… Содан кейін көжеңді ішесің де, аяқ-табақ жуасың. Ал түстен кейін кір жуасың, мыс ыдыстарды ыспалап жақсылап тазалайсың, көрші-қолаңмен аздап әңгіме соғасың, ар жағында кешкі асың бар. Әй, сосын көсіле жатып, рахаттанып бір ұйықтайсың-ау.

Күзетші (сәл үнсіздіктен кейін). Бүгін күннің кереметін-ай.

Сүтана. Иә, биыл шарап мол болатын түрі бар, күн жарықтық шуақты боп тұр ғой. Егін қалай болар екен?

Күзетші. Өткен аптада орақ басталған. Ауа райы бұзылып кетпесе, ертең не бүрсікүндері аяқталып қалар.

Сүтана. Демек, биыл астық та мол болады десейші.

Күзетші. Тәуба! Жыл бойына артығымен жететін астық алатын шығармыз, бұйыртса.

Олар сөйлесіп тұрғанда шымылдық та біртіндеп жабылады.

Аударған Өтен АХМЕТ

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.