Әлем әдебиеті

МӘДЕНИ ӨЗГЕРІСТЕР ЖӘНЕ ҰЛТШЫЛДЫҚ. Ерол ГҮНГӨР

0

ЗЕРТТЕУ. ЗЕРДЕЛЕУ. КӨЗҚАРАС

Ерол ГҮНГӨР

МӘДЕНИ ӨЗГЕРІСТЕР

ЖӘНЕ ҰЛТШЫЛДЫҚ

Ерол ГҮНГӨР (1938-1983) – танымал қоғам қайраткері, ғалым, публицист. Түркияның Кыршехир қаласында дүниеге келген. Кыршехирдегі соңғы шайхылардың бірі болған атасы Қажы Хафызоғлының тәрбиесінде өскен бала Ерол жас кезінен бастап Османлы мәдениеті, дін, руханият жайлы терең мәлімет алады. Туған қаласында мектеп бітіргеннен кейін Ыстамбұл университетінің заң факультетіне оқуға түседі.  Оқып жүріп Ыстамбұлда Зия Нұр, Нуреттин Топчы сияқты ғалымдар мен Нежіп Фазыл, Сезаи Каракоч сынды ақын-жазушылардың сұхбаттарына қатыса бастайды. Солардың әсерімен және профессор Мүмтаз Тұрханның бағыт сілтеуімен құқықтану бөлімінен әлеуметтік-қоғамдық психология бөліміне ауысып кетеді. Университетті тәмамдағаннан кейін ұстазының жанында қалып, оның ассистенті болады.
Студенттік жылдарда қолына қалам алған Ерол Гүнгөр «Дирилиш», «Төре», «Түрік әдебиеті», «Доғуш», «Иені дүшінже», «Хамле» сынды журналдар мен «Орта доғу», «Хергүн», «Миллет» атты газеттерге мақалалар жариялай бастайды. Көпшіліктің көкейіндегі мәселелерді қозғаған тұщымды, тұжырымды, ойға бай мақалалары оқырманды баурап алды.
1965 жылы докторлығын қорғаған Ерол Гүнгөр 1966-1967 жылдары АҚШ-тың Колорадо университетінде жұмыс істейді, тәжірибе жинақтайды. Елге оралғаннан кейін Ыстамбұл университетінің психология бөлімінде профессор болады.  
1982 жылы Кониядағы Селчук университетіне ректор болып тағайындалды. 1983 жылы қайтыс болғанға дейінгі аз ғана уақыттың ішінде бірнеше ғылыми зерттеу институтын, университеттің жеке ауруханасын және факультет ашып, іске қосты. Сонымен қатар, ол өмірінің соңғы жылдары өзі жетік меңгерген француз, ағылшын, араб және парсы тілдерінен көптеген аудармалар жасады.
Тарихқа, дін мен руханиятқа, мәдениет пен әдебиетке, философия мен социологияға және психологияға қатысты көптеген еңбектер жазған Ерол Гүнгөр бір сөзбен айтқанда, жан-жақты ғалым. Бұл тұрғыдан Зия Гөкалптың ізбасары болып табылатын ол «Тарихта түріктер», «Исламның бүгінгі мәселелері», «Ислам тасаууфына бакышлар», «Милли күлтүр уе ислам», «Күлтүр дегишмелері уе миллиетчілік», «Түркиеде батылылашма» және тағы басқа көптеген кітаптардың авторы.

Толығырақ »

ТҮРІК МӘДЕНИЕТІНІҢ ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ. Бахаеддин ӨГЕЛ

