Әлем әдебиеті

НАПОЛЕОННЫҢ ҰЛЫ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Шарль ЛОРАН

 

НАПОЛЕОННЫҢ ҰЛЫ

 

(Соңы. Басы өткен санда). 

V

БАЙҚАУ

 Шенбрунге оралған соң герцог Рейхштадтский граф Дитрихштейннен аса маңызды бірталай хабарларды естіді.

– Аса мәртебелім, – деді граф Дитрихштейн, – канцлер маған императордың өте маңызды және мүлдем жаңа қарарларын сізге тапсыруға бұйрық берді. Біріншіден, барша эрцгерцогтардікі секілді сізге арнап нөкерді жасақтайды. Екіншіден, сіз үшін бір құшақ жаңа кітаптарды жіберіпті, сізге сондай-ақ қандай да болмасын әртүрлі шығармаларды сұрастырып, талап етуіңізге рұқсат етілді. Үшіншіден, маршал Мармон әкеңіздің жорықтары жайлы сізге лекция оқиды; төртіншіден, ертең таңертең Пратерде сіздің гренадер полкі жиналады, сонда сіз, егер де қаласаңыз, оның байқауын өткізе аласыз.

Канцлерге деген дұшпандық сезімдердің өрши түскеніне қарамастан, ендігіде оның көздері қуаныштан нұрланып, жарқырай түсті. Оның бойында біздің уақытымыздың ең тұңғыш жауынгерінің қаны ағып жатты және де ол өзінің жоғары тектен шыққандығына лайықты екендігін дәлелдемекші болуға ұмтылды, оның үстіне өзі 20 жасқа толған-ды және полкты басқармақ ойы зор мақтаныш сезімін туғызды.

– Жақсы, – деді ол қанағаттанғандықтан қызара түсіп. – Мен ертең өз полкымның байқауын өткіземін және император маған риза болады деп үміт артамын. Ал білесіз бе, бұл үшін мен кімге міндеттімін?

Граф Дитрихштейн білмеймін дегендей екі иығын жоғары көтерді, жас жігіт одан жауап күтудің өзі пайдасыз екендігін жете түсінді. Ол кейін бұрылды да, өз бөлмесіне қарай бет алды.

Өзімен-өзі жеке-дара қалып, ол іштей бүкіл команданы сапқа, қатарға тұру ережелері мен әскери тактиканың мүмкін боларлық нәзік иірімдерін ойша қайталай бастады.

Сөйтіп, өзіне осылайша емтихан сынақтарын өткізіп, жас жігіт сабырлы күйге түсті, содан соң, баққа барды, онда Франц бұны әлден уақыттан бері күтіп тұрған-ды. Өзінің жүрек түкпірінде ол өз әкесінің осынау әскери ардагері алдында қазірде өзі австриялық сарбаздарға байқау өткізетіні жөнінде кешірім сұрауға міндетті секілді сезінді.

Шынында да, Францқа осы жаңалықты естірте отырып, герцог қатты әбігерге түсті, оның дауысы да қобалжи бастады, бірақ азу тісі шыққан кәрі қасқырға айналған әскери қызметкер мәселенің мән-жайын лезде-ақ ұқты, сөйтіп, оны, яғни өз императорының ұлын өзі-ақ қиын жағдайдан алып шықты.

– Сонымен, байқау ертең Пратерде болады ма? – деді Франц беймарал қалыппен.

– Иә, – деп жауап берді герцог және оның дауысында мұңды үн бар-ды.

– Жарайды, келемін.

Жас жігіт үнсіз көзқараспен өз әкесінің соғыс ардагеріне осынау сыпайы жауабы үшін ризашылығын білдірді.

Франц болса өзінің қарапайым кәдуілгі баспанасына келген соң, міңгірлей сөйледі:

– Бұл ерте ме, кеш пе, әйтеуір, болатын жағдай еді. Бірақ оның ұлы австриялық полкты басқарады деп ойлаудың өзі өкінішті-ақ. Бәрібір көру керек, ол, шынында да, қалай басқарар екен?

Келесі күні таңертең кәнігі әскери қызметкер Пратерге қарай бет алуға асықты және герцог Рейхштадтский өзінің гренадерлік полкінде өткізетін алғашқы байқауын көруге келген көпшіліктің бірінші қатарына жайғасты.

Демде-ақ аттың тұяғының дүрсілі естілді және жап-жас командир полктің жанына жақындады. Ол асыл тұқымды аттың үстінде құйып қойғандай нық отырды және оның бозарған беті байыптылығымен, лайықты кескінмен ерекшеленді. Ол полкпен қатарласа бастағанда-ақ, гренадерлер «ура» деген бірауыздан шыққан ұрандас дауыстары ауаны түгелдей жаңғыртып жіберді. Осынау әп-сәтте пайда болған біртұтас дауыс, шын мәнінде, асығыстау шыққанымен, бүкіл адамдар дерлік ұлы қолбасшы деп мойындаған тұлғаның ұлын көргенде, бұрын-соңды болып көрмеген толқыныстың әсерінен тұла бойлары шымырлаған да болар, бәлкім. Бұны тіпті неміс сарбаздары да түйсінді.

Герцог Рейхштадтский осынау аяқ астынан тап болған көңіл білдіру белгісіне әбіржігенімен, және содан қызара түскенімен, көзді ашып-жұмғанша қасын түйіп, әскери өнердің барлық ережесі бойынша байқауды өткізе берді.

Төңіректі қоршаған көпшілік арасынан:

– Әйтсе де, бәрекелді, жарайсың герцог!

– Қарасаңшы, сарбаздар оны қалай жақсы қарсы алды!

«Ол оларды қайда, қалай бастаса да қолынан келеді. Бәрі де оның соңынан еретіндігіне еш күмән жоқ» деген дауыстар естілді.

Байқауды көруге келгендердің бірі Францқа сауал бере сөйледі:

– Айтыңызшы, мархабат, бұл полк Ваграм түбінде болған ба?

– Болған, – деп жауап қатты қартайған әскери қазметкер, – сондықтан да ол өзінің жаңа командирін дәл солай сүйсіне қарсы алды.

 ГЕРМИНАНЫҢ РАУШАН ГҮЛІ

 Шенбрун сарайының шағын шіркеуінде сол күні эрцгерцог Франц-Иосифті шоқындырған соң, император өзіне жақын адамдарды үлкен аппартаменттердің төменгі қабатында қабылдады, ал кіреберістегі асхана дәліздерінде және ұзын бойына тізбектелген бөлмелерге аста-төк тағамдарға тола үстелдер қойылды, олардың үстінде императордың канцлерге оннан бір бөлігін ақшалай төлеу шартымен сыйға тартылған, Иоганисбергтен әкелінген рейнвейн шараптары самсап тұрды.

Гермина Меттерних және Флора Вирби ашырқағандықтан, бірде-бір ишарасын сезінбегендіктен, бастапқыда-ақ саябаққа қарай жүгіре ұмтылды.

– Жүр, Гермина, – деп дауыстай сөйледі Флора, – біз сенің әкеңді Диана мүсіні жанында күтіп алайық.

– Жарайды, дұрыс. Бірақ біздің қызметші қыздарымыз қайда?

– Олар ашыққан қарнын жайландыруда, содан соң біздерді тауып алады.

Осылайша сөйлесе жүріп жас бойжеткендер төменгі қабаттағы террассадан сыртқа шықты, және шаттанған күйде гүлзарларды аралай бастады.

– Мұнда қандай керемет! – деп үн қатты Гермина. – Ал, мінеки, мынау Диананың мүсіні.

– Бұл жер жас жеткіншектердің бірге армандайтын төрі, – деп жауап берді Флора.

Шынында да, мүсіннің аяқ жағында кітап жатқан-ды, Гермина оны қолына алмай-ақ, Ламартиннің «Поэтиканың үйлесуі» атты оның атауын оқып шықты.

– Сен бұл кітапты білесің бе? – деп сұрады Флора.

– Жоқ. Бірақ оған қол тигізбей-ақ қоялық. Мүмкін, оны бізге оқу қажет емес шығар.

– Қойшы! – деп дауыстай сөйледі Флора. – Поэтикалық ой-пікірлер әлемі! Иә, бұл, дұғаларды оқығанмен бара-бар дүние ғой.

– Әлдекім бұл кітапты ұмыт қалдырған болар?

– Әрине! Бірақ қарасаңшы, бір бетінің арасы шөппен белгіленіпті.

Флора сол бетті асығыс түрде ашты да, қуана дауыстап, сөйлей жөнелді:

– Өлеңдер!

– Оқиық та.

Кітаптың сол бетінде «Бонопарт» поэмасы жарияланыпты.

Гермина кітапты қасиетті заттай сыртынан сыйпалап, жайлап қана қолын тигізе, оны өз орнына, орындыққа қойды.

– Бұл жерден кетелік, – деді ол.

Осы минутта жас бойжеткендерге Франц жақындады да, олардың қолына бірнеше тал раушан гүлдерін ұсынды.

– Кешіріңіздер, – деді ол, – осы раушан гүлдерін жақсы көресіздер ме? Олар өте сирек кездеседі және оларды ешқашанда үзбейді, бірақ мен әдейі арнап әкелдім, сіздерге жас қыздар дейін бе, әлде бойжеткендер дейін бе, білмей тұрмын, сіздерге осы гүлдер ұнайтын шығар деймін.

Соңғы сөздерінде әзіл басымырақ айтылған-ды, өйткені Флора Вирба 17-ге толса, ал Гермина Меттернихтың жасы небәрі 15-те болатын.

– Сізге алғыс білдіремін, мейірімді дос, – деді Флора күлкі араласқан халде және екі раушан гүлін алып, сөйтті де, оны өзінің бас киіміне қадап қойды.

Ал Гермина беті алаулай үн қатты:

– Сізді гүлді үзіп алғаныңыз үшін ұрыспай ма?

– Жоқ. Бір жағынан, мен мұнда осы жердің толық иесімін, ал екіншіден, кімде-кім күн сайын серуендесе, сөйтіп, бірнеше раушан гүлдерінің жоғала бастағанын сезсем, онда сіздер секілді бойжеткендерге ұнағаны шығар деп ұғар едім, сөйтіп, мәз-мейрам болар едім.

Гермина қалған екі раушан гүлдерін қолына алды да, Франц бірқалыпты адымдап, бұлардан ұзақтай бастағанда, ал Флора жалғыз аяқ жолмен үйіне қарай жүгіре жөнелгенде, ешкім байқамағандай қимылмен, раушан гүлдерінің бірін орындықта жатқан кітаптың бетіне қойды.

– Екінші данасы қайда? – деп сұрады Флора өз құрбысының бас киіміне қадалған жалғыз ғана раушан гүлін байқап.

– Мен оны лақтырып тастадым, – деп жауап берді Гермина беті алаулай жанып. – Олар өте үлкен екен, екеуі бірдей сыймас та еді.

VІІ

 ӘСКЕРИ ІС-ҚИМЫЛДАРДЫҢ БАСТАЛУЫ

– Сіздің агенттеріңіз қашанда ақымақтық істерге үйір, мейірімді граф, – деді ашу қысқан князь Меттерних полиция бастығына Галлонимен арадағы дау-дамайлы оқиғаны баяндау үшін оны бір шетке шығарып, Шенбрундегі шоқындыру рәсімінде кездестірген сәтте.

– Аясаңызшы, аса мәртебелім…

– Сізді аяу қажет емес. Мен сізге аса сақ болуды өтінген ем, ал сіздің агенттер менің қамқорлығымдағы бикешке, эрцгерцогиняның құрбысына ең өрескел іс-әрекетпен қол көтеріпті. Ең бастысы, бұл дау-дамай болмаған бір жағдайдан шыққан. Жоқ, бұл кешірілмес жайт.

– Сізді сендіріп айтайын, мен осынау адамға менің рұқсатымсыз ешнәрсе істемеуге бұйрық бергенмін, – деп ақталды граф Зедельницкий абыржи түсіп.

– Онда неге ол сізді тыңдамаған?

– Бәлкім, ол княгиняны ұйықтап жатқан кезінде тінткенді қалау ниетімен, өз ісіне кіріскен болар.

– Әрине, – деп мысқылдай сөйледі канцлер, – ол княгиня жастығының астын шарлап ақтарса да, оянбайды деп үміттенген шығар.

– Княгиня қоңырау шалды, адам да құтылып кетіп, отельдің адамдары жиналғанда, ешкімді де олар байқамаған, – деді полицияға бастығы өз агентінің кінәсін жұмсартуға ұмтылып. – Бәрі де оның дер кезінде көзден таса болған әккі ұры екендігіне сенімді.

– Полицияға не дерсің, айтуға да тұрмайды, жасаған істері жарамды-ақ, – деді ымыраға көнбеген канцлер, – өз агенттерінің қателіктерін веналық ұрылардың әбжіл де епті әрекетімен қорғап қалғысы келеді. Ең соңында, айтыңызшы, граф, турасын: полиция мекемесінде кім өзі қожайын, сіз бе әлде бірінші кездескен адам ба?

– Бірақ, аса мәртебелім, княгиня Сариаға қандай ауыр күдіктердің жамылғанын ұмытуға болмайды?

– Білесіз бе, граф, ең кем дегенде, дәл осы минутта мен княгиняны бүлікке араласуға қабілетті деп есептемеймін. Менің бұған бірнеше себептерім бар. Алайда егер де мен қателескен күнде де, оның ақымақ шпионның торына оп-оңай ілінеді деп айта алмаймын, өйткені ол өте ақылды, парасатты. Менің бұлай деуіме толық құқым бар, себебі – сіздің Галлониіңіз толық масқара болды. Сізді сендіріп сөйлейін, бұл оқиға мен үшін өте жағымсыз әрі жиіркенішті. Бұл менің ойын ережемді бұзды. Қазірден-ақ осынау үш әйелді қуғындау ісін доғарыңыздар, сөйтіп, сіздің агенттеріңіздің бұдан әрі қарай өрбитін ақымақ тірліктерінен мені азат етіңіз.

Канцлердің ауызша берген бұйрығы полиция бастығымен қандай да болсын жауапкершілікті алып тастаған-ды, сол себепті де ол құрметпен иіліп, үн қатты.

– Әйтсе де, мен соңғы рет болса да айтуға тиіспін, бұл әйелдер миландық бүлікшілермен сыбайлас екендігіне мен бәрібір сенімдімін. Бірақ, аса мәртебелім, әрине, өзіңіз де сол кезде иланасыз. Мінеки, княгиня Сариа да біздің жаққа қарай бет алып келеді, бәлкім, маған жала жабу үшін де болар.

Шынында да, Полина оларға жақындай түсті. Ол ұзақтан-ақ канцлердің полиция бастығымен ашық түрде бір нәрсе жайлы емін-еркін сөйлесіп тұрғанын көрді де, мәселе өзі жайлы екендігін ұғынды. Княгиня әп-сәтте-ақ қорғанудан гөрі бірден шабуылға шыққанды пайдалырақ деп шешті, сондықтан да өзі бірден-ақ әскери іс-қимылдың көкесі – шабуылға көшті.

– Мен сізге Шенбруннан әдейілеп, арнайы көруге келдім, – деді княгиня Меттернихқа, канцлер де оған қарсы бірнеше қадам басып, мейірлене сәлемдесті. – Мен өте қуаныштымын, бір сәтте, бірдей уақытта граф Зедельницкийді де көріп тұрмын, өйткені мен айтуды қалаған тірлік оған да қатысты. Князь, менің сізге деген үлкен өтінішім бар.

– Ол алдын ала орындалады, егер де мүмкіндігі қолдан келсе, – деді князь өзінің кәдімгі сақтығымен.

– Ал егер де мүмкін болмаса, менің өтінішім алдағы күндер ішінде жүзеге асар, солай ма? – деді княгиня күлімдеп. – Бірақ, мінеки, мәселе мынада болып тұр. Бір сорлы миландық бүлікке қатысқан…

Зедельницкий өзінің таңданысын жасыра алмады.

– Иә, ол шынында да, бүлікші. Бірақ бұл неден болады? Князь Меттернихтың арқасында соғыс тоқтатылды, ал жастар ендігіде қолдары бос, істейтін тірліктері жоқ, мінеки, сондықтан да олар толқиды, полицейлер болса олардың бастарын тоғытып түрмеге жабады. Менің бозбаламмен де жағдай солай болып тұр, ол Миланда немесе басқа қалада құлыптың арғы жағында сарғайып отыр.

Меттерних өз қарсыластарының ойларын танып-білу шеберлігін жете меңгерген болатын. Ол бірнеше рет Наполеонмен, Талейранмен, Фушпен, лорд Кастельрэмен, Каподистриемен, Нессельродпен, Ришельемен бетпе-бет жүздесіп, талай мәселелерді шешкен-ді, және әрдайым олардың көзіне қарап, олардың ауыздары айтпаған жәйттерге әбден қанығатын. Бірақ ендігіде ол княгиняға қаншама жіті қарағанымен, оның таңғажайып жанарынан ешнәрсені көре алмады, тек ашық-жарқын шынайылықты танытқан көңілді күлкіні ғана аңғарды.

– Шайтан алғыр, – деп дауыстай сөйледі ол, – мәселе сіз ойлағаннан да гөрі қиынырақ болып тұр. Әйтсе де, сөзіңізді жалғастыра беріңіз.

– Менің бейшара бозбалам осы жерге өзі секілді оншалықты құнсыздау қандай да бір қағаздарды әкелуге тиіс еді. Кездейсоқ тінткен кезде сол қағаздар оның жанынан табылмапты. Олар менің өзімде.

Граф Зедельницкий таңғалғаннан көзі шарасынан шығып кете жаздады, ал Меттерних өзінің сезімдерін ұстай білетін қалпымен, күлімдеген жүзбен сұрады:

– Княгиня, қағаздар сізде ме?

– Иә, менде. Бұл қағаздар менің перделерімнің арасында араласып кетіпті. Оларды келесі күні тауып алып, ең жақсысы, күні кеше өзі иемденгісі келген қолы лас адамның қолына тапсырудың қажеті жоқ деп ойладым. Сөйттім де, осынау құжаттарды жүрегі жұмсақ, көңілі қош министр дұрыс бағалап, оларға шынайы мән берер деп ойладым. Сондықтан да, мінеки, сізге осынау қағаздарды алып келдім.

Княгиняның сөздері өзінің қос сұхбаттасына да қатты әсер етті.

Граф Зедельницкий не қуанарын, не қайғырарын білмесе де, сабырлылығын жоғалтпады. Полицейге тән ішкі түйсігі өзін алдамапты, бірақ княгиня жау емес, нағыз одақтасы болып шығыпты. Әрине, полиция сыбағасын алды, бірақ оның абыройы мен беделіне дақ түсірмеді. Ал канцлерге келсек, ол мәселені өз көмекшісіне қарағанда әлдеқайда ұзағырақ көре білді.

– Түсінемін, княгиня, сіз өзіңіздің жас жігітіңізге рақымшылық жасау үшін маған құжаттарды сатуды ұсынғанды жөн санайсыз, ә?

– Фу! – деп дауыстай сөйледі княгиня асқақ үнмен. – Сіз мені кім деп ойлайсыз? Мен өзімнің ақымақ бүлікшім мен менің ғажайып іш киім тігушімді бақытты етіп, үйлендірсем деп тілер ем, оның үстіне оларды Австрия шекарасынан қолдан келгенше алысырақ жерге жіберуге міндеттенсем деп ем. Бірақ мен сізге, князь, осынау мейіріміңіз үшін өзімнің міндетті болуым дұрыс деп білемін және оны ешқандай бағаға сатып алуға ынтық емеспін. Ал полиция қолға түсіре алмаған қағаздарға келсек, олар, мінеки. Мен ерікті түрде оларды өзім-ақ беремін.

Және де ол асқақ та жайдары пейілмен сонау пакетті қолма-қол тапсырды, онда Бонопарт отбасының хаттары жатты.

Задельницкий кешірім сұрап, жаймашуақ мінез танытты.

– Мен сенемін, княгиня, – деді ол, – менің тарапымнан мәжбүр жағдайда бақылау жасағанымды кешіресіз, әрине, сізді емес, сіздің саяхатыңызда жаныңызда болған күмәнді жандарды бақылауға алған ем.

– А-а, мен полицейлік бақылауға ілігіппін-ау, ә! Мен бұны байқамаппын да.

Канцлер күлді, өйткені өзі де белгілі бір кәсіптің шебері болғандықтан, княгиняның ұтымды сөзге епті екендігіне разы болды.

– Бұған сіз не демексіз? – деді ол полиция бастығына бұрылып. – Сізге ендігіде өзіңіздің ақымақ агентіңізді Миланға жіберу ғана қалды, сөйтіп, княгиня мүдделі болып жүрген жас жігітке рақымшылық жасау жөніндегі құжатқа менің қол қоюым қажет. Сіз бұл қағазды княгиняның іш киім тігушілеріне жолдаңыз. Бірақ сіз олардың қайда тұратынын білмейтін шығарсыз, мен мекен-жайын беруім мүмкін, – деп жалғады канцлер сөзіне мысқыл қоса күліп, – олар княгинямен бірге «Аққу» мейманханасына тоқтады.

– Сіздің қызығып жүрген адамыңыздың аты кім еді?

– Фабио Гальдони.

Зедельницкий осынау есімді жазып алды да, құрметтей иіліп, ұзай берді. Осы уақытқа дейін тек қана өзара атысу болса, басты шайқас ендігіде басталатындығына Полина түсінді. Ол Меттернихті өте жақсы білетін және өзгеге елеусіз, бірақ канцлердің маңдайындағы өзіне өте таныс қыртысқа көзі түскен соң, бұған аса ауыр соққы әзірлей бастағанын ол алдын ала сезді. Княгиня байыппен оның бұған қарсы шабуылға шығуын күтті, бірақ оның бетіндегі күлкі шырайы бірте-бірте жоғалып, жайбарақат, қалыпты жағдайға ауысты.

Меттерних жай ғана, ешбір боямасыз княгиняға қарап, баққа қарай апаратын мәрмәр баспалдақтарға бет алды. Княгиня оның соңынан ерді. Үйден біршама ұзаңқырап кеткен соң, Меттерних олардың екеуара әңгімесіне ешкім де кедергі келтірмеуін және сөздерін есітіп қоймауын қалаған ол, өз қолында ұстаған пакетті нұсқап, былай деді:

– Бұл құжаттардың мазмұнын сіз білесіз бе деп сұраудың өзі артық, дұрыс па?

– Ал сіз бұған күмән келтіре аласыз ба? Егер де олар әлдеқандай мәнге ие болғанда, мен сізге бермес ем, бұған әбден сеніңіз.

– А-а!

– Әрине. Мен онда оларды кәдімгідей көзін жойып, сізден ешқандай рақымшылық сұрамас ем.

– Келісемін, өзгеше сіз басқа әрекет етпес те едіңіз, бірақ өз кезегінде сіз де мойындаңызшы, бұл қағаздарды отельде өз жаныңызда қалдырып, өте аңғалдық жасағансыз. Ойланып айтыңызшы, осы қағаздар қаншама мәнсіз болса да, полиция оларды сіздің қолыңызда екендігін тапқанда, іс насырға шабар еді-ау.

– О, уайымдамаңыз! Мен Венаға келісімен-ақ, эрцгерцогиняға менің бриллианттарымды өзінің шкатулкасына сақтап қоюын өтінген едім. Сіз түсінесіз ғой, веналық отельдер қауіпсіз емес! Бүгін таңертең одан – аса мәртебелі ханымнан – өз заттарымды алдым және сыпайылық танытқаны үшін алғыс айттым.

– Сіз өте жарамдысыз княгиня! – деп шаттана сөйледі Меттерних дауысын көтере. – Кәнеки, менде дәл осындай полицейлер болса, шіркін!

Ал ішкі ойы жаңа ғана айтқан сөзін жалғастыра «және осындай полицейлер болса!» дегендей болды.

– Ал, сонымен сіздің айтқаныңыздай, бұл пакет ішінде… – деп ашық дауыспен сөйлей бастағанда, княгиня сөзге араласты.

– Онда болмашы нәрселер. Бонопарт отбасы ханзадаларының төрт хаты өздерінің жас туысына Шенбруннан қашып шығуға және Францияға аттануға кеңес береді. Сіз алдын ала білетін де шығарсыз, олардың осы тақырып ауқымында не дейтіндерін.

– Иә, – деді канцлер байыппен, Полина да осы сәтте екеуінің арасындағы нағыз күрес әрең дегенде енді басталғанын түсінді, – ендігіде осынау ханзадалардың бәріне де алдын ала жауап беру үшін, мен сіздің кеңесіңізді есіме түсірдім, княгиня, кешегі күннен бастап, мен герцог Рейхштадтскийді өзі қысылып-қымтырылған тізгіннен босаттым, мен өз қолыммен оған рұқсат етілмеген зат ұсындым. Бұл бағыттағы менің екіұштылығымды сіз түсінуіңіз үшін мен бір ғана нәрсені айтайын, ол бүгін таңертең өз полкін байқаудан өткізді, ал іс білетін офицерлердің сөзіне қарағанда, герцог полк командирінің міндетін тамаша орындап шыққан. Егер де сіз бүгін оның көздері қалайша жарқылдағанын байқағаныңызда, онда оның қуанғанының едәуір бөлігіне сіз де ортақ болдым деуіңізге еш күмәніңіз болмас-ты.

– Сіз шынымен айтып тұрсыз ба?

– Менімен қалай болсаңыз, мен де сізбен дәл солай ашық-жарқын болғым келеді және сіздің маған қандай кеңес бергеніңізді оған айтқанымды да сізден жасырғым келмейді.

Полинаның көзі қарауытып кетті, ол канцлердің құпия ойларын түсінді. Сұрланып, діріл қаға, неғұрлым толық түсініктемені күткендей, княгиня үн-түнсіз оған қадала қарады.

– Өзіңізді менің орныма қойып көріңізші, – деп сөзін жалғай түсті Меттерних ақ көңілмен, – оның іс-әрекеті маған қалай әсер еткенін және менің оған деген аяқ астынан өзгере қалған мән-жайға оның түсініктеме беруіне жол бермес ем.

– Бірақ менен басқа да өзге куәлар болды ғой.

– Иә. Сол кезде эрцгерцог Карл қатысқан-ды, бірақ оны бұрыннан білемін және оның сөздері маған мұндай ықпал жасауға қабілеті жетпейді. Жоқ, менің көздерімді жарқ еткізіп ашу үшін өзіне баурап әкететін сүйкімді әрі ақыл күшіне ие жаңа тұлға қажет-ті.

– Және де сіз маған осы рөлді табыстадыңыз ба?

– Иә. Нәзік сезімге тола сіздің сөздеріңіз мені тебіренткенін герцогқа ұғындырғандай болдым. Егер де бір кездері министр өз өмірінде шындықты жасырмай айтса, бұл үлкен қасірет пе екен? Сіз маған қапа емессіз-ау деп түсінемін.

– Бұл барып тұрған сатқындық, князь.

– Ең құрығанда мен бүлікке кінәлі емеспін, өйткені күш менің қолымда.

Меттерних мейіріммен және сыпайы сөйледі, бірақ Полинаға назар аудара қарады, княгиня оның не ойлап тұрғанын анық аңғарды. Ол оның өзіне тым сене бермеуін ескертті және оған бұл жөнінде тұп-тура, ашықтан-ашық хабарлады, княгиня сондықтан да екеуінің біреуін таңдап алуы қажет еді: не оның одақтасы болады немесе дұшпанына айналады. Ол бұрынғысынша княгиняның досы болатұғын, алайда княгиня саяси аренаға өз еркімен шығуды ойына алғанда да, бәрібір князьдің әмірі жүретін-ді, егер де княгиня тым болмағанда, уақытша болса да, өзіне жеккөрінішті адамның ығына жығылғанда, онда, әрине, князьға бәрібір тәуелділіктен босамас еді. Олар болмаған жағдайда…

– Сіз бұны ойдағыдай орындадыңыз, князь, – деп үн қатты Полина өте ұяң қалыппен. – Бірақ мен ендігіде герцог Рейхштадтскийдің көзіне қалайша қарамақпын? Ал егер де ол тағы да оған ризашылығын білдірсе ше?

