Әлем әдебиеті

ЕЖЕЛГІ МЫСЫР ПОЭЗИЯСЫ

0

КӨНЕДЕН ЖЕТКЕН ҚАЗЫНА

 

ЕЖЕЛГІ МЫСЫР ПОЭЗИЯСЫ

«Ежелгі Шығыс әдебиеті» деген жинақтаушылық мәнге ие түсінік бастауын б.д.д. ІІІ-ІІ мыңжылдықтардан алатын Ежелгі Мысыр, Шумер, Вавилон, хетт-хуррит және ханваней әдебиеттерінен; б.д.д. ХІІ және б.д. ІІІ ғасырлары аралығындағы Ежелгі Қытай әдебиетінен; б.д.д. ІХ және б.д. ІІІ ғасырларын қамтитын Ежелгі Үнді әдебиетінен; б.д.д. ІХ және б.д. ІV ғасырлары аралығындағы Ежелгі Иран әдебиетінен; б.д.д. ХІІ және б.д. ІІ ғасырларындағы Ежелгі Еврей әдебиетінен түзіледі.

Ежелгі Шығыс әдебиеті жасалған уақыт – бағзы замандар. Сол уақыттың тынысы, таным-түсінігі, наным-сенімі, дүниеге көзқарасы, ой-сезімі шығармалардан айқын көрініс тапқан. Мәтіндерді оқу барысында бүгінгі оқырман үшін оқыс, тіпті кей тұстарда өрескел, оғаш көрінетін жәйттер де аз емес. Оның себебі уақыт алшақтығында жатыр.

Жалпы бүгінгі көркем әдебиетте қалыптасқан көркемдік белгілерінің ілкі іздерін Шығыстың көне сөзінен іздеу әбес болмасы анық. Өйткені одан эпикалық, лирикалық, драмалық сипаттарды да, әдебиеттің түрлік-жанрлық ерекшеліктерін айқындайтын негізгі белгілерді де, тіпті бүгінде түрліше атау иеленген ағым-бағыттардың алғашқы нышандарын да кезіктіре аламыз.

 

МАХАББАТ КҮШІ

 1

Сендік сезім баурап тән мен қанымды,

Сіңді оларға – суды шарап жеңгендей,

Тәтті дәмі ащы ырқына көнгендей,

Уыз сүтке бал хош иіс бергендей.

 

Жетсең етті қарындасқа,

Бәйге атындай – жұрттың қанын тасытқан;

Аш бұқадай –

Ақырына ашкөздене асыққан.

 

Көк сыйындай махаббатың –

От, өртеген сабанды;

Қыран бүркіт көктен бүрген тағы аңды.

 2

 Тұнық судың құдіретіне арбалдым.

Лотос – ерін, тұншықтырды жар демін.

Апельсин – төс, аңсарындай жалғанның,

Құшақ жазу… жетпейді ғой дәрменің.

 

Кипаристен өрген тұзақ секілді

Құтқармайды, ай маңдайы нұрлана.

Тұзағына түстім бұйра кекілдің,

Дала қазы алданғандай шырғаға.

3

 Махаббаттан жалтаруға күш табылмас бойымнан,

Сезімімді алдауға да бой ұрман!

 

Мейлің, саба! Сүйіктімнен безе алман!

Мейлі, ұстаңдар күні бойы батпақта!

Қамшы астында Сирияға қу, мейлің,

Нубия асыр, ырық беріп тоқпаққа,

Мейлің, қақта аңызақ шөл өтіне,

Мейлің, таста Нілдің қиян шетіне,

 

Азғырынды ақылыңа илікпен,

Махаббатта айырылғанмын биліктен.

 4 

Нілді құлдай жүзіп кеттім, қамыс қайық салдым да.

Ырғағыңнан жаңылма, ескек, іркілме!

Мемфиске1 апар, жалынайын Пта2 құдай алдында –

Сүйіктімді берсін маған бұл түнде!

 

Өзен – шарап!

Пта құдай – қамысы, су бұлаңы,

Су тербеген жапырағы – Сехмет,

Қауыз – Иарит3, Нефертум4 – гүл сылаңы.

 

Жердің жүзі арайланып, таң атқан.

Қалқиды Алтын5, сұқтанып өз сәніне.

Құдай қолы мейірлене жаратқан

Мемфис алыс әлі де…

5

Ауру батқан сыңайлы,

Төсек тартам мен де шын.

Көршім көңіл сұрайды,

Сәулем неге келмесін?!

Тамыршы тап баспаған

Дертін өзі емдесін.

 6

Қала сырты. Қарындасым тұратын үй – мынау үй,

Қос жақтаулы есігі шалқасынан қайрылған,

Ысырмасы бос қалыпты, шегелері майрылған.

Сүйіктім жүр – ашу билеп, шыдамынан айрылған.

 

Қақпашы етіп мені алса ғой, шіркін-ай!

Сүйіктімнің ашулы үнін есту үшін ұнатып –

Жүрер едім күнде есікті құлатып,

Тұрар едім жас баладай, қойған біреу жылатып.

 7

Билеушінің Өзенінен6 ағыс бойлай өттім де,

Кілт бұрылдым, Ра есімді басқа тұсқа бет түзіп.

Тасығанда Мертиудің өзені7,

Шатырларды екі жаққа айырар

Уақытты алмау үшін өткізіп.

 

Жүзіп келем, – мерекеге кешікпесем жарады! –

Жүрегіммен Раға алас ұрамын.

Септессе екен көруіме Ағаны,

Бетке алғанда ол Билеушінің храмын.

 

Алдымыздан килікті өзен екпінді.

Гелиопольде, сенде қалды жүрегім,

Құдіретті Билеушінің тоғайына бет бұрдым,

Өзіңе еріп, бал-бұл жана іреңім.

 

Күн құдайы ағашынан бұтақтар

Үзіп алып, тұрмын сәнмен желпініп,

Жамалымды жасырсам да, алаңмын,

Жанарымды храм жаққа мен тігіп.

Бұйра шашты сылап қою бальзаммен,

Қолдарына қасиетті гүл алып,

Мысыр тәжін киген жандай сезінем –

Құшағыңа кіргенімде бұралып.

 

ҚАРЫНДАСТЫҢ

КӨК ШАЛҒЫННАН ҚАЙТҚАН КЕЗДЕГІ

ҒАЖАЙЫП ТА ҚУАНЫШТЫ ЖЫРЛАРЫНЫҢ

БАСТАУЫ

 1

 О, Ағатай! Білемін мен

Сырын сендік күйіктің.