0

ЗЕРТТЕУ. ЗЕРДЕЛЕУ. КӨЗҚАРАС

Бахаеддин ӨГЕЛ

ТҮРІК МӘДЕНИЕТІНІҢ

ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ

Бахаеддин ӨГЕЛ 1924 жылы дүниеге келген түріктің көрнекті ғалымы, танымал тарихшы, түрік мәдениет тарихының білгір маманы, профессор.
Бахаеддин Өгел тарих ғылымына үлкен дайындықпен келді. Ағылшын, фран­цуз, қытай, орыс тілдерін еркін меңгерген ол түпнұсқа дерек көздері мен көне қол­жазбалардың да ірі маманы еді. Түрік мәдениетінің ежелгі бастау кезеңдері мен көне дәуірлеріне қатысты еңбектер жазу үшін Қытай және Моңғолия жерінде зерттеулер жүргізіп, тақырыпқа қатысты негізгі дерек көздеріне жіті үңілді.
Бахаеддин Өгелдің 1962 жылы жарық көрген «Ислам дінінен бұрынғы түрік мә­дениетінің тарихы» атты еңбегі ғалымның көп жылғы ізденісінің нәтижесі еді. Бұл еңбегінде ғалым көне қытай дерек көздеріне жүгіне отырып, түрік халқының ежелгі мәдениетіне үңілді, түрік мәдениетінің әлем мәдениетіне қосқан үлесін анықтады.
Түрік мәдениетін тұтас қарастырған Бахаеддин 1971 жылы «Түрік мифологиясы» атты кітабының бірінші томын жариялады. Бұл еңбегінде мифологиямен бірге «Жаратылыс», «Ергенеқон», «Бозқұрттан тарау», «Көш», «Оғыз» сияқты көне аңыз­дар мен дастандарды талдай отырып, түріктердің дүниетанымы туралы тұщымды пікірлер айтты. Бұл кітаптың екінші томы ғалым өмірден өткеннен кейін ғана жарық көрді.
Тырнақалды еңбегі арқылы көрнекті мәдениет тарихшысы ретінде танылған Бахаеддин Өгел 1971 жылы жарық көрген «Түрік мәдениетінің даму кезеңдері» атты кітабымен  ғылымға жанашыр көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Осы кітаптың алғашқы томында ғұн, көк түрік, авар, печенек, хазар, оғыз, қырғыз, қыпшақ және бұлғарлар туралы кеңірек мәлімет беріп, олардың мәдени ерекшеліктеріне тоқталды. Аталмыш кітаптың екінші томында түріктер қоғамындағы әлеумет, әулет пен отбасы, мемлекет пен ұлт ұғымы жайында және түрік қағандарының міндеттері мен қасиеттері, мемлекеттік рәміздер мен мемлекет қызметкерлері туралы жан-жақты талдау жасады. Сондай-ақ, бұл кітапта түріктердің әскери жүйесі, қалалары мен әкімшілік басқару істері, сарайлары мен дүниетанымдары жайында баяндалды.
Бахаеддин Өгелдің 1981 жылы екі том болып жарық көрген «Ұлы Ғұн империясы» атты кітабы оның атын әлемге әйгілі етті. Бұл кітап Ұлы Ғұн империясына қатысты Қытай дерек көздеріне сүйеніп жазылған әлемдегі ең толыққанды зерттеу еңбек болып табылады.
Өгелдің іргелі зерттеу еңбектерінің бірі 1982 жылы жарық көрді. «Түрік қоғамындағы мемлекет ұғымы» деп аталған бұл кітапта ғалым түрік мемлекеті және жаратылыс, түрік мемлекеті мен Тәңір, Құт, қаған сайлау, қағанның міндеттері, мемлекеттік мәжіліс, халық пен мемлекет, түрік төресі, заң мен әскери жүйе жайында жан-жақты мәлімет береді.
Десе де, әйгілі ғалымның ең негізгі еңбегі алғашқы томы 1978 жылы баспаға беріліп, 1987 жылға дейін тоғыз томы  жарық көрген «Түрік мәдениеті тарихына кіріспе» атты көп томдық зерттеу кітабы деуге болады. Түрік мәдениетінің та­рихын біртұтас және түгел қарастырған автор аталмыш еңбегінде қытай дерек­теріне сүйене отырып, түріктердегі атажұрт ұғымы, жайлау мен қыстау, ауыл шаруашылығы, егіншілік, жеміс-жидектер мен үй жануарлары, отау, ошақ, ша­ңырақ, отбасы, ас, киім-кешек, мемлекеттік рәміздер, байрақ пен ту, әскери жүйе, ән-күй, өлең-жыр және басқа да тақырыптар төңірегінде терең талдаулар жасады. Бұл еңбек одан әрі жалғасын табар ма еді, әттең, оған ғалымның өмірі жетпеді. Бахаеддин Өгел 1989 жылы қайтыс болды.