– Ол, әрине, сізге алғыс айтады.

– Сіз мені жақсы жағдайда қалдырдыңыз, айтарға сөз жоқ. Мен құпия кеңесші рөлін ойнауға тиіспін-ау, шамасы.

Полина күлімсіреуге тырысты.

– Уайымдамаңыз, герцог сізге қатысты рөлде қателеспейді. Рәсімнің бүкіл өн бойында ол сізден көзін алған жоқ. Рас, сіз бүгінгідей ешқашанда керемет болған емессіз.

Княгиня бойын ыза буғандықтан селк ете түсті, бірақ өзін-өзі тежеді.

– Сіз, князь, бәрін де білесіз, демек, әйел жүрегі толық берілетіндігі немесе теріс айналатындығы сізге белгілі, бірақ ешуақытта аралықты мойындамайды.

– Бұл рас, – деп жайбарақат жауап берді ол, – бірақ сіз де білуіңіз қажет, мен де достарымды сүйе аламын және жауларымды жек көремін.

Бәрі де түгелдей айтылды. Қайсар министр өзінің үзілді-кесілді сөзін алға тартты. Ол княгиняның құпия ойларын дөп басып таба алды ма, әлде жоқ па, бірақ өзінің достасу шарты етіп құл секілді бағынуын талап етті.

Өзінің қызын үй қызметші әйелмен бірге онша ұзақ емес жерде жүргенін көзі шалған Меттерних лезде сыпайы сарай маңындағы сері жігітке айналды, сөйтіп, княгиняны Венаға шығарып салуды ұсынды.

– Жоқ, ризашылық білдіремін сізге, князь, – деп жауап қатты ол, – эрцгерцогиня мені өзінің ат арбасымен шығарып салуға уәде берген-ді.

– Олай болса, жақын арада кездескенше, аяулы дос, біздер, әрине, лорд Каулидің алдында көрісеміз. Ол жерде ақсүйектер қауымында сіздің мемлекеттік демеушіңіз өз өнерімен алғаш рет сынға түсетіндігін сіз жақсы білесіз. Шынында да, тағдырдың таңғажайып мазағы мен келекесі емес пе бұл? Наполеонның ұлы ағылшын елшісінің балында жүргенін айтам да. Ал жақсы, қош болыңыз.

Жалғыз өзі қалған Полина сарайға бара алмайтынын сезді. Басы айналды, шекесінің тамырласы жарылардай дүрсілдеді. Әлдебіреу оны аямай қорлағанындай, ал өзі оған жауап бере алмағандай түйсінді. Тыншуды білмеген діріл бүкіл денесін түршіктірді, сөйтіп, жандалбаса халде ендігіде мүлдем тып-тыныш саябақ аллеяларын ары-бері кезіп жүре берді. Ең соңында өзінің аяқтарынан әл-дәрмен кете бастады, содан кейін ғана ол тас орындыққа емін-еркін жайғаса кетті.

Меттернихтің соңғы сөздері оның құлағында зыңылдап жатты: «Мен достарымды сүйіп, жауларымды жек көре аламын». Осынау сөздері арқылы ол, сірә, былай дегісі келген-ақ шығар: «Мен сізді таңдадым, княгиня Сариа, ал сіз маған кедергі жасамақ болған бозбала жігітті ермек етіңіз және еліктіріңіз. Мен оны тиісті дәрежеде тәуелділікте ұстау үшін сізге тапсырамын. Мен оған айттым да, сені бұғаудан құтқарған пәк періште секілді сіз деп, ендігіде оның ризашылығын махаббатқа айналдырыңыз, бұл – сіздің тірлігіңіз. Бұл үміткерді өз ашынаңыз етіңіз, мен бұған көз жұма қарайтын болайын, ал егер де сіз бұндай кәсіп маған қол емес деп қарсы тұрсаңыз, онда сақтаныңыз. Қалай дегенде де, маған осы жоспар үшін ұятсыз деп қарап, кейи алмайсыз. Сіздің өзіңіз маған дәл осындай кеңес бердіңіз де».

Полина орнынан жай ғана көтерілді де, баяу үн қатты:

– Бұл рас, мен дәл осындай кеңес бердім! Мен ол кезде әзілдеген болатынмын және Меттернихтің тұтқыны қандай ізгі ниеттегі және жарқын жүзді пенде екендігін білмедім; ендігіде өзіме-өзім қатты ұяламын, бірақ өткенді айтып, өкінудің реті жоқ, іс-әрекет ету керек, қимылдау қажет. Сонымен қорытайық. Фабионың ісі тәмам. Мен Меттернихтің сөзіне ең құрығанда, қазіргі минутта иек артуыма болады. Шарлотта және оның апайы күні ертең Миланға аттанады және канцлер қайтадан олардың ізіне түспек болғанда, олар австриялық аумақтан тысқары кетіп үлгереді. Олардан бетімді ашып алған соң, мен еркін құс секілді боламын, өз шаруам өзімде дегендей. Бүгін таңертеңгі шақта да мен қатты қобалжып жүрген едім, бірақ осынау екіжүзді ортаға қоян-қолтық араласып, ең масқара қылмыстардың өзі жарқ-жұрқ еткен нәрселердің арғы жағында жасырылатынын жан-жүрегіммен сезініп, жүрегім ауыр халде қысылатынын аңғардым, ендігіде оның аса сенімді қызметшілері соншалықты қорлайтын нәрселерге құрметпен қараудың да реті жоқ секілді. Осы уақытқа дейін мен мемлекеттердің тағдырын өзгертуге құқым жоқ деп ойлайтынмын, бірақ ендігіде жетті, болды, жалтақтауға жол жоқ. Мен ең жаман қитұрқы тірлікке, ықпыл-жықпылы көп өмірге сыбайлас болғым келмейді. Сіз мені аяқтан шалмақ болдыңыз, князь Меттерних, мен де қарап қалмаспын. Алысқанмен алысу керек! Көрерміз әлі, кімнің жеңіске жетерін: тұтас жүрегіммен берілген мен бе, әлде сіздің ақыл-ойыңыз ба? Ал егер де мен ұтылсам, өз ісіме деген сеніміммен толық өтемекпін.

VIII

 ДИАНА МҮСІНІ АЛДЫНДА

 Меттерних шынын айтты. Шоқындыру рәсімі уақытында герцог Рейхштадтский эрцгерцогиня Софияның сарай маңы ханымдарының тобында тұрған княгиня Сариадан көз алған жоқ. Үстірт бақылаушы, бәлкім, бұндай кезде тез тұтанып, тез өшетін кәдімгі әйел сұлулығына деген жастық шақтағы еліктеудің желігі деп аңғаратын болар, бірақ канцлер герцогтың өте ерте оянған әсерге берілушілік қасиетімен ерекшеленетінін білді, сондықтан да оның жүрегінде шынайы сезімнің пайда болғанын түсінді де. Өзінің өміріне елеулі өзгеріс әкелгені үшін герцогқа алғыс айта отырып, уақытты босқа жібермей, ол осы орайда өзінің бір әйел затының кеңесін тыңдағанын, оның «ақылы мен іс-әрекеті өзіне толық сенім орнықтырғанын» меңзеді. Содан соң, ол өз сөзіне бірнеше сөздерді толықтырды, бұл ретте әңгіме атын айтпаса да, княгиня Сариа хақында болып жатқандығын айқын түсінуге болар еді. Ең ақырында, сентиментальды, яғни сезімге негізделген романға тұғыр қалап, ол өзінің ер кейіпкерінен әйел кейіпкеріне қарай ойысты.

 Алдымен граф Зедельницкийдің, одан соң Полинаның ашық мінезі Меттернихтің бойында сақтық сезімін оятты, өйткені алдын ала белгіленген Далила Эгерияға жолықпаған, бірақ Шенбруннан аттанғанда, бәрін де өздігінше қолмен қойғандай орналастырғанын ол ой елегінен өткізді. Өзі таңдаған сыбайласының тәуелді болатынына, сондай-ақ өзінің шексіз күш-қуатына деген сенімділігі оны тыныштандырды және де герцог Рейхштадтскийді тар қапастан еркіндікке шығарамын деген ұмтылысы өзі жүзеге асырмақ болған сан қатпарлы, ықпыл-жықпылы көп астыртын ойын арқылы басылып та қалар деген бекем ойға тоқталды.

Полина өзіне-өзіне сарайға қайтатын уақыт болып қалды деп бірнеше қадам жүргенше болған жоқ, күннің қасқарая бастаған шағында Диана мүсінінің түбіндегі орындық үстіне таңертеңгі мезгілде қалдырған кітабын алу мақсатында аллея бойымен келе жатқан герцог Рейхштадтскийді жолықтырды.

Полинаны көрген соң, ол тоқтай қалды; қуаныштан көздері жарқ етті, сөйтті де, аяғын жылдамдата басып оған жақындай берді.

– Сізді көргеніме қандай қуаныштымын, – деді ол, – мен сізді ендігіде кездестіре аламын деп үміттенген жоқ едім.

– Иә, мен сізге алғыс айтуға тиіспін.

– Маған ба? Не үшін?

– Сіз мен үшін не жасағаныңызды жақсы білемін. Шенбрунда зор өзгерістер жүзеге асты, мен де сол үшін сізге міндеттімін.

– Мен үшін сізден алғыс есіту өте керемет, бірақ менің тарапымнан кездейсоқ айтылған жалғыз ауыз сөз сіздің атаңыздың министрлеріне соншалықты әсер етуі мүмкін емес-ті. Өйткені мен ұзақ уақыт бұл жерден көз жазып қалғандықтан, енді ғана Венаға оралдым, сонда сізді көргеннен соң, өзімнің жеке көзқарасымды жанамалай айтып салдым.

– Мен де сізді небәрі бір-ақ сәтте байқап қалдым, – деп жауап қатты дірілдеген дауысымен бозбала жігіт, – бірақ сол кезден бастап, сіздің сүйкімді бейнеңіз менің басымнан шықпай қойды, сол уақыттан бері мен үшін жаңа өмір басталды.

Сонымен бірге осынау сөздердің дауыс ырғағы мен екпініне қоса жас жігіттің жүрегінде кенеттен жалындаған сезім оты алаулай жөнелді. Полина нағыз бақыт құшағында еді, қобалжи түсті де, жиырма жасар жас жігіттің аңғырт та аңғал алғысы Меттернихтың ойлап тапқан қитұрқы ойыны секілді нәрсені есіне түсіргендіктен, княгиня бар-жоғы былайша деп жауап берді:

– Сіз бүгін өз полкыңыздың байқауын өткізіпті деп естідім, сарбаздар сізге орасан зор қошемет көрсетіпті. Сіз, әрине, бұл көрініске қатты толқыған да шығарсыз.

– Дәл қазіргі жағдайымнан артық толқыған жоқпын, соған сеніңіз. Егер де болашағымның есігі ашылар болса, онда сіздің мейір-шапағатыңызға мен міндеттімін.

– О-о, аса мәртебелім!

– Қарсы болмаңыз. Менің туыстарымның арасында, әйтсе де, олар мені жақсы көруі әбден мүмкін, бірақ ашық түрде ешқашанда менің тілегімді орындауға ниет білдіргендері болған емес. Ғафу етіңіз, мен өз ойларымды ап-анық қып айта алмаймын, бірақ үндемеу де кешірілмес күнә болар еді. Мен нәзік көңілге бейім жан емеспін, алайда оған ыстық махаббатыммен жауап беремін.

Бүкіл денесі ыси түсіп, Полина әуен мен жан сиқырына бөлеген осынау сөздерді толқи тыңдады. Бірақ ол өзін еңсере бастаған сезімге бой алдыруға қорқып, оны жеңуге тырысты.

– Ешуақытта осы кезге дейін мұндай шынайы түрде құлай берілу сезімін сіздің кездестірмеуіңіз мүмкін емес.

– Әрине, жолықтырған жоқпын. Ендігіде, мінеки, сіздің бір ғана жанды тербер көзқарасыңыз менің жүрегімді жаулап алды.

– Аса мәртебелім!

– Ойламаңыз, сіздің мейірге тола іс-әрекетіңіздің араласуымен ғана менің жағдайымдағы өзгерістерге мен ризамын деп түсінбеңіз; жоқ, мен ендігіде, жалған дүниеде жалғыз емес екендігімді сезіндім.

– Мені ең алғаш рет Меттернихтің кабинетінде жолықтырдыңыз, сізге бұл оғаш сезілген жоқ па? – деп үн қатты Полина. – Сіз сарайішілік қитұрқы ойын мен масқарапаз комедияның құрбаны болып қалмаймын ба деп қорықпайсыз ба?

Осы сөздерді айтуын айтып алып, жас жігіттің жүрегін мәңгілікке ары итеріп тастап, өз бойында оянып келе жатқан ыстық сезімді құртып аламын-ау деген ойды сыртқа шығаруға қаншалықты батылы жеткендігіне өзі түсінген жоқ. Бірақ княгиня Меттернихтің аса қатерлі жоспарының илеуіне еніп кетпеуді және онымен сыбайлас рөлінде ойнамауды өз борышы деп есептеді.

– Қандай комедия жайлы айтып отырсыз, – деді аңғырт пейілмен герцог. – Сіз комедияны да ойнай аласыз ба? Мен сізді ап-анық көріп тұрмын, мен сізге бүтіндей міндеттімін. Мен бұны білемін және түсінемін, ал қалғандарында менің ісім жоқ.

– Аса мәртебелім!

– Мен білемін, бізді жарамас, лайықсыз қитұрқы жағдаяттар қоршап тұр, күні кешегі қатігездік бүгінде толық құрсауын босатқан емес. Бірақ бұның бәрінің де, қазірде менің нені сезініп тұрғаныма ешқандай да қатысы жоқ.

– Өз сезімдеріңіз жөнінде сөз қозғамаңыз, герцог, сіз өзіңізге өзіңіз тиесілі емессіз, сіздің өз биігіңіз, өз есіміңіз және өз болашағыңыз бар.

Бірақ ол княгиняны қос қолымен қатты ұстап, оның көзіне тіке қарап, үн қатты:

– Мен сіздікпін, тек қана сізге тиесілімін!

– Жоқ, керек емес, керегі жоқ! – деп жауап қатты Полина оны өзінен кері қарай шегіндіре. – Мен бұндай махаббатты қаламаймын, мен де сүйемін, бірақ басқаны!

Герцог сұп-сұр болып, толқи түсіп:

– Сіз басқаны сүйесіз бе? – деді бар-жоғы осыған ғана тілі келіп.

– Иә! – деп дауыстай сөйледі Полина бұдан ары қарай өзін-өзі ұстауға күші жетпей. – Мен өзімнің бүкіл жан-дүниемнің ауқымымен сіз секілді адамды сүйемін, бірақ өз құқын қайтадан қалпына келтіруді ойлаған адамды, есіл-дерті әйел сұлулығы ғана болған жанды емес.

Герцогтың тұла-бойы от болып шарпылды, сөйтті де, аяғына жығылды.

– Жоқ, орныңыздан тұрыңыз, менің сүйетін адамым тізесін бүкпейді; адамдарға дегенін істеткізеді. Мен сүйетін адам өз жағдайының қорлықпен жұмсарғанына және Пратерде неміс сарбаздарына бұйрық бергеніне бола қанағаттанбайды.

– Жоқ, жоқ, мен сіз не айтсаңыз, соның бәрін де орындаймын.

– Егер де сіз бұрынғысынша Меттернихтың тұтқыны болуға келіссеңіз, онда Полина көзден біржолата жоғалады және бір жерлерде, тым ұзақта өзінің орындалмаған арманын жоқтап жылап жүреді. Ал егер де сіз Францияға қайта оралғыңыз келсе және сізді ынтыға күтіп отырған халықты бақытты етпек болсаңыз, онда мен қол ұстасып, сізбен бірге жүремін және сізді сүйіп өтемін!

Герцог түгелдей өзгерді және ашық-жарқын күлкісімен шаттана сөйледі:

– Менің жүрегімдегіні сіз аузыңызбен айттыңыз. Сіз менің ойымды анық жеткіздіңіз. Мен бұрыннан-ақ осыны айтқым келген еді, бірақ қолымнан келмеген-ді. Мен сіз болғанда, жалғыз өзім едім, сол себепті де мені жек көретін адамның тізесі қатты бататын.

– Ал ендігіде ше? – деп сұрады Полина өз тынысына ие болып.

– Ендігіде сіздің арқаңызда мен өзімнің бұрынғы кедергі болған құрсауларыммен қош айтысам. Мен өзіме тиесілі емес мундирді үстімнен лақтырып тастаймын. Неміс қынында алып жүретін шпаганы бір кездегідей, пирамидалардың түбінде күнге шағылысқанындай жалтырата суырып алам. Ол да мен секілді еркіндікте болады.

– Қандай бақыт, қандай қуаныш! – деп қуана шаттанады Полина көзі жарқырай.

Ал ол мейлінше, шабыттана сөйлей берді, сөзін жалғай түсті:

– Ендігіде сізді менің сүюіме мүмкіндік бересіз бе? Ендігіде аяғыңызға құлайтын Франц Рейхштадтский емес, Наполеон Бонопарттың өзі сізге құшағын ашып тұр!

Полина бәрін де ұмытты, ізгі ниет те, аса сақтық та және Меттернихтің сыбайласы болу қорқынышы да әп-сәтте ізім-ғайым жоғалды, тек бар болғаны жалғыз махаббат, жалғыз ой олардың жас жүректерін мәңгілікке бір арнаға бұрды.

Жас жігіт княгиняны қолымен құшақтап, жай ғана сыбырлай сөйледі:

– Әйелім менің, менің сүйікті әйелім!

– Егер де мен сізді алда ажал күтіп отыр деп ойласам, – деп сөзін жалғады Полина, – онда, бәлкім, ешқашанда сізді нәтижесі жоқ күреске араластыруға бел бумас ем. Бірақ ойлап көріңізші, қаншама ержүрек жігіттер сізге бола өз жандарын өлімге қиюда, сіздің Отаныңыздағы қаншама шаңырақ сіздің елге оралуыңызды күтуде десеңізші.

– Мен қандай бақыттымын, мен сізді қалай жанымдай сүйемін! – деп сыбырлай сөйледі жас жігіт.

Олардың өзара сыр шерте сөйлеген сөздеріндегі екіұдай пікірлер де олардың қуанышына өз көлеңкесін түсіре алмады. Княгиня өзіне деген махаббаты үшін ол дүниедегінің бәрін де ұмытқанына өз бойында мақтаныш сезімін ұялатты, ал жас жігіт бұның болашағы үшін княгиняның өз махаббатын ұмытқаны аса бақытты етті.

– Алайда мен байқап тұрмын, – деп үн қатты ең ақырында княгиня, – бүгін байыпты мәселелер туралы сізге айтудың өзі бекершілік. Сіз тіпті мені де тыңдап тұрған жоқсыз. Мен сіздің омырауыңызды жеңістің лавр жапырақтарымен көмкергім келеді, ал менің қолыма тек раушан гүлдері ғана ілінуде.

Сөйтті де, княгиня орындық үстінде жатқан кітапқа қарай Гермина Меттернихтің лақтырып тастаған гүлін жас жігітке көрсетті.

– Қараңызшы, бұл қандай керемет раушан гүлі.

– Оны өз жайына қалдырыңыз, біз әлі де оны кім ұстағанын білмейміз.

– Бірақ бұл гүл біздің махаббатымызға куә болды ғой.

– Жоқ, жоқ, – деп үн қатты жас жігіт, – бұл раушан гүлін Құдай-ана мүсінінің алдына апарып қоямын, ал сізге басқасын, жақсырағын табамын.

– Осылайша сөйлей келіп, жас жігіт Полинаның қолынан раушан гүлін алып, оны Диана мүсінінің тұғырына қойды да, өзі жол үстінде екі адым жасап, өзінің сенімді адамы Францты шақырды.

– Сіз не істемексіз? – деді бойын қорқыныш билеген Полина.

– Мен досымды шақырдым, ол мені естіді және қазір келеді. Бұл жалғыз адам, ол мұнда маған шын жүрегімен берілген жан. Мен одан өз қуанышымды жасыра алмаймын, сондықтан да, мен осы қуанышыма міндетті адамымды көрсеткім келеді. Досым менің, – деп сөзін жалғады герцог бұтақтар арасынан басын шығарған Францқа бұрылып, – ең жақсы раушанды үзіп әкел мұнда.

– Кәрі бағбан жас жігіттің бұйрығын орындап жатқанда, Полина ой құшағында болатын. Ол өзіне-өзі миландық нұсқауларда соншалықты мақтаумен айтылған сол баяғы Франц емес пе еді деп іштей сұрақ қойып жатты.

– Сіз не жайлы ойлап тұрсыз? – деп сұрады герцог Полинаның екі қолын ұстап және құштарлана сүйіп. – Ендігіде еш нәрсені де ойламаймын: біз жуырда сізбен бірге Францияға аттанамыз.

– Мен сіздің өзіңізге адал қызметшіңіз туралы ойлап тұрмын, – деп жауап берді княгиня өз қолдарын жас жігіттің қолдарынан босатпай, – сіз оның есімі Франц дедіңіз бе. Алайда оның соншама кәрі болғаны несі!

– Ешқандай да, ол тек кәрі сықылды көрінеді, әйтсе де, бәрін де естерінен тандыратындай, ол әлі де жарамды сарбаз.

– Ол әлі жарамды ма, – деп күмәндана ойлады Полина.

Сол арада Франц қайта оралып, герцогқа тамаша раушанды ұсынды.

– Мұнда келші, аяулы досым, – деді жас жігіт, – осы ханымға жақсылап қарашы, оның аты-жөні княгиня Сариа, ендігіде сен оған маған секілді адал қызмет етесің. Естідің бе?

– Түсінікті, – деп жауап берді қысқа да нұсқа түрде кәрі жауынгер.

– Сен жақсы раушанды таңдап алыпсың, бірақ бұдан да жақсысы бар-ау, – деді герцог қарияны ашындырғысы келіп.

– Әрине, бар, бірақ Сен-Клуда, – деп жауап қатты ол жайбарақат күйде, – маған екі ауыз сөз айтуға рұқсат бергейсіз.

– Айта бер. Княгинядан жасырар құпия жоқ менде.

Жан-жағына барлау жасап және олардың әңгімесін ешкім де тыңдай алмастығына көзі жеткен Франц даусында сезілген дірілін қаншама басқысы келгенімен, дәрмені жетпей:

– Мен сізбен қоштасуға келдім. Мен бұл жерден кетпекпін, – деді.

– Неге? Мен сені жібермеймін. Бұл не деген сөз?

– Мен ендігіде сізге керек емеспін. Мен қартайдым, менің демалуым керек.

– Болмайтын әңгіме бұл, мен саған сенбеймін, сен менен әлденені жасырып тұрсың, ә?

– Рас, жасырып тұрмын. Мен мұнда қала алмаймын, өйткені бүгін Шенбрунде бір ханым пайда болды, ол маған ұнамайды. Менің қорқатыным – ол мұнда ендігіде жиі-жиі болады, мен бұған шыдай алмаймын, сөйтіп, бір күн болмаса, бір күні шындықты шырқатып бетіне айтып салам, ал бұл жақсы емес. Мінеки, сондықтан да менің кеткенім абзал.

Герцогтың іші бүлк етті, Полинаның осы жерде пайда болғанын Францтың жаны қаламайтынын байқап, қатқыл үнмен сөйледі:

– Сол ханымның аты-жөнін айт, кім екен ол, соның арқасында сенің Шенбруннан кетуіңе себеп болған. Менің білгім келеді.

– Сіз оғаш сөйлеп тұрсыз, аса мәртебелім, – деп үн қатты Франц, – бұны өте қарапайым тұрғыда түсінуге болады, мәселен, мен – кәрі сарбаз, сіздің әкеңізге сатқындық жасаған өзінің кәрі генералымен кездескісі келмейді емес пе?

– Сен Мармон туралы айтып тұрсың ба?

– Енді кім жөнінде демексіз? Мен бүгін оны сарайда көрдім, ол сіздің профессорыңыз болып тағайындалыпты. Ал енді ол сізді неге үйрететінін білмеймін. Сірә, өз әміршісіне оның бақытсыз ахуалға түскенде қалайша сатқындық жасау керектігі жайлы болмаса.

– Франц! – деді герцог Рейхштадтский.

– Сіз, әрине, не істемек болсаңыз да өз еркіңізде, аса мәртебелім, тіпті қажет десеңіз оның сатқындығын да ұмытуыңыз мүмкін. Бірақ мен олай жасай алмаймын. Оны көрісімен, мен ұяттан жерге кіріп кете жаздадым, өмірімде алғаш рет өзімнің сарбаз екендігіме арландым. Жоқ, мен оны бұдан былай көргім келмейді.

Полина аса зор ілтипатпен осынау ізгі ниетті кәрі сарбазға қарады да, мазасызданған күйде герцог не айтар, не істер деп іштей өзіне-өзі сұрақ қойды.

Герцог Францқа баяу жақындады және өз әкесінің дағдысы бойынша ішкі түйсігімен оның құлағын тарта:

– Сен кетпейсің, – деді, – себебі – мен осылай болуын қаламаймын. Үндеме және тыңда. Егер де Мармонның бір өзін сарай маңындағы қызметшілердің киімін киіп алған полицей агенттеріне лекция оқу үшін қалдырып кетсек, ал өзіміз бізді күтіп отырған достарымызға, Францияға аттансақ, оған сен не айтар ең? Мен жабық тор ішінде отыруға әбден жалықтым, Отаныма қайтқым келеді. Ал бұған не дерсің? Сен де мені тастап кетпексің бе?

– Жоқ, мен ондай тентек емеспін, – деп жауап берді Франц қуаныштан есі шыға, кенеттен аузын барынша ашып, «жасасын, император!» деп шаттана айқайлап жібергісі келді, бірақ екі жас лезде-ақ, оның аузын жапты.

Осы орайда кәрі сарбаз Полинаға тапжылмай қарады да, герцогтың өміріндегі кенеттен болған өзгерістерде ол қандай рөл ойнағанын білгісі келгендей ішкі түйсігінің жетегінде болды. Байқауынша, осынау көзқарас өзін қанағаттандырған шығар, разы қалыппен басын изеп, құрмет көрсете иілді. Полина да ескі досы секілді оған өз қолын созды.

– Бақытқа кенелген екі жастан ұзай бере, Франц мүсін тұғырына герцогтың қойған раушан гүлін көзі шалды.

– Бұл менің Меттернихтың қызына берген раушандардың бірі, – деді ол, – сол кезде мен оның қызының қандай екенін білген жоқпын, бірақ Готлиб оның есімін маған айтты. Не үшін сол қыз бұл раушанды мүсінге қойды екен?

– Полина да дәл осындай раушан гүлін княгиня Меттернихтың бас киімінен көргендігін есіне алды да, «бұның өзі қызық екен!» деп ойлады.

