Әлем әдебиеті

БОЛМАҒАН ЖАЙТ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Всеволод ГАРШИН

 

БОЛМАҒАН ЖАЙТ

 

Орыс жазушысы, сыншы Всеволод ГАРШИННІҢ (1855 – 1888) көзі тірісінде-ақ орыс интеллигенттері арасында «гаршиндік пішімдегі адам» деген үғым кеңінен тараған болатын. Бұл ұғымды жазушы шығармаларын оқып барып түсінуге болады. Гаршин үшін адамның ішкі әлемінің сұлулығы мен сыртқы түр-келбетінің сұлулығы қашан да бір, ажыратылмас дүние. Әлем мен адамзат баласының олқылықтарына жаны ашу, қатты қайғыру, өзгенің мұңын өзінікіндей жоқтау – «гаршин типті адамның» басты белгілерінің бірі.

Гаршиннің мұрасы аса үлкен емес, дегенмен оның шығармалары тақырыптық және стильдік өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді.

Гаршин әдебиетке аллегория жанрын қайта енгізді, бірақ оған жаңаша – лирикалық-философиялық новелла сипатын бере білді. Жазушының өзіндік қолтаңбасы назарларыңызға ұсынылып отырған «Болмаған жәйт» аллегориясынан айқын байқалады. Әңгіменің ирониялық немесе тіпті сатиралық финалының тағы бір мағынасы бар. Аллегорияның философиялық мазмұны (ал бұл қашан да Гаршин шығармашылығына тән нәрсе) оны бүгінгі күнгі әлеуметтік-саяси көзқарас тұрғысынан қайтадан оқып шығуға меңзейді, онымен шектелмейді де.

Гаршин кейіпкердің жаңа типін – қоғамдағы келеңсіз істер үшін жеке жауапкершілігін сезіне білген ары таза, жаны ақ, сезімтал адам тұлғасын дүниеге келтірді. Аталмыш кейіпкер кейін – XIX ғасырдың соңында демократияшыл орыс әдебиетінің негізгі кейіпкерлерінің біріне айналады.

 

* * *

Бұл маусымның мамыражай күндерінің бірінде болған оқиға-тын. Ауаның ыстықтығы реомюр бойынша 28 градусқа дейін көтеріліп, күн нағыз қызған шақ-ты. Ал бақ ішіндегі алаңқайда қалың шие ағаштары еш жел өткізбейтіндіктен, ыстық бұдан да бетер еді. Жан-жануарлардың бәрі ұйқыда-тын: тамаққа тойып алған адамдар түстен кейінгі жатар жер болса қисая кету ісіне кіріскен; құстар үнсіз, жәндік біткеннің көбісі аптап ыстықтан қашып, тығылып жатыр. Үй жануарлары жөнінде тіпті айтпаса да болады: ірілі-ұсақты мал жаппаның астында бой тасалап, жандары жай тапқандай; ит болса қамбаның астынан шұңқыр қазып алып, сонда паналапты. Байғұс көздерін анда-санда бір ашып, қызғылт тілін жарты аршынға дейін салақтата үзік-үзік дем алуда; ыстық бейшараны әбден титықтатқан, оның арагідік қатты есінейтіні соншалық – есінеген сайын әлсіз қыңсылайды да. Он үш «балапанын» соңына ерткен мегежін жағаға барып, қарамай шалшыққа жата қалыпты. Шалшық судан олардың пысылдаған, қорсылдаған талпақ танаулары, лайға малшынған сопақша арқалары мен дәу салпаң құлақтары ғана көрінеді. Тек тауықтар ғана ыстықтан қорықпай, ішінен бір түйір де дән табылмайтынын біле тұра, ас үй кіреберісіне қарсыдағы құрғақ жерді кішкентай аяқтарымен аршып, өздерінше уақыт өткізуге бейілденгендей; дегенмен де, әтешке оңай соқпай тұрған түрі бар, себебі – ол анда-санда есі ауысқандай, бар даусымен «қандай жан-жа-а-а-ал!» деп айқай салып жүр.

Біз енді ыстықтың көкесіндей әлгі алаңқайдан әрі қарай жүрсек… Дәл осы сәтте, дәл осы төңіректе ұйқысы қашқан мырзалардың бүкіл бір қоғамы жиналып отырған-ды. «Отыр» дегенмен, бәрі де отырған жоқ; мысалы, сауырына көшір Антонның қамшысы тие ме деп сескенсе де, алаңқайдағы шөмелеге бас сұққан кәрі торы ат отыруды тіпті білмейді де; көбелектің жұлдызқұрты, ол да отырған жоқ, керісінше, ішімен жер бауырлап жатыр. Шие астында шағын ғана, бірақ өте байыпты компания жиналып қалыпты: ұлу, қи қоңызы, кесіртке, бұл үшеуінің жанына жоғарыда аталған жұлдызқұрт және бір шегіртке келе қалыпты. Қастарында қарасұр жүнді құлағын бұрып, бұлардың әңгімесін тыңдап кәрі торы ат тұр; торының арқасына өз үйінде отырғандай екі шыбын жайғасып алыпты.