Жалғыз алаң жүрегімде:

«Келер ме екен сүйіктім?!»

 

Жатсын деп жұрт жаңылысып,

Кездік, тұзақ алдым да,

Шықтым таңнан алып-ұшып,

Құс аулауға шалғынға.

 

Қаққан қанат ырғағымен

Ән еткендер Мысырды

Шыр айналып… тырнағымен

Шырға – дәнді ысырды…

 

Жұпар шашты қауырсыннан

Пунт миррасы. Ерідім…

Құсым – ғайып… ауырсынбан, –

Сен келіпсің, серігім!

 

Тұзағымды жиып қойдым,

Құсқа алданып не етеміз?!

Жетегінде сүйікті ойдың

Қалдық енді жеке біз…

 

Күнде осылай от салғын

Жүрегіме, көк шалғын!

2

Дала қазы бұлқынбай ма,

Қалса торға шырмалып?

Асау, азат ырқым қайда?

Неге келдім ұрланып?..

Ау салғанда ұзақ күн мен,

Құс жоқ па еді далада?

Олжам қайда тұзаққа ілген, –

Не демекпін анама?

 

Тор құруға жетпей қалды ұзақ күн:

Күнді ләззат тұзағында ұзаттым.

3

Құс базары жаулап алды су бетін,

Дала қазы жағада тұр жұтынып.

Мен қайтейін су бетінің суретін,

Жатқанымда қасіретке жұтылып?

 

Мен – жалғызбын, сезімдерім үкілі

Сүйіктіммен кете алмады жарасып!

Бірақ… сенде – жүрегімнің лүпілі,

Сұлулығым жүрсе-дағы таласып.

4

 Сені ойға алдым, сүйіктім, –

Кілт тоқтады жүрегім.

Оны қалай ұйыттың?!

 

Бәрі кенет аңдалды:

Бәрі – кермек… Өкінем.

Шарабың да бал дәмді –

Ащы екен құс өтінен.

 

Жалғыз соның ернінде –

Тіршілік тұр дір қағып…

Тілекті, Амон, бердің бе!.. –

Жүрек кетті-ау нұрланып!

 5

 Асылым-ау, менің жалғыз тілегім –

Жарың болсам, болсам саған сая бақ,

Білегіңде жатса менің білегім,

Махаббатым жүрсе сені аялап.

 

Кеудеңдегі жүрегімнен тілендім:

«Сүйіктімді жібер маған қонаға!

Онсыз түнім – түнегіндей түленнің,

Онсыз төсек айналады молаға».

 

Күні-түні тек өзіңді аңсаған

Жүрек үшін сен аман бол, қорғаным!

Бір сен үшін Алтын нұрын қарсы алам,

Бақыт – сенің өмірде бар болғаның!

 6

 Қарлығаштар шыр-шыр етті күйіне:

«Таң бозарды, орал енді үйіңе!»

Ренжіме, құсым,

Мені де түсін!

 

Төсегінде балбырайды сүйіктім.

Сүйінеді жүрегім.

Кете алады мұндай сәтті қиып кім?! –

Оралады білегіне білегім.

 

Көзден қалыс көлеңкені таңдадық,

Қуаныштан кетті дүние тұмантып.

Ең бақытты – менмін, қара таңданып, –

Кеткен жоқ ол жүрегіме мұң артып.

 7

 «Әне-міне кеп қалар, – деп, – ардағым! –

Елеңдеймін, бар бейілім – қақпа жақ.

Күре жолды жанарыммен қармадым,

Әр дыбысты қалт жібермей қақпалап.

 

Махаббатым – көңілдегі алаңым,

Күту, күту – жүрегіме бүгін ем.

Махаббатқа, махаббатқа шаламын

Жүрегімді құрбандыққа, жүгінем!

 

Қанатты дос, сәлем жеткіз жарыма,

Аялдама, өз ұяңа қайта кел!

Қарайлама менің қайғы-зарыма, –

Алдаған ба?! – тұспалдамай айта бер!

 

Сүйіктім-ау, бақыт тапсаң басқадан,

Өзің келіп, алмадың ба мойынға?!

Біреу мені қалай сырып тастаған,

Шынымен-ақ, мен жоқпын ба ойыңда?!

8

 Махаббатты неге ойға алдым бүгін мен?! –

Бұйра шашым біткен жоқ-ты өріліп:

Тарақ, шашты тастай сала, жүгіргем,

Тереземнен сен қалар деп көрініп.

 

О, махаббат, күтіп жүрсең шалғында –

Бұрымымды тез-тез өріп, дем сәтте

Тұрар ем ғой алдыңда!

 

ҚУАНЫШТЫ ЖЫРЛАР БАСТАУЫ

1

Мех-мех8 гүлін қосақтадым шір-гүлге.

Сезім көнбей басуына ақылдың,

Арамызда қалмағандай сыр мүлде;

Еркім – сенде, құшағыңда жатырмын.

 

О, ардағым, от – сезімге жандым да,

Құшағыңнан таптым махаббатымды!

Тояты өзің жанардың да, жанның да,

Елітеді естігеннен атыңды.

 

Нұрда жүздім, сезгелі жар төсегін,

Қалай жүргем сезіміме бұғау сап?

Қандай сұрқай, суық еді кешегім, –

Мәңгілікке созылса екен мынау сәт!

 

Мұңайса да, қуанса да жүрегім,

Кілті сенде, білемін!

 2

Шырмауық тұр – шір-гүлде.

Саған тәжге шір-гүл өрдім бір күнде.

 

Бар тілеуім – бір өзің,

Өзіңсің – гүл-бақшам да:

Жұпар ескен гүл өсірем аялап,

Қарамастан таңсәрі, түн, ақшамға.

Сенің қазған құдығың

Бетке ұрады солтүстіктің самалын;

«Қандай салқын!..» – Құшағыңның құлымын, –

Таптым, білем, амалын…

 

Қолдарымыз түйісті,

Алаулады денеміз,

Жүрек – масаң…

Қол ұстасып келеміз…

 

Сенің үнің бал шараптай балқытты.

Тірі екенмін…

Қажет емес маған су мен нан тіпті, –

Жүрегіңде жүр екенмін…

 

ОНЫҢ БАҚШАСЫНДАҒЫ АҒАШТАР

Анар ағашының сөзі

 Сұлу қыздың маржан тісін үлгі еттім

Дәндеріме. Оларға да ұнаған.

Жемісіме – оның төсі құрметті.

Жыл бойы өзім жапырағыммен сыланам.