Толығырақ »

ТҮРІК ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ СОПЫЛАР. Мехмед Фуад КӨПРҮЛҮ

0

ЗЕРТТЕУ. ЗЕРДЕЛЕУ. КӨЗҚАРАС

Мехмед Фуад КӨПРҮЛҮ

ТҮРІК ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ СОПЫЛАР

Мехмед Фуад КӨПРҮЛҮ – түркология ілімінің негізін қалаушы, ғалым, мем­лекет және қоғам қайраткері, профессор. 1890 жылы Ыстамбұл қаласында әйгілі Көпрүлү отбасында дүниеге келді. Оның арғы атасы Көпрүлү Мехмед паша Османлы мемлекетінің Бас уәзірі қызметін атқарған танымал тұлға еді. Одан кейін де көптеген мемлекет қайраткері шыққан әулеттің бай кітапханасы болды. Бұл әулетке елге танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері жиналып, ғылыми сұх­баттар ұйымдастырылатын. Міне, осындай ортада өскен Мехмед Фуад 1913 жы­лы Ыстамбұл университетіне «Түрік әдебиеті және тарихы» бөліміне профессор болып қабылданды. 1915 жылы «Ұлттық зерттеулер» атты журнал шығарған Көпрүлү тіл, әдебиет, тарих, әдебиет тарихы, руханият саласында мақалалар жариялай бастады. 1918 жылы «Түрік әдебиетіндегі алғашқы сопылар» атты кітабын жа­риялады. Әлемдік түркология іліміне үлкен үлес болып қосылған бұл еңбек үшін еуро­палық танымал ғалымдар «құбылыс, түркология ілімінде жаңа дәуірдің бас­тауы» деп баға берді. Тақырыпқа қатысты түрік, араб, парсы және батыс тілдерінде жа­рия­ланған зерттеулер мен еңбектерді, әсіресе сол күнге дейін ғылым әлеміне белгісіз болып келген қолжазбаларды молынан пайдалана отырып жазылған кітапта негізінен түрік әдебиеті тарихы тұтас қарастырылып, түрік әдебиетіндегі сопылық дәстүрді қалыптастырған Қожа Ахмет Иасауидің өмірі мен шығармашылығына тал­дау жасалды.
1924 жылдан бастап Ататүріктің тапсырмасымен ашылған «Түркият зерттеу-орталығында» қызмет атқара бастады. Сол жылы «Түркология» журналын шығарып, оның бас редакторы болды.    Толығырақ »

ОНОРЕ ДЕ БАЛЬЗАК. Ғарифолла ЕСІМ

0

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ ТҰЛҒАЛАР

Ғарифолла ЕСІМ

ОНОРЕ ДЕ БАЛЬЗАК
(1799 -1850)

Бальзактың орыс тіліне аударылған шығармаларын студенттік жылдары түгел дерлік оқып шыққан едім. Әрине, Бальзакты оқу бар да, оны түсіну бар. Мен француз емеспін, сондықтан қабылдау маған оңай шаруа болған жоқ. Бір сәті түсіп, бертін келе, оның «Шагреневая кожа» деген романын қайта оқып шықтым. Соншама ұнаттым деп айта алмаймын.
Бальзак өмір қызығына соншама кенеліп өмірден өткен жан емес. Қысқа ғұ­мырында ондаған романдар жазып, арпалысып өмір сүрген қаламгер.
Солай бола тұра соңынан мол мұра қалдырды. Кезінде Данте өз шығармасын «Божественная комедия» десе, Бальзак бар жазғандарына «Человеческая комедия» деген ортақ атау берген. Адамның ғұмыры комедия екені шындық, жазушының бұл ойымен келісемін, себебі комедия – трагедияның жоғарғы көрінісі, мәнді айғағы. Күлкі табиғатында трагедия жататыны көптен бері көпшілікке белгілі. Ойы терең қаламгерді қайта-қайта оқи беруге болады. Жуырда қолыма Бальзак шығармаларының орыс тіліндегі бір томдық жинағы тиді. Кітаптың мазмұнына қарасам: «Отец Горио», «Полковник Шабер», бұлардың сюжеттері есімде, әсіресе «Гобсек» жадымда жақсы сақталыпты. Ал «Обедня безбожника» және «Неведомый шедевр» деген шағын әңгімелері есімде қалмапты. Бірін бастаған соң, тоқталмай кітапты түгел оқып шықтым.
«Обедня безбожниканың» есімде қалмауы түсінікті екен, себебі бұл әңгімеде атеизм мен діни сезім туралы біршама терең ойлар айтылған. Әрине, кеңес зама­нында атеизм деген өмір сүру тәсіліміз болғандықтан, дін мәселесіне пәлендей мән бермейтінбіз. Дін деген жат түсінік, демек оның қызығы да шамалы. Бұл шығармалардағы діни сезім мені кезінде қызықтырмаған, содан ол есте де қалмаған. Бүгінгі заманда атеизм орнына қайтадан дін орныға бастағанда әңгіме идеясы өзгеше мәнде ашылып тұр. Айтар ойым түсінікті болуы үшін, әңгіме сюжетімен таныс емес жұртшылыққа, қысқаша мазмұнын айтып берейін. Бальзакқа тән көпсөзділікті ширатып айтсақ, әңгіме былай болған. «Парижге әйгілі доктор, Бьяншонның айтуынша, оның ұстазы Деплен – атеисттің нағыз өзі. Ол туралы Бальзак былай деген: «Он не верил ни в сотворение первобытного животного мира, ни в бессмертие человеческой души. Деплен не сомневался, он отрицал. То был откровенный, чистейшей воды атеизм, который присущ многим ученым: это прекраснейшие люди, но они до мозга костей атеисты, – атеисты, исповедующие атеизм с такой же убежденностью, с какой религиозно настроенные люди его отвергают. Деплена и не могло сложиться иных убеждений: ведь он с молодых лет привык рассекать скальпелем челевека-венец живого всего – до его рождения, при жизни и после смерти, привык копаться во всех его органах и нигде не находил эту единую душу, сталь необходимую для всех религиозных учений». Толығырақ »