Компания сыпайы, бірақ мейлінше қызу пікірталасқа ден қойған секілді, алайда әдеттегідей бір-бірімен ымыраға келіп жатқан ешкім көрінбейді: қай-қайсы да өз пікірінің және өз мінез-құлқының тәуелсіздігінен айрылуға жоқ.

– Меніңше, – деді қи қоңызы, – өзін-өзі сыйлайтын жан-жануар өз үрім-бұтағы жөнінде қам жасау керек. Өмір дегеніміз – болашақ ұрпаққа арналған еңбек. Кімде-кім табиғаттың өзі жүктеген міндеттерді саналы атқарса, опалы жан деңіз: ол өз ісін біледі, қандай жағдай туса да, ол қамсыз емес. Маған қараңызшы, менен артық кім жұмыс істейді? Кім мен сияқты күн ұзағына дамыл көрмей, мынадай ауыр шарды домалатады да жүреді? Тіпті бұл шарды да шеберлікпен қидан жасаған өзім емес пе?! Ондағы ұлы мақсат – өзіме ұқсаған жаңа қи қоңыздарының өсіп-өнуіне жағдай жасау. Араларыңда мен сияқты ары таза, жүрегі адал, «қолымнан келетін және істеуге тиісті нәрсенің бәрін істей алдым» – деп жар сала айта алатындар бар ма? Ал мен айта алам! Дүниеге жаңа қи қоңыздарын келтіремін. Еңбек деп осыны айтыңдар!

– Ағасы, сіз бұл еңбегіңізбен тұра тұрыңызшы, – деді құмырсқа (ол қи қоңызы сөзін айтып болғанша, ыстыққа қарамастан кепкен сабақтың құбыжықтай ұсқынсыз тілімін осы жерге сүйреп әкелген болатын). Бір минутқа кідіріп, артқы аяқтарына отырып, екі алдыңғы аяқтарымен қалжыраған жүзінен терін сүртті. – Менің де еңбегім аз емес, сенің еңбегіңнен асып түспесе! Бірақ сенің жұмысың өзің үшін немесе кішкентай қоңызтайларың үшін… бәрібір, жұрттың бәрін жарылқадым дей алмайсың… мен сияқты қазына үшін бөрене тасып көрші! Әлім біткенше, тіпті мынадай аптап ыстыққа да қарамастан, итіңдеуге мені не итермелеп жүргенін мен өзім де білмеймін. Бұл үшін маған рахметін айтып жатқан бір жан жоқ. Біздердің, бақытсыз жұмысшы құмырсқалардың еңбегінің есебі жоқ, ал өміріміздің сәні қайда? Тағдыр!..

– Тіршілікке сіз – қи қоңызы, салқын, ал сіз – құмырсқа, тым нали қарайсыз, – деп қарсы пікір қозғады шегіртке. – Жоқ, қоңыз, не десең де, мен шырылдап ән салғанды да, секіргенді де сүйем, оның несі оғаш?! Арланбаймын! Және де сіз кесіртке ханым көтерген мәселеден тым ауытқып кеттіңіз, ал ол болса: «Әлем, дүние дегеніміз не?» – деп сұрақ қойған жоқ па бәрімізге? Ал сіз болсаңыз, өзіңіздің қидан жасаған шарыңызды айтып қоймайсыз, бұл тіпті әдепсіздікке жатады да. Әлем – әлем, меніңше, ол жақсы нәрсе, өйткені жас балауса шөп, күн, самал жел бәрінің өзі неге тұрады? Және ол үлкен, ғаламат дүние! Оның енапат кеңдігі мен шексіздігі туралы мына ағаштардың арасында күн кешетін сіздердің титтей де түсінігіңіз жоқ. Далада болғанда, мен кейде шамам келгенше жоғарыға ыршып секіремін және сеніңіз, өте биікке көтерілемін. Сол биіктіктен мына әлемнің ұшы-қиыры жоқ екенін көремін.

– Дұрыс, – деп байсалдылықпен қолдады оны торы ат. – Бірақ сіздер менің осы жасқа келгенімше көргенімнің жүз де бірін де көре алмайсыңдар-ау! Өкінішке орай, сіздер шақырым дегеннің не екенін түсінбейсіздер… Бұдан бір шақырым жерде Лупаревка деген деревня бар: мен оған күнде бөшкемен су алуға барамын. Бірақ маған онда ешқашан да шөп бермейді. Сосын Ефимовка, Кисляковка; Кисляковкада қоңыраулы шіркеу бар. Одан кейін Свято-Троицкое, одан әрі – Богоявленск. Богоявленскіде маған ылғи да шөп береді, бірақ ол жақтың шөбі нашар. Ал Николаевтың (бұл – қала), бұл жерден жиырма сегіз шақырымда, шөбі жақсы әрі сұлы береді, бірақ менің ол жаққа баруға хошым жоқ: ол жаққа бариннің өзі барады, көшірге қатты айдауға бұйырады, ал көшір біздерді қамшымен аямай соққылайды келіп… Одан басқа Александровка, Белозерка, Херсон-қала бар… Бірақ сіздер менің айтқанымды түсініп болмайсыз ғой!.. Дүние, әлем дегеніміз – міне, осы! Бәрі демесек те, едәуір бөлігі дерлік.