 

Тал бойына жұпар бальзам сіңіріп,

Бал шарапқа масаюдан айығып,

Келген кезде көлеңкеме жүгіріп,

Қос ғашыққа сая болам жайылып.

 

Жыл маусымы алмасқанда кезектеп,

Сәні кетіп, тал төгеді көз жасын.

«Сүйкімімнен қол үздім» – деп безектеп,

Мұңаймаймын жыл – он екі ай өз басым.

 

Үлгерместен ұшып менің гүлдерім,

Бұтағымда жаңа жеміс бүрлеймін.

Мәңгі гүлдеу – үлесім ғой бұл менің,

Өңі таю – оныңды мен білмеймін.

 

Әгәрәки, қалсаң мені кемсітіп,

Өздеріңе өздеріңнің обалың! –

Дүйім елдің жел – өсегін өршітіп,

Айдай болар қулықтарың, амалың!

 

Сүйкімдіге болар онда сыбаға –

Лотос гүлдің саудыраған сабаны,

Сүйікті де қалмас «сыйдан» құр, ада –

Бар ашуын сол сабаннан алады.

 

Сүйкімдісі сүйіктісін шеттетер,

Алға тартып мас болғанын сырадан.

Махаббатқа лайықты күн тек кетер

Қалқа астында, қамыстардан құраған.

 

– Рас, рас, жөн айтты анар ағашы!

Көңілінен шығайық,

Жат көзінен жасырады бізді оның панасы!

 

Інжірдің сөзі

Қандай ләззат – әлпештесе Сүйкімді!

Оған тең жоқ әйелде үлде-бүлделі!

Қызмет етем, қиып күлкі-ұйқымды,

Аздық етсе бабын табар күңдері.

 

Сирияның топырағында өнген ем,

Әкеліндім тұтқындайын байланып.

Сүйкімді ием бақшасына өң берем

Шырайлана, тамырларым майланып.

 

Қарашы енді, айылдарын жимайды,

Масайрайды бал шарапқа масайып.

Маған шарап тамшысын да қимайды,

Демейді де: «Салқын судан шашайық».

 

Бұлар үшін салқын сая мен берген

Күндіз керек, рахаттан жан жай табар.

О, ғашықтар! Ант етейін, сендерден,

Бір күн туар өз кегімді қайтарар!

 

 Сүйкімдінің өз қолымен отырғызылған

кішкентай сикомордың сөзі

 Сикомордың жапырағы сыбдырлай,

Елітеді балдай тәтті жұпары.

Шыр айналар дүн-дүние бұлдырлай,

Көз жауласа бұраң белдей бұтағы.

 

Нарттай қызыл жемістері албырап,

Өзіне-өзі тоқ көңілмен паңданар.

Жапырағы жалтылдаса сән құрап,

Інжу-маржан ілесе алмай, шаң қабар.

Мәрмәр тастан қашалғандай діңгегі

Қаздияды, тұрғандайын көк тіреп.

Күллі әлемді қуырса да Күн демі,

Сикомордан серпіледі отты леп.

 

Сүйкімді ием

Сөзін түйді шаттана.

Бақшашының қызы, – желдей сырғыма,–

Құстай ұшты сағынышты хатты ала:

«Сүйікті жар, қонаққа кел құрбыңа.

 

Саған тіккен шатырлармен таласа,

Сая жаяр бақшаның тал, дарағы.

Елеңдеулі жол күткен жас балаша

Біздің үйдің өрені мен жараны.

 

Сергу үшін не керегін өзіңе

Қызметшіңнен жеткіз. Бәрін істетем.

Келеріңді сезінудің өзі де –

Бал шарапқа масаюдан күшті екен…

 

Малайларым

Ыдыстармен зыр қаға,

Жеткізеді алуан түрін ырыстың.

О, сүйіктім,

Тілегім бар бір ғана –

Өткізуге келсең етті бір үш күн!..»

 

…сүйіктіге көзін сүзе жүз бұрған

Сүйкімдінің шырайы да оңалды.

Енді, міне, қызғандар мен

Қыздырған

Қатарласты, бауырға ала көгалды…

Екі ғашық әлдеқайда жоғалды…

 

Таңсық емес маған мұндай қылық та,

Көлеңкем де – ғашықтарға ыңғайлы.

Бәрін көрдім… Бірақ ауызым – құлыпта.

Ешкімге де жақ ашпаймын бұл жайлы.

 

ҰЛЫ ҚУАНЫШ СЫЙЛАУШЫНЫҢ

БАСТАУ СӨЗІ

Бірінші жыр

 Бір сұлу бар, – сыңарындай арайдың,

Жүзін көрсем, нұрға шомар айналам.

Жаңа жылдың жұлдызына9 балаймын,

Бақытты жыл бастауында жайнаған.

 

Жанарына сәуле тұнып мейірлі,

Жамалына үйірілген шұғыла.

Еріндері ізгілікке бейілді,

Сөйлемейді сыпсың сөзге сұғына.

 

Бұйра шашы – самырсындай саялы,

Сұңғақ мойын – кипаристен үлгі алған.

Алақаны – Алтыннан да аялы,

Саусақтарын лотос дерсің, гүл жарған.

 

Жанарына жан баласы ілінбей,

Қозғалғаны – үр қызынан аумайды.

Бас изейді ол маған менмен күлімдей,

Сол қылығы жүрегімді жаулайды.

 

Оны көрсе, естен тана, ер біткен

Сүзіледі, ерік беріп көзіне.

Жалт қараса, – онда жігіт ерлікпен

Жау жеңгендей тәнті болар өзіне.

 

Үйден шықса Ол, жүгіреді ел жапырлай,

Бір құдайға тәу етердей, апырмай!

 

 Екінші жыр

Екі ауыз сөз – дерт дәруі, шарасы.

Дауысыңды аңсап, жүректе мұң өршиді.

Қол ұсыным – екі үйдің арасы,

Бірақ маған көру де мұң көрші үйді.

 

Анам сезсе мендегі дерт себебін,

Айрылам-ау мені арбаған көзден де!..

Сиқыр – көзбен арбасып-ақ келемін,

Сезім, шіркін, жетектеуге төзген бе!?

 

Торығанша жанарыңмен жолымды,

Құшағыңа ал, өрт сезіммен құш мені!

Анашымнан сұра менің қолымды,

Талшық етпей тәтті елесті түстегі!

 

Менен көрсең жүрегіңнің сыңарын,

Келсеңші, Аға, жасқанудан тыйылып!

Қандырайын көңілдің көз-құмарын,

Ата-анам да масайрасын сүйініп.