РОМЕН РОЛЛАН. Андре МОРУА

0

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ ТҰЛҒАЛАР

Андре МОРУА

РОМЕН РОЛЛАН

Андре МОРУА (1885-1967) – аса көрнекті француз жазу­шысы. Өнеркәсіпшілер отбасында дүниеге келген. Руандағы Кор­нели атындағы лицейді бітірген. Оған Еуропада Ален деген атпен танылған философия пәнінің оқытушысы Эмиль Шар­тье үлкен ықпал еткен. Лицейді бітірген соң болашақ жазушы әкесінің фабрикасында басшылық қызметтерде болады. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Сонда жүріп, «Полковник Брэм­блдің үнсіздігі» атты алғашқы романына материал жинай­ды. Екінші дүниежүзілік соғысқа да өз еркімен сұранып, қатысады. Францияның жеңілісінен соң АҚШ-қа барып, көп­теген тарихи һәм көркем шығармалар жазады. Соғыс біткен соң, Отанына қайтып оралып, жазу үстеліне қайта отырады. Оның қаламынан «Ариэль немесе Шеллидің өмірі», «Дизраэлидің өмірі», «Байрон», «Бернар Кене», «Құбылмалы махаббат», «Жанұялық топ», «Лелия немесе Жорж Сандтың өмірі», «Олимпио немесе Виктор Гюгоның өмірі», «Үш Дюмо» сынды толымды да толайым шығармалар туған. Ал сексен жасында «Прометей немесе Бальзактың өмірі» атты ақырғы кітабын жазған.

Көптеген адамдар Ролланның есімін алдыңғы буынмен салыстыратындықтан, олар үшін бұл кітаптағы зерттеулер орынсыз болып көрінуі мүмкін. Алайда ол Жидтен үш жыл бұрын туып, Пегиден отыз жыл кейін қайтыс болды емес пе?! Ал сонымен қатар оның «Жан-Кристофының» мен үшін және менің заманымдағы басқа да жастар үшін атқарған маңызды рөлін қалай ұмытуға болады? Бізге ол ұлы роман болып көрінетін. Әрине, «Соғыс пен бейбітшілік» сияқты толыққанды емес, бірақ та сол кездегі бізді шынымен-ақ шабыттандыратын роман «ағымдары»: «Тибо әулетінің», «Рахымды ойлар адамдарының» негізгі бастауы болатын. Толығырақ »

Әмір ЖАЛБАҒАЙ, Толқын РАМАЗАН. АҚЫН ТӨРЕ ИҮЙЧҰАН КҮШЛІКХАН

0

ЗЕРТТЕУ. ЗЕРДЕЛЕУ. КӨЗҚАРАС

                                                                                                                                                                                                                                                         Әмір ЖАЛБАҒАЙ,   Толқын РАМАЗАН

             АҚЫН ТӨРЕ ИҮЙЧҰАН КҮШЛІКХАН

                                                                                                                                    (1311-1381)