Солай деді де, торы ат үнсіз қалды, алайда оның төменгі ерні бірдеңе деп сыбырлап тұрғандай жыбырлайды. Бұл кәріліктің белгісі: торы аттың жасы он жетіге толған еді; адам баласы үшін жетпіс жеті кәрілік жасы болса, жылқы малы үшін де ол сонша үлкен жас.

– Мен сіздердің данасымақ сөздеріңізді түсінбеймін де, түсінгім келмейді де, – деді ұлу. – Маған түйежапырақ болса болды, ал ол болса, әлі де жеткілікті: мен, міне, төрт күн бойы жорғалап келем, ал оның таусылар түрі жоқ. Бұл түйежапырақтың соңында тағы да бір түйежапырақ бар, ал ол түйежапырақта тағы бір ұлу отырған болар. Әңгіме осымен тәмам. Ешқайда секірудің қажеті жоқ, мұның бәрі ойдан шығарылған және түкке тұрғысыз нәрселер; алаңсыз отыр да, жапырағыңды жей бер. Жорғалауға ерініп отырмасам, сіздің мына әңгімеңізден әлдеқашан-ақ басымды аулақ салған болар едім; бұл гөй-гөйіңіздің бас ауыртқаннан басқа еш пайдасы жоқ.

– Неге? Неге? Ғафу етерсіз, мұныңызға келісе алмаймын, – деді шегіртке, – Әсіресе, шексіздік, т.б. сияқты жақсы нәрселер туралы шырылдап сөз қозғау көңілге жағымды. Әрине, сіз сияқты немесе мына бір әсем жұлдызқұрт сияқты тек қарын қамын ғана ойлайтын практик натуралар да болады…

– Ах, қойыңызшы, өтінемін сізден, тиіспеңізші маған! – деп жалына бастады жұлдызқұрт. – Мен мұны болашақ өмір үшін, тек қана болашақ өмір үшін істеймін.

– Ол өзі қандай – болашақ өмір? – деп сұрады торы ат.

– Сіздер не, менің көз жұмғаннан кейін қанаттары түрлі түсті көбелекке айналатынымды білмейсіздер ме?

– Торы ат, кесіртке, ұлу бұл жайында, шындығында да, бейхабар еді, ал басқа жәндіктердің біршама түсінігі бар-тын. Сөйтіп, бәрі де біраз уақыт үнсіз қалды, өйткені ешқайсы да болашақ өмір жайлы мардымды бірдеңе айтуға жоқ еді.

– Әркімнің де сенімі мен нанымына құрметпен қарау керек, – деді кенет бұған дейін үнсіз қалған шегіртке. – Тағы да кім не айтқысы келеді? Мүмкін, сіз бірдеңе дерсіз? – деп шыбындарға қарап тіл қатты. Шыбынның үлкені былай деп жауап берді:

– Біз жағдайымыз жаман деп айта алмаймыз. Біз жаңа ғана бөлмелерден шықтық; барыня қайнатылған тосапты мискаларға бөліп құйып қойыпты. Біз қақпағының астынан саңылау тауып кіріп, тойғанымызша жедік. Дән ризамыз. Маменькамыз тосаптан шыға алмай батып қалды, бірақ бізде не амал бар? Ол асарын асап, жасарын жасап үлгерген… Ал біз дән ризамыз.

– Мырзалар, – деді кесіртке, сіздердің айтқандарыңыздың бәрі де жөн деп ойлаймын. Бірақ, екінші жағынан…

Кесіртке екінші жақта не бар екенін айтуға үлгермеді, белгісіз бір күштің құйрығын қатты тапап жібергенін бір-ақ сезді.

Бұл ұйқыдан тұрып, торы атты алып кетуге келген көшір Антон болатын; ол байқаусызда күрзідей етігімен бейқам отырған компанияны үстінен басып, езгілеп жіберді. Тек шыбындар ғана аман қалып, тосапқа батып қалған маменькасын тағы бір сорып көруге ұшып кетті. Құйрығы жұлынған кесіртке де қашып құтылды. Антон торы атты кекілінен ұстап бөшкеге жегіп, суға бару үшін бақтан алып кетті. Алып бара жатып: «Жүр, жүр, хвостяка!» – деп сөйлеп барады, оған ат сыбырлап қана жауап береді.

Ал кесіртке болса құйрықсыз қалды. Рас, біршама уақыт өткен соң құйрығы қайта өсіп, қалпына келді, бірақ қарайып, моқал болып қалды.

Кейбіреулер кесірткеден: «Құйрығыңыз неліктен зақымданды?» – деп сұрай қалса, ол:

– Өз ой-пікірімді ашық айтқаным үшін, – деп момын ғана жауап қайтаратын болды.

Оның бұл сөзі шындыққа айна-қатесіз жанасады-ау, тәйірі!

Аударған Нағашыбай БАЛМАХАНҰЛЫ

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.