 

Табылғанда жүректегі дерт емі,

Екі ғашық Бақыт жырын шертеді!

 

 Үшінші жыр

 Үш тілек бар жүрегімді билеген:

Храм бару, жүзін көру Алтынның,

Жалбарыну… – Мехи түсті күймеден,

Көрді мені, мен де еріксіз талпындым.

 

Жүрегім-ау, албыртым-ау, аңғалым!

Мехиді мен көрмей қалай жүрмекпін?

Шуақ жүзген жұмақ еді жан-жағым,

Тағдырымды оған қалай күрметтің?

 

«Бір сен үшін жаралғанмын!» – десем бе,

Кетер ме едік дертімізден айығып?

Жүрсе, шіркін, дұға орнына кеселге

Үш қайтара есімімді қайырып!

 

Төртінші жыр

 Төрт есе тез кетер жүрек бұлқынып,

Іңкәр сезім билегенде дес бермей,

Асаудайын алқынады жұлқынып,

Бұғалықтың бұлтартпасын ескермей.

 

Мұрша жоқта сәнді көйлек ілуге,

Уақыт қайда желпуішті алуға?

Үлгермессің көзге сүрме сүруге,

Жай қалмай ма иісті май жағу да?

 

Қақ айырып қайғы-мұңның іргесін,

Келеді өзі қауышуға құмартып.

Шыда, жүрек! Даурықпа жұрт жүрмесін:

«Ғашықтықтан ауысқан!» – деп кінә артып.

 

Ғашық дерті буған кезде көзіңді,

Төрт есеге көбейт, жүрек, төзімді!

 

Бесінші жыр

 Бес дұғаммен Билеушісін Аспанның

Мадақ еттім, асқақтаттым Хатхорды.

Қабыл етті ақ тілеуін жас жанның

Шексіз Билік иесі де. Бақ қонды.

 

Алтын Хатхор тілеуімді құп алды,

Аяулыма жетті жүрек қалауы.

Қарындасым келді үйіме, тұманды

Көңілімде жанды шаттық алауы!

 

Масаттандым мақтанышқа малынып,

Дегенді естіп: «Келді Ол үйдің маңына!»

Жүзін көріп, Ұлы Дертке шалынып,

Бозбалалар бас ұрды, естен жаңыла.

 

Аңдамадым, көрген түстей жалт етіп,

Қалай өте шыққанын да үш күннің.

Ұзай берді Ол, жалынсам да ант етіп.

Бес күн болды – жалғыз қалған міскінмін.

 

Алтыншы жыр

 Алты қадам аттау ғана жетпеді,

Қақпасы ашық тұрған еді жолымда.

Ол күлімдей, анасына беттеді,

Бауырлары еркелеп оң-солында.

 

Егіздесе жаралғандай Ұлыға,

Тал бойына бекзаттығы жарасқан

Бозбаладан тарайтындай шұғыла,

Өтуде жұрт мейірлене қарасқан.

 

Көңілімде шарпысуда сан ағын,

Сездім көзбен қуаларын ізімді.

Аңдадым да оның мұңлы жанарын,

Жүрегімде аппақ сәуле түзілді.

 

О, Құдірет, мені оттай жандырған

Сезімді анам түсінсе екен жаны ашып! –

Жүрер едім жанарымды талдырған

Сүйіктімнің қақпасынан әрі асып.

 

Аймалар ем, сүйер едім қанша мың,

Елемес ем ешкімнің сөз, көздерін!

Мені таңдап сүйгені үшін Аңсарым,

Қызғаныштан іші күйсін өзгенің!

 

Құдайыма той жасар ем ұдайы,

Табылса егер жүректегі жараға ем!

Рақым етсе Ғашықтардың құдайы,

Алты түн көз алмай оған қарар ем!

 

Жетінші жыр

 Жеті күн мен аяулымды көрмедім.

Топырақпен толтырылған мес – денем,

Өн бойыма салуда дерт өрмегін,

Есалаңмын, еліктірмес ештеңең.

 

Оқымысты емшілер жүр жүгіріп –

Айыра алмай дерттің сырын, тұрпатын.

Құшынаштың жеткен жері – тығырық,

Бұларға да сыр ашпады сырқатым.

 

Сыбырлашы Қарындастың есімін –

Қозғалайын қыран құстай қомданып.

Хабар жетіп, қақса үйімнің есігін –

Жүгірер ем, жүрегімді қолға алып!

 

Сезбейсің бе әуре екенін бұларың, –

Кетіңдерші, емші, құшынаш, енді әрі!

Сүйгенімнің есімі ғой – тұмарым,

Сүйіктімнің хабары ғой – ем-дәрі!

 

Оның көзі сәуле құйып ойыма,

Ол тіл қатса – от ойнайды қанымда,

Құшағынан қуат алам бойыма.

Жеті күн – ол көрінбеді жанымда.

  

ҮШ ТІЛЕК

 1

Қарындасқа асықсаңшы, патшаның

Шыдам сарқа күткен хабаршысындай,

Сәйгүлігі болса жолдан ақсабын,

Басқасы әзір жету үшін қысылмай:

 

Оған даяр жүйріктер мен жорғалар, –

Құстай ұшсын, күткен жанды бетке ала.

Қажет болса салқын күйме, ол да бар,

Демалуға хақысы жоқ тек қана.

Жеткен сәтте Қарындастың үйіне,

Шертіледі махаббаттың күйі де.

 2

 Шіркін, маған асықсаң ғой тұлпардай, –

Патша мінген, таңдаулыдан таңдалған;

Жер тарпыса – қара тасты ұнтардай,

Бауыр жазса – артында боз шаң қалған;

 

Қысы-жазы бұзбай бабын, мүсінін,

Астауынан жейтін жемін-азығын,

Құлақ шалса-ақ шыпыртқының ысылын,

Жұла шапқан арқандаулы қазығын.

 

Оған жетер хас жүйрік те табылмас,

Тоқтата алмас қыл арқаны шалманың.

Жүрегімен сезінеді Қарындас, –

Ол өзіне тым-тым жақын қалғанын.

 3

Шіркін, маған асықсаң ғой, шөлдегі

Құлдыраған қарақұйрық секілді, –

Оның тоқтап, аялдауы – өлгені,

Желдей жүйткіп жетуге ол бекінді.

 

Алдырмасқа аңшы қосқан тазыға,

Тұяғынан шаң бораны ұйтқиды.

Қатер төнсе, бауырынан жазыла,

Үйіріне жету үшін жүйткиді.