Және де бірнеше минут екі жас оңаша қалды, содан соң Полина сарайға бару керектігін, әйтпесе, оларды бақ ішінде іздеуге кірісетіндігін айтты. Бірақ герцогпен қоштасар сәтте, оның бұдан бұрын өзін ешқашанда соншалықты бақытты болып сезінбегенін аңғарғанымен, княгиня бір ауыз тіл қатты:

– Бұл сәт менің өміріме қарағанда, сіздің өміріңізге анағұрлым мәнді әрі маңызды. Мен өз сөзімді кері қайтып алмаймын, бірақ мен сіздің құштарлық сезімі бөлеген кезде берген сөзбен бүкіл өміріңізді қосақтап өткеніңізді қаламаймын. Сіз бәрін де бостандықта жүрген кезіңізде ой елегінен өткізгеніңіз абзал. Мен сізге ешқандай мәнге ие емеспін және тағдырыңызда шешуші рөл ойнамауға тиіспін, әйтсе де, сіздің бақытыңыз бен даңқ-абыройыңыз үшін бәрін де құрбан етуге әзірмін. Сіз мен үшін барлық құқыққа иесіз, ал мен болсам, сізде менің ешбір құқым жоқ. Ойланыңыз, әрі шешімін өзіңіз шығарыңыз, сіз герцог Рейхштадтский болып қала бересіз бе, әлде Наполеон атанасыз ба?

Сөйтті де, княгиня лезде ұзақтай берді. 

БЕСІНШІ ТАРАУ

 ТҰЗАҚ

І

 МИНАЛАР ЖӘНЕ ҚАРСЫ ҚОЙЫЛҒАН МИНАЛАР

Сіз қазір Миланға ораласыз ба, есітіп тұрсыз ба? Соншалықты аңғал болудың қажеті бар ма? Мен сізге менің рұқсатымсыз ешнәрсе жасамауға бұйрық берген ем, ал сіз болсаңыз түн ішінде жеке пәтерге баса-көктеп кіріп, жәшіктерді, сандықтарды, чемодандарды ақтарып шыққансыз. Ең ақырында, ақымақ болғаныңыз соншалықты – сізді ұстап алыпты.

– Мені ұстаған жоқ.

– Қалай дегенде де, сізді көрген, ал сіз ұры секілді қашып құтылғансыз. Өз қателіктерін, өз іздерін жабатын веналық ұрылар секілді полицияның тірлігіне не дерсің, ә?

Мінеки, сол күні граф Зедельницкий мен Галлони арасында осындай өзара түсініктеме алу сұхбаты болды.

– Сірә, мен кінәлі болармын, өйткені менің жоспарым жүзеге аспады, соған орай мен жазалануға тиіспін, – деп тіл қатты тыңшы, – бірақ сол қағаздар княгиняның өзінде деген ойды ешқандай нәрсе де менің басымнан сылып шығара алмайды.

– Сол қағаздар ендігіде онда жоқ, – деп үн қатты полиция бастығы салтанатты дауыспен, – олар менің қолымда. Бұдан соң, өзіңіз көріп отырсыз, сіздің қызметіңізге зәру емеспіз.

Бұл соңғы сөз соққы секілді тыңшыны мүлдем өлтіргендей болды. Ол өз кәсібіне бар жан-тәнімен берілген еді, өзі жете алмаған биікке өзгелер қалай жеткенін білгісі келген-ді. Алайда граф Зедельницкий оның білуге ынтық көңіл-күйін қанағаттандырғысы келмеді, тек бірнеше рет өтіне сұраған ілтипатын жерге тастағысы келмей, үзілді-кесілді жауап берді:

– Княгиня Сарианың өзі сол қағаздарды канцлердің өзіне тапсырған.

– А-а, – деп шабыттана сөйледі Галлони, – мен, демек, қателесіппін. Қағаздарды Миланнан өзі әкелген. Менің күмәнім ақталды. Ол сол қағаздарды қолма-қол канцлерге беру үшін жымқырғаны белгілі болды.

– Ол тіпті қағаздарды ұрламаған, олар сіздің дүкенде жүргізген сәтсіз тінтулеріңізден кейін, келесі күні өзінің перделерінің ішінен тапқан.

– Бұған енді кешірерсіз, – деді Галлони, өзінің тұнжыраған жүзінен айығып. – Ол дүкеннен бірде-бір пердені алып кетпеген.

– Оны қайдан білесіз?

– Себебі – перделер мен оның бүкіл тапсырыс заттары осы уақытқа шейін дүкенде жатыр. Мен оларды үш әйел Миланнан кеткен соң, сол жерде көргенмін.

– Шын айтып тұрсыз ба?

– Рас. Мүмкін княгиня қағаздардың барлығын да немесе олардың бір бөлігін берген болар, бірақ қалай дегенде де, қағаздарды ол өз үйіндегі перделер арасынан таппаған, өйткені сол перделер әлі күнге шейін дүкенде жатыр.

– Сіз, сонымен, ақсүйек ханым Меттернихтің және эрцгерцогиняның досы полиция бір тынбай іздеп жүрген аса маңызды қағаздарды абыройы мен беделіне қатты нұқсан келтіретіндігін біле тұра ұрлаған деп санайсыз ба? Сіз, шынын айтқанда, жынды шығарсыз.

– Мен ешнәрсені талап етіп тұрған жоқпын, тек осылайша ойлаймын және солай деп білемін.

– Сіз қанша болса да, ойлауыңызға, пікірлеуіңізге болады, тек менің қызметімде емес. Естіп тұрсыз ба? Мен мұнда сізді веналық полиция құрамынан шығару туралы хабарлауға және миландық полиция бастығы атына жолданатын қағазды қолыңызға тапсыру үшін шақырттым.

– Құдай үшін, мені бекерге құртпаңыз, – деп үн қатты аянышты халде бақытсыз тыңшы. – Егер де сіз Миланға мен жайлы жағымсыз пікір жазсаңыз, онда мені қызметтен айдап жібереді, ал сіз бұны жақсы түсінесіз, қызметінен қуылған тыңшы өзіне бір үзім нан тауып жей алмайды.

– Мен сізді түсінбеймін, – Зедельницкий, – мен сіз туралы қағазда полиция бастығына бірде-бір рет атыңызды атаған жоқпын, бұл Фабио Гальдонидің, яғни канцлер рақымшылық жасаған адамды түрмеден босату туралы бұйрық қана.

– Фабиоға рақымшылық жасады ма?!

– Иә.

Осынау хабар, шынында да, тыңшыны түпкілікті жандалбаса халге жеткізер еді; бірақ ол, керісінше, нұрлана түсіп, күрделі есепті шешкен математик секілді басын тіктей көтеріп, шаттана сөйледі:

– Ендігіде мен бәрін де түсіндім.

– Сіз нені түсіндіңіз?

– Осынау оқиғада іш киім тігушілер қандай рөл ойнағанын мен ешбір түсіне алмаған ем, ендігіде бәрін де ұғындым. Мен өз міндеттерімді орындау кезінде княгиня Сариаға ұнамау бақытсыздығына душар болған екенмін, сол себепті де ол жас карбонарийдің қағаздарын жасырып қойды. Іш киім тігушілер жас жігіттің тұтқындалып қалуынан қорқып, жандалбаса күй кешті, сөйтіп, княгиня Фабиоға рақымшылық жасауға қол жеткізді; бұл мақсатта ол қағаздарды канцлерге беріп, Фабиоға рақымшылық жасауға септесті. Бәрі де, нота бойынша тамаша орындалғанын қарсаңызшы. Ендігіде менің жалғыз ғана қалауым – княгиня өзінде қандайда бір қағаздарды қалдырмады ма екен, немесе бірер беттерін жағып жібермеді ме, соны білгім келеді.

– Сіз тағы да өзіңіздің нақұрыс тірлігіңізге қайта оралып отырсыз, – деп дауыстай сөйледі ашу қысқан граф Зедельницкий.

– Иә, аса мәртебелім. Пакет ішінде бүлікшілердің Фабиоға берген қағаздарының арасында Бонопарт отбасы өкілдерінің герцог Рейхштадтскийге жазған хаттарынан өзге де маңызды құжаттар бар еді. Әрине, іш киім тігушілер княгиня Сариаға бұл қағаздарды беруге мүмкіндік жасамас-ты, өйткені олардың көзінің ағы мен қарасы болған Фабио мұндай сатқындық үшін басымен жауап берер еді.

– Сіз хаттармен біргелікте өзге де құжаттар болды деп айтасыз ба?

– Мен бұған сенімдімін. Сіздің аса мәртебеліңіз оларды көрмеп пе?

Веналық полиция бастығы ойға шомды. Оның басында әлі де болса анық емес, күңгірт ой пайда болды, мүмкін, Сариаға кектеніп, полицияның жоғары саясатқа қандай пайда көрсетіп отырғанын канцлерге дәлелдеп бермекші де еді, бірақ ол үшін, шын мәнінде, шебер, қажымас және өз ісін жетік білетін Галлонидің қызметін пайдалану қажет-ті.

– Жақсы, – деді ол біраз уақыт үнсіздіктен соң. – Мен сізді Венада қызметте қалдырамын және сіздің қателіктеріңізді жадымнан шығарамын, бірақ олардың ізін білдірмей жасыруға тырысыңыз. Сіз қалай ойлайсыз, егер де сіздің Сарианың адалдығы туралы күмәніңіз болса, оның қитұрқы тірліктерін ашу ісін қолға аласыз ба?

Өзіне қайтадан бақ қонғанын аңғарғандай, Галлони дауыстай сөйледі:

– Мен түсінемін, аса мәртебелім, мәселе өте әккі бәсекелес туралы болып отыр, сондықтан да ойыңды өте ақылмен, қулықпен жүргізу қажет, және осы ретте княгиняны мүлдем бір шетте қалдыру керек.

– Онда мәселені кімнен бастау керек, іш киім тігушілерден бе?

– Жоқ, олар түгелдей княгиняның қолында.

– Онда кімнен бастаймыз?

– Герцог Рейхштадтскийден. Сіз мені тыңдай аласыз ба?

Сөйтіп, Галлони полиция бастығына өзінің жаңа жоспарын жан-жақты байыптап түсіндіре бастады.

II

ГРАФИНЯ КАМЕРАТА

Біраз уақыттан бері Венада өте қызық әйел өмір сүрді. Элиза Бонопарт пен граф Бачьокидің қызы, сондықтан да Наполеонның жиен қызы болған ол неаполитандық аристократтың әйелі еді, ол бай және мейірімді күйеуі оның шектен шыққан қылықтарына шыдай білетін. Графиня Камерата ат құлағында ойнайтын, небір асау аттарды жуасытатын, тапаншадан мергендерше ататын, барлық атлетикалық жаттығуларда жақсы өнер көрсететін, бірақ оқығанды және ақыл-ой еңбегімен шұғылдануды қажет ететін нәрселерді жақсы көрмейтін. Тарих жайлы білімі өз атасының Еуропа әміршісі болғандығы, ал немере інісі Шенбрунда тұтқын болып отырғандығымен ғана шектелетін-ді. Осынау мәліметтер негізінде ол қалай болғанда да герцог Рейхштадтскийді азат етуге шешім қабылдады.

Сорына қарай, оның әрбір ісін адым аттаған сайын бет әлпеті өз сырын ашып қоятын. Ол әйелдің бейнесі дәлме-дәл Наполеонның портретінің көшірмесі секілді болатын, кездескен адамдардың бәрі осынау ұқсастыққа қайран қалатын; сондықтан да ол алғашқы күні Венада пайда болған сәттен бастап полиция оның әрбір басқан ізін аңди бастады. Оның үстіне ол шенбрундік тұтқынмен байланысқысы келетін ниетін де жасырмайтын.

Бірде ол жас жігітті барон Обенаустың үйіндегі баспалдақ үстінде тоқтатуына мүмкіндік туды, ол оған тарихтан сабақтар беретін, көрген бойда әйел бозбала жігітке ұмтылып, оның қолдарын сүйе бастады. Герцогтың жанында еріп жүрген граф Дитрихштейн оны ары қарай итеріп жіберді, әйел қатты ашуланып, өзінің немере інісі мен өз әміршісінің ұлымен амандасуға құқы бар екендігін жария етті.

Содан бері герцог Рейхштадтский оны көрген де, білген де жоқ, бірақ полиция графиня Камератаның граф Зедельницкийге жазған екі хатын ұстап алып, жолданған хат иесіне қайтадан тапсырды. Ал Галлони граф Зедельницкийге өзінің жаңа іс-қимыл жоспарын түсіндіріп жатқанда, графиняның үшінші хаты полиция бастығының үстелінде жатты.

– Менің пікірімше, – деді тыңшы, – герцогты сынақтан өткізген жөн, нақтылап айтқанда, оған қашу жоспарын ұсынған абзал, бірақ бұл жоспардың бар екендігі жөнінде ол білмеуі тиіс. Егер де мен княгиня Сарианың ой-ниеттері жайлы қателеспесем, онда, бәлкім, ол герцогқа жолданған құжаттарды әлдеқашан беріп үлгерген. Біздің ұсынысымызға берген жауабы біздерге герцогтың ой-ниеттерін білуге мүмкіндік береді, ал ең бастысы – оның апартаментінде тінту жүргізуге жақсы сылтау болады, – деп үн қатты тыңшы.

– Сіздің ойыңыз тамаша. Бірақ герцогтың күмәнін туғызбайтын бүлікшінің рөлін ойнай білетін епті адамды қайдан таппақсыз? Тоқтай тұрыңыз…

Сөйтіп, қағаздарды ақтарған ол графиня Камератаның хатын тауып алып, оны тыңшыға берді және беймаза махаббат иесінің бастан өткерген тарихын түсіндіріп берді.

– Мінеки, бұл тамаша, аса мәртебелім, – деп жауап берді Галлони, – бірақ маған сол хатты оқып беруге рұқсат етіңіз, себебі – біздің пайдамызға аса ма, жоқ па, алдын ала біліп алайық.

Зедельницкийдің өзі хатты алды да, оны дауыстап оқи бастады:

«Герцог Рейхштадтскийге

Тамыз 1820

Мейірбан ханзада, мен сізге үшінші рет жазып отырмын, мейірбан болғайсыз, маған жауап беріңізші, сіз австриялық эрцгерцог немесе француз ханзадасы секілді іс-әрекет еткіңіз келе ме? Егер де сіз менің кеңесімді қабыл алып, сізді құлыптың арғы жағында ұстап отырған елді ендігіде тастап кеткіңіз келсе, онда ерік күші арқылы барлық кедергілерді қалайша жеңуге болатынына сеніміңіз нығая түседі. Сіз сол кезде менімен сөйлесуге мың түрлі себеп табасыз, ал мен жалғыз өзім ешнәрсе істей алмаймын. Тек қана Құдай үшін, ешкімге сене бермеңіз. Ойлап көріңізші, сіз Франция мен өз отбасыңыз үшін өлген сияқты болыңызшы. Сіздің әкеңіз бастан өткерген аса сұмдық қайғы-қасіреттермен біргелікте, сіздің портретіңізге қарап отырып өлгендігін ойланып көріңізші. Осы сәтті пайдаланып қалыңыз, ханзада. Мүмкін, мен өте көп айттым-ау деймін. Менің тағдырым сіздің қолыңызда. Осы хатты сіздің қолыңызға тапсыратын адам, маған сіздің жауабыңызды да жеткізе алады. Сіз маған жауап береді деп үміттененмін.

Наполеона Камерата»

– Бұл графиня сіз үшін жоқ жерден табылған олжа! – деп дауыстай сөйледі Галлони, бұл кезде Зедельницкий хатты оқып та болған еді. – Осы хатты герцогтың алуы сізге қажет және герцогиняның жолдауын жеткізген адам сізге оның жауабын әкеліп бергені де жөн.

– Бұның жолы өте жеңіл, – деп жауап берді граф. – Бірақ бері қараңыз: ешкімге бір ауыз сөз айтпаңыз. Мен канцлерге біздің кәсіпорнымыз туралы оның нәтижесімен біргелікте баян ететін болайын.

Полиция бастығы және тыңшы осы орайда жақсы достардай бір-бірімен ажырасты.

ІІІ

ЕКІ ТҮРЛІ ЖАУАП

Келесі күні таңертең Франц Шенбрун саябағында тып-тыныш жұмыс істеп жатты. Кенеттен ол өзінің көмекшілерінің бірі – алып тұлғалы, Готлиб есімді семіз неміс өзінің күрегін тастап, граф Дитрихштейннің камердинерімен құпия түрде сөйлесіп жатқанын байқап қалды. Бұл бірнеше минутке созылды, содан соң Готлиб бұған қарай бет алды да әңгімеге кірісті, алайда сөздері бір-бірімен үйлеспеді.

– Саған не боды Готлиб? – деп сұрады ең ақырында кәрі сарбаз. – Сен өзіңе-өзің ие бола алмай тұрсың ғой.

– Шынын айтқанда, Франц, – деп жауап берді жас неміс сәл ғана тұнжырап, – маған тапсырылған тапсырманы қалай орындауды білмей тұрмын. Мен хатты әлдебіреуге беруім қажет, ал бұл сізге әлдеқайда жеңілірек тиер еді, өйткені осынау тұлға мұнда жиі болады. Бұл істі сіз өз қолыңызға алмайсыз ба?

– Хаттың өзі кімдікі және кімге арналған?

– Кімнен екенін білмеймін, ал оны кішкентай Наполеонға беру керек.

Франц өзін толқытқан сезімді зорға тізгіндеді, әйтсе де, немқұрайды жауап берді:

– Неге сен өзің осы хатты қолма-қол тапсырмайсың?

– Сіз берсеңіз өтімдірек болар еді. Герцог әдетте күн сайын кешке таман саябақтың осы маңында жүреді. Сол уақыттарда ол сізбен сөйлеседі ме? Ал бізге тіл қатып, бір ауыз сөйлемейді де.

– Ол аузы бір тынбайтын сөйлемпаз да емес.

– Сонда сізге не айтады?

– Оның айтатыны, князь Меттерних ұлы адам дейді, – деп ақ адал пейілде тіл қатты Франц, – ал граф Дитрихштейн өте мейірімді және сыпайы дейді. Ол бәріне де өте разы. Оның сені білмейтіні өте өкінішті-ақ, Готлиб, сен, бәлкім, оған өте ұнап қалар ең. Ал хат қайда?

– Мінеки, мынау. Хатты ол өзі жеке жүргенде мүлдем ешкімге білдірмей беру қажет, содан соң, жауабын алуға кейін келетіндігің де герцогқа айтуы керек.

– Сен, қамсеміз, жауабын алуға келе аласың ба?

– Иә.

Франц іштей түйсінді, герцог Рейхштадтскийге тұзақ құрылып жатыр-ау деді, сөйтті де, оны қауіп-қатерден құтқарып қалу үшін осы іске белді бекем буып кірісу қажет деген ойға тоқтады.

– Сенің өзің-ақ бұл мәселені жақсы-ақ орындайтын емес пе ең, не себепті маған осы тапсырманы арқаға артпақсың? – деді ол өте немқұрайды үнмен. – Егер де мен саған қызмет көрсетсем, ең құрығанда, сен маған иек артуыңа болады, ал граф Дитрихштейн маған разы емес.

– Жоқ, одан қорқудың қажеті шамалы, – деп жауап берді Готлиб қулана жымиып, – хат оның қолынан өткен. Бірақ бұл жайлы айтудың қажеті жоқ.

– Жарайды, хатты менің сырт киімімнің қалтасына сал. Ол аллеяның анау тұсында жатыр. Менің қолым лас, хатты кірлетпей-ақ қояйын. Мейлі, бара бер, мен сенің тапсырмаңды орындаймын.

Готлиб одан ұзақтай түсті және жол бойымен бара жатып, хатты сырт киімінің қалтасына салды, ал соңынан көз алмай қарап тұрған Франц:

Граф Дитрихштейнннің жеке өзі хатты ханзадаға қолма-қол бермей, оны құпия жөнелтеді, жауапты да дәл солай алуға әмір етеді. Бұнда қандай да бір сенімсіздік, күмән бар сияқты деп ойлады.

Түптеп келгенде, құпия хат графиня Камератаның жолданған заты тұғын, оны полиция бастығы Шенбрунға сарай маңында шүпірлеп жүрген үйме-жүйме агенттер арқылы беріп жіберген-ді. Граф Дитрихштейн осынау қитұрқы дау-дамайды біледі деп Францқа айтқанымен, Готлиб бұл жолы жалған сөйледі! Полиция бастығы мен Меттернихтің өзі өз ойындарының жүйесіне мінезі сынық, бірақ жас жігіттің әділ тәлімгерін араластыруға ешқандай ішкі есептері жоқ-ты. Айтуларына қарағанда, олар Дитрихштейннің тік мінезінен қорықты, ебедейсіз іс-әрекеттерінен үрікті. Граф Дитрихштейн Австрияның аса құрметті қауымдарының біріне кіргендіктен, өзінің ата-тегімен императордың немересін қоршаған айтулы тұлғалар тобы арасында өзінің басымдығын аңғартатын, бірақ ешқандай беделді пайдаланбады және өзінің айналасында болып жатқан шым-шытырық оспадар тірлікті білмеді. Айтпақшы, сарай іші жалшы, жұмысшы, бағбан және тағы басқалардың киімін киген полицей агенттеріне толып жатқаны оған белгісіз еді. Олардың бәрі дерлік граф Зедельницкиймен үнемі байланыста болатын, ал ол болса осындай тәсіл арқылы Шенбрунда не болып жатқанының бәрін де бүге-шігесіне дейін қалдырмай, канцлерге жеткізетін.

Франц күмәнді хатты сол күні-ақ кешке герцог Рейхштадтскийге тапсырды және сыбырлаған үнмен жан-жағына көз салып, ешкім де естімесін дегендей сөзін жалғады:

– Сақтаныңыз, бұл хат – тұзақ. Онда не барын, не жазылғанын білмеймін, бірақ бұл күмәнділеу жақтан бастау алған сияқты.

– Сен дұрыс айтасың, – деп жауап берді жас жігіт хатты оқып болып және екеуінің ортасын бөліп тұрған бұтақтар арқылы Францпен сөйлескен халде, – нақұрыстау барон Обенаустың үйінде бір кезде көрген менің туыс қызымның есімін бас-көзге қарамай өздеріне меншіктеп алыпты. Дегенмен осы хат түпнұсқада болуы мүмкін. Ол туысым маған өте ерекше көрінді және бұндай жолданған хатты жаза алатындығын да аңғарған сияқтымын. Қалай болғанда да, Меттернихпен оның көмекшілері дәл осындай оңбаған дау-дамайлы ойынды ойлап шығарды дегенді мүлдем ойламаппын.

Аллея ортасында аялдап, герцог өзінің жанына Францты шақырып алып:

– Мені осы жерде күтіңіз, мен қазір жауабын беремін, – деді.

Содан соң, сыбырлай үн қатты:

– Мен қазір өзім-ақ әкелемін және саған өз нұсқауымды беремін.

Бірнеше минут өткен соң, гүлдердің арғы жағынан ұзақтан бақылап тұрған Готлиб көрінді де, асығыс-үсігіс күйде:

– Ол не деді? – деп Францтан сұрады.

– Мен, шыны керек, оның хатты оқыған кезде не деп міңгірлегенін түсінген жоқпын, – деп жауап берді кәрі сарбаз, – бірақ мені осы арада күтуімді, қазір жауабын әкелетіндігін айтып, маған бұйрық берді. Мінеки, сенің арқаңда, ендігіде мен пошташы да болдым.

– Жарайды, жауапты алып кетуге келемін, – деді Готлиб әлгінде ғана гүлдердің арғы жағында жасырынған жаққа қарай бет алып.

– Уайымдама, мен өзім-ақ әкеліп беремін, – деп үн қатты Франц.

Бірнеше минут өткен соң, герцог Рейхштадтский қайта оралды, хатты Францтың қолына ұстатқан бойы:

– Бұны жауап алуға келетін адамға бер, ал күні ертең княгиня Сариаға бар, сөйтіп, осы жағдайдан оны хабардар ет, содан соң оның бұйыртпаларын сұрағайсың.

– Құп болады, аса мәртебелім.

– Сен оған және мына хатты да тапсыр, – деп сөзін жалғады герцог қызара түсіп. – Мен бұдан бұрын да осы оқиға жайлы жазғанымды айт, одан кейін бұл оқиға менің екі қолымды сыбанып іске кірісуімді нығайта түскендігін де жеткізгейсің. Және де менің бұл жерден аттануыма байланысты, лажы болса, оның тезірек жүзеге асқанын қалайтынымды, княгиняға толық сенім артатынымды да жасырмай айт. Сен оған көмектесесің ғой ә, Франц?

– Бұған қам жемеңіз, аса мәртебелім, бірақ екінші хатты менің қолыма ұстатпаңыз, оны анау бұтақтардың арасына тастаңыз.

Герцог дәл солай етті де, ал Франц болса мүлдем ешнәрсе болмағандай, бұтақтардың бірінің жанына барып, елеусіздеу қимылмен білдірмей хатты жерден көтеріп алды.

Бірнеше уақыт өткен соң, Готлиб жүзі жайнап, басқа киімді киген полицей агентіне Шенбрун тұтқынының графиня Камератаға жолдаған хатын тапсырды, ал Франц герцог Рейхштадтскийдің екінші хатын княгиня Полинаның үйіне апарып берді, әрине, бұл үшін граф Зедельницкий мен Галлони өте жоғары құн төлеуі де мүмкін еді.

Келесі күні таңертең полиция бастығы қызыққан жүзбен графиня Камератаға жолданған хаттың ішін ашты, бірақ оқи сала, жиіркенішті заттай тастай салды. Хатта былай деп жазылған еді:

«Графиня!

Мен жаңа ғана хат алдым, оның мазмұны да, айтары да мүлдем түсініксіз. Мен хатты астыртын жолмен алдым және бұдан былай дәл осындай тәсілмен қандай да болмасын хаттарды алуды ниет етпеймін. Ал енді хатты ханым жазғандықтан, әдептілікті сақтап, жауабын жазып отырмын. Сіздің айтқан сезімді қозғар сөздеріңіз мені толғандырады, мен сол үшін алғыс айтамын, бірақ маған жазбауыңызды өтіне сұраймын.

Герцог Рейхштадтский»

 Полина да Францтың қолынан бұрыннан бері аңсай күткен хатты алып, терең сезіммен жазылған хатты оқып шықты:

«Княгиня!

Сіз менің өз жағдайымды жан-жақты талқылап алмайынша сөз беруімді қаламаған едіңіз. Сіздің жүрегіңіз ізгілікке тола, сіздің өзіңіздің құмарлығыңызды тежеп, жүрегіңіз маған кері шегінуге жол ашты, алдағы істерді ойлап, кесіп-пішіп, бір-ақ өлшем жасауға ықпал етті. Мен осыған тоқтадым, сіз секілді аса сақтықпен, жайбарақат әрекет ету арқылы сізге лайықты жан бола алатындығымды аңғардым.

Мен өз жадымда бүкіл өмірімнің сізге мәлім және беймәлім барлық оқиғаларын қайта есіме түсірдім. Мен өзімнің жастығыма куә болғандардың бәрін де ойша шақырып, олардан өз сауалдарыма жауап алдым. Ең ақырында жүрегімнің түкпірінде орын алған өз әкемнің бейнесін көз алдыма келтірдім, ол жаны тірілгендей маған көзін аша қарады. Сіз маған Францияға бару керек деп айтқан едіңіз, менің ақыл-есім де бұны толықтай қолдаған соң, жүрегім де солай деп кеудемде дүрсілдеп тұрған-ды, сол кезде мен өзімді тап бір сонау сәтте де менің бойыма жаңа өмір дарытқаныңыздай өте бақытты сезіндім.

Сондықтан да, княгиня, мен ендігіде өзім айтқан уәдені бере аламын: Мен Францияға бармақпын.