Ақын Төре Иүйчұан Күшлікхан туралы айтпас бұрын, тарихқа аз-маз шолу жа­сап алсақ деген ойдамыз. Себебі, онсыз ақынның кім екені толық ашылмайды. Ендеше…

Найман хандығы

«Найман тайпалар одағы Ⅷ ғасырдың орта шенінде жоғары Ертіс пен Орхон арал­ығында сегіз-оғыз (яғни «сегіз тайпаның одағы») деген атаумен пайда болған. Сегіз-оғыздар Хангайдың батысынан Тарбағатайға дейінгі жерді, яғни өзіміз наймандар (мекені) деп атайтын жерді алып жатты… кеш дегенде ғасырда найман тайпалары Селенга мен Орхон өзендерінің сағасынан Алтай тауларының шығыс сілемдеріне дейінгі шығыстан батысқа қараған аумақты алып жатты». Парсы тарихшысы Рашиддин наймандардың бір бөлегі тау-тасты, ал бір бөлегі шүйгін дала жазықтарын мекендеген көшпелілер болғанын тілге тиек етеді: «Керейттер Тола өзенінің аңғарын, Орхон өзенінің орта ағысы мен Онгын өзенінің аңғарын мекендеді… Толығырақ »

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ. АУДАРМАДАҒЫ АБАЙ ДӘСТҮРІ

0

ТӘРЖІМЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАМДАР

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ

АУДАРМАДАҒЫ АБАЙ ДӘСТҮРІ

          Қазақ әдеби аудармасының бастау көзін Ыбырай Алтынсарин ашты. Оның 1879 жылы шыққан «Қырғыз хрестоматиясында» орыс әдебиетінен аударылған бірнеше шығармаларға, атап айтқанда, Л.Н. Толстойдың, И.А. Крыловтың, К.Д. Ушинскийдің, И.М. Паульсонның ағартушылық бағыттағы туындыларына орын берілді. Педагог Ыбырай орыс жазушыларының шығармаларының ішінен тек тәрбиелік маңызы барларын ғана аударған. Неге олай істеді? Сол кездегі қа­зақ қоғамының алға дамып, өсіп-өркендеуі үшін білім-ғылымның аса қажет екендігін түсінген қазақ зиялылары ағартушылық жолға бастады. Халқының мүш­кіл халін бар жан-тәнімен сезінген Ыбырай елдің көзін ашу мақсатымен ал­ғаш рет қазақ даласында мектеп ашып, білімнің дәнін шашты, «адамдықтың ди­қаншысы» болды. Алғашқы қазақ тіліндегі оқулыққа орыс жазушыларының білім алуға, адамгершілікке үндейтін, яғни «педагогтық», тәрбиелік сыпаттағы шы­ғар­маларының іріктеліп алынуының өзі де осы себептерден туған заңдылық еді. Толығырақ »

Ғарифолла ЕСІМ. ИОЛЛЫҒТЕГІН

0

ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ТҰЛҒАЛАРЫ

Ғарифолла ЕСІМ

ИОЛЛЫҒТЕГІН

(VII-VIII ғ.)

Тұранда түрік ойнаған, ұқсап отқа,

Түріктен басқа от боп жан туып па?

Көп түрік енші алысып таласқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?

Мағжан Жұмабаев

Ұлттық мәдениетіміздің бастау бұлағының бір арнасы «Орхон» ескерт­кіштерінен (VII-VIII ғ.) басталады. Бұл топтамаға «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырлары жатады. Әңгімеге өзек етіп алып отырған Иоллығтегін – осы Күлтегін жырының авторы. Әрине, VIIІ ғасырда дүниеге келген шығарманың авторын нақтылы анықтау оңай іс емес. Біздің сүйенетін дерегіміз – Күлтегін (бірінші жыр) жырының соңында «Бұл жазуды жаздырғанның аты Иоллығтегін» деген анықтама. Тасқа басылған дерекке сенбеуге, оны теріске шығаруға біздің қарсы дәлеліміз жоқ. Күлтегін жырының авторы Иоллығтегін деп санаймыз.