 

Сен де, достым, Қарындасқа жеткенше,

Аялдама, аяңдама, алқынба, –

Саған солай бұйрық етті Алтын да.

 

НЕКРОПОЛЬ ОҚЫМЫСТЫСЫ НАХТ-СОБЕК

ТАҢБАЛАҒАН ЖАЗУЛАРДАН ТАБЫЛҒАН

ТӘТТІ СӨЗДЕР БАСТАУЫ

 1

 Қарындаспен кездесуге асықсаң,

Ала барып сыйлығына мынаны,

Ән мен бидің салтанатын тасытсаң,

Шырайланып сала берер тұрағы.

Оған жиі шарап ұсын, бас ұрып.

Сонда ғана өз айлаңды асырып,

Шырын түннің ләззатына жетерсің,

«Аялашы!» – дейді ол саған асығып.

Ертеңінде және солай етерсің.

 2

 Қарындастың ауласына әндеріңмен жетерсің;

Жалғыз барсаң, жан ермесе ізіңнен,

Сол думанда еркін сайран етерсің.

Ескен желмен тербелер гүл, қабырғада тізілген.

 

Төмен түсер Аспан, нұр боп жайыла,

Елең қылмай есі шыққан ауаны,

Дүниені ақыл-естен айыра,

Жан-жағыңнан жұпар иіс жауады.

 

Аңғардың ба шапағатын Алтынның –

Рахатын көр Ол сыйлаған бал түннің.

 3

 Қарындастың бір құласа көңілі,

Құрықтайды құтқармастай өмірі.

Тұңғиық көз үйіргенде шырғалап,

Бұйра шашқа байланарсың өзің де.

Сиқырлы алқа жүрегіңді ұрлап ап,

Ойнатады сақинаның көзінде.

 4

«Аяулымды аялау ғой – бар қайғым», –

Деп, жүрекке жиі ашасың жан сырын.

Амон – куә, мен де құстай самғаймын,

Көңілдерде қалдырмаймыз тамшы – мұң.

 5

 Су жанынан кезіктірдім Ағаны,

Су жалдаған, белуардан шешінген.

Алдындағы ас, шарап толы табағы

Жұтынтады, аумай менің төсімнен.

 6

 Қарашы, енді, Қарындастың қылғанын,

Жөн болар ма іштен ғана тынғаным?

Мені тастап есігінің сыртында,

Кете берді, қайрылмастан бұрылып.

«Сүйіктім-ау, сен де үйге кір, тұрма», –

Демеді Ол, тұрып қалдым құмығып.

 7

 Оның үйін айналсоқтап, ай бақтым.

Есік қақтым, болмады, әттең, жылылық!

Күзетшінің ұйықтауына жайлы-ақ түн.

О, ілгешек, қалсаң етті жұлынып!

 

Есік! Сенсің – тағдырым да, бағым да,

Қайырымды ақ періштем болшы ұдай!

Құрбандыққа бұқа шалам, қабылда,

О, есік! Тек таныта көр оң шырай!

 

Ұзын мүйіз бұқа шалам есікке,

Қысқа мүйіз бұқа – құлып үлесі.

Қаз семізі – топса үшін несіп те,

Кілт еншісі – іш майы мен сүбесі!

 

Қу қамыстан ілекерлеп ілгешек,

Ал есікті жасау үшін сабаннан

Шұрайлы еттен беріледі кіл кесек

Шеберлерге, ағаш тілін таба алған.

 

Келсін Аға мезгілінде қалаған,

Көңілінде болмасын еш алаңы.

Ару қызды аңсарына балаған

Ақ мамықтың арасынан табады.

 

Сол сәтте қыз тіл қатады сүйіне:

«Қош келдің, – деп, – әміршінің үйіне!»

 

ӨЗЕН ЖАНЫНДА

1

 Арғы бетте Қарындас тұр мұң жұтып.

Ағады өзен асау толқын жүздіріп.

Қолтырауын сілекейін қылғытып,

Күншуақта жатыр жонын қыздырып.

 

Кесе жүздім арынды өзен ағысын,

Бетке соқты тарпаң толқын бұлқына.

Жиіледі жүрегімнің қағысы,

Өршелендім жағалауға ұмтыла.

Махаббатым дем берді де пірімдей,

Қанаттанып кетті сол сәт құлашым.

Қол созды Ол да саусақтары дірілдей,

Мың қайталап жаратқанға дұғасын.

 

Қолың соза алаңдайды патшайым,

Маңдайымнан сипайтындай жел – жібек.

Жағалауға жақындаған сәт сайын,

Ғашық жүрек бара жатыр елжіреп.

 2

 Мен оны аймаладым,

Ол мені аймалады.

Пунттың жұпар иісі

Жаулады айналаны!

 3

Еріні үлбіреген

Ашылды әнтек қана –

Буынсыз күллі денем,

Масайдым тәлтек қаға!

 4

 Ей, қызметші, жатынжайды енді қашан қамдайсың?

Ең әуелі мына жайға қанғайсың:

Ақ тәніне жайлы тисін, әкел виссон жамылғы.

Тек патшаның матасынан төсеп қойма, абайла!

Ағартылған қарапайым маталарды ал кәдімгі!

Мирра иісі жұпар шашып, масайратсын алайда.

5

Болсам, шіркін, мен өзіңе қара күң,

Арланбас ем аяғыңды жуғанға!

Ақ тәніңді аяласа жанарым,

Қол сілтер ем тірлікте той-думанға.

 6

Кір жуушың болу – маған бақ дер ем,

Бар-жоғы бір ай ғана:

Көйлектерді жусам, тиген ақ денең,

Жұпарынан дүние шыр айнала!

7

Болар ма едім саусақтағы жүзігің!

Білмеймін, әттең, емін!

Қорығандай дүниенің қызығын,

Сен мені сақтар едің!

  

ҮЗІНДІЛЕР

 1

Күні бойы әміршіме жалындым:

Құмартпашы мені жаудай түтуге!

О, әміршім, жайын ұқшы жанымның,

Қинамашы мәжбүр етіп күтуге.

 

Басылмай тұр күлігімнің арыны,

Сауырынан дауыл бұрқап, жұлқынған.

Тізгіндеуге жетеді әзір қарымым,

Аһ ұрсам да күйме ішінде мұң тұнған.

 2

Алтын арал буы арбаған әміршім

Жүзіп кетті, масаң күйде тым ұзап.

«Махаббатқа Мехи құрбан шалынсын», –

Демен, бірақ бір болайық күнұзақ.