Менің бойымдағы сезімдерді өз аузым да айта алмайтын сөздерді қағаз бетіне де түсіруге қабілетім жетпейді, тек бар болғаны бес сөзді қосып жазамын, бұлар қазірден бастап, менің бүкіл өмірімді айқындап береді: мен сізді сүйемін және сенемін.

Наполеон»

 АЛТЫНШЫ ТАРАУ 

ҚАШУ

І

КЕҢЕСУ

«Алтын қайшылар» атты миландық дүкенге барған кезден бастап, Меттернихтің тұтқынынан хат алғанға дейінгі қысқа уақыт аралығында Полина мүлдем өзгерді. Бұған дейін ол ақсүйектік өмірдің шеті мен шегі жоқ барлық шарттарына бағынған-ды, әйтсе де, оның қандай да бір жаңалыққа, кереметке, мүмкін болмас нәрселерге аңсары ауды. Ендігіде осынау жаңа, керемет, мүмкін емес нәрселер көз алдында пайда болды. Зеріккендіктен, әбден шаршаған көздері жарым-жартылай жұмыла бастаған шақта кенеттен өзінің махаббатына сайма-сай келетін жарқын жүзді жан қарсы алдынан шыға келді. Бұл жиырма жастағы тамаша, ізгі ниеттегі, бақытсыз жас жігіт болатын.

Оны көрген сәтте-ақ княгиняның жүрегі, оның бойындағы нәзіктік, алау жалын, адалдық сезімдерінің бәрі оянды. Ендігіде ол өзінің махаббатынан өзге ешнәрсе де ойламады, өзіне аса қымбат, өзі сүйетін және оны да сүйетін адамнан басқа ешкімді де көз алдына келтірмеді. Әйтсе де, өзінің ішкі жан дүниесі бірде-бір өзгерістерге ұшырамады, тек қана бет-бейнесіндегі ақсүйектік пердені жұлып алып, шынайы да нұр шашқан Полинаға айналды.

Ол өзіне аса сүйікті болған адамның хатын бірнеше рет оқып шықты және екеуінің бақыты, алғашқы кездесулері, өздерінің алдында ашылған сәулелі де жарқын болашақ жайлы ұзақ-ұзақ армандай беруіне болар еді, бірақ кенеттен оның басында бір ой жылт етті:

– Мен тұтқынды сүйемін, сол себепті мен оған қараңғы қапас есігін ашуға тиіспін.

Ол басын көтерді. Қарсы алдында Франц тұрған еді, ол бейне бір бұның бұйрықтарын күткендей сыңайлы.

Полина бір сәтке өзін нағыз істің адамындай сезініп, ағасындай көрген кәрі сарбаздың қолынан ұстап, жай ғана үнмен:

– Оны азат ету үшін бірлесе жұмыс жасайық, – деді.

Княгиня өзінде сақталған пакет ішінен Меттерних тұтқынының қашуына ықпал етеді-ау деген адамдардың тізімі мен жол жүру маршрутын суырып алды. Ол осынау қағаздардың бәрін де Францқа көрсетіп, олардың мазмұнын оқып берді.

– Бұларды қолыңызға алыңыз, Франц мырза, – деді ол, – ендігіде олардың бәрі де сізде сақталынады. Дегенмен осы қағаздар сізге жолданған.

Сөйтті де, миландық комитеттің Фабиоға берген нұсқауын княгиня Францқа ұсынды.

– Олар менің есімімді қайдан біледі, – деп дауысын көтере сөйледі кәрі сарбаз, – және де менің Шенбрунда жүргенімді кімнен естіген?

– Сіз карбонарийлермен ешуақытта байланыста болған емессіз бе?

– Жоқ, ешуақытта да! Шынын айтсам, мен осы уақытқа дейін олардан сезіктенем; оларды күмәнді революционерлер деп есептеймін.

– Герцог Рейхштадтскийді азат етуге ынталы адамдардың тізімін қарап шығыңызшы, бәлкім, сіз туралы миландық комитетке мағлұмат беруі мүмкін жағдайда бір тамыр-танысыңызды табарсыз.

– Франц тізімді қолына алып, тізімдегі бірнеше қатарға көз жүгіртіп, дауыстап сөйлей жөнелді:

– Мінеки, санама енді жетті. Түсіндім. Мұнда Карл Грепи туралы жазыпты. Ол Бельведер маңында тұрады. Әйнек салушы. Бұл жақсы адам және мен секілді кәрі сарбаз, ол сондай-ақ, императорды да өте жақсы көреді. Ол Жюноның басшылығымен жетінші корпусты италияндық контингенттің құрамында орыс жеріндегі соғыс науқанына қатысты. Ресейден артқа қарай шегінгенде мен оның өмірін қалай да бір сақтап қалғаным бар. Қандай да бір казак офицері оның дәл төбесіне қылышын төндірген кезде, мен сол әскери адамның басын одан бұрын орып түскен ем. Қараңызшы, мен бұл жайлы кейінде мүлдем ұмытып кетіппін, содан соң, бұдан екі жыл бұрын, бірде Венада болғанымда, қандайда бір мырзаны жолықтырдым, ол менің мойныма асыла кетті, мені өзінің әйнек сататын дүкеніне қарай жетелеп әкелді және әйелі мен қызына соғыс жылдарында өмірін сақтап қалған мен екенімді жария етті. Сол кезден бастап, мен кей-кейде онымен кездесіп тұрдым, ол да маған Гитцингке жексенбі күндері келіп жүрді. Әрине, өздеріміз әңгімелескен кездерде мен императордың ұлы туралы жиі-жиі еске алатынмын және баланың өз әкесіне лайықты екендігіне ант ішетінмін. Бірақ, шынын айтайын, дәл осындай ізгі ниетті және өте сақ адам болып есептелетін Грепи менің сөздерімді басқа біреулерге, оның үстіне карбонарийлерге жеткізіп отырады-ау дегенді үш ұйықтасам ойламаппын. Бір жақсысы – ол ештеңені де жалған айтпапты, шынында да, ол жеткізгеніндей, мен осы бала үшін өмірімді де құрбан етуге даярмын.

– Сіз оған соншалықты сенгеніңізге өкінбейсіз бе, Франц мырза, – деді Полина. – Сіз герцог туралы бар білгеніңізді оған айтпағаныңызда, онда сіздің есіміңіз Миланда ескерусіз қалар еді, сөйтіп, ендігіде біздер өзіңіз өте жақсы көретін адамды қалайша азат ету жайын кеңеспес те едік.

– Бұл рас енді. Ол жарамды адам және бізге саналы түрде болмаса да, үлкен қызмет көрсетті.

– Ол бізге әлі де зор пайдасын тигізуі мүмкін. Сіз қалай ойлайсыз, ол осы тірліктерімізге өзгелердің сезіктенбеуі үшін, ат арбаны жолға алуына шамасы келетіндей байлығы жеткілікті ме?

– Білмеймін, – деп жауап берді Франц мұртын шиырлай бұрап, – бірақ бұл жайды біліп аламын. Әйтсе де, уайымдамаңыз, біз екеуміз бәрін де жайғастырамыз.

– Содан соң Полина оған өзінің не істейтінін баяндап, іс-қимыл жоспарын түсіндірді; пошта экипажын жалдау және онымен герцогты Миланда түзілген маршрут бойынша Францияға жөнелту жолдары қарастырылды. Осы жоспарды жедел түрде жүзеге асыруға княгиняны бір-ақ нәрсе ұстап тұрды, атап айтқанда, Фабионы тұтқыннан босату туралы граф Зедельницкийден бұйрықты ала алмауы еді, ал Полина іш киім тігушілердің қаладан аттанғанынша ешнәрсені де қолға алу ниетінде жоқ болатын, себебі – ондай бола қалған жағдайда Меттернихтың ашу-ызасы шығуы бек мүмкін-ді.

– Тоқтаңызшы, – деді княгиня, – мен сол бикештерге адам жіберейін, мүмкін, біздер бір нәрсені бірігіп шешерміз де.

– Қазірше үй қызметші әйел іш киім тігушілерге барып хабар бергенше, Полина Францқа өздері бастан кешкен оқиғаларды айтып берді және олардың алдында барлық мәселелер бойынша емін-еркін сөйлеуге болатындығын ескертті.

Бөлмеге Шарлотта мен оның апайы келіп кіргенде, Полина оларды Франц Шулерге таныстырды және де екеуі шаттана:

– Бәсе, осының дәл өзі ме? – деп дауыстай үн қатты.

Франц қызарып кетті және не себепті соншама танымал бола қалғанына мүлдем түсіне алмады.

– Шулер мырза, – деді Шарлотта оған жақындай түсіп, – менің күйеу жігітім Фабио Гальдони сіздер жаққа Шенбрунға жөнелтілуі тиіс еді және де онымен бірге герцог Рехштадтскийдің тұтқыннан қашып шығуын ұйымдастыруды сізге ұсынсақ деп ек. Фабионы тұтқындады, бірақ ол үшін княгиняның жаны ауырады; сіз білесіз бе, княгиняны қандай сезіммен біздің ұнататынымызды?

– Иә, біздер оны қаншалықты сүйсек, соншалықты құрмет етеміз, – деп қостай сөйледі апайы.

Полина қарсылық көрсеткісі келіп еді, бірақ Шарлотта оған бір ауыз ләм-мим деуге мүмкіндік бермей, аузы тынбай, жылдам сөйлей жөнелді:

– Бізді бір нәрсе ғана толғандырады, ол княгиня өзінің дархан жүректілігі арқасында герцогты азат ету ісін Фабиоға рақымшылық жасау туралы бұйрық қалтасында бола тұра, біздің осы жерден аттанғанымызша мерзімін кері шегеріп тұрғаны. Дұрыс па, княгиня?

– Иә, біздер сіздермен солай бәтуаласқанбыз.

– Ал ендігіде мен бұнымен келіспеймін, – деді Шарлотта үзілді-кесілді үнмен, – сіз, княгиня, біздерді ойламауыңыз шарт және де шенбрундік тұтқынды азат ету үшін қазірдің өзінде шаралар қабылдауыңыз қажет. Сіз неғұрлым тезірек қимылдасаңыз, соғұрлым сіздің тірлігіңіз табысты болары хақ. Герцогтың азат етілгеніне Фабио өзіне рақымшылық жасағанынан да гөрі қаттырақ қуанатындығына менің сенімім кәміл.

– Мен сіздің француз қызы болғаныңызға мақтанамын, – деді Франц.

– Жарайды, егер де сіздер бәріңіз де осыны қаласаңыздар, онда мен келісемін, – деді Полина, – бірақ бұл жағдай Фабиоға рақымшылық жасау туралы бұйрықты беру мәселесін бүгінгі күні-ақ жеделдетуге ешбір кедергі келтірмейді. Демек, Франц, – деп ол сөзін жалғай түсті, – сіз экипаж бен пошта аттарын ертеңгі күнге, кешке – сағат 10-ға, Бельбердегі Клари үйінің жанына әзірлеп қойыңыз.

ІІ

 ИМПЕРАТОРДЫҢ АРБАСЫ

 1820 жылғы Леопольдштадт түбіндегі веналық ескі елді мекендер қазіргіге қарағанда мүлдем өзгеше көріністе болатұғын. Ресми қала мен тұрғындар мекендейтін қаланың бір бөлігін Дунай каналы бөліп тұрған бұл жер провинциальдық сипатпен ерекшеленетін, және қандайда бір атақты ақсүйектер немесе веналық байлардың Леопольдштадтта тауарлар мен заттарды жеткізіп беретін адамдары бар деп ойлаудың өзі мүмкін емес-ті. Сол күні-ақ аттылы арбаны іздеуге шыққан Франц Карл Грепимен бірге қаланың осы бөлігіндегі осынау басты көшені жүріп өтті де, оның ең соңғы тұсында екеуі үлкен аула алдында тоқтады, мұнда, сірә, әкімшілік патентсіз-ақ аттар мен аттылы арбаларды жалға беретін секілденді. Үйлер мен сарайлар және маңдайшалар ең қарапайым сипатқа ие еді, ал аттылы арбалардың жанында қарбаласып, қаумаласқан көптің арасында жылтырақ қаңылтыр белгісі бар ресми пошташылар көзге шалынбауының өзі соның айғағы болатын.

– Мекеменің қожайыны – венгрлік Мано, – деді Грепи, – австриялық үкіметті жек көреді және өзінше өзінің патриоттық ұмтылыстарына қызмет етеді. Ол жақсы аттар мен мықты аттылы арбаларды өзінің отандастарына, әсіресе, ұсақ саудагерлер мен шаруаларға императордың қол астына қарайтын басқа адамдарына қарағанда анағұрлым арзан бағаға береді. Біздер мұнда өзімізге керекті нәрселердің бәрін де таба аламыз.

Олар үлкен бөлме ішіне кірді, мұнда орналасқан үстел жанында бірнеше венгр жұмысшылары отырды, олардың үстеріндегі киімдері де бірдей еді, аяқтарындағы ұзын қонышты етіктері, кең қапталды шалбарлары, қысқа етекті түрлі-түсті курткалары және шағын дөп-дөңгелек фуражкалары көзге бірден түсетін. Әрқайсысының алдындағы стакандардың таяу тұстарында қысқа сапты ұзын қамшылар жатқан-ды.

– Сіздерге не қажет? – деп сұрады ақ самайлы орта бойлы Мано есімді қожайын.

– Арба және аттар. Жүргізушісі қажет емес, – деді Грепи.

– Ұзаққа барасыздар ма?

– Иә, өте ұзаққа.

– Онда арбаны сатып алған дұрыс.

– Болады. Жақсы.

– Ал аттардың қайсысы жақсы?

– Жорғалары.

– Иә. Одан да жақсылары бар.

– Жоқ. Жорға әрі желісті, әрі көнбіс болса болғаны.

– Нешеуі керек?

– Екеуі.

– Ауыстыратын аттары қайда, бар ма өзі?

– Бұл енді менің шаруам.

– Менің де ісім бар мұнда. Мен өз аттарымды шалдықтырып алғым келмейді.

– Шалдықтырсам, онда өтеуін төлеймін.

– Аттарды қайдан аламыз?

– Виденнен, мен сонда тұрамын. Мен келесі күні қайта ораламын.

– Сізге сене аламыз ба?

– Онда тұрған не бар?

– Мен, негізінен алғанда, веналықтармен байланысқым келмейді, бірақ біздер сізбен ортақ тіл табыса аламыз деп ойлаймын, әйтсе де, түсіндіріңізші, сізге аттылы арба мен аттар не үшін қажет? Мен іште бүккен құпия сырды жақсы көрмеймін.

– Бізде жасырын еш құпия жоқ, және де біздер жолға шықпаймыз, бар болғаны таныс адамымыз үшін аттылы арбаны жалға алмақпыз. Әрине, кім баратынын, оның атын атап, түсін түстеудің қажеті жоқ секілді. Кітапқа менің аты-жөнімді жазып, тиісті анықтамаларды алудың өзі жеткілікті-ақ, мен өзіме-өзім қолы жетімді, қуатты жандардың санатынанмын. Сіздің уайымдамауыңыз үшін мынаны айтқым келеді, мен жолдасыммен бірге сіз секілді шетелдіктерді жақсы көрмейміз. Еш қам жемеңіз, мәселе қызды алып қашу немесе өзге де қылмыс жайлы емес. Дегенмен бұған қатысты сіздің ешбір шаруаңыз болмасын, сіздің тірлігіңіз арба және аттармен қамтамасыз ету емес пе, дұрыс па?

– Әрине, – деп жауап қатты қожайын, осы уақытқа дейін екеуіне сезіктене қарағанымен, ендігіде бетіне қан жүгіріп, оларды аула ішіне қарай алып жүрді, мұнда сарай ішінде арбалардың әртүрлі жиырма шақтысы, яғни қарапайым тіркемелерден және екі доңғалақты, жоғары беті құс қауырсынды кабриолеттен бастап, карета мен төрт доңғалақты арбаға шейін самсап тұрған-ды.

– Бикеш яки ханымға лайықтысы керек пе? – деп сұрады қожайын.

– Жоқ, – деп жауап берді Франц алғаш рет әңгімеге араласып, – бірақ біздерге бәрібір үсті жабық арба қажет.

Қожайын оларға қолайлы екі орынды каретаны көрсетті, бірақ Грепи мен Францтың жанары үлкен сарайдың бір бұрышында тұрған және шамалауларынша, жоғарғы жағы биік, біраз уақыттан бері қолданыста болмаған көне төрт доңғалақты арбаға ауды.

– Мінеки, бізге осы арба қажет, – деді Грепи, ал Франц басын үнсіз изеді.

– Дұрыс, – деп жауап қатты Мано, – бірақ бұл арба сатылмайды және берілмейді де.

– Не үшін?

– Бұл императордың арбасы.

– Қайсы императордың?

– Наполеонның.

Ежелгі екі дос таңданыс таныста бір-біріне қарады; олар императордың ұлы үшін арба іздеп жүрген-ді, оның орнына әкесінің төрт доңғалақты арбасын тапқандарын қарасаңшы.

– Мүмкін сіздер бұл арбаның маған қалай қолыма түскенін білгілеріңіз келген шығар? Өте оп-оңай-ақ дер едім! Мен оны бұдан он бес жыл бұрын Шенбрунда сатып алдым. Бәлкім, одан арылғылары келген шығар, себебі – Наполеон Венада жүйткіп жүрген осынау арбаға император Франц кездейсоқ мініп қоймасын деген де болар. Сол кезден бастап, арба орнынан қозғалмай, тапжылмай бір жайда тұр.

– Сатыңыз онда, – деді Грепи.

– Жоқ. Сатылмайды.

– Бұл арба біздер үшін қалай болғанда да өте қажет, – деп үн қатты Франц.

Мано тарихи құндылыққа ие арбаны сатып алуға ниет еткен өзгелерге мүлдем ұқсамайтын осынау сатып алушы жұмбақ екі адамның басынан аяғына дейін қарап шығып, еріксіз ойға батты, содан соң, күлімсірей:

– Сіздер қай жаққа қарай жол жүрмексіздер? – деп сұрады.

– Страсбургке қарай, – деп жауап берді Франц.

– Олай болса, алыңыздар.

Қазірше екі дос Маномен төрт доңғалақты арбаны сатып алу бағасы жөнінде екеуара келісіп жатқанда, олардың соңынан мізбақпай аңдып жүрген Галлони жайында мүлдем бейхабар еді.

Парик пен көзілдірікті киіп алып, ешкім де танып қоймауы үшін, епті тыңшы таңертеңнен бастап, «Аққу» отелін ұзақтан аңди бастаған-ды және княгиня Сариа өз аппартаментінде кәдімгі киімдерді киінген, әйтсе де, түрі әдеттен өзгеше кәрі қызметкерді қабылдағанына таңдана үңілді. Оның сезіктенгені соншама – Францтың соңынан еріп, ең алдымен Бельведердегі Грепидің әйнек сататын дүкеніне, содан соң Леопольдштадтқа барды. Жалға арба мен аттарды беретін аулаға Франц пен Грепи кіргенде, Галлони көшеде, онда да ұзағырақ қашықтықта болса да, өзін өте сақ ұстады.

Олардың сыртқа шығу сәтін Галлони сабырлылықпен күтті, бірақ Франц пен Грепидің жан-жақтарына үңіле қарағандары бұны одан әрі сезіктендіре түсті, сөйтіп, олардың іздерін өте ұзақтан аңдуға тура келді, шағын бір көшеге бұрылар тұста ол екеуінен көз жазып та қалды. Бұл жағдаят, алайда оны дегбірсіздендірген жоқ. Ол қалай дегенде де, пайдалы жаңалық қолға түсті деп есептеді де, көрген-білгендерін граф Зедельницкийге хабардар етті, содан соң өзінің бақылау үдерісін одан әрі жалғастыра түсті.

ІІІ

ЛОРД КАУЛИДІҢ БАЛЫНДА

 Сол кезде жуырда ғана таққа мінген ағылшын королі Вильгельм IV-ке, әділі керек, тура бағасын берген жөн: ол қашанда князь Меттернихке өзінің қуатты одақтасы ретінде Англияға көрсеткен қызметтерін өте жоғары бағалайтындығын атап өтуге бейім-ді. Шынында да, он бес жыл бойы ағылшын және австрия үкіметтері арасында өте тығыз достық келісім орнаған болатын, сондықтан да екі елдің де шынайы патриоттары өз Отаны үшін, шын мәнінде, намыстанатын және қолайсыз жәйттер орын алса, беттері қызаратын. Атап айтқанда, ағылшындардың өздері де Гудсон-Лоның түрмеші ретіндегі рөлі тым тереңдеп кетті десе, кейбір австриялықтар Шенбрунды Лонгвудтың ізбасары етті деп Меттернихті кінәлайтын.

Бірақ бұның орнына ағылшын министрлері мен австриялық канцлер бір жағадан бас шығарып, бірлесе әрекет етті, ал лорд Каули, олардың арасындағы дәнекерлік қызмет атқарып, Венада мүлдем ерекше жағдайға ие болды. Сондықтан да өз тұтқынын жалғанның жарығына шығарарда, Меттерних оның алғаш рет әлемге бой көрсететін орнын ағылшын елшісінің үйі етіп белгілегеніне ешқандай таңдануға болмас-ты. Наполеонның ұлын өзінің аса зұлым жаулары өкілдерінің балында әлемге жария етіп көрсету өте мықты дипломатиялық қулық еді, мінеки, көрдіңдер ме, жас жігіт – қарапайым австриялық эрцгерцог қана деп дәлелдемекші болатұғын, сөйтіп, бонопартистердің үміт отын мүлдем өшіріп тастау еді.

Бүгін ақсүйектер және ресми Вена, әрине, осынау балға жиналды, қызғылықты көрініске бәрінің де куә болғысы келгендігіне еш шек жоқ-ты. Елші үйінің залдары мен бақтары мыңдаған самаладай жарқыраған оттардан көз қарықтырды, ғажайып, сиқырлы жарық көрер жандарды тылсым сырымен арбады.

Жас адамдар Венада қалай билесе, солайша өз өнерлерін көрсете биледі, ал жасы ұлғайғандар император мен оның немересін күту барысында ақсүйектерге тән дабырлай, тынымсыз, шүйіркелесе сөйлеп жатты.

Сөйлеушілердің арасында Фридрих Генц пен француз журналисі Пьер Лефран да бар еді, оны Венаның барша қонақжай жайларымен етене таныстырып та үлгерген болатын. Лефранмен қатар бөлмелер табалдырығында тұрған Фридрих Генц өзінің сұхбаттасына саяси және әскери әлемнің барлық ұлы тұлғаларының бейнесін сыпайы түрде нұсқай көрсетіп, әрбіріне қысқаша мінездеме берді. Бірақ осы ретте әдеттегі еш нәрсе сене қоймайтын құпия кеңесші тек қана мақтау сөздерді тілге тиек етті, шетелдік журналист алдында өз Отанының сәулелі жарықтарын ғана алға тосты.

– Қараңызшы, эрцгерцогиня Софияны, бойында қандай нәзіктік пен үйлесімдік бар. Императордың қалыңдығы Мария-Аннадан басқа сұлу әйелді қай кезде көрдіңіз осы, айтыңызшы?

Өзінің екіұшты ой-пікірлеріне қарамастан, Лефран австриялық дұшпан көңіл өкілінің айтқан әділ ескертуімен келісуге тиіс болатын.

– Ал анау екі эрцгерцогинямен сөйлесіп тұрған ханым кім болды екен? – деп сұрады ол.

– Графиня Шпигель және баронесса Кинская, екеуі де сөйлесіп тұр, сол себепті мен білмеймін, қайсысын айтып тұрғаныңызды.

– Ол да емес, басқасы да емес.

– А-а, бұл княгиня Сариа.

– Княгиня түсініксіз әйел секілді, ол да мен тұратын үйді мекендейді, оны үнемі полиция аңдып жүреді.

– Сіз, бәлкім қателесіп тұрған боларсыз? Княгиня Сариа – канцлердің және эрцгерцогиня Софияның жақын досы.

– Менің қателесуім мүмкін емес. Мәселен, бүгін онымен бірге Италиядан келген екі қашқын қайтадан өз елдеріне аттанды, олар мінген аттылы арба көзден ғайып болмай жатып, отельдің астан-кестені шықты, олардың кететіні жайлы алдын ала ескертпедің деп отель қожайынын полиция кінәлай бастады. Жалпы алғанда осынау отельде түсініксіз жәйттар аз емес, мәселен, мен музейлерге баруым үшін сіз жіберген карточкаларды ұзақ уақыт қолға түсіре алмадым, өйткені олар алдымен полицияның алдынан өтуі керек екен. Шынымен де, веналық әдет-ғұрыптардың, жөн-жосықтардың сондай болғаны ма?

Генц, сірә, осы сауалға әбігерленіп қалған да болар, сондықтан да өзін ыңғайсыз сезініп, өз сұхбаттасына не себепті австриялық үкімет Вена тұрғындары мен, тіпті шетелдіктерді көптеген қолайсыздықтарға душар етіп жүргенін, бұның бәрі де тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден туындайтынын тәптіштеп түсіндіре бастады.

Құрметті құпия кеңесші мен француз журналисі арасындағы осынау әңгімеге қозғау салған княгиня Сариа ұстараның жүзінде отырғандай өзін жайсыз сезінді. Күндізгі күні өзі граф Зедельницкийге барып, оны сұлулығымен және сыпайылығымен тамсантты, сөйтіп, одан Фабиоға рақымшылық жасау жөніндегі бұйрықты қолына алды, содан соң канцлермен арадағы сонау батыл ойын барысында шешуші қадам жасамаққа әзірленгендіктен, төңірегіндегі ақсүйектердің барша әңгімелеріне ешқандай назар аудармағанына таңғалудың жөні де жоқ-ты.

– Шамалауымша, лорд Каули біздерге Тальбергтің ойынымен және Пастаның әнімен көңілімізді көтермек, сірә, – деді шаттана баронесса Кинская.

– Мен осынау актрисасымаққа ешбір қызықпаймын да, – деді жиіркеніш сезіммен графиня Шпигель.

– Мен ойлаушы ем, Паста тамаша әнші деп, – деді жандарында отырған жас қыз ұяла үн қатып.

– Шынында да, көпшілігі оны керемет әнші деп санайды, ал дұрысын айтқанда, ол әнші емес, ыңылдаған біреу ғана. Әйтсе де, оншалықты актриса да емес, тек қана сыртын әдемі көрсете алады, әйтпесе, жанды әйелден гөрі мүсін-ескерткіш іспеттес.

– Соншама табалағаныңыз не, менің мейірімді графиням! – деп эрцгерцогиня София күле сөйледі.

– Сізбен толық қосылмаймын, – деді баронесса Кинская, – өйткені опера директорының оған елу көрініс үшін он мың флорин төлеуінің өзі тегін емес.

– Бұл болмашы жаңалыққа бола елігіп, шашбауын көтеретін веналық көрермендер надандығының бір дәлелі ғана.

– Мен баронессамен толық келісемін, – деп үн қатты эрцгерцогиня. – Егер де біздің жаны жайдары қожайынымыз біздерді оның әнімен сыйлағысы келсе, онда ол, шынында да, әлемдегі нөмірі бірінші әнші болғаны.

– Жарайды. Қалай десек те, ертеңгі таң мезгіліне дейін көріскенше, аса мәртебелім! – деді графиня Шпигель мысқылдай сөйлеп, ал жан-жағындағылары болса жаппай күле бастады.

– Бізге жақын келіңіз, кардинал, – деп дауыстай сөйледі эрцгерцогиня діни папа қызметкері Альбанидің жанында тұрғанын байқап, – біздер мұнда өз жақыныңа бауырмал болу жайлы уағыздарға өте шөліркеп тұрмыз…

– Мархабат етіңіз, аса мәртебелім, – деді сөздің майын ішетін кардинал құрмет көрсете иіліп, – сіз осынау христиандық махаббатың айқын көрінісіне қызмет етіп жүргендердің бірегейісіз, бірақ менің құлағымның шалғаны әңгіме актриса туралы болып тұр-ау, шамасы.

