СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
ТАУЛАР ҚҰЛАҒАНДА
Романнан үзінді
Шыңғыс АЙТМАТОВ (1928-2008) – аса көрнекті қырғыз жазушысы, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Қырғыз Ғылым Академиясының академигі. «Жәмила» (1958), «Алғашқы мұғалім» (1962), «Жер ана» (1965), «Қош бол, Гүлсары!» (1966), «Ақ кеме» (1970), «Боранды бекет» (1980), «Кассандра таңбасы» (1994) сынды роман-повестердің авторы. Жазушы әлем мәдениеті мен өнеріне, ғаламдық өркендеу мен бейбітшілікке қосқан үлесі үшін көптеген халықаралық сыйлықтармен марапатталған.
І
Жолбарыс жуық арада бағыт-бағдарды таңдап анықтады, кішігірім өзен жағасындағы бұталар жанындағы дәу, домалақ тастар арасына жайғасты. Тырнақтарын ыңғайлады және икемделді, жасырына түсті. Мұнда су ішуге тауешкі – еліктер келуі керек еді, олардың саны жетеу болатын, олар тау баурайымен тізбектеле, ізбе-із, тәкаппарлана және сонымен бірге үрке бастарын көтеріп келе жатты. Жолбарыс болса құз жықпылдары арасынан олардан көз алмай аңдуда. Ендігіде күтумен тапжылмай, қатты да қалды.
Күн тас төбеде тұрды, жарқырап сәуле шашты, анда-санда көрінген ақшыл бұлттар Тянь-Шань жоталарының мұз басқан ұшар төбесін сипалай жөңкуде. Бәрі де тіс қаққан аңның ішкі түйсігі бойынша ойдағыдай еді. Аң аулаудың шешуші сәті жақындай түсті. Жалғыз ғана, Жолбарысты іштей біршама құлақ түргізген нәрсе, бұл дәу, домалақ тастар арасынан жасырынып бақылап жатқан қалпы өзінің тыныс алғанын анық естіді, ешқандай ап-анық дем ала алмады. Бұндай, әрине, болады, қатты жүгіргенде және шұғыл секіргенде немесе ұрғашы үшін өштескен шайқаста, ақырған және қырылдаған сәттің өрекпіген шулы тыныспен сапырылысқанында, жүндері түтілгенде, төңіректегінің бәрін де буындырып өлтіруге даяр кезде. Бірақ көңіл бөле, қадала қарауды және торуылдаған жермен толық, тұтас болуды қажет ететін, қозғалмаған қалпы күткен жағдайда, барлық назар сыртқары аударылғанда, мұндай тыныс алудың қажеті жоқ. Солай болғанда да, ол өзінің әрбір жеке демалысы мен демінің шығысын есітті. Мұндай жағдай онымен алғаш рет кезікті. Және де жүрегі бұрынғыға қарағанда бүгін анығырақ дүрсілдеді, құлағына дейін жаңғырды. Жалпы алғанда, соңғы кезеңде Жолбарыстың өмірінде көптеген нәрсе өзгерді. Өйткені, ол өткен қыстан бері тобы шеттеткен, бұралқы тірлік кешкен, долданған, жалғыз-ілікті, саяқ барыс. Мұндай болады, аяқ астынан кәрілік басталғанда. Бұған ежелден әзірленді. Оның ұрғашысын жаңа барыс, жастауы қағып әкеткенде ешкімге де бұрынғыдай қажеті болмай қалды. Айқас сұрапыл болды, бірақ бәсекелесті еңсере алмады. Кейінірек тағы да шайқасты, өлгенше ырылдасты, аянбады және де бөтен барысты қуа алмады. Сол қисық құлақты (оның бір құлағы тыртық еді, мүмкін, бұрынғы айқастардың белгісі болар) сирек кездесетін кекшіл, шаршап-шалдықпас, бір бет аң болып шықты, Жолбарыстың ұрғашысынан бір елі ұзамады, оған жақындай түсті, бейімделді, ойнақтады, айбат шекті. Және де бұның бәрі Жолбарыстың көз алдында өтті. Ең соңында Жолбарыстың таудағы жер сілкіну кезінде өлген алғашқы ұрғашысынан соң ұзақ уақыт бірге тұрып, екі рет күшіктеген ана барыс өз еркімен жаңа барыспен, қисық құлақпен кетті. Кеткенде қысылып-қымтырылмады, құйрығымен оңды-солды ойнақшытып, бірде қысып, бірде көкке шапшытып, кейде доға секілді орағытып жаңа серігіне бүйірін және иығын тигізе жылыстай берді. Кетті, көзін бірде-бір рет қақпай…
Аударған Нұрғали ҚАДЫРБАЕВ
Нұрғали ҚАДЫРБАЕВ 1950 жылы туған. Сырдария университетінің профессоры. Жазушы-журналист. Мақтаарал ауданының құрметті азаматы. Бірнеше көркем және деректі шығармалардың авторы.