3

 О, ғажап күн, еліттірген ғажап күн,

Күні бойы жазылмады жұбымыз.

Сағынудың азабынан азатпын.

Есірік жел, мұны сіз де ұғыңыз.

 

Жүрегімнен сұрай берем мазалап:

«Жүрегім-ау, оған неге құмарсың?

Жалғыздықтың азабымен жазалап,

Ғайып болса, қалай ғана шыдарсың?»

Қайталаймын: «Қайран жүрек, күйінбе!

Мехи аман-сау болсын,

Ол өзінің үйінде!»

 

ЖЕЛ

Сикоморға асыққандай самал жел,

Алып ұшып, аңсарым-ау, маған кел…

 

МАХАББАТ ӘНІ

 Махаббатың – аққу сезім айғағы.

Ақ дидарың – бала бейне жайдары.

Хош иісің – бальзам иісмайлары.

Әппақ тәнің – балбыраған жемістей.

Тіршілігің – дәнге тұнған егістей.

Күн нұрынан жамалыңды танимын.

Жанарыңда шаттығы бар сәбидің.

Ақ тілеумен Раға арнадың асыл ән,

Қолың созып, қасиетті жас ұлан!

Бойыңда бар Гермопольдің10 иесінен анық қан.

Оны саған Ипуи ұлы Амоннехт дарытқан.

 

ХАТХОР АБЫЗЫ

 Хатхор жолын қуған Мутирдис пен Менхеперра патша да:

«Сезімімен баурайды», – деп бағалады, жандарына батса да.

«Ең сүйкімді билеушісі махаббаттың», – дейді ерлер табына,

«Махаббаттың әміршісі», – дейді әйелдер жабыға.

 

Патша қызы, махаббаттың абызы,

Жамалына жүгінеді бар ғалам.

Ақ жүзінде арайланса таң ізі,

Қара шашы тылсым түндей арбаған.

 

Албырт ерні тәтті құрма, жүзімнен.

Әппақ тісін маржан дерсің түзілген.

Кеудесінде тепсінеді қос сиқыр,

Байлап алып жанарларды сүзілген…

 

МӘҢГІ МАХАББАТ

 1

Бақыт таптық мәңгілікке қосылып,

Жаратқан да бөле алмайды бізді енді.

Ант етемін, бізді айыру – бос үміт,

Қош көрмесең өзің ірге үзгенді.

 

Қалыс бізден тіршіліктің дүрмегі,

Қатер емес бізге енді қастық түк.

Ел жадында жаңғырығып жүргелі,

Бақи мекен сапарына бас тіктік.

 

Арай көмді қара жерді, аспанды,

Табыт үстін жапты шуақ себелеп.

Салтанаттан дос пен дұшпан жасқанды, –

Орындалды біз аңсаған керемет.

 2

Ах, сен мәңгі тыныштықта жайландың,

Қайыр таптың, құт мекенге тұрақтап.

Мен де сенің елесіңе байландым,

Кете алмаймын бір күнге де жырақтап.

 

Елестейсің пәк бейнеңде кешегі,

Қиялымда бақыт тауып, малданам.

…әдетімше, әке менен шешені

Балаларға әңгіме етіп, алданам.

 

СҮЙГЕН ЖАРҒА МАДАҚ

 Сүйген жарын сүйкімімен жаулаған,

Бойын тартқан ғайбат сөзден, күнәдан,

Айтқан сөзі Ақиқаттан аумаған

Ғажап әйел, шаһарына ұнаған,

Жақын, жаттан жақсылығын аямай,

Тарту еткен жүрегінің алауын,

Жабыққанды жылы сөзбен аялай,

Таба білген көптің көңіл қалауын

Ренпетнефрет – сүйіктісі баршаның.

 

ПТАХОТЕП11 ҰЛАҒАТЫНАН

 1

Қылық қылма, білім жиған жан, әбес,

Күмпіл мақтан күні жетпей солығар.

Ақыл кені данышпаннан ғана емес,

Кейде көзден қалыс жаннан жолығар.

 

Хас өнердің сарқылған ба жұмбағы,

Суреткерге жеткізген бе алар шың?

 

Ақыл – маржан, сыртын жапқан құм қабы,

Дән ұшырған күңнен кейде табарсың.

 2

 Қимас бауырдай, яки қымбат қонақтай

Шақырған жанның адал пейілін алғаусыз

Сақтағың келсе, көңілге қылау жолатпай, –

Абай болғайсың әйелден, баспа аңдаусыз.

 

Көзіңе сеніп, жіберіп алма мүлт қадам,

Сырына бойла, сұқтана бермей сыртына.

Талай өркеуде өкініш уын ұрттаған,

Еліге еріп тойымсыз көздің құртына.

 

Әйелдің тәні – көз тартқан інжу іспеттес,

Жаны бар пенде қарай да алмас жасқанбай.

Әйелді құшу – құйындай келте түс тектес,

Сырына қану – ажалмен аймаласқандай!

 3

 Берекеге бейіл болсаң, елге төксін үйің нұр.

Мейіріңмен мерейленіп, гүл жайнасын әйелің.

Аңсағанын алдына қой, қалауынша киіндір,

Сылануға сыйла жұпар шашқан бальзам мәйегін.

Әйел жанын жадырату – нағыз жайсаң ер ісі!

Әйел – егін, күтіміне сай өнетін жемісі.

 

БАҚШАДАҒЫ МЕРЕКЕ

 Бақшадағы лотос гүлі сен үшін

Жаратылған, пәк көңілмен қабылда.

Сыйласын ол уылжыған жемісін,

Таңдайыңда бал татысын дамылда.

Тәттілері мейіріңді қандырсын,

Өз бақшаңның рахатын көр сен енді.

Гүл иісінен жан-жүрегің жаңғырсын,

Тал саясы салқындатсын денеңді.

Өмір бақи жаса жүрек қалауын.

 

ТОЙ-ДУМАН

 1

 Ақиқаттың өз көңілі қалай ма

Жүрегінің масайғанын қалайда?

2

Мирра сіңір Ақиқаттың шашына –

Қауіп-қатер үйірілмесін басына.

 3

 О, келе ғой, солтүстіктің самалы,

Сейілде жүргенімде, мұнарадан

Мен де сенің жолыңа сығалағам.

  

АРФА ҰСТАҒАН ӘНШІ АЛДЫНДА БЕДЕРЛЕНГЕН

МАРҚҰМ АНТЕФ ПАТШАНЫҢ ҮЙІНДЕ АЙТЫЛҒАН ЖЫР

Әмірші өтті, жоқ еді ізгі тең келер,

Алды ақтық таңғажайып тынысын.