– Иә.

– Мұндай жағдайда мен айтар сөзімді қайтып аламын.

Сөйтті де, тәкаппар діни қызметкер ары қарай кетті, ал осынау көрініске куә болған эрцгерцог Карл сыбырлағандай үнмен, өз көршісі генерал Бельярға былайша үн қатты:

– Құрметті діни қызметкер, бәлкім, өзінің тек қана діни қызметкер ғана емес, сонымен бірге елші екендігін де ұмытады-ау, әйтпесе, дипломаттар актерлер секілді лезде өзге рөлде әп-сәтте-ақ ойнай алады емес пе? Оның үстіне оған өзінің діни фанатизмімен бұл жерде өрекпуінің мүлдем қажеті жоқ, өйткені ол жалғанның қызығынан безген қонақжайлылықты да насихаттайды ғой.

Сол аралықта Альбани Меттернихтың қасына келіп, онымен сәлемдесіп:

– Сізбен кездескеніме өте қуаныштымын, аса мәртебелім, мен қазір сізге аса маңызды жаңалықты жеткізе алам, – деді.

– Аса қасиетті діни папа өзінің атынан маған сізге кардинал шляпасын табыстауды ұсынды.

– Мен сізді түсінбеймін, – деп жауап қатты канцлер таңданғаннан шынайы болмысын жасырмай.

– Мұнда түсінбейтіндей ешнәрсе де жоқ, – деп сөзін жалғай түсті Альбани, – сіз жуырда маған айтқан едіңіз, бәрінен де бұрын қызыл түсті жақсы көремін деп, мен сол сәтте-ақ бұл жайлы аса қасиетті мәртебеліме хабардар еттім, ал ол болса сізді кардиналдар қатарынан көруді өзін рахатқа бөлер еді деп жауап берді.

– Кешірерсіз мені, діни қызметкер мырза, – деп жауап қатты Меттерних күлімдей, – бірақ мен нашар уағыздаушымын және кардиналға лайық бола алмаймын.

– Бұл ештеңе емес. Діни уағыздың танымын иеленбей-ақ кардинал атануға әбден болады.

– Жоқ, ондайға құқым бармайды, – деп жауап қатты канцлер, – мен үнемі бетімді жауып жүре алмаймын ғой. Мен онсыз да, Пресбург сейміне барғанымда венгрлік гусар мундирін үстіме жабуыма тура келеді, ал сіз болсаңыз менің және де кардинал шляпасын кигенімді қалайсыз, сондай-ақ, бәлкім, сізге белгілі болуы да тиіс шығар, жақында мен үйленбекпін.

– Бұл басқа мәселе, – деп қарсылық танытты діни папаның қызметкері, сірә, өзі куә болған әңгіме-дүкенінің нәтижесіне риза болмаған халде, – аса қасиетті мәртебелім өте өкінетіндігін қаперіңізге салғым келеді!

– Дұрыс па, аса мәртебелім, – деді Меттерних екеуінің әңгімесін естіген эрцгерцог Карлге бұрыла қарап, – өйткені мен әлжуаз кардинал болған жоқ па ем?

– Ешқандай да, – деп жауап қатты егде тартқан фельдмаршал мысқылды күлкімен.

– Генерал Бельярмен бір шетке шығып, ол дауысын баяу көтере былай деді:

– Мен сізге не деп ем, Альбани актрисалар жөнінде айтқысы келмеп еді, ал өзі болса канцлерге басқа киімді шешіп кию көрінісін ойнағысы келді, бұны театрдың өзінде де көру неғайбыл ғой. Италияндықтар, шіркін, өте шебер дипломаттар-ау. Сіздер – француздар, біздермен шайқастыңыздар, және италияндықтар үшін де шайқасуға әзір екендіктеріңізді ойлаған сәтте…

– Италия Ватиканда емес, – деді Бельяр аңғарымпаздықпен.

– Сіз дұрыс айтасыз, Италия Капитолияда, – деп жауап берді эрцгерцог.

Сол минуттарда қатарлас бөлмелердің кіреберісінде тұрғандар сапырылыса қалды, бірталай мундир кигендер әлдебіреуге жол бергілері келгендей екі жаққа қарай ысырыла шетке шығып, қаз-қатар тұра қалды.

– Жүрелік театр залына, – деді эрцгерцогиня София, – император келген сияқты. Дұрыс па, княгиня, – деді ол Полинаға қарап.

– Кешіріңіз, аса мәртебелім, – деп жауап қатты княгиня Сариа діріл қаққан дауыспен, – мұнда келген император емес, герцог Рейхштадтский.

Осынау есімді құлағы шалған омырауы ашық, ақ түсті көйлек киген қасындағы жас қыз есікке жанарын қадап, жай ғана сыбырлай сөйледі:

– Қандай боп-боз еді ол!

Бұл Гермина Меттернихтың сөзі болатын.

IV

 ГЕРЦОГ РЕЙХШТАДТСКИЙДІҢ АҚСҮЙЕКТЕР ҚОҒАМЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ

 Бәрі де ақсүйектердің веналық қоғамындағы герцогтың алғашқы қадамын ерекше таңданыспен қарсы алуды күткен-ді, сол сәтте ханымдар мен ерлердің жүзінде шынайы таңдану табы айқын сезілді, өйткені ол қатарлас бөлмелердің табалдырығын атағанда қара киімі мен ордендерсіз кеудесі көпшіліктің назарына бірден-ақ ілікті. Оның екі беті де өзін қоршаған алтын жалатқан мундирлі топтың арасында кәдімгі қалыптан да гөрі боп-боз болып көрінді. Биік ақ галстук оның мойнында оралып тұрды, ал кестелі омырауында бірде-бір бриллиант көзге шалынбады. Өте тар, ұзын етекті фрак, қысқа балақты шалбар және жібек шұлықтары оның нәзік, сымдай тартылған тұлғасын әсем әрі сәнді етіп суреттеп тұрғандай болатын. Шпагасыз, лентасыз және күлкінің ізі жоқ болмысы үнсіз қарсылықтың және бойында құр сүлдері ғана бар кеюшіліктің белгісіндей еді. Мұнда келгендердің бәрі де осындай көңіл-күйді жақсы түсінді және оған ортақтасқандардың көзқарасы құрмет пен қадір-қасиетті аңғартты, ал бей-жай болғандары мұңая қарады.

– Қандай түсініксіз костюм, – деді Меттерних үнін шығара-шығармас халде эрцгерцог Карлге. – Сіздің немереңіз бүгін мемлекеттік төңкеріс жасайтындай-ау. Неге соншама қасы мен қабағы қатулы. Сізге солай көрінбей ме?

– Қалай айтсақ та, бұл 18 брюмер емес, – деп жауап берді фельдмаршал канцлердің байқампаздығын әзілге бұра сөйлеп, бірақ жүрегінің түкпірінде жас жігіттің оғаш мінезі өзіне қатаң жаза болып жамалмаса екен деп қауіптенді.

Сонымен бірге герцог өзінің жаңа адъютанттарының бірі капитан фон Мольмен бірге келе жатып, үй қожайынына сыпайылық таныта:

– Мен сізге өте разымын, осынау тамаша мерекеде сіз маған жанашыр болу қызметін өз мойныңызға алғаныңызға алғыс айтамын, – деді.

– Ал мен болсам, – деп жауап қатты лорд Каули өз қызметі деңгейінен аса түсіп, дауысын көтере, – аса мәртебелім, сіздің ақсүйектер қауымымен беттесер алғашқы қадамыңызды біздің үйден бастағаныңызға аса ризамын дегім келеді.

– Менің атам мен үшін әлі де барша мәселелерді өзі шешеді, – деп жауап берді герцог, – осынау таңдауды да өзі белгіледі, мен сол үшін оған бас иемін.

Осынау жеңіл-желпі сұхбаттасу үдерісін одан әрі созбай, эрцгерцогинялардың бір тобына қарай Наполеонның ұлы беттеді және олармен сыпайы ғана сәлемдесті, қолдарын сүйді, содан соң, Меттернихты іздеп тауып алды, сөйтіп, онымен біраз сөйлескен соң эрцгерцог Карлге жақындады.

– Сәлеметсіз бе, ата.

– Мархабат ет, айта қойшы, сен неге мұндай түсініксіз костюм кигенсің?

– Менің мундирімнің, тіпті австриялық болса да мейлі, қызыл мундирге бір елі де жанаспауын қалаған болар ем, – деп жауап қатты жас жігіт жай ғана және ынты-шынымен.

– Ах, сені ме, луар қарақшысы! – деді эрцгерцог күле сөйлеп.

Сонымен бірге Меттерних театрландырылған тиімді сахналық қойылымды әзірлеп қойған-ды, сол арқылы герцог Рейхштадтский өзін-өзі көрсетуі қажет еді немесе ең болмағанда оның балға қатысуын айшықтауы тиіс-ті. Канцлер лорд Карлге бір-екі ауыз сөз айтқаннан кейін, ол француздардың жаңа королінің өкілі, генерал Бельярға қарай беттеді.

– Генерал, – деді оны қолынан демеп, – сіз жас герцог Рейхштадтскийді білесіз бе, онымен сізді таныстырғанды қалайсыз ба?

– Әрине, бірақ… – деп аузын аша берді Бельяр қызара түсіп…

Алайда ол сөзін тәмамдамай жатып-ақ, қонақжайлылықтың парызын атқарушы сипатында, әрі үй иесі ретінде оны жас жігітке таныстыра бастады.

– Аса мәртебелім, – деді лорд Каули, – мінеки, Венадағы аса мәртебелінің өкілі – генерал Бельяр…

– Мейірімді лорд, – деп оның сөзін бөлді герцог Рейхштадтский толқығандықтан қызарған беті алаулай, – генерал мен үшін әкемнің досы әрі қарулас қария ғана және оның қолын қысуға өте қуаныштымын.

Ол діріл қаққан Бельярдың қолын ұстап, алақанымен қатты қысты.

– Біздің бәріміз де, аса мәртебелім, басқа үкіметке қызмет еткенімізбен… – деп генерал сөзін бастады, бірақ герцог оның сөзін бөлді.

– Бәрібір мен сіздің болмысыңыздан қаһармандыққа тола ғасырымыздың батырын көріп тұрмын және менің көз алдымда сондай болып қаласыз да. Сіз өзі Венада ұзақ уақыт боласыз ба?

– Жоқ, маршал Мэзон бұл жерде Францияның елшісі болады.

– Францияның елшісі дейсіз бе, қандай тамаша! Маршалға айтқайсыз, егер де оған жолыға алмасам, онда мен қалай болғанда да, атамның үйінде француз армиясының осынау өкілімен аса қанағаттандық сезімде кездесетін боламын.

– Мен оған аса мәртебелімнің лебізін сөзсіз жеткіземін.

– Білесіз бе, генерал, сізге қарап, сізді Жемап түбінде соғысты дегенді ешкім де айтпас еді.

– Сіз бұны қайдан білесіз, аса мәртебелім?

– Иә. Мен және басқа да нәрселерді білемін. Маған белгілілері қаншама. Сіз египет армиясын құтқардыңыз және оларды Францияға қайтарып әкелдіңіз, сондай-ақ сіз менің әкемнің алғашқы жеңістерінің ізбасары болып, оның ең соңғы сенімді қызметкері қатарында жүрдіңіз. О, сіз көрген жәйттерді менің жастық шағым мен болмысым самайыңыздағы ағарған шаштарға қарап, қандай қызығады десеңізші!

Бельярдың көзінде шаттықтан жарқ-жұрқ еткен от ойнады, құлағы да шуылдай жөнелді. Жас жігіттің қолын эрцгерцог Карл жетіп келіп, дағдарған халінен құтқарып, басқа залға қарай әкетсе де, өзімен-өзі сыбырлай сөйлеп жатты:

– Қандай керемет бала, қандай ғажайып ұл!

– Не дерің бар, жолдас, менің немерем сіз үшін даңқты әмірші бола алар еді!

– Аса мәртебелім, дипломатқа да жарамсыз бейшара сарбазты тұйыққа тіремексіз бе, – деді Бельяр. – Иә, рас, мойындаймын, мен осында – осы жерде мұндай ханзаданы кездестірерімді білгенімде…

– Онда сіз мұнда басқа әміршінің өкілі болып келмес едіңіз, – деп эрцгерцогтың бастаған сөзін аяқтады. – Өзіңіздің ынты-шыныңызбен айтқан сөзіңізді айтудан қорықпаңыз, өйткені біздер мұнда бар болғаны екеуміз ғана.

Сол арада лорд Каули Меттернихқа жақындады, ол князьдің сәтсіздіктері туралы хабардар еді және ағылшын дипломатын риза пейілмен емес, ашу қысқан ызғарлы көзқараспен қарсы алды.

– Алайда сіз бүгін жасарып кетуіңіз керек, жарқыным менің, – деді елші.

– Не үшін?

– Неге деріңіз бар ма, бір кездері дәл осындай сахналарда, Тюльериде және Сен-Клуда сіз куә болған деседі, сол кезде осынау жігіттің әкесі өз генералдарын үн-түнсіз тұрған дипломаттар алдында аспандата мақтаған секілді.

– Иә, мен не көрмеді дерсің, – деп жауап берді канцлер, – бірақ ендігіде өмірдегі мұндай сахналық көріністерге қайта оралудың уақыты келмеске кетті, ал сіз сене беріңіз, мейірімді лорд, тынымсыз жас жігіттің жадын мен жұқартам.

Әкесінің жанында отырған Гермина:

– Әкем оған қандай ашулы десеңші, әйтсе де, ол дұрыс істеді, – деп ойлады.

– Мен осындай тәжірибені жүргізуге келістім, – деп сөзін жалғады Меттерних, – бұны біздің тұтқын қай көңіл-күйде екендігін білу үшін жасамадым, ендігіде сізге уәде етем, ол ендігіде өз бөлмесінің төрт қабырғасы ішінен сыртқа бір қадам аттап та баспайтын болады.

– Мен дәл осылай болады деп Лондонда мәлімдей алам ба?

– Әрине, мен екі сөздің адамы емеспін, қадірлі лорд.

Гермина үстіндегі ақ түсті көйлегі секілді беті де ағара түсіп, «өкінішке орай, оның жүрегі екеу!» деп ойлады.

– Алғыс айтамын сізге жарығым, – деді лорд Каули, сөйтті де, елші үйіне жақындай келіп түскен императорға қарай жүре бастады.

– Әке, аманатқа алынғандар әлі де бар ма? – деп сұрады Гермина әкесінің қолынан ұстап және оған жалынышты жанармен қарады.

– А-а, сен біздің сөзімізді тыңдап тұрыпсың-ау, ә. Иә, ондайлар бар. Және де олар өздерін ізгі ниетте алып жүре алмаса…

– Онда оларды не етеді?

– Оларды қамайды, – деп сөйледі Меттерних нық дауыспен.

Сөйтті де, қызының қолынан босап, ол ұзақтай бастады, ал жас бойжеткенді оның құрбысы Флора Вирбна басқа залға қарай алып кетті, онда жастар жаппай билеп жатты.

Осы уақыттар аралығында Полина жайбарақат күйде герцог Рейхштадтскийдің өзіне келуін күтіп жақан-ды. Полина білген-ді, герцогтың жүрегі өзіне ғана тиесілі екендігін, бірақ ол тым ұзақ уақыт бойы онымен сәлемдесу ретін таба алмағанын да жақсы сезінді. Полина, керісінше, бұған қуанды да, өйткені ол өзінің дұшпандары әр қадам сайын қойған кедергілерді аса ептілікпен және ізгі ниетпен тойтарыс бере жеңіп жатты.

– Мен күн ұзаққа осынау сәтті шыдамсыздана күткен ем, – деді герцог оның алдына тоқтаған күйде және құрмет көрсете басын иіп.

– Мен де болашақта не күтетініне иек артып, соның даярлығымен шұғылдандым. Франц сізге бәрін де айтты ма?

– Иә, мен әзірмін.

– Демек, сіз бұл жерден…

– Мен осы жерден өз адъютантыммен бірге графиня Кларидің маскарадына барамын. Капитан Моль осынау бой жазар еркелік шараға бірден-ақ келісім берді. Домино мен маска екеумізде де бар, олар карета ішінде және мені үстімдегі қара костюмде ешкім де тани қоймайды.

– Сіз бұл жерден мүмкіндігінше тезірек кетіңіз, ал ең бастысы – графиня Кларидің үйін жалғыз өзіңіз тастап кетуіңіз керек.

– Әрине, әлбетте, сол жерден мен тұп-тура Францқа құстай ұшып жетем, сонда мен сізге жолығам.

– Иә. Бірақ, ең бастысы – графиняның үйінің жанында күтіп тұрған ат арбаның айдаушысынан қорықпаңыз, оның есімі – Карл Грепи. Сіз оған толықтай сенуіңізге болады, ал оны сіз пошта арбасымен біргелікте графиняның бағы ішінен таба аласыз.

– Жарайды, бір сағаттан соң мен Шенбруға баратын жолда боламын, ал екі сағаттан соң, біздер екеуміз қандай да болсын қауіптен тыс аймақтан табылармыз.

– Франц бізбен бірге барады ғой, ә?

– Иә. Бірақ сақ болғайсыз. Меттерних біздерден көз алмай, бақылап тұр. Ол, бәлкім, біздің мінез-құлқымызға өте наразы сияқты.

– Ал мен оғаш бір тірлік жасап қойыппын ба?

– Жоқ, сізді бәрі де құптап, қошеметтеді.

– Ал сіз қалай ойлайсыз?

– Мен сізді сүйетіндігімді ғана білемін.

Ол құрмет көрсете иіліп, ақсүйектік өнердің барлық сән-салтанатымен көзге түсуге тырысты, бірақ сол минутте-ақ, олардың қос жүрегі оттай шарпыған көз жанарларымен түйісіп, бір арнаға құйыла кетті.

V

 ЖАМАНДЫҚ

 Бірнеше минут өткен соң, осынау мейманхана арқылы театрға қарай бет алған императорлық ерлі-зайыптылар жұптары өтті. Франц І қолтықтасып графиня Каулимен бара жатты, ал императордың әйелін иесі ертіп жүрген-ді. Олардың соңын ала эрцгерцогиня, сарай маңындағы айтулы тұлғалар, генералитет және барлық шақырылғандар тізбектеле ерді.

– Ал сіз, княгиня, концертке жүрмейсіз бе? – деді графиня Шпигель Полинаның жанынан өтіп бара жатып.

– Жоқ. Эрцгерцогиня маған кетуіме рұқсат етті, мен үйге барамын.

– Қандай бақыттысыз. Қош болыңыз, графиня!

Полина асығыс түрде баспалдаққа қарай бет алды.

Эрцгерцог Карл сол арада герцог Рейхштадтскийді тоқтатты.

– Сен ән тыңдауға бара жатсың ба? – деп сұрады ол.

– Жоқ, ата, – деп жауап қатты ол, – шынын айтқанда, біздер капитан Мольмен бірге осы жерден сытылып шығып, Бельведердегі графиняның маскарадына барсақ па деген ойдамыз.

Сол минуттерде олардың жанынан Гермина Меттерних пен Флора Вирбна өтіп бара жатты.

– Сен естіп тұрсың ба? – деп сұрады Флора. – Герцог маскарадқа бармақшы. Ол қазірде көңілі көтерілген секілді, дұрыс айттым ба?

– Иә, – деп жауап қатты Гермина өзінің әкесінің сөзін мұңдана еске алып, сөйтті де, екі бойжеткен бақта орналасқан театрға қарай бет түзеді.

– Сен дұрыс істегенсің, жарқырап жүрген жақсы, – деді эрцгерцог өз немересінің сөзіне жауап қатып, – сенің жасыңда көңіл көтеру керек.

– Сүйікті атам менің, мен осы уақытқа дейін көңілді жүрудің не екенін білмеймін. Мінеки, мәселен, мен маскарадта ешқашан да болған емеспін, егер де капитан Моль менімен бірге жүруге келісім бермегенде, онда мен ендігіде осынау ермек пен дүрмекке араласпас ем. Маған тіпті маскарадта болу дегеннің өзін ойлау түсініксіз нәрсе секілді.

– Неге соншама қайтадан дегбірсіздене қалдың, ал күні кеше ғана сен сондай бақытты ең ғой.

– Мен бүгін одан да зор бақыттымын, – деді жас жігіт, сөйтті де, өзімен аялай сөйлесетін жаны жайсаң эрцгерцогты ендігі ретте ешуақытта көре алмауым мүмкін деген ой көз алдынан көлбеңдеп өткенде, ол еріксіз ой теңізіне батты және оның беті мұңдана түсті.

– Иә, сенің соншалықты бақытты екендігіңе қалайша қайран қалуға болады, өйткені оның ізі де жоқ қой. Білесің бе, Франц, сен мені жүрегі қатал жан деп қабылдасын дегім келмейді. Мен білмеймін, сенің айналаңда не болып жатқанын, болашағыңды да болжап айта алмаймын, бірақ әрдайым есіңде тұт, мен сені жақсы көремін, сен менің көмегіме арқа сүйеуіңе болады, әрине, егер де ол қажет бола қалған күнде, ал енді жүр менімен бірге көрші галереяға, менің темекі тартқым келіп тұр, ал саған болса маскарадқа бару әлі де ерте.

Олар екеуі жанындағы капитан Мольмен бірте-бірте ұзақтай берді.

Сол минуттарда мейманханаға жаңа, мүлдем күтпеген тұлға, атап айтқанда, Меттернихтің есік қызметкерімен бірге Галлони кіріп келді. Оның саңын ала ағылшын елшілігінің қызметкері де ішке қарай аяқ басты.

– Мына хатты канцлерге беріңізші, – деді Галлони қызметкерге ұқыпты түрде қатталған қағазды ұсынып. – Бұл өте маңызды мәселе бойынша.

Сәл уақыт өте келе, аяқтарын жылдам басқан дыбыстар естілді де, Меттерних босаға тұстан көзге көрінді.

– Сіз кімсіз және не себептен менің қызметкерлерімді ертіп алғансыз? – деп сұрады ол өзіне бейтаныс адамға жақындай түсіп.

– Мен ломбардтық полиция агентімін, уақытша веналық болып тіркелгенмін, – деп жауап берді Галлони, – мені сізге граф Зедельницкий жіберді, ал мен бұл жерге басқа костюммен кіре алмас ем; әйтпесе, дипломатиялық қақтығыстың шығып кетуі мүмкін-ді.

Канцлер күлді.

– Граф маған былай деп жазады, – деді ол, – өз қолында бүлік шығатындай барлық дәлелдері бар екен, соған байланысты қажетті түсіндірме беруін сұрайды. Ал өзі неге келмеді екен мұнда?

– Аса мәртебелімнің өзі өз шешімінің орындалуын бақылау үшін аттанып кетті.

– Айта беріңіз, мен тыңдап тұрмын.

– Княгиня Сариа, – деп сөзін бастады Галлони, – бір жұп аттарды жалға алған, бірақ ат айдаушысы жоқ, өзімнің делбешім бар деген, бірақ бұл өтірік, себебі – оның өзінің адамдары бәрі дерлік Миланда қалған. Ат арба бүгін түнде даяр болуы тиіс.

– Аттарды кімнен жалдаған?

– Леопольдштаттағы сезікті жандардың бірі, венгр Манодан.

– Бұлар дәлел емес. Мүмкін княгиня өзінің жер иеліктерін көргісі келген болар, жерлер атап айтқанда, дәл сол Венгрияда.

Галлони ештеңе деп жауап қатпай, сөзін одан әрі жалғай түсті:

– Бүгін таңертең Шенбрун сарайының бағбаны «Аққу» отельінде княгиняға жолықты. Ол онда кешегі күні де болған-ды. Сол бағбан, жарқыным, кеше оған раушан гүлдерін әкеліп тапсырды.

Меттерних ойға батты. Осынау бағбан герцогқа ерекше мағлұматтарды әкеліп жүрген бүлікші емес пе екен, әйтпесе, жас жігіт қалай ғана көп нәрселерден құлағдар бола қалды? Князь өзі байқаған жәйттерге жауап іздей бастады.

– Театрға барыңыз, – деді канцлер, – есік алдында ресми қалыпта тұрған қызметкерге қарап, – онда отырған менің қызымды бері шақырыңыз. Оған айтыңыз, менің аса маңызды хабар алғанымды, содан соң сол мәліметтермен ол үйге қайтсын.

Қызметкер кеткен кезде, Меттерних Галлониге қарап былай деді:

– Сіз сонда полиция бастығын да шақырмақсыз ба?

– Мен мынадай қорытындыға келген сияқтымын; княгиня Сариа бағбанмен бірге герцог Рейхштадтскийдің түрмеден қашып шығуын ұйымдастыруы мүмкін. Княгиня тап осы жерден қазір ғана кетті, бәлкім, белгіленген кездесуге асыққан да шығар. Әлі де болса ол жаққа үлгеруге уақыт бар, өйткені герцог осы жерде.

Сөйтті де тыңшы галереяны нұсқады, онда екі мундирлі киім кигендердің ортасында қара фрак киген герцог көзге шалынды.

Осы сәтте бөлмеге мұңды әрі қобалжыған Гермина жүгіріп кірді.

Меттерних оның келгенін байқаған жоқ және өзіне таныс емес адаммен сөйлесе берді:

– Ат арба саяхатшыларды қай жерде күтуі қажет?

– Бельведерде.

– Герцог Рейхштадтскийді көзден таса етпеңіздер… Өздеріңізбен бірге мүмкіндігінше шағын топты алыңыздар… Каретаны әзірлеңіздер… Қараңыздар, айқай-шу болмасын, дау-дамайға жол бермеңіздер… Мені күтіңіздер… Бельведерде маған жолды нұсқар адамды қалдырыңыздар.

Сол кезде канцлер кездейсоқ кері бұрылды да, өзінің қызын көрді, ол бүкіл денесі діріл қағып, әкесінің айтқандарын толық естіді және герцогқа қандай да бір қауіп-қатер төніп тұрғанын ішкі түйсігімен түсінді.

– Сіз менің соңымнан кісі жібердіңіз бе, әке, – деді ол өз толқынысын басуға ұмтылып.

– Иә, біздер қазір жүреміз, – деді ол, – мен сені жолай үйге жеткіземін де, өзім аса маңызды шаруа бойынша ары қарай жөнелемін.

Содан кейін ол бейтаныс жанға тағы да бір нәрсе айтты да, оны есікке дейін шығарып салды. Сол арада герцог Рейхштадтский, эрцгерцог Карл және капитан Моль галереядан мейманханаға қарай беттеді.

VI

 МЕТТЕРНИХТІҢ КЕҢЕСІ

 – Сонымен сен жол жүрмексің бе? – деді императордың туысы мейірімді үнмен.

– Иә, ата, уақыт біраз болып қалыпты. Дұрыс па, капитан?

Моль айтқанға келісті, қайтқан да жөн дегендей, ат арбаны әзірлеп қою үшін сыртқа қарай асыға жөнелді.

– Ал, көріскенше, Франц!

– Қош болыңыз, ата.