Бұл пікірден мынандай маңызды қорытындылар жасаймыз. VII-VIII ғасырлар­да өмір сүрген бабаларымыздың жазба мәдениеті (авторы белгілі) болған. Демек, мұндай мәдениеті бар елдің әлемдік өркениетте алатын орны ерекше болса керек. Толығырақ »

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА. ГЕТЕ МЕН АБАЙ

1

ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАР

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы, әдебиеттанушы,

«Дарын» Мемлекеттік жастар

сыйлығының лауреаты

 

ГЕТЕ МЕН АБАЙ

              Немістің ұлы ақыны, ойшыл, натурфилософ, ғалым, зерттеуші И.В. Гете антикалық әдебиеттің нағыз мұрагері болды. Гетеден аттай бір ғасырға жуық кейін туған Абайдың «Мен ескінің арты едім» деген сөзі неміс ойшылына бек жарасары анық. Екеуі де ескінің арты, жаңаның басы болғанымен, ерекшеленетін алыптар тобынан екені аян.

Иоганн – Вольфганг Гете өзінің рухани зор портретін «Арнау» атты өлеңінде астарлы суреттейді. Таң сәуледен оянған ақын тауға шықтым деп жырлайды. Символдық ұғымда тау рухани асқақтық идеясын бейнелейді; бұл – әулиелер мен данышпандар Құдайын іздеп баратын киелі жер. Қазақта «Адам күбірін тау естиді, тау күбірін Тәңірі естиді» деген құдіретті сөз бар. Тау шыңы, құз-жартас адамзатты көк аспанға төбесі тиердей таяу тұрумен тартады. Ежелгі пұтқа табыну дәуірінде тау – Құдайлардың мекені саналатын. Толығырақ »

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ. АБАЙ МЕКТЕБІ ЖӘНЕ КӨРКЕМ АУДАРМА

0

Тәржіме туралы толғамдар 

 

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университеті қазақ әдебиеті

 кафедрасының меңгерушісі,  филология

ғылымдарының докторы, профессор

 

 

 

АБАЙ МЕКТЕБІ ЖӘНЕ КӨРКЕМ АУДАРМА

 

           Абайдың қазақ әдебиетінде ашқан үлкен жаңалығы профессионалдық үлгідегі көркем аударма жанрын әкелді. Алдында үлгі етер ешқандай нұсқа жоқ айтақыр жерден бірден шыңдалған аударма жасауы Абайдың ақындық кемеңгерлігін тағы бір мәрте дәлелдегендей. Абай аудармаларына алғашқы ақындық тәжірибе деп қарамай, бірден ақынның ұстанған принциптері мен шеберлік жолына аса жоғары межеден баға беретін себебіміз – Абайдың бұл дәстүрді еркін игерген ғажайып құдіретімен ғана түсіндіруге болады. 

Абай аудармасының бір қыры нәзира үлгісімен жалғасып жатыр дегенді басшылыққа алсақ, жаңашыл ақын шығыстан келген сол нәзирагөйлік дәстүрдің өзін түлетіп, жағрапиялық аясын ғана емес, идеялық-тақырыптық желілерін байытып берді. 

Көркем шығармаларды аудару Абайға бірден келмегені белгілі. Дәстүрлі нәзира үлгісінің негізінде барып Абай орыс ақындарының шығармаларына көңіл аударды. Нәтижесінде Пушкиннің «Евгений Онегині» қазақша сөйлеп, қазақ сахарасына ән боп жайылды. Бұл туынды абайтанушы ғалымдар тарапынан нәзиралық үлгідегі аударманың озық үлгісі ретінде жоғары бағаланды. 

Ақындық өнердің басқа салаларындағыдай Абайдың көркем аударма саласындағы жаңалығы оның қасындағы шәкірттерін бірден елітті. Қазақ поэзиясына келген жаңа құбылысқа дені орыс тіліне жетік Абай мектебі өкілдерінің қызығып, бірден бас қоюы заңды-тын. Абайдың бағыт-бағдарымен, тікелей қолдауымен Европа, орыс ақын-жазушыларының түрлі деңгейдегі әдеби туындылары қазақша сөйлей бастады. Шәкәрімнің А. Пушкиннен аударған «Дубровский», «Боран», Л. Толстойдан «Алты әңгіме» әңгімелер циклі, американ жазушысы Г. Бичер Стоудың «Том ағайдың балағаны», Әсет ақынның «Евгений Онегин», Уәйіс Шондыбайұлының «Иванушка-дурачок», Тұрағұл Абайұлының М. Горкийден аударған «Челкаш», А. Неверовтен «Мен өмірге жерікпін», «Ортақшыл Мария» әңгімелері