Алмастырмақ бірін-бірі пенделер,

Тауысқан соң тірліктегі ырысын.

Құдайлар да аты айналған аңызға

Байыз тапқан пирамидаларында.

Құм жамылып жатыр бай да, абыз да,

Дәрібі асқан тіршілікте барында.

Үй салды олар, көз тартатын алыстан,

Биледі олар қарашының ырқын да.

Қарашы енді, бүгін бәрі – шаң ұшқан,

Жұқана да көрінбейді жұртында.

Имхотеп12 пен Джедефхордың13 сөздері

Заманында бар ғаламды ұйытқан.

Олар да ұмыт – жұмылған соң көздері,

Моласы да айырылған сиықтан.

Келген жан жоқ о дүниені айналып,

Айтар еді не керегін ол жақта.

Қалар еді алаң көңіл жайланып,

Көре алмайды және ешкім болжап та.

Сағат жетіп жүрегіңе нұр тұнар,

Қаққаныңша о дүниенің есігін,

Жұбаныш тап, өміріңе қыл тұмар

Тірліктегі жүрегіңнің кесімін.

Назаланып шындығына жалғанның,

Күйрей берме күйін күйттеп бақидың.

Ғайып болсын көңіліңді шалған мұң,

Бастан өткер салтанатын сақидың.

Тәнге сіңір мирраның хош иісін

Құдайларға құрбандыққа атаған.

Көңіліңнің көтеріңкі күйі үшін

Киім тіккіз ең мақтаулы матадан.

Қызмет жаса қалауына жаныңның,

Тірлікте көр байлығыңның базарын.

Оты өшпесін жүректегі жалынның,

Арқалатпа уайымның азарын.

Бір-ақ сәтте өте шығар бұл жалған,

Жоқтау ғана – ең ақырғы үлесің.

Құлақ тұнып қалсын, мейлі, мұң-зардан,

Ажалыңа араша жоқ, білесің.

Риза бол да тірліктегі бес күнге,

Қызықтап қал тарту еткен ермегін.

Көріп тұрсың, оралмайды ешкім де,

Әкетпейді және жиған-тергенін.

 

ӨЛІМДІ МАДАҚТАУ

 Гелиопольдік тоғыз құдай, ізгілікті құп көрген!

«Құдайлардың әкесіне»14 мадақ айттым, тыңдағын.

Білем, оның құдіретіне орын тиіп нық төрден,

Мәңгі жасар ажалсыздар санатында тұрғанын.

 

Сендер оның табытына тәуәп еткен жандардың

Тағдырына алаң болып, бағасыңдар қас қақпай.

Мен бағзыдан келе жатқан жырлар барын аңғардым

Бақилықтан шошындырған, тіршілікті асқақтай.

 

Қабірлердің іргесінен естілетін жырлардан

Неге күмән сезіледі бақилықтың даңқына?

Шындығы сол – о дүниенің тыныштықта нұрланған

Тұрғындары бізден жетік ізгіліктің парқына.

 

Бабалардың әзиз жаны мәңгілікке жайланған

Бақи дүние – әділ әлем, жаралғалы бар ғалам.

Пендең қане, Мысырдағы мына өмірге байланған,

Пендең қане, Бақилықтың қаласына15 бармаған?!

 

Адам – мейман мына өмірге, көрген түс қой – тірлігі,

Көзіңді ашып-жұмғаныңша өте шығар бәрі де.

Дәм таусылып, тіршілік те сарқылады бір күні,

О дүниенің қақпасынан аттайды жас, кәрі де.

 

МЕМФИСТІ АҢСАУ

 Аңғардың ғой, қайран жүрек албырта,

Мемфисті бір көру үшін жаңғырта,

Оңтүстікке кетті асыға ұмтылып.

«Тез қайтса!» – деп жалбарына жалынам,

Жүрегімнің Ақ қабырға16 маңынан

Көргендерін бір естуге ынтығып.

 

Жүрегімді ұрлағандай әлдекім,

Кеудем – қуыс, қалмады ғой дәрменім.

Келші, Пта, жеткіз мені Мемфиске,

Қызықтайын сарқылғанша бар демім.

 

Алаңдаймын, таба алмаймын бір емін –

Кеудемде жоқ енді менің жүрегім.

 

Жан-тәнімді жаулаған дерт құнықты,

Құлақ – керең, жанар – басыр бұл сәтте,

Тіл байланып, дауысым да құмықты.

Мен де оған жетейінші, мұрсат де.

 

ЖҮЗІМ ЖИНАУ ТУРАЛЫ СӨЗ

 О, әміршім, жүзімдікке бұрылғын,

Ықылас қой мөлтілдеген жүзімге.

Дәмінен тат тіл үйірген шырынның,

Шаттық нұры арайлансын жүзіңде!

 

Мөлдірейді мөлт-мөлт жүзім, шоқтала,

Жәудірейді жанарындай ғашықтың.

Іш, әміршім, бал шырынды, тоқтама,

Рахатын көр берекелі нәсіптің!

 

Сам жамырап, бой сезінді салқынды,

Жапырақты лебі ұрды шық – тамшының.

Жүзімшілер шырын сығып алқынды,

Әміршіге тасылуда бал шырын.

 

Іш, әміршім, тәубаңнан тек жаңылма.

Ырзығынан айырмасын жаратқан.

Берекеде жүзсін жүзім бағың да.

Әр жаңа жыл, әр арайлы таң атқан

Дәм татқызсын хош иісті шараптан.

 

ТҮНГЕ

 Жетілген түн құрсағында аспанның

Қолына алды жерге билік тізгінін.

Жанға сая түн сыйынан қашқан кім –

Мен тыныштық құшағында мызғыдым.

 

Алқара түн, сыйла маған тыныштық –

Мен де сенің тынышыңды бағайын!

Алқара түн, сыйла маған ырыс, құт –

Тынышыңды қарау ойдан қағайын!

 

Іңір түннің құдіретіне бағынды,

Оның асатаяғы да қақ сынды.

Суға толы құмырасы шағылды.

Түн өткенше, қуыра алмас апшыңды.

 

Түн бағады тыныштығын Алтын құдай – ананың,

Мен бағамын тыныштығын даланың.

 

ИСИДАНЫҢ17 ОСИРИСТІ ЖОҚТАУЫ

 Мен – әйелмін, күйеуіне құдіреттей табынған.

Сенің жарың, Сенің қарындасыңмын,

Оралсаңшы жан жарыңа сағынған!