Өз айналасында өзі көрген, естіген және сан қатпарлы тірліктерге куә болған Герминаға бұлардың бәрі де қандайда бір алапат түс сияқты сезілді… Герцог өз атасына: «Қош болыңыз!» – деді. Ол, не сонда, өзінің ертерек болатын өлімін алдын ала сезіп тұр ма? Жас бойжеткеннің жүрегі жамау-жамау қырық құраққа бөлінді. Сол арада жас жігіт Герминаға басын иіп, тағзым етіп, есікке қарай жүрді. Және де бірер сәт өтсе болғаны, ол көзден біржолата жоқ болады. Ол өзімен-өзі арпалыса беруге одан әрі әл-дәрмені де жетпес еді, сөйтті де, эрцгерцогқа жақындай түсіп:

– Оған кетуге рұқсат бермеңіз! – деді.

– Не болды саған? Бұл не өзі, балам менің?

– Мен қорқамын.

– Сіз дірдек қағып тұрсыз, жүріңіз таза ауаға шығалық. Маған қолыңызды беріңізші.

Сөйтті де, эрцгерцог жас бойжеткенді баққа апаратын террассаға алып шықты.

– Ал енді бірауық тынышталыңыз ашық ауада, айтыңызшы өзі, сіз осы неден қорқасыз соншама.

Жас бойжеткен ынты-шынымен фельдмаршалға бәрін де, өзінің не сезетінін, не білетінін, бәрі-бәрін де айтып, жайып салды.

Сол кезде Меттерних пен герцог Рейхштадтский бір-біріне қарама-қарсы қарап тұрған-ды. Жас жігіт үн-түнсіз иіле, оның жанынан өте шыққысы келіп еді, бірақ канцлер:

– Аса мәртебелім, маскарадқа бармаңыз, – деді.

Бірақ герцог басын асқақ көтерген халде:

– Демек, мен ендігіде азат емеспін бе? – деп жауап берді.

– Жоқ, сіз мүлдем азатсыз және де сізбен вице-император әзілдеп айтатын министр немесе канцлер емес, сіздің атаңыздың кәдімгі досы сөйлесіп тұр. Мен осы сипаттағы деңгейде сізге мынадай кеңес беруді өзіме парыз санаймын: маскарадқа бармаңыз.

Меттерних өте жайдары және жұмсақ үнмен айтса да, жас жігіт екеуінің арасындағы жан алысып, жан беріскен күрестің жүріп жатқанын бүкіл болмысымен сезінді.

– Мен өте үлкен таңданыстамын және сіздің мейіріміңізге аса разымын. Бірақ осынау ресми мерекеде мен соншалықты аз уақыт болдым дей алам ба сонда?

– Иә, айтпақшы, орайы келгенде айта кетейін, сіз бұл жерге өзіңіздің жоғары деңгейдегі жағдайыңызға және сіздің әскери шеніңізге ешбір лайық емес костюм киіп келіпсіз.

– Мен былай деп есептеймін, Наполеонның ұлы – қайғы белгісі, яғни қара киіммен өзгеше киімде ағылшын королінің өкіліне көрінуі, шынында да, мүмкін емес қой, мені таңдандыратыны – князь Меттернихтың менің пікіріммен бөліспейтіндігі.

Канцлерді, сірә, батыл айтылған осынау сөздер қатты әсер еткен болар, лезде әдіс-айласын өзгерте салды:

– Жарайды, мен сізбен ендігіде бұл жайлы пікір жарыстырмай-ақ қояйын, бірақ қайталап айтайын, осы жерде қалыңыз.

– Бірақ сіз, мүмкін, білмейтін шығарсыз, князь, – деп сөзін жалғастырды жас жігіт кекесінді күлкімен, – мен маскарадқа жалғыз өзім жеке бармаймын. Менің жанымда капитан Моль еріп жүреді және онымен бірге мен, әрине, адасып қалмаймын.

– Ал сіз маған шын ниеттегі адал сөзіңізді бере аласыз ба, аса мәртебелім, өз адъютантыңызбен бір минут болса да, көз жазбай бірге жүруге?

– Бұл енді тым артық нәрсе! – деп дауыстай сөйледі герцог өзінің еркінен тыс. – Қаласаңыз, бұйырыңыз, мен сізге мойынсұнайын. Бұл оншалықты қорлық емес. Мен мойындаймын, жуырдағы шешімдер мен қарарлардың ешқандай да қауқары жоқ; мен өз полкімнен бас тартамын: өзімнің нөкерлерімді тарқатып, тұтқын болған бұрынғы өміріме қайта ораламын, тіпті өзімді-өзім бұрынғыға қарағанда қатаң шектеу шеңберіне салып қоямын. Бірақ сол шақтарда, ең құрығанда, менің ойларым азат болады… ал егер де маған байыпты түрде бостандықты пайдалану мүмкіндігі берілсе, онда біздерге одан әрі сөйлесудің өзі қажет те емес. Мен маскарадқа барамын.

Сөйтті де, ол есікке қарай беттеді. Меттерних оның жолын кес-кестеді, бірақ күш көрсете, зорлық-зомбылық танытқан күйде емес, жалыну тұрғысында әрекет етті.

– Сонымен, сіз сол жақта күтіп тұрғандардың достығына шынымен де сенесіз бе? – деп сұрады ол.

– Сіз не демекшісіз, князь, сіз менің достарымның болғаны үшін де кедергі жасамақсыз ба?

– Мен сізді аңғалдықтан сақтап қалғым келеді. Мен сізді жеке өзіңізден де сақтандырғым келеді.

– Сіз бұны он жеті жыл бойы жасап келесіз ғой.

– Шынында да, мен он жеті жыл бойы өз борышымды өтедім. Мен ұзақ жылдар бойы соғыстың ұлы данагөйімен күрестім, мен оған қарсы, оның құлдығынан босану үшін көне әлемнің барлық күштерін жұмылдыра көтердім. Бұл ауқымды істің үдерісінен шыға білдік, мінеки, он жеті жыл бойы сіз біздің тұтқынымызсыз, біз үшін құрбандыққа шалындыңыз, себебі – сіз оның ұлысыз. Бірақ сіз басқа жағдайда кім болатыныңызды ойға шомып, қайғы-жапа шексеңіз, онда біз сіздің қайғыңызды түсінбеді деп ойлайсыз ба? Жоқ, жоғары мәртебелім, мен бәрін де алдын ала білдім, сіздің жаныңызды не ауыртатынын аңғардым, егер де сізді осынау азап-тозақтан азат ете алмасам, оның себебі тек қана сіз үшін де, біз үшін де басқа түскен одан да зор қасіреттердің бетін қайтара алғандығымызда. Егер де сіздің даңқты әкеңіз менің қазірде сізге жеткізген сөздерімді ести алғанда, онда ол сізге менің, мемлекет адамының өз қызметін кәсіби тұрғыда тамаша орындады деп айтқан болар еді.

– Менің әкем мені рим королі етті, – деп жауап берді герцог мақтаныш сезімімен.

– Өкінішті-ақ, жоғары мәртебелім, сіздің атаңыз сондай-ақ, иерусалим королі екендігі де белгілі және осынау атақ, тіпті Гот альманахында да сақтаулы.

– Мен аса қуатты империяның мұрагерімін.

– Бұндай мұра ендігіде тұп-тұйпыл жоғалған.

– Ал егер де менің халқым менің өзімді талап етсе ше?

– Олар қазірдің өзінде сізді Бельведерде күтіп тұрған жоқ па? Кім өзі сізбен сөйлескен Францияның атынан? Жоқ, жоғары мәртебелім, сіздің халқыңыз бұдан былай сіз жайлы ендігіде мүлдем ойға да алмайтын болады.

– Сіз сонда менің атымды өшіріп, менің қанымды, тегімді аяқ асты еттім деп санайсыз ба? Менің оралуымды күтіп отырған және адал жандарды сіз қайда құрттыңыз?

– Мен жан-тәніммен сізге сол тізімді көрсетер ем, сонда сіз олардың бірен-саран ғана екендігіне көзіңіз жетіп, бетіңіз нарттай қызарып кетер еді. Маған сеніңіз, пәлекет іздеп, дау-дамайға қалу – сіз үшін лайықсыз тірлік.

Герцогтың қарсылық танытқысы келетіндігін сезген канцлер оған осылайша ең соңғы соққы берді.

– Таласым жоқ, жиырма жаста дабылдың еліткен дауысын тыңдау өте тәтті-ақ, бірақ осынау дауыс өмірде көргені аз жас жігітті тұңғиыққа батыра бастаса, онда мен бұл әнді сөзсіз тоқтатар ем.

– Бұнымен сіз нені меңзеп отырсыз? – деп сұрады герцог асқақ көңілмен.

– Бір-біріне жарасымды жұптар болады, олардың қос жүректерінде кенеттен ғажайып сезімдер туындайды, бұл сезімдерді құрмет тұту – дұрыс-ақ. Бірақ есепке негізделген, дау-дамайға құрылған, ықпыл-жықпылы көп басқа да сезімдер қандай да бір ізгі ниеттегі адамдарды сезіктендіреді.

– Қандай қитұрқы сезімдерге рұқсат етіледі және қайсысына рұқсат жоқ?

Бұл сөздерді айта келе, жас жігіттің канцлерге ішкі сырын бүкпей, қадала қарағаны соншама – оған бәрі де анық болғандай аңғарылды. Сірә, герцогтың екі көзін ашқан княгиня Сариа ма, әлде оның өзі канцлердің бұған қарсы құрған дұшпандық торын ішкі түйсігімен ұғынған ба, әйтеуір, бәрі-бәрі де нақтылана түскендей байқалды. Оған ендігіде осынау жас жігіт пен сол әйел қандай жексұрын болып көрінді десеңізші! Қалай дегенде де қандайда бір ой жүгірту, пікір айтудың өзі ендігіде артық еді.

– Мен болдым, бұдан басқа бір сөз де айтпаймын, – деді ол. – Егер де мен сізді ескерткім келген болса, онда тек қана өзімнің парызым деп түсіндім. Егер де мені тыңдасаңыз, онда мен 24 сағат көлемінде дұрыс айтқанымды сізге дәлелдер ем, сонда, бәлкім, дер кезінде адасулар мен қателіктерден сақтап қалғаным үшін маған алғыс та айтар едіңіз. Бірақ, жоғары мәртебелім, сіз не істесеңіз де өз еркіңізде. Егер де қаласаңыз, маскарадқа барыңыз.

– Барамын да, – деп жауап қатты герцог Рейхштадтский кеудесін көтере есіктен шығып бара жатып.

VІІ

 ӘКЕСІ МЕН ҚЫЗЫ

 – Ол кетіп бара жатыр. Құдіреті күшті Құдай-ай!

Осынау сөздер Гермина Меттернихтың ауырған жүрегінен суырыла шығып жатты, бұл кезде өзі бақ ішінен эрцгерцогпен мейманханаға орала бастаған сәт еді, ал герцог Рейхштадтский есіктің арғы жағында көзден ғайып болған-ды. Ол бүкіл денесі дірілдей түсіп, ес-түссіз жерге құлады.

– Не болды саған, Гермина, – деп дауыстай сөйледі аяғын жүгіре басып келген әкесі оған.

Гермина ешбір қозғалыссыз диванда жатты, диван үстіне оны эрцгерцог жайғастырған еді. Оның көзі жұмулы болатын, аппақ болып реңі қашқан жүзінен ешбір қимыл да сезілмейтін-ді.

– Жас княгиня концерттен шыққанда-ақ өзін біртүрлі қолайсыз сезінген-ді, мен оған таза ауа жұтсын деп кеңес беріп ем. Ол сауыққандай болып еді, бірақ осы бөлмеге кіргеннен соң…

Сол минутте жас бойжеткен көзін ашты, көз жасы екі бетінен тарамдана аға жөнелді.

– Сіз оған ешқандай жамандық жасамайсыз ә, аяулы әкем менің. Маған уәде етіңізші, оның басына ешқандай қауіп-қатер төнбейді деп. Сізбен сөйлескен бейтаныс жан өте сұм. Сіз өзіңіз де әрдайым мейірімді болып жүрсеңіз де, бүгін біртүрлі ашулысыз ғой.

– Бұл не өзі? – деп дауыстай сөйледі Меттерних. – Маған сіз түсіндіріңізші, жоғары мәртебелім?

– Тыңдаңыз, князь, – деп жауап берді мейірімді қария, – жас бойжеткеннің қиялы кейде өзін қоршағандардың бірде-біреуі түсіне алмайтын сондай бір армандарға тола болады. Ең ұлы даналар да баланың санасында не болып жатқанын түсіне алмайды. Аяңыз, аялаңыз, князь, бұл ойы пәк, таза жаратылысты.

Меттерних бәрін де түсінді. Герцог Рейхштадтский жайлы жас бойжеткеннің айтқан аңғал көңілін ол есіне түсірді, жуырда ғана аманатқа алынғандар туралы өзі әңгіме қозғағанда қызының жүзіндегі қайғы табының іздерін де жадына қайта оралтты, өзінің тыңшымен сөйлескен сәтінде Герминаның толқынысы да көз алдында жаңғыра жөнелді. Меттернихтың қызы Наполеонның ұлын сүйетіндігіне ешбір күмәні қалмаған-ды. Князьдің қымбат перзенті өзінің дұшпанының жағына өтіп те кетіпті.

Шын мәнінде, Меттерних әке деген атқа толық сайма-сай болатын және қызын жан-тәнімен жақсы көрді, сондықтан да ең алғашқы өзінің ойы осынау екі жас тамаша жұп бола алар еді дегенге де ойысқан еді. Бірақ бұл мүмкін емес-ті және шын жүректен жылап жатқан жас бойжеткенге мұңая қарап, оның ессіз арманы мен үмітіне тоқтам салуды жөн көрді.

– Бұл жерден тезірек алып кетіңіз, князь, – деді эрцгерцог, – әйтпесе, мен қорқа бастадым, осынау мейманханаға біреу-міреу кіріп келіп, оның көз жасын көріп қояр.

– Сізге мың алғыс, жоғары мәртебелім, мың алғыс, – деп жауап қатты Меттерних. – Менің парызым өзім ойлағаннан да гөрі ауырырақ екен, бірақ бәрібір өз парызымды орындаймын. Жүре ғой, менің бейшара бөбегім.

Олар үн-түнсіз сыртқы бетке қарай жүрді, канцлер мен оның қызы кеткен соң, эрцгерцог баспалдақ үстінде қалың ой құшағында оңаша күй кешті.

Ол бәрін есіне түсірді, Герминаның және жас герцогтың өзіне не дегенін, оның толқыған жүзін және мұңдана қош айтысқанын да, бұның бәрін ойлап, пішіп, түйіндей келе тірліктің шатақ екеніне көзі жетті.

«Қандай жағдай болғанда да, оның қашуға бел буатындығына сенбеймін», – деп ойлады мейірімді қария іштей, – оның үстіне полиция оны күні ұзаққа іздемес те еді. Ол Бельведерге кетті. Мен де сол жаққа барайын. Бәлкім, орайы келсе, сорлы баланы құтқара алармын».

Эрцгерцог Карл елшіліктің қызметкерлері өзіне шинелін ұсынып және ат арбасын шақыруды ұсынғанымен, үстіндегі жалғыз мундирін киіп, көшеге шықты. 

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

 АРМАНДАР, ҚОШ БОЛЫҢДАР!

 І

ЖОЛ БОЙЫНДА

 Әкесімен бірге үйге оралған Гермина үнсіз жылаумен болды. Ол өзінің әкесін соншалықты құрмет тұтатын еді және оның іс-әрекеттерімен шаттанатын да, әрқашанда оның қатаңдығын кінәлауға мүмкіндігі болмады да, керісінше, өзінің бойында жас жігітті сүйгені жөнінде батылдықтың пайда болып, оны қалайша өзге жанға, атап айтқанда, эрцгерцогқа білдіргеніне таңғалды. Оның беті ұяттан алаулай жөнелді.

– Сен жылап жатсың ба, балам менің? – деді үндемеуді жөн санап, жас қыз, бәлкім, бір ғана сәттік сезімге берілген шығар деген үмітпен. – Неге сен, соншама дегбіріңнен адастың? Не болды өзі? Сен неге өз әкеңді ұмыттың, мен үшін өзің де білесің ғой, баласынан өзге ешқандай да жұбаныш жоқ. Мен әлде ақымақ, дым білмес әкемін бе? Сенің барлық тілектерің мен не қалайтыныңды орындамай жүрген жерім бар ма, тентек қызым? Маған бәрін де айт, жүрегің не дейді. Менен ештеңе жасырма. Неге үндемейсің? Сен маған жауап бергің келмей ме? Бұл жақсы емес, Гермина. Мен сенің тарапыңнан мұндай сенімсіздікке ие болған жоқпын.

– Ғафу етіңіз, әке, – деді үнсіздікті бұза жас бойжеткен өзінің өксігін зорға баса тіл қатып, – бірақ бұл менің күш-жігерімнен тыс нәрсе. Менің жүрегім сіз оны жек көретініңізді көрген сәтте тоқтап қалды. Ал оған қарсы шаралар қабылдау жөнінде бұйрықтар бергеніңізді естігенімде, менің көздерім қарауытып кетті. Менің сенетіндігім, өлімнің өзі мұндай азап келтірмейтін шығар.

– Аяулы менің балам, – деп үн қатты Меттерних қызының қолын аялай ұстап, – не себепті сен өзіңнің басыңды байлап бергің келеді, осынау тексіз…

– Білмеймін.

– Ол сенімен бір кезде оңашада сөйлесті ме өзі?

– Ешқашанда.

– Оны сен өзің қайдан көрдің?

– Сіздің адыңызда… Шенбрунда… және бүгін.

Және де жас бойжеткенді көз жастары алқымын буа бастады.

– Жылама. Біз қазір үйге барамыз, қажеті жоқ, сенің көзіңдегі жастарды олар көрмей-ақ қойсын.

Гермина әкесінің сөзін қоштап, көзін сүрте:

– Ал сіз үйде қаласыз ба? – деп сұрады.

– Жоқ, қала алмаймын. Мен саған айттым ғой, сені үйге кіргіземін де, өзім одан әрі қарай кетемін.

– Сіз жаңа ғана өзіңіз сөйлескен адамды көре аласыз ба?

– Мүмкін, көре алуым да. Бірақ бұл жайлы ойлама. Бұндай тірліктер жас бойжеткендерге тиесілі емес.

Сөйтті де ол күлді.

– Күлмеңіз, әке, мен соншалықты қорқамын, сіз…

– Сен тағы да қайталай бастадың ба… сен ендігіде ешқашанда менімен ол жайлы айтушы болма. Естідің бе? Ешқашан да!

– Жақсы, әке, мен бұдан былай айтпаймын, бірақ өзімнің тұла бойымдағы ойлау қасиетін қалайша тоқтата алам.

– Жоқ, сен ойламауға да тиіссің. Сол жайлы сенің ой әлемін шарлап кеткеніңді мен қаламаймын.

Жас бойжеткен көзін жоғары көтерді, кеудесін кере, ауыр тыныс алды және ештеңе демеді.

ІІ

 БЕЛЬВЕДЕРДЕ

Вена қақпасы маңында орналасқан Бельведер саябағы едәуір уақыттан бері император резиденциясы болудан қалған еді және XVIII жүзжылдықтың сәулетімен салынған оның екі сарайы Евгений Савойский сол жерде тұрған уақыттан бастап, тек қана тарихи және көркемөнер мұражайы ретінде ғана қызмет ететін-ді. Бірақ оның орнына көлеңкесі мол саябақтың айналасында австриялық ақсүйектердің сән-салтанаты келіскен үйлері бой көтерген-ді және сол кеште, лорд Каули бал берген күні графиня маскарад ұйымдастырды, онда Венаның бүкіл қаймақтары бас қосты.

Көшенің барлық тұстары ат арбаларға толды, ал ат айдаушылар мен қызметшілердің бәрі де мырзалар мен ханымдардың шығуын күтіп, өзара емін-еркін сөйлесіп, өсек-аяң айтып жатқан-ды.

Кенеттен киімін ауыстырған полицейлер секілді бірнеше жүргіншілер саябақтың қорғаны жанында жеке тұрған ат арбаны қоршап алды; арба бос еді, ол ат айдаушылар мен қызметшілерді де қызықтырған болатын, оның себебі де біреу ғана, өйткені бұл арба мен маскарадқа ешкім де мініп келген жоқ, ал өз орнында отырған ат айдаушы бұлардың сүрақтарының бірде-біреуіне жауап бермеді. Сезікті тұлғалардың пайда болуымен барша гу-гулескен әңгімелер сап тиылды да, бәрінің жанары жұмбақ ат арбаға қадалды, өйткені соның төңірегінде сол адамдардың шамалауынша әлдеқандай дау-дамайлы көрініс бола қалатындай сезілді.

Шынында да, бірнеше минут өткен соң, екі адам арбаның үстіне шықты да, ат айдаушыны орнынан жұлқа көтеріп, жерге түсірмек болды, бірақ ол екі қолымен екеуін кері итергенде, олар жерге құлап түсті.

– Мықты екен! – деген бірнеше жерден дауыстар естілді.

Бірақ ат айдаушыға жаңадан төрт адам өре жабылды: оны орнынан тартып алды, қолын байлап, лезде басқа жаққа алып кетті, ал оның орнына басқа ат айдаушыны әкеліп отырғызды да бұрынғысының киімі мен шляпасын кигізді. Айналасындағы қызыққан көпшіліктің мұндай түсініксіз көріністің себебін сұрағанда, аттардың тізгінін ұстаған адам, сенімді де нық үнмен:

– Бұл айтатұғындай ештеңе де емес, жәй әншейін нәрсе. Ат айдаушының киімін киген нағыз қылмыскер ұсталды, – деп тіл қатты.

Ат арба ілгері қарай біраз қозғалды да, бұрығысынша әлдекімді күте бастады, ал сезікті тұлғалар көзден ғайып болды.

Маскарад қызған шақта жарығы бар подъезден қара плащты және бетіне маска киген жас жігіт шықты. Ол тас жолдан жылдам өтіп, ат арбаға мінді де, ат айдаушыға әлдебір нәрсе айтты, ол делбені босатып, Гитцингке баратын жолмен аттарды ызғыта айдай жөнелді.

ІІІ

ҮШЕУІ НЕМЕСЕ ЕКЕУІ

Шенбрунға жақын жердегі шағын елді мекен Гитцингке кіре берісте, өзінің қарапайым тұрғын үйінде Франц Шулер түн жарымы шамасында княгиня Сарианы күтіп отырды. Ол өте көңілді күйде болатын, осыдан бірнеше сағат бұрын өзінің жиен қызы Маргаритамен қоштасқан-ды, оны іш киім тігушілер Миланға алып кетті, ендігіде кәрі сарбаздың екі қолы бос еді. Оның жүрегі қуаныштан жарылардай дүрсілдей соқты, өйткені ол – қарапайым сарбаз, Францияға Наполеонның ұлын алып барады. Одан әрі қарай не болады, ол жөнінде ештеңе де білмейтін, бірақ француздар өздерінің даңқын асқақтатқан ұлы қолбасшыны ұмытпаған-ды және олардың жүрегі император ұлының шақыруына сөзсіз үн қатады деп үміттенді.

Десек те, Франц өмірге өте бейім адам еді, сондықтан да сын сағатта да армандаған да жоқ, екі бөліктен тұратын өзінің жүгін ұқыппен жинаумен ғана болды. Бір бөлігіне жас герцог үшін қажетті барлық заттар жиналды, атап айтқанда, жолға киетін костюм, қолы мен бетін, үсті-басын жуатын, қырынатын заттар және екі тапанша салынған еді. Әрине, осылардың бәрін де Полина ойластырған-ды, ал Франц бұл заттардың бәрін қайта қарап, княгиняның таңдауын қолдады, сөйтті де, қалтасына екі шағын тапаншаны салды.

– Ол әйел секілді ойлайды, – деп үн қатты дауысын көтере. – Тапаншаны не үшін одан жасыру қажет? Олар қашанда қол жетер тұста болуы керек.

Екінші бөлігі көлемі жағынан әлдеқайда кіші болатын, онда азғантай ғана мүліктер бар-ды. Әдетте, портфельге жасырылатын ақша мен қағаздар оның кеудесіне оп-оңай сыйып кетті, бұл әрі қауіпсіз де еді.

Белгіленген уақытта княгиня келді де, бүкіл жол бойы соңынан әлдебіреудің ізінен қалмай, қуып отырғандығын хабарлады, бірақ ол соңғы бұрылыста қалып қойыпты. Франц лезде көшеге жүгіріп шықты да, ат арбамен Грепи жіберген ат айдаушыға, жанама жолдар арқылы Венаға оралуы қажеттігін айтты.

Одан соң Франц шошынған Полинаға қарай асыға жетті де, балауыз шамды өшіріп, терезеге қарады. Ең алдымен көз алдында барынша зымырай шауып княгиняның ат арбасы өтті, ал оның соңын ала бере, жай әншейін екі доңғалақты арба жели жөнелді, оның ат айдаушысы отыратын тұғырында делбеші жанында әлдеқандай бейтаныс адам отырды, бәлкім, басқа киім киген полиция агенті де болар. Екі ат арба доңғалақтарының шуылы басылған соң, Франц тағы да балауыз жарықты жағып:

– Қобалжымаңыз. Сіздің ізіңізден қалмай жүрген тентек сіздің ат арбаңызды жуық арада қуып жете алмайды және сіздің ол жерде жоқ екендігіне көзі де жетеді. Қандай жағдай болса да, біздердің қашу жоспарын кейінгіге қалдырмағанымыз жақсы болған, әйтпесе, құпиямыз ашылып қалар еді. Сіздің соңыңыздан өте жіті бақылауда, – деді.

– Бірақ герцогтың соңынан қууы да мүмкін ғой?

– Әрине, мүмкін. Бірақ оған жете алуы неғайбыл. Маноның аттары тамаша. Қалай дегенмен де, біздерге бір минут те жоғалтпауымыз керек, ол келе салысымен біздер жолға аттануға тиіспіз.

Княгиня балдан үйге қайтқан жоқ, Шарлотта алдын ала жолға киетін костюмі мен заттары салынған чемоданы мен ішінде құнды заттары бар шкатулканы алып келді.

– Ең алдымен, мен киімдерімді киіп алмай тұрып, сізден кеңес сұрамақпын, Франц, – деді княгиня.

– Менен бе?

– Иә. Сіз тіке айтатын және ізгі ниетті адамсыз, ал менің ар-ожданым қобалжулы. Маған кеңес беріңіз, не істейін. Жаңа ғана балда герцог менен, үшеу болып болып аттанамыз ба деп сұраған-ды. Мен «иә» деп жауап бердім, содан соң мен үшін бұдан артық бақыт жоқ екендігін де мойындаймын. Бірақ сол кезден бастап, мен бір ойдан арыла алар емеспін, мені бір ой қатты толғандырады, бір жағынан, менің араласуым герцогтың қашу мәселесін күрделендіре түсуі әбден мүмкін, ал екінші жағынан, бұл жағдаятқа әйелді алып қашу сипатын берсе керек.

Франц өте қысылды. Ол княгинямен толықтай келісті де, бірақ оған өз ойын қалай айтуды білмеді.

– Сіз оны сүйесіз, – деді ол ақырында, – демек, сізге жүрегіңіз не істеу қажеттігін өзі-ақ айтады.

– Ал сіз, Франц, маған айтыңызшы, мәселен, менің герцог Рейхштадтскийді Францияға дейін жанында болып, еріп жүруімді әдептілік деп санауға бола ма?

– Жоқ, олай деуге болмайды, – деді кәрі сарбаз нақ үнмен.

– Мінеки, көрдіңіз бе?

– Кешіріңіз мені, – деп сөзін жалғастырды Франц, – бірақ мен сізге сіз өте жарамдысыз деп айтпауға еш лажым жоқ. Мен білетінім, сіз болмағанда ол бұл іске еш уақытта бел шешіп кіріспес еді. Сіз бір денінен-ақ оны ұғындыра алдыңыз, ал мен оған ұзақ уақыт бойы бостан-босқа көп сөзімді бекерге сарп еттім. Сіз біздің қашу әрекетімізді ұйымдастырғаныңыз соншалықты – ол тіпті епті деген полицейлердің өздерінің қолдарынан да келмес еді. Бірақ сіз, бәрібір әйелсіз, сондықтан мен Наполеонның ұлы әйелмен бірге оралды деген ойға ерік бергім келмейді…

– Мен сізге кедергі келтірмейтінімді, әйтсе де, сіз түсінесіз ғой, – деп дауыстай сөйледі Полина оның өзімен келісе кеткеніне бір жағынан шошына. – Мен қажет болған кезде өзімді екінші қатарға қоя алар ем, және ол өз құқықтары мен лауазымын өзіне қайтарып алған шақта өзінің беделін түсірмей, мені қажет етіп, талап етсе, ханзаданы қайтадан көруге қабілетім жетер еді.

– Бірақ ол ешқашанда сізбен айырылысуға келіспейді, егер де сіз бізбен бірге барсаңыз, – деп жауап берді Франц, – біздер барлық мәселені онсыз шешуге тиіспіз және де сізді сендіремін, өз тағын қайтару, әсіресе, қол астында әйел бола тұра, қалай да ыңғайсыз.

– Сіз өте дұрыс айтасыз, – деп үн қатты Полина, – сіз мені қан шығармай бауыздадыңыз, бірақ мен көріп тұрмын, сіз – шын мәнінде ізгі ниеттің адамысыз. Сіздің берген кеңесіңізге разымын, мен жолға шықпаймын.

– Кешіріңіз мені, княгиня! – деп дауысын шығара сөйледі Франц қатты қысыла. – Мен білемін, сіздерге үлкен қайғы келтірермін, бірақ бұған мен кінәлі емеспін. Оның үстіне сеніңіз, бір жағынан, егер де сіз бізбен бірге жүргеніңізде мен өте қуанышты болар ем. Мен бір өзім бәрін де ойдағыдай ете алмаймын. Ал енді айтпай-ақ қояйын, рас, оны сізбен арадағы айырылысу өте қапаландырады.

Полина белгі беріп, оған үнін өшіруді өтінді және тың тыңдай бастады. Шынында да, ұзақта дөңгелектердің дүрсілі естіле бастады.

– Бұл, бәлкім, оның өзі болар, – деді княгиня, – мен көрші бөлмеге барайын, ал сіз біздің не жайлы кесіп-пішіп шешкенімізді бір-екі ауыз сөзбен ғана айтарсыз. Қобалжымаңыз, мен қазір келемін, маған тынышталу керек. Содан соң, ат арбаға заттардың бәрін де артыңыз, ал мен онымен қоштасып қалайын. Сіздер кеткен соң, мен мұнда таң атқанға дейін боламын.

Сөйтіп, княгиня есіктен ары қарай шыққанда, бөлмеге герцог Рейхштадтский кіріп келді.

ІV

АЙЫРЫЛЫСУ

– Сен бір өзіңсің бе? – деп сұрады жас жігіт.

– Жоқ, княгиня да бар мұнда, – деп жауап берді Франц өте қысыла, өйткені оған жеткізер бірер сөздерді айту өзіне оңайға соқпады. – Ол көрші бөлмеде. Қазір келеді.

Алайда былай болғанда да, олай болса да, герцогқа Полина бұлармен бармайды деп айтылуы тиіс еді және де Франц бұны жанамалап түсіндіре бастады, княгиняны Венада тастап кеткен жақсы болар еді, өйткені оларды мүмкін жолда үлкен қауіп-қатерлер күтуде деген сыңайда. Бәрі де ойдағыдай аяқталса, әрине княгиняны Францияға әкелуге оң жағдай өзінен-өзі туар еді.

Жас жігіт Францты таңдана тыңдады. Ол, әрине, түсінді, Франц өз бетінше, өз бастамасымен дәл осындай мәселелерді айтпас та еді. Демек, Полинаның өзінің барғысы келмеген. Әрине, княгиняны әлдеқандай қорқыныш билемеген, бұған ол еш күмән келтірген жоқ та. Сонымен, княгиня герцогтың жалғыз өзі барғанын ақылға қонымды деп есептеген сияқты, бірақ онымен көрер көзге ажырасу көкейіндегі сезімін булықтыра түсті, сол себепті де өзін-өзі құрбандыққа шалуға келіскісі келмеді. Ол қатты дауыстап, қарсылық көрсеткісі келді, бірақ кенеттен оның басында бір ой жарқ ете қалды: егер де өзімен бірге жолға шықса, Полина өзін-өзі ұстап берер еді. Сондықтан да ол түсінді, княгиняға деген махаббаты өзін осы құрбандыққа көндігуіне мәжбүр етуі тиіс болатын.

– Ал княгиня сенің пікіріңе ортақтасады ма? – деп сұрады ол.

– Иә, толықтай қосылады, – деп үн қатты Полина есіктен бері қарай өте бере.

Ол балға киетін киімімен көзге шалынды және жалғыз осының өзі ендігіде оның герцогтың жанында еріп бармайтындығына анық дәлел бола алатын-ды. Франц қолындағы заттармен бөлме ішінен сыртқа шығуға асықты, ал Полина сөзін жалғастыра берді, бірақ оның дауысынан бірте-бірте қобалжығандық сезімі аңғарылды.

– Сіздің дұшпандарыңыз сізді әлдебір нәрсеге бола кейігенін мен қаламаймын. Франц менімен толық келісімге келген.

– Мен сізді соншалықты сүйемін, Полина, – деуіне ғана шамасы келді, жас жігіт көзіндегі жасаураған жасымен.

– Мен ше, – деп дауыстай сөйледі княгиня, – сізбен бірге барша қауіп-қатерді бөліспейтін болдым-ау деген бір-ақ ой менің жүрегімнің парша-паршасын шығармай ма? Сізбен бірге барған қандай бақыт болар еді! Мені өсектерден қорқады деп ойлап қалмаңыз, бір мысқылдан да жүрексінбеймін. Бірақ сізге меңдей болса да дақ түспеуі тиіс, білесіз бе? Бір өзіңіз барғаныңыз жөн, – деп ол сөзін жалғай түсті оның екі қолынан ұстаған күйі, – жеке өзіңіз бара беріңіз және жылдамырақ, менің махаббатым, менің әміршім! Сіздің Полинаңыз ешқашанда сізді тастап кетпейді және ойы мен жаны сізбен әрқашанда бірге болады. Күні ертең-ақ жанама жолмен жолға шығамын және алғашқы мүмкіндік туа қалғанда-ақ сізге қосыламын. Сіз мен туралы өзінің бақыты мен өз өмірін құрбан еткен әйел секілді өз жадыңызда есте қалдырғаныңызды қалар едім.

– Болды, бәрі даяр, – деп үн қатты Франц есікті аша. – Есесіне Грепи бізбен жүре алмайды екен, өзінің орнына отандасын жіберіпті.

Герцог оның сөзіне назар аударған да жоқ, тек қана үн-түнсіз Полинаның құшағына құлады. Олар бір-біріне не деді, олар қалайша сүйісті, бұл ғашықтардың құпиясы болып қалды. Мұндай минуттарда сүйісу қызыл сөздерден де гөрі тәттірек, ал сөздер сүйісуден де ыстық болады.

– Барыңыз, барыңыз, – деп тіл қатты ең ақырында Полина.

Осы минутта Франц екінші рет есік жақтан көрінді, княгиня оған қолын созды, кәрі сарбаз оның қолын құрмет тұта, маңдайына тигізді де, тізесін иді.

Сәлден соң княгиня бөлме ішінде бір өзі қалды. Ұзақтан зымырай жөнелген аттардың тұяқтарының дүрсілі естілді.

– Дұрыс. Жақсы болды! Кетті!

Салтанатқа және мұңға тола осынау сөздер ендігіде сезім дірілімен оның аузымен ғана айтылды.

Княгиня тып-тыныш халде орындыққа отырып, өксіп-өксіп жылап жіберді.

– Алайда мен неге жылауым керек? – деп сыбырлай сөйледі ол ең ақырында. – Ол азат, ал мен жайлы ойлаудың тіпті реті де жоқ.

Бірақ мынау несі екен? Есіктің сыртында әлдебіреулердің аяқтарының дыбысы естілді.

V

 БЕТПЕ-БЕТ

 Полина есіне түсіре бастады, сыртқы есік жабылмай қалған-ау, оны жапқысы келді, бірақ сол минуттарда есік сырт етіп ашылғанда, княгиня асыға-үсіге Маргаританың бөлмесіне жасырынып үлгерді.

Есік босағасында Меттерних көрінді. Бейшара әйелдің жүрегі дір етті. Князь шалт қимылмен, бөлменің ішін түгел көзбен шолып шықты, үстел жанындағы орындыққа отырды, үстел үстінде жағылған балауыз шам тұрған-ды, ол шамалауымызша, есік сыртында тұрған адамдарға қарап:

– Біздің адамдар келе жатса, мені ескертіңіздер, – деді.

Полина не істерін білмеді. Сірә, Меттерних герцогтың қашатынын білсе керек, бірақ оған бөгет бола ала ма, әлде жоқ па? Бұл сауал соншама – шыдамы жетпей, іште тығылған жерінен сыртқа шықты.

– Княгиня, сіз осындасыз ба? – деп таңдана сұрады Меттерних. – Сіз Шенбрун саябағы маңындағы серуеніңізді тәмамдап қойғансыз ба?

Францтың ойлағаны жүзеге асқаны айдан анық болды, шынында да, полиция агенттері княгиняны Гитцингтен кетіп қалды деп ойлаған-ды. Ал герцогқа не болды екен? Оның ізіне түсті ме екен? Бұны анықтау қажет еді.

– Көріп тұрсың ғой, князь, мен осындамын, – деп жауап берді ол және де көрші бөлменің есігінің жанына келіп тоқтады, ішке кіруге тиым салынады дегендей ниетпен.

– Көрші бөлмеде әлдебіреу тығылып отыр деп мені бекерге сендірмей-ақ қойыңыз, – деді жай ғана үнмен Меттерних. – Мен білемін, ол бөлмеде ешкім де жоқ. Мен жаңа ғана осы жерде сізбен бірге болған адамды жолықтырдым. Менің қателігім тек мынада – менің болжамымша, сіз менен ілгерірек кетіп қалыпсыз.

– Сіз осы үйден жаңа ғана шыққан әлдебіреуді көрдім дегеніңіз қателік.

– Ал енді бұл герцог Рейхштадтский емес пе, Леопольдштадтта жалға алған ат арбаға басқа бір адаммен бірге мініп әлгінде ғана кеткен?

– Сіз мені мазақ етіп күліп тұрсыз ба?! Егер де бұл герцог болса, онда сіз оның қашып кетуіне жол бермес едіңіз.

– Кім айтып тұр қашып кету жайында? Осынау жас жігіт бүгінгі кештің асау да бұлқынысқа тола сезімдерінен соң Шенбрунға тып-тыныш оралды деп үміттенемін.

– Әрине, ол сарайға қайта оралуға тиіс, егер де оны көрсеңіз.

– Көрдім оны, ендігіде сізді көрген секілді. Мен, тіпті сізді балдан қайту үшін пошта аттарын жалға алуды қажет деп тапқаныңызды кінәлауға әзірмін. Бұл – веналықтар үшін үлкен шығын. Десек те, – деді ол кенеттен өзінің сыпайы, білікті үнін қатайтып, тіпті өркөкірек сипатпен, – мүмкін сіз, ат айдаушыға сізді Италияға немесе одан басқа ұзақ жерге апарып тастау үшін қайтадан оралуға бұйрық берген шығарсыз?

– Жақсы, мен түсінемін, – деп жауап берді Полина бәрі де тас-талқаны шыққанын іштей ұғынып, – мен жеңілдім, бірақ сізден өтінемін, мені мазақ етпеңіз, одан да жәй ғана айтыңыз, герцог қайда және мені не етпексіздер, не істемексіздер?

– Мінеки, бұл дұрыс. Ашық сөйлеселік. Герцог ендігіде Шенбрунде болуы тиіс, сол жерге сіздің ат айдаушыңызды алмастырған менің ат айдаушым алып барды. Ал анау қолынан іс келмейтін ат айдаушы Грепиге герцог отырған ат арбаны айдауға тапсырыс бере алмадым. Мен сондай-ақ Миланға аттанған сіздің таныс екі бикешіңізді де осында әкелуге бұйырдым. Граф Зедельницкий оларды Венадан бірнеше миль жерде қуып жетті, олардың ат артбасының дөңгелегі сынып қалыпты. Сіз көріп отырсыз, жаратқанның дегені менің жағымда тұр.

– Тіпті сізге өз уәделі сөзіңізді бұзуға да көмектесіп тұрған сыңайлы, – деп ашумен жауап берді Полина, – өйткені сіз маған Фабиоға рақымшылық жасауға уәде еткен болатынсыз.

– Қанша қаласаңыз да маған жала жауа беріңіз, мен өкпелемеймін. Сіздің барлық жоспарларыңыздың күл-талқаны шықты және сіз қаншалықты тұтылғаныңызды түсіне алмай тұрсыз. Десек те, сізбен ештеңе сөйлесе алмаймыз. Сіз мені бұрыннан бері жақсы білесіз, ал мен болсам сізді тек бүгін ғана түп-түгел танып білдім.

– Бұндай жағдайда, князь, маған айтыңызшы, мені не істемексіздер?

– Күте тұрыңыз, қазірше сіздің ат арбаңыз бағбанмен бірге келе берсін, ол да княгиня Сарианың мемлекеттік бүлік жасаудағы сыбайласы. Барлық бүлікшілер, миландықтар да, веналықтар да, ірілері де, ұсақтары да бет перделері ашылып, қатаң жазаға тартылуы тиіс. Сіздің Франц Шулеріңіздің қалтасында сіз жымқырған пакет ішіндегі өзге қағаздары да бар, солардың арасында мен сіздің барша аралас-құраластарыңыздың аты-жөндерін ендігіде білетін боламын.

Бұл соққы Полинаны түпкілікті сансыратты. Ол өзін ғана күйреткен жоқ, сонымен бірге Францты, Грепи мен іш киім тігушілерді айтпаған күннің өзінде қағазда көрсетілген барша адамдардың есімдерін жарияға жар салғандай, құпияларын ашып қойды. Түнеріңкі жандалбаса хал-ахуал княгиняның жүзін жуып кетті.

– А-а, княгиня, – деп үн қатты Меттерних өз жеңісінің салтанатын байқап, – сіз үлкен рөлді ойнамақшы болу ниетін ойға алып, мен құрастырған ғимаратты жоймақ болдыңыз. Бекерге, бостан-босқа ұмтылдыңыз, ол мықты орналасқан, әйтсе де, мойындаймын, сіз аса зор шеберлікпен және мол қажыр-қайратпен әрекет еттіңіз, сәл болмағанда діттеген мақсат та орындалар еді. Қалай болғанда да, мен бұндай ұмтылыстардың қайталанғанын жаным қаламайды, сондықтан да зұлымдықты түп-тамырымен қопарып тастауды жөн деп білемін – тиісті шара қабылдаймын.

– Барлық зұлымдық сіздің қатаңдығыңыздың нәтижесінде жүзеге асып отыр, князь, – деп жауап берді тәкаппарлана Полина, – одан бас тартыңыз. Басқа жолды көріп тұрған жоқпын.

– Мені өзіңіздің кеңестеріңізден ажыратып алыңыз, енді бұдан былай сізден ақыл сұрамаймын.

Полина өзінің жеңілісін толықтай сезінсе де, алайда ол сөз жүзінде Меттернихке ұтылғысы келмеді және де Шенбрун саябағында герцог Рейхштадтскийдің кітабының үстіне оның қызы тастаған раушан гүлін есіне алып, княгиня батыл үнмен тіл қатты:

– Мен сізге мойынсұнғанды қаламаған болар едім және сіздің маған белгілеген қорлану рөлін орындағым келмейді де. Сіз жеңдіңіз және менің масқарамды шығаруыңызға әбден болады, тіпті өлтіріп жіберуіңіз де мүмкін. Менің атақ-даңқым мынада – мен сүйемін және ол мені сүйеді, ал сіздің атақ-даңқыңыз сорлаған жас жігіттің бақытсыздығына ғана негізделген. Бірақ сақтаныңыз, сіз әкесіз және сондықтан да, жаратқан ием сізді, сіздің аталық махаббатыңызды қатты жазалайтын болады.

Осы орайда Меттернихтың жүзі сұп-сұр болып кетті және княгиня бұның отбасылық құпиясын қалайша біліп қойғанын ешбір түсіне алмай-ақ қойды.

– Мен түсінбеймін, сіз не демекшісіз, – деді ол өз дауысына нық сенім бергісі келген қалыпта, – мен де, менің отбасым да сіздің қоқан-лоққыңыздан ешқашан қорықпаймыз.

– Кім білсін, – деп үн қатты Полина, – әдетте, көз жасына-көз жасымен, өлімге-өліммен жауап береді. Сіз өзгелердің жанын ауыртқыңыз келеді, сондықтан өзіңіз де ауыратын боласыз. Оны айтудың өзі артық! Сіз, тіпті қазірде де жандалбаса халдесіз.

Меттерних мүлдем қысылды, бірақ оның бақытына қарай сырттан дөңгелектер сыртылы естілді.

– Келді ме, әйтеуір, – деді ол, – ендігіде біздер есеп айырысамыз.

Есікке жақындап, ол оны айқара ашты және қатты дауыспен:

– Кіріңіздер, – деді. 

VI

 ОПАСЫЗДЫҢ ОТЫЗ КҮМІС ТЕҢГЕСІ

Герцогты ат арбаға отырғызып, Франц арбаның орындығына секіріп мінді, бірақ бұл қалай дегенде де ат айдаушыға ұнамады.

– Ештеңе етпейді, жігітім, – деді ол, – біздің екеуімізге де орын табылады. Мен темекі тартқым келді, мұнда орын кеңірек қой. Ал тарт, айда. Жол ендігіде Гоблицаға дейін өрге тартады, сол жерде аттарды бірінші рет алмастырамыз.

– Иә, жол таулы-тасты.

– Аттарды аяма, бас! Менің мырзам асығыс.

– Ат айдаушы айтқанға мойынсұнды, бірақ бірнеше минут өткен соң, Франц байқап қалды: ол өзеннің жағасымен жүрудің орнына көпірге қарай бұра жөнеліпті.

– Сен қай жаққа қарай бет алдың? – деп дауыстай сөйледі көнекөз сарбаз.

– Сол жағалауда жол жақсы.

– Жарайды.

Ат арба зырылдап бара жатқанда, Франц емен-жарқын трубкасын сора берді, герцог Рейхштадтский болса дегбірсізденген халден бір елі ажырмады. Ол, әрине, өзінің қашып шығудағы мақсатын ойлаған жоқ, тек қана өзінің жалғыз екендігіне, Полинаны ашу-ызалы канцлердің алдында әл-дәрменсіз қалдырғанына қатты өкінді. Франц пен ат айдаушының арасындағы бажылдасып ұрысқан дауыстарды естіген соң, қауіп-қатердің белең ала бастағаны жайлы ой басым бола түсті де, герцог княгиняны зорлап болса да, алып кеткісі келіп, қайтадан Гитцингке оралуды жөн санады.

– Солға, сол жаққа бұр, сайтан алғыр! – деді кәрі сарбаз. – Көріп тұрған жоқсың ба, біздің алдымызда сарай тұр ғой?

– Маған кедергі келтірмеңіз, мен өзім білемін, қайда бара жатқанымды.

– Ә-ә, сен сондай ма едің?! Тоқта, жерге түс, сенің маған керегің жоқ.

Франц ат айдаушының кеңірдегінен мықтап ұстап алып, орындығынан ары қарай итеріп жіберді, бірақ Галлони, өйткені бұл соның дәл өзі еді, лезде арбаға мініп, үсті-басы саулаған қан болса да, көмекке өзгелерді шақырып, айқайлай бастады. Франц оған жақындай түсіп, қалтасынан тапаншасын шығарып, ит өлімін көрсетпек болып еді, арбадан секіріп түскен Рейхштадтский оның қолынан ұстай алды.

– Қанның қажеті жоқ, Франц, мен бұны қаламаймын. Оның үстіне біздер тындық, болды, бітті. Қаншама қарсылық көрсеткенімізбен пайдасыз, қарасаңшы.

Шынында да, ат арбаға қарай бір топ адам келе жатты.

– Босат оны! – деп сөзін жалғады герцог. – Мен оған рақымшылық етемін. Бірнеше минут болса да, мен бостан-босқа іштей император болдым. Мынаны ал да, көзіңді жоғалт.

Дәл осылайша сөйлеген ол тыңшының аяғының тұсына ішінде ақшасы бар әмиянды тастады.

Сол сәтте оның жанына граф Дитрихштейн жақындады, оның соңында едәуір бірнеше қызметшілері еріп келе жатты.

– Жоғары мәртебелім, – деді ол қайғыра, – сізге сарайға жаяу оралған дұрыс болар?

– Құп болады, бірақ сақырлаған нөкердің керегі жоқ, – деді кеудесін кере герцог.

Бірақ граф Дитрихштейнмен қатарласып жүрер алдында, жас жігіт Францпен қоштасқалы кері бұрылды, қызметшілерге граф басқа жолмен баруға бұйырды. Алайда герцогтың көз алдында жеккөрінішті көрініс пайда болды. Кәрі сарбазды жығып, қол-аяғын байлап, арбаның үстіне бөрене ағашын лақтырып тастағандай жайғастырыпты.

– Бұл адам тек менің бұйрықтарымды ғана орындады, – деді ол қатты ашулағандықтан еркінен тыс үн қатып, – Меттернихке айтыңыз, егер де оның басынан бір тал шаш түссе, онда менің бір сағаттан кейін өлігімді табады және бүкіл Еуропа менің өзіме-өзім не үшін қол салғанымды білетін болады.

– Сіздің тілегіңіз орындалады, мен бұл жайлы канцлерге айтамын, – деп дауыстай сөйледі граф Дитрихштейн, – бірақ сізге жалынамын, менімен бірге жүріңізші. Сіздің тынышталатын уақытыңыз болды, менің бейшара балам, – деп сөзін жалғады толқығандықтан діріл қосылған үнімен.

Бірнеше минут өткенде Меттерних тұтқынының соңындағы саябақтың ауыр қақпасы тарс жабылды.

VII

 КӘРІ САРБАЗДЫҢ СЫРЫ

Бірнеше полиция агенттері Францты өзінің қарапайым мекен-жайына алып кірді, кәрі сарбаз күлкісі келмесе де, күлкіден жарылардай таңданды, өйткені мұнда аса таңдаулы қоғам өкілдерін, атап айтқанда, князь Меттерних пен граф Зедельницкийді және тағы басқаларын көзі шалды. Алайда ол тек қана княгиня Сариаға құрмет көрсете тағзым етті де, басын асқақ көтеріп, дүниенің төрт бұрышын ұстап отырған канцлердің көзіне тіке қарағанда, ол бұдан:

– Сіз неміссіз бе? – деп сұрады.

– Сіз өзіңіз көріп тұрсыз ғой.

– Ықпыл-жықпылсыз-ақ жасырмай айта беріңіз. Сіз кімсіз?

– Француз Шулермін, Соверннен.

Князь өзінің әлдене есіне түскендей еріксіз қозғалғанын тоқтата алмады.

– Еске алам деп әуре болмай-ақ қойыңыз, – деді байқампаз кәрі сарбаз, – Соверн Германияда емес Эльзас жерінде. Егер де бұл сізді қызықтырса, онда мен сөзімді толықтырайын, мен гвардиялық арнаулы үшінші атқыштар батальонында сержант болдым, ал арбаның үстінде қалған жүгімде Аустерлиц түбінде алған Құрметті Легион ордені жасырулы қалған. Көргіңіз келе ме, көрсетейін.

– Көргенсіз, – деп үн қатты канцлер.

– Жарайсың, – деп тіл қатты полиция тобының арғы жағындағы есік тұсында тұрған әлдекім.

– Шенбрунға мен өте оңай келдім, – деп сөзін жалғады Франц, – менің қарындасымның күйеуі Шенбрун сарайында бағбан болатын, мен оның қызы мен жұмыс орнын мұра етіп алдым. Қазіргі шенбрундік тұтқын мекен еткен жайда бір кездері мен күзетте тұрсам, ендігіде сол саябақта гүлдердің жаңа түрлерін шығару ісімен, мінеки, осылайша шұғылдана бастадым.

– Сөйтіп, сол қонақжайлылығы үшін осы елге сатқындықпен жауап бердім деңіз, – деді Меттерних аңғарымпаздық таныта.

– Бұл көзқарасқа тікелей байланысты, канцлер мырза: идея үшін өміріңді тәуекелге буу, сол үшін құрбан болу – бұл сатқындық емес деп есептеймін. Бірақ сіз маған қарағанда оқымыстысыз, сол себепті сізбен таласпаймын. Мен бір ғана нәрсені білемін, мен жас ханзаданы өте жақсы көремін, неге екені белгісіз, сіз оны герцог Рейхштадтский деп атайсыз, ол, шын мәнінде, Наполеон ғой. Менің оны жақсы көретіндігіме ешқандай таңдануға болмайды: он жеті жыл бұрын Тюльериде мен күзетші болдым, сол кезде ол қысқа арнайы киім киіп жүретін. Десек те, мен сол кезде күзетте тұрғанымда, сіз – князь Меттерних мырза, бізге оның анасын алып келдіңіз, есіңізде ме?

Канцлер менсінбегендей екі иығын көтерді.

– Мінеки, менің бүкіл тарихым осы. Ал ханзаданың қашуы мәселесіне келсек, оны мен қолға алдым, ол сондай-ақ кімнің көмегімен, иә…

– Ұялмаңыз, Франц, қысылмаңыз, бәрін де айтыңыз! – деп дауыстай сөйледі княгиня Сариа, – мен сіздің сыбайласыңыз болғаныма мақтанамын.

– Иә, рас, біздің жоспар осынау ізгі ниетті, ер мінезді ханымның көмегі арқасында жүзеге асар еді, оны мен өте қатты құрметтеймін. Егер де ханзада маған кедергі жасамағанда, онда мен ат арбаның орындығына сіз отырғызған сатқынды атып өлтірер едім. Аса мәртебелім өте жас және мейірімді; адам қанының кей кезде төгілуінің өзі көк тиын екенін ол әлі де жете білмейді. Мінеки, мынау оңбаған, – деп сөзін жалғады Франц қолы байлаулы болса да, Галлониді нұсқап, – оған сатқындығы үшін төлем төлеген кезде, ұмытпаңыз, ол өзінің алдын ала нәпақасын алып үлгерді; ханзада оған өмір ғана сыйлап қоймай, өзінің әмианын да берді. Мен бәрін де айттым, ту-у, жоқ, әлі де екі ауыз сөз айтайын. Адал еңбегіммен тапқан ақшаларым менің портфелімде сақталған-ды, оны менің жиенім Маргаритаға жеткізіп беретін біреу-міреу бар ма мұнда, ол ақшаны ханзаданың қашып кетуіне ықпал жасағаным үшін алған жоқпын. Дұшпан болуға болады, бірақ бұл сорлы қызды тонауға және оны заңды мұрасынан айыруға себеп бола алмайды.

– Маған айтсаңшы, сенің ақшаларың қай жерде, мен оларды тиісті жеріне жеткізем, – деді әлігінде ғана Францты «жарайсың» деген дауыс және де бұл эрцгерцог Карл болатын.

VIII

ЭРЦГЕРЦОГ ЖӘНЕ КАНЦЛЕР

 Ағылшын елшілігінің үйінен шығып және көше бойымен бірнеше қадам жүрген соң, герцог Рейхштадтскийді Бельведерде жалықтыра алмайтындығына эрцгерцогтың көзі жетті. Оның үстіне қала орталығында Меттернихтың ашық түрде салғыласуға, дау-дамайға баруы мүмкін емес-ті, сондықтан да ең жақсысы – тұп-тура Шенбрунға бет алғанды эрцгерцог дұрыс деп тапты, онда алдын ала әзірленген драма жүзеге асуы әбден ықтимал еді. Ол ат арбаны тезірек әкелуін бұйырды да Шенбрунға желіп кетті. Сол жерде ол граф Дитрихштейннен герцогтың келуін күтіп отырған Меттернихтың Гитцингтегі бір үйде орналасқанын білді де, өзіне қарай ат арбаның келе жатқанын көрді, одан қолдары байланған әлдеқандай бір адамды жерге түсірді. Жүрегі құрғыр әлденеге дір ете қалды, оның ойынша, бұл өз немересіндей болып елестеді, сөйтті де, көз алдында болып жатқан оқиғаларға куә болып, есік алдындағы бір топ полицейлермен араласып кетті. Франц өзінің сырын ашық айтқаннан кейін, яғни өзін аңдитындар ендігіде өзінің жиен қызына аяушылық білдіруді өтініш еткеннен соң, эрцгерцог оның аманатын орындауға ынта танытты, өйткені кәрі жауынгер өзіне жау ниеттегі ұлт өкілі болса да, өзінің қарулас досының ержүректілігі мен батылдығына, шын мәнінде, қатты толқыған-ды.

– Сіз – жоғары мәртебелі, – деп таңданды Меттерних.

– Кешіріңіз мені, маршал, мен сізге сәлем бере алмаймын, мені байлап тастаған! – деп дауыстай сөйледі Франц.

– Мына сарбаздың қолын шешіңдер! – деп бұйырды эрцгерцог салмақты үнмен. – Сіз рұқсат етесіз бе, князь, – деп сөзін жалғай түсті ол, канцлерге бұрылып, – шыны керек, ешқандай қауіп жоқ, ол көзден ғайып болмайды.

Меттерних оншалықты ықыласын бермесе де, келісті.

Полиция агенттері Францтың қолындағы жіптерді кесті, азат болған ол жеңіл тыныстады, содан соң сол қолын аяғына жақындатып, оң қолымен аса мәртебеліге сәлем берді.

– Сізге, маршал, – деді ол, – мен бар жан-тәніммен қалтамдағы барша нәрселердің бәрін де беремін. Мінеки, екі тапанша, ал мынау – әмиян, онда менің ақшаларым мен қағаздар бар.

Бұл сөздер оған керемет әсер етті. Полина «қап, біздің достарымыз өліп қалды-ау» деп ойлады. Галлонимен граф Зедельницкий іштей «түптің түбінде көптен бері іздеп жүрген қағаздар біздің қолымызға түсті-ау, ақыры» деп қайталады, ал Меттерних сәл болмағанда «бұл адамды тұтқындау арқылы біздер барлық бүлікшілердің тізімін таба аламыз» деп қатты айқайлап жібере жаздады.

Қолында Францтың портфелін ұстаған эрцгерцогқа жақындай түсіп, канцлер былай деді:

– Сіздің жоғары мәртебеліңізге осынау қитұрқыларды ашуға ықпал ету керек болса, онда мен портфельдегі қағаздар арқылы бүлікті ашып, дәлелдеп беремін.

– Сіз қандай қағаздар туралы айтып тұрсыз? – деп сұрады эрцгерцог, портфель ішінде ешқандай да қағаздың болмағандығын көрсете.

– Осы кісінің ойынша, портфельде бүлікшілердің тізімі мен қашу жоспары бар, – деп үн қатты Меттерних.

– Бұл рас, – деп нық сөйледі Франц.

– Мен қатты өкінемін, князь, – деп жауап берді эрцгерцог, – егер де осы қағаздар менің қолымда болса, онда бәрібір, бейнебір, олар мүлдем болмаған секілді. Діни патерлер күнәні қалай тазаласа, мен де қай мәселеге қол тигізсем, солардың бәрінің де оң шешімін табамын. Бұл менің билік деңгейімнің жалғыз-ақ басымдығы, сол себепті де, мүмкін, оны құрметтеуім де. Ал, шынын айтыңызшы, князь, мен сізге осы қағаздарды қалайша бере аламын, бұнда қаншама адамдардың бас бостандығы байланған десеңізші? Бұлай етсем, менің тарапымнан оңбағандық болар еді, сіздің өзіңіз де ұяттан қызарып кетер едіңіз, егер де мен намысымды соншама төмендетсем.

– Бірақ, аса мәртебелім, мәселе мемлекеттің қауіпсіздігі жайлы болып отыр, – деп аңғарымпаздық танытты Меттерних, шамалауымызша наразы болса да, императордың інісімен батыл әрі тура сөйлеуге бел шешпей.

Эрцгерцог портфельді қалтаға жасырып, дауысын төмендете сөйледі, оны төңірегіндегілердің өзі зорға-зорға естіді.

– Тыңдаңызшы, князь, мені сізден кем емес халде мемлекеттің қауіпсіздігі мен императордың мүдделері толғандырады. Одан да зорын айтайын, тіпті сіздің абыройыңыз маған өте қымбат, өйткені ол Отанның намысына тиесілі. Мынаған сеніңіз, бұл дау-дамайды өршітпеңіз, ол онсыз да қайғыдан қаншама қан жұтқызды және оның куәлері де өте көп. Сіз тыншысаңыз да болады, менің қалтамдағы қағаздарды ешкім де пайдаланбайды. Менің немерем онсыз да Шенбрунге тоғытылды, бұдан артық не керек енді сізге? Сіз жас жігіттің қашуына жәрдемін тигізген қандай да бір бейшара, сорлы немелерді масқаралап, жазаламақсыз ба? Бірақ сіз осылайша баланың тірлігіндей нәрсеге бола, оған байыпты түрде бүлік секілді сипат бермек ниеттесіз. Жоқ, одан да ендігіде ешқандай зиянын тигізе алмайтындарды өзіңіздің мейіріміңізбен өз жайына қалдырыңыз. Әрине, бұндай іс-әрекет сізге қымбатқа түсуі мүмкін, бірақ бұл ұлы Меттернихқа әбден лайық тірлік. Ұмытпаңыздар, – ол дауысын одан да төмендете түсті, – орынсыз бақытсыздық көрінісі ең пәк, ең таза жүректі де оятуы мүмкін. Ең соңында өзіңізге-өзіңіз үн қатыңызшы, бейшара қыздың көз жасын құрғату үшін басқа біреуге де аяушылық сезімімен қарау қажет.

Меттернихтың жүрегінде қатал тайталас жүріп жатты. Бір жағынан, ол жақсы түсінген-ді: эрцгерцог жаңа ғана бұның баласына мейірбан әрі адал еді және еш нәрсеге қарсы емес-ті, ал екінші жағынан, ол өзін сырт айналып кеткендерді, әсіресе, Франц пен Полинаны ешқашанда кешіре алмас-ты.

– Жақсы, жоғары мәртебелім, – деді ол ең ақырында, – егер де сіз бұны талап етсеңіз…

– Мен талап етпеймін, өтінемін.

– Егер де сіз қаласаңыз, мен басты бүлікшілерге өз ықпалымды тигіземін деп уәде бергендердің іс-әрекетіне көз жұма қарауға келісемін. Мен тіпті миландық әйелдерді босатуға да бұйрық беремін.

– Сонда бұл іске миландық әйелдер де араласқан ба?

– Иә. Бірақ мынау сарбаз бен княгиня Сариа бүкіл тірлікке бас болған және императордың немересінің абыройын төккен, ал бұл болса олардың арқасында нақұрыс романтикалық оқиғамен жалғасқан қандайда бір келеңсіз саяси бүлік барысында өкінішке тола рөлді ойнауы бек мүмкін еді. Мінеки, мұны ешуақытта кешіруге болмайды.

– Болды, жетеді, мұндай кінә үшін сәтсіздік секілді жазадан жаман еш нәрсе жоқ. Қалай болғанда да, князь, мен осынау кәрі сарбазға мүдделімін, ол әлі де болса өз Отанының даңқты да аңызға тола заманында өмір сүруде, ондай уақыттың өткеніне жиырма жыл өткенін де мүлдем ұмытқан. Оны маған беріңіз. Ант етейін, сіз ол жайлы ендігіде ешқашанда есімін де естімейсіз.

– Сіздің еркіңіз алдында бас иемін, жоғары мәртебелім, – деп жауап қатты Меттерних аса ренішпен.

– О-о, сізге алғыс айтамын. Княгиня Сариа жайлы айтсам, мен оны оншалықты білмеймін, оның келісімінсіз-ақ қорғаушы рөлін атқарып, оны қорлаймын деп ойламаймын. Оған екі ауыз сөз айтуға рұқсат беріңізші.

– Сіз мұнда айтуға құқылысыз, жоғары мәртебелі.

Полина осынау әңгімені түгел естіген жоқ, әйтсе де, бүлікке қатысушы бейшараларға мейірбан көзбен қарауға эрцгерцог канцлерді сендіріп жатқандығын түсінді және ол оның ізгі ниеттегі қамқорлығының нәтижелерін дегбірсізденген халде қобалжыған сезіммен күтті.

– Княгиня, – деді эрцгерцог оған жақындай түсіп және құрмет көрсете тағзым етіп, – сіздің осы іске қаншалықты қатысты екендігіңізді мен білмеймін және білгім де келмейді, бақытымызға орай, жағдайдың өзі бүйрегін бізге бұрып тұр, сіздің құпияңыз сақталады және төңіректегі барлық қатысушыларға рақымшылық жасалады, егер де сіз өзіңізге барлық кінәні жүктеп, Австриядан біржолата кеткен сәтте. Бұдан басқа, сіз маған шын сөзіңізді бересіз, ешқашанда, еш уақытта да аса мәртебелі императорға қарсы ендігіде бірде-бір қарсы қадам яки шара қабылдамайсыз. Бұл міндеттеме маған өте қажет, онсыз мен іске тікелей араласа алмаймын.

– Францты да бостандыққа шығара ма? – деп сұрады Полина нұрланған жүзімен; эрцгерцог осы сәтте оған деген ашық та ізгі ниетті көңілін аудармауға ешқандай мүмкіндігі болмай қалды.

– Иә, ол да, бәрі де, кім болса да, кешіріледі. Мен осы орайда сіздерге сарбаз бен эрцгерцогтың шын сөзін уәде етемін.

– Сізге алғыс айтамын, жоғары мәртебелі, – деп дауыстай сөйледі Полина. – Сіз маған өмірде кездесетін тағы да бір жалғыз да дара бақыт сыйладыңыз. Сіз маған өзін-өзі құрметтей білуді қайта оралттыңыз, ендігіде мен жарық дүниеге тура қарай алатын болам. Сізге мың алғыс. Ал енді сіз талап еткен міндеттеме жайына тоқталсам, онда мен оны баршаның алдында дауысым жеткенше ашық түрде жария етпекпін.

Үстелге қарай екі адым басып, оның жанында отырған канцлерге жақындай түсіп, Полина бозарған халде, бірақ емін-еркін үнмен тіл қатты:

– Мен жаза тартуға әбден лайықпын, өйткені князь Меттернихты алдадым. Мен бұдан былай герцог Рейхштадтскийді көруге лайық емеспін, өйткені оны азат ете алмадым. Жоғары мәртебелім, сіз білесіз, оны сүюге болады және де бір кездері менің оған өліп-өшіп берілгендігімді жеткізерсіз деп ойлаймын. Мен ендігіде ешқашанда оның пайдасы үшін бірде-бір артық қадам жасауға жол бермеймін. Мен көзден де, көңілден де ғайып боламын, егер де ол бір кездері азат болып, атақ-даңққа бөленетін болса, онда мен бұл іске мүлдем қатыспаймын.

Оның дауысы үзілгендей болды және бойындағы күш-жігері, бейнебір, сарқылғандай, оны тастап бара жатқандай сезілді. Бірақ арада сәл ғана кідіріп, өзін-өзі жеңіп, ол сөзін жалғай түсті:

– Қош болыңыз, Франц Шулер, қош болыңыз, менің досым. Сіз өз Отаныңызға ораласыз және сол жерде емін-еркін өмір сүресіз, өткендегілерді еске аларсыз. Кей-кейде бейшара Полина Сариа жайлы да ойға алып тұрыңыз, өзіңіз жаныңыздай жақсы көрген жас жігіттің өміріне жұлдыздай жарқырай енген мен туралы еске алыңыз, бірақ аяушылық танытпаңыз: мен бірнеше күндер бойы өзімді-өзім жас жігіт жолына құрбан болудың ең ләззатты шақтарын бастан кештім. Ал ендігіде, князь Меттерних, сізге соңғы сөзімді арнайын, – деп сөзін жалғады Полина канцлерге бұрылып және оған жек көре қарамастан, қысылмастан, айрықша салқынқандылықпен: – Менің ісімді қылмыс деп қарамаңыз, мен оны ішкі түйсігімнің айтуымен жүзеге асырдым, мұнда ешқандай есеп те болған жоқ, тек қана жүрегімнің қалауымен істедім. Жүрегімді кешіруге болмайды, себебі – мен оған өкінбеймін. Егер де сіз бір кездері мен жайлы еске алсаңыз, онда өзіңізге-өзіңіз айтқайсыз, пәк жан қашанда азат болады ғой деп.

Ол өзінің қолымен жүрегін қаусыра ұстады және кенеттен булыққан мылтық дауысы естілді. Омырауындағы кестелі жағалы киімі арасынан әлдеқандай нәрсе жарқ ете қалды да, көгілдір от түтіні княгиняны орап алды.

Франц Полинаны ұстап алды да, оның жерге құлап кетуінен сақтандырды, ал Меттерних омырауы ашық көйлек ішінен кішкентай ғана тапаншаны суырып алды.

– Сорлы байғұс! – деді ол дауысын шығара.

– Жоқ, – деді жаны шығып бара жатқан Полина көзін аша және жай ғана, әрең-әрең түсінікті тілмен, – мен бақыттымын, ол мені сүйеді!

Оның қос жанары қайтадан жабылды және бір минут өткенде ол демін доғарды. Полина Сариа өз сөзін орындады. Ол жеңілді және бәске тіккенін өз өмірімен өтеді. Франц оның жанында тізесін бүгіп отыра кетті және герцог Рейхштадтскийдің жанкешті тірлігін ойлап, жанарынан тамған жастарға ерік бере:

– Княгиняның бір өзі ұзақ сапарға аттанды, – деді.

ЭПИЛОГ

 І

 ЕКІ ДОС

 1832 жылы 18 шілде күні кешке Венаның Виденск деп аталатын жер иелігіндегі Грепидің әйнек сататын дүкеніне жасы алпыстардағы адам кірді, оның үстінде тік жағалы және тұзақ секілді байланған қызыл ленталы, ұзын көк сюртукті киімі бар-ды.

– Бұл сіз бе? Шынымен де сізбісіз? – дауыстай сөйледі дүкен қожайыны, сөренің арғы жағынан ытқып шығып.

– Иә, бұл менмін, Грепи дос. Мен өз сөзімді бұзып, осы жерге келдім. Сіз көріп тұрсыз, ендігіде мен жасырынбаймын, ал күні ертең эрцгерцогқа барамын да мәселенің мән-жайы неде екенін оған ашық айтпақпын.

– Мен сізді көргеніме қандай қуаныштымын, мейірімді Франц, отырыңыз, мархабат. Мен қазір әйелім мен қызымды шақырып келейін.

– Жоқ, жоқ. Керек емес. Менің бұл жерде қалатын жағдайым жоқ. Мен сізге көзбе-көз бірдеңе деуге тиіспін.

– Сіз бұл жерге сол…

– Әрине, сол үшін.

– Ол өте-өте ауру.

– Білемін. Бірақ бәрін де жан-жақты айта аласыз ба?

– Қала ішінде айтып жүргендерді ғана жеткізе аламын. Сол айтулы түн ішінде мен полициядан босанып, аттылы арбаның қолды болғанын оған ескерту үшін Маноға тұп-тура жүгірдім. Содан соң «Аққу» отеліне қарай бет алдым да, сол жерде іш киім тігуші әйелдерден олардың Миланға емін-еркін аттанып бара жатқанын білдім. Княгиня Сария туралы олар оның өзін-өзі атып өлтіргендігі жайлы айтты, сол түні сіздің Гитцингтегі үйіңізден оның денесін Венгрияға жөнелтіпті, сол жерде оның аса ауқымды жер иелігі болатын-ды. Бұның барлығын өте құпия жағдайда атқарған және княгиня кетіп қалды деген сөз таратқан.

– Сонымен ол княгиняның өлімі жайлы білмейді ме?

– Бәлкім, білмеуі де. Ешкім де оған бұл жайлы тіс жарып айтпаған, бір ғана адам, шындықты айта алатын эрцгерцог Карл өзінің қорғанына қамалып алып, одан шықпай қойған, тек оны жақын күндер ішінде тағы да Венада базбіреулер көріпті. Бейшара жас жігіт, бәлкім, княгиня бұрынғысынша Италияда өмір сүреді және бұны ұмытып кеткен болар деп ойлайтұғын шығар.

– Қой енді, оның солай ойлауы мүмкін емес. Менің көзім көрді емес пе, олар оттай лаулаған сізіммен бірін-бірі қатты сүйетін-ді.

– Бұндай болған жағдайда ол княгиняны жабық есік ішінде, қамауда ұстайтын шығар деп есептейтін болар. Қалай дегенде де сол күнгі тағдыр талайы таразыға түскен түннен бері ол өкініштің алауына жанып, өкініш өртін бірте-бірте жұта берді, ал өзгелер үшін оның күш-қуаты азая бастады деген қаңқу сөздер таратылды. Екі ай бойы сарайдан шығармады. Содан соң, ол тағы да Пратерде, өз полкінің басында пайда болды, бірақ оның қалай өзгергенін көрудің өзі өте қорқынышты еді. Қандайда бір ішкі жалын оны түп-түгел өртеп жібергендей сезілетін, бірақ ол бәрібір өз полкін бақылап, бұйрық беріп жүрді, әйтсе де, дауысы күңгірт шығатын, екі беті салбыраңқы тартып, көздерінің нұры қашқан-ды. Ең ақырында, тамаша күндердің бірінде ол бұйрық бергісі келгенімен, өз дегені болмай қалды, өз дауысы өзін тыңдамады, ал бозарыңқы еріндерінің қимылдауға да шама-шарқы жетпеді. Содан соң оны тағы да бөлмеге апарып жапты; сәуір айында су тасқыны болды, Дунай өзені жағасынан асып-тасты. Жас жігіт бейшара халге түскен жандардан бір тыным таппай хабар алып, өз көмегін ұсынудан ешбір жалықпады. Бір күні ол үйге қайтып келе жатқанда, аттары арбаны зуылдата ала жөнелді де, аударылып бара жатқанда, арбадан секірген сәтте құлап, көкірегінен зақымдалды. Содан соң, көк жөтел пайда болды, қазірде ол өлім аузындағы халді бастан кешуде.

– Ешкімнің де, оны жылы жаққа, Италияға жіберу керектігі жөнінде бастарына кіріп-шықпады. Кім білсін, бәлкім, ол жақта сорлы немеге оңайырақ болар ма еді. Сонымен бірге өзін сүйген жандардың мүшкіл хал-ахуалын ойлап та, қайғы уын әбден татқан да шығар. Жалғыз мен ғана, бәлкім, білетін болармын, қаншалықты оның жүрегінің мейірге тола екенін, қалай дегенде де, оның ой дүниесі сондай таза, мөлдіртұғын.

– Мен оның анасын шақыртқанын естідім, – деді біраз үнсіздіктен кейін Грепи.

– Анасын ба? –деп жауап қатты мән бермегендей үнмен Франц. – Анасы тіпті келуді де қаламаса керек.

– Жоқ, келеді, оны жақын күндерде Венада күтуде.

– Ал сонымен, соңы да таяу қалыпты-ау, шіркін. Маған уақытты жоғалтуға болмайды. Эрцгерцог Карлдың мені Шенбрунға кіргізуіне қол жеткізуім қажет, ал егер де бұл мүмкін болмаса, герцогқа Маршанның хатын жеткізіп беруін одан өтінемін. Сіз білесіз, Грепи, Маршан императордың камардинері болған, ол соның қолында өлген. Маршан Еуропаға бұдан он жыл бұрын қайта оралды, бірақ осы уақытқа дейін герцог Рейхштадтскиймен жолығысуға императордан, Меттернихтен және Мария-Луизадан сұрағанымен, ештеңе өндіре алған жоқ. Ең ақыры аяғында, ол императордың соңғы минуттары жайлы қайғылы әңгіме жазып, оны, яғни әкесінің аманат-өсиетін ұлына жеткізуге ұмтылыс танытыпты. Егер де эрцгерцог маған көмек көрсетуден бас тартса, онда мен жалғыз өзім әрекет етемін. Мінеки, сол үшін мен саған бас сұқтым, мейірімді Грепи. Сіз менің жиен қызым Маргаритаға егер де менімен қандайда бір жағдай бола қалған күнде оған хабарлай алатындығыңызға сене аламын ба?

– Әрине, сене беріңіз.

Сөйтіп, достар екі жаққа қарай кетті.

ІІ

ҚАСИЕТТІ ҚҰПИЯҒА ЖАНАСТЫРУ

 Францтың бақытсыздығына орай, ол Шенбрунға кіре алмады, тек қана эрцгерцог Карл арқылы, онда да болса, оңашада бейшара жас жігітті тірі кезінде көре алса, Маршанның хатын императордың немересіне тапсыру жөніндегі уәдесін алуға ғана қолы жетті.

Грепи дұрыс айтқан екен, шынында да, Меттернихтың тұтқыны өлім аузында жатты. Дәрігерлер қаншама сендіргенімен, оның өмірі әлі де ұзақ болады десе де, ажалы бір болары сөзсіз еді, сөйтсе де, сарай маңының бетке тұтарлары сорлы тұтқынды тағы да бір ауыр сынаққа ұшыратты.

19 маусым күні Шенбрун шіркеуіне барлық сарай қауымының көз алдында герцог Рейхштадтскийді Қасиетті Құпияға жанастыру рәсімі белгіленген еді. Бұл рәсім алдын ала және көпшіліктің көз алдында өткізілетіндігі, әдеттегідей, өлім аузында жатқан бөлмесінде өткізілмейтіндігі айтылып, оның екі түрлі себептері түсіндірілді. Біріншіден, император Венадан аттанғалы жатқан-ды және император немересінің хал-жайының нашарлауына байланысты оның ең соңғы деңгейге жеткенін күткісі келмеді, екіншіден, эрцгерцогиня София өзінің жүрегінің нәзіктігінен ауру адамның осы рәсімдегі ауыр көңіл-күйін сәл де болса жеңілдеткісі келді. Сол себепті де рәсімнің алдындағы таяу күндердің бірінде герцогқа былай деген-ді:

– Сүйікті Франц, біз екеуміз де ауыр халдеміз, Құдайға шүкір, сенің өмірің қауіпсіз емес, бірақ сен барша тірліктерден, барлық қызығушылықтардан бас тартуға тиіссің. Мен болсам бүгін-ертең босануым керек, маған біртүрлі қорқынышты. Күні ертең екеуміз де Қасиетті Құпияға жанасайық. Мен сенің сауығып кетуің үшін дұға оқимын, ал сен болсаң менің жеңіл босануым үшін тілек тілейсің, – деді оған герцог разы пейілмен күліп. Бәлкім, мейірімді әйелдің өзін-өзі Қасиетті Құпияға беріле құлағанын түсінген де болар.

Мінеки, сол себепті де 1832 жылы 19 маусымда Шенбрун шіркеуінде бүкіл император отбасы мен барша сарай маңы түгел жиналды.

Герцог Рейхштадтский эрцгерцогиня Софиямен қолтықтаса көпшілікке көрінді, ал ол болса өте боп-боз еді, арып-ашыған ол ешкімге де көз қиығын салмады, аяғын зорға басып, ілбіп келе жатты. Ол алдын ала әзірленген креслоға жете сала отыра кетті, мейірімді апай оның жанында тізесін бүгіп, дұғасын оқып жатқанда, ол ауыр ойға батқандай аңғарылды, герцогты бұндай ахуал соңғы екі ай бойы әбден мезі еткен-ді, бірақ өз қызметін атқарып жүрген діни патер Қасиетті Сыймен жақындап келе жатқанда, ол кенеттен дүр сілкінді. Оның көзі жарқырай түсті, беттері алаулап, қызара бастады, ол қолының баяу қимылымен қасиетті дәстүрді кейінге қалдыра тұруды сұранды.

Патер түсіне алмай, дағдарып тоқтай қалды, ал эрцгерцогиня жас жігітке сұраулы жүзбен назар аударды.

– Апай, мен сіз үшін және сіздің болашақ сәбиіңіз үшін дұға тілеймін, бірақ мені кешіріңіз, мен сонымен бірге сіздің бейшара досыңыз, княгиня Сарияға да дұға оқимын. Мұнда – Құдайдың алдында, сіз мені алдай алмайсыз ғой. Расын айтыңызшы, ол өлген бе?

Герцогтың өмір сүруіне оншалықты аз уақыт қалса да, бүкіл өмірі, бәлкім, қыл үстінде тұрса да, эрцгерцогиняның жауабы оның өмір тағдырын, шынында да, шешер еді. Эрцгерцогиня бұны жақсы білді, бірақ осынау қасиеті мен шапағаты мол сәтте алдауға мұршасы болмады да, екі бетінен төменге қарай көз жастары парлай жөнелді.

Герцог Рейхштадтскийге бәрі де түсінікті болды. Оған, тіпті өзі жанымен жалындай сүйген жанмен қоштасып, көз жасын төгуіне де мүмкіндік бермепті. Оны тірі жандармен ғана ажыратып қоймай, өлілерге де жақындатпапты. Оның көз алды қарайып, аяқтарынан әл кетіп бара жатқанда, граф Дитрихштейн шап етіп ұстап алмағанда, бәлкім, еденге тарс етіп құлауы да мүмкін еді.

Бірер минут өткенде, діни патер боп-боз болып, ешбір қимылсыз жатқан жас жігіттің көкпеңбек болып көгерген еріндеріне Қасиетті Сыйды жақындатты.

Бәрі де тәмам болған-ды. Граф Рейхштадтскийдің қабірі қазылды, оған оның мүрдесін түсіру күндер мен сағаттардың еншісіндегі мәселе ғана еді. Бірнеше қадам әріректе әлеуетті елдің қызметкерлерінің артқы жағында герцог Меттерних бұдан бір жыл бұрын некелескен жас әйеліне көңілді күймен күле қарап отырған-ды.

Келесі күні 20 маусымда император Триестке аттанды. Бес күннен кейін Венаға Пармадан Мария-Луиза келді.

Бір ай өткенде, шенбрундік тұтқынның ауыр тән азабы аяқталды.

Наполеонның ұлы қайтыс болды.

Гермина Меттерних өмір бойы күйеуге шықпады және бірнеше жылдардан соң, Венадағы әйелдердің Савой монастырында бас діни қызметші болып, қайтыс болды. Сол уақыттан бері герцог Рейхштадтскийдің қабірінде жарты ғасыр бойы үнемі алмастырылып, жаңартылып тұратын қып-қызыл раушан гүлдері сап тиылды.

Аударған Нұрғали ҚАДЫРБАЕВ,

«Сырдария» университетінің профессоры,

жазушы-журналист

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.