Сені аңсаймын, келмейді оны жасырғым.

Сен кеткелі, жан-жағымнан жол сала,

Түнек төнді, Ра аспанда болса да.

 

Аспан мен жер астаң-кестең. Жер көмілді мұнарға.

Жан жүрегім өртенуде қасіреттің зарынан.

Жан жүрегім өртенуде, қайғым сенсіз тынар ма,

Оралсаңшы, сені аңсаймын, зарығам.

 

Қос қаламыз қирап, жолдар жоғалды –

Көремін де, сені іздеймін, ардағым.

Қаладамын, сезінбейтін обалды.

Махаббатың – бар медетім, бар бағым.

Онда жалғыз қалма! Сені бір көру ғой – арманым!

 

Ұлың Гордың бар арманы – Сеттегі

Кегіңді алу, жүрсек те әзір бой бағып.

Мүмкін емес кегің жатта кетпегі.

Сенің азап шеккеніңді ойға алып,

Зар құшамын. Сол қайғыртар тек мені.

 

КЕЗДЕСУДІ АҢСАУ

 Шықты ием Джебауттен18 аттанып,

Көрем оны, Пунт жұпары аңқыған.

Ол келгенде, Эннеада шаттанып,

Әйел біткен көзбен арбай, балқыған.

Махаббаттан бара жатқан өртеніп,

Жан жарыңа тез оралшы, сүйгенім.

Махаббаттың маздақ жырын шертелік,

Жыр етелік қос жүректің күйлерін.

 

ЖЕРЛЕУ КЕЗІНДЕГІ ЗАР

 Ішетін еді тарқамастан мастығы,

Сусыз Елде қармағаны құм болды-ау.

Түсетін еді қисапсыз толып астығы,

Бір уыс бидай мұң болды-ау.

Аударған Кенжебай АХМЕТОВ

Кенжебай АХМЕТОВ – аудармашы, драматург, филология ғылымдарының кандидаты. Аудармалары: «Ежелгі Шығыс әдебиеті» жинағы, Дж. Боккаччоның «Декамерон» кітабы.

 

 

 

 

1 Мемфис – Мысырдың ежелгі астанасы, Каирдың оңтүстігіне қарай орналасқан. Б.д.д. ХVІ ғасырдан бастап аса маңызды сауда орталығы және Пта құдайға тәу ету орталығы болған.

2 Пта – құдайлардың билеушісі, тіршіліктегі бардың бәрін жаратушы. Ұсталар мен мүсіншілердің жарылқаушысы саналған. Ол әйелі Сехмет және ұлы Нефертуммен бірге Мемфис үштігін түзген. Ол жерлеу жамылғысымен қымтанған тақырбас адам кейпінде бейнеленген.

3 Иарит – жылан кейіпті әйел құдай, перғауын билігінің қорғаушысы.

4 Нефертум – Птаның ұлы. Ол басына лотос гүлін жамылған адам кейпінде бейнеленеді. Лотос жаралу мен өркендеуді меңзейді.

5 Алтын – әйел құдайлар Хатхор мен Сехметке қатысты эпитет. Кей тұстарда Хатхорға аспан мен алыс елдердің құдайы ретінде тәу еткен. Оның қасиетті белгісі – систр, қасиетті хайуаны сиыр болған.

 6 Билеушінің өзені Гелиополь қаласының маңында болған. Қаланың ежелгі мысырлықтар тіліндегі атауы – Он.

7 Мертиу өзені Гелиополь аумағында болған. Мәтіннің бұл тұсындағы сөз Ніл таситын кезде тойланатын мереке жайында.

 8 Мех-мех – қараот гүлі.

 9 Жаңа жылдың жұлдызы – Сириус, оның алғаш шығатын уақыты Ніл таситын және ауыл шаруашылық жұмыстарын бастайтын мезгілмен қатар келеді.

10 Гермополь – қазіргі Ашмунен; Мысырдың орталық аймағындағы қала, шамамен Каирдің оңтүстігінде үш жүз шақырымдай жерде орналасқан. Бұл қала даналықтың, жазудың және есеп-қисаптың құдайы Тотқа табынатын орталық болған.

11 Птахотеп – шамасы, б.д.д. ХХV ғасырдағы V династия перғауыны Исесидің бас кеңесшісі болса керек. Кейіннен ежелгі даналардың бірі ретінде танылған.

12 Имхотеп – ІІІ династия перғауыны Джосердің кеңесшісі. Б.д.д. ХХVІІІ ғасырда алғашқы пирамиданы тұрғызушы. Ұзақ дәуірлер бойына бағзы заманның ең ұлы данышпаны саналып келген. Кейінгі дәуірлерде Имхотеп құдайға баланып, оның құрметіне ғибадатханалар тұрғызылған.

13 Джедефхор (яки, кейбір мысыртанушылардың пікірінше, Хорджедеф) – Ұлы пирамидалар тұрғызған перғауын Хуфудың ұлдарының бірі, данышпан және оқымысты саналған.

14 «Құдайлардың әкесі» – дұрысы: «Құдайдың әкесі» (пер-нечер) – абыздарға берілетін лауазым.

15 Бақилық қаласы – некрополь, яғни ежелгі Мысырдағы зираттар кешені.

16 Ақ қабырға (Мен-нефер) – Мемфистің мысырлықтар тілінде аталуы.

17 Исида – шамасы, бағзы замандарда аспан құдайы саналса керек. Кейіннен оны Осиристің зайыбы және Хордың анасы ретінде таныған. Миф бойынша, Осирис өзінің әкесі, жер құдайы Гебтің патшалығына мұрагер болып, дана әрі әділетті билік жүргізген. Бірақ зұлым ойлы бауыры Сет құдай қызғанышқа бой алдырып, оны өлтіреді де, денесін қырық бөлікке бөліп, Мысырдың барлық өңіріне шашып тастайды. Осиристің әйелі әрі қарындасы Исида тылсым дуалардың жәрдемімен күйеуін қайта тірілтеді де, ол бұдан кейін «бақи дүние» патшасына және өлгендерге төрелік айтушыға айналады. Осирис жерге өмір мен құнар беруші, өлгендердің жебеушісі және астық құдайы саналған. Мысырлықтардың нанымы бойынша, өлгендер де Осиристің өзі сияқты жаңа өмірге оралуы мүмкін болған. Исидаға молшылықты, бала тууды жебеуші және игілік, ырзық сыйлаушы ретінде тәу еткен.

18 Джебаут – Хор құдайға табынушылықпен байланысты орын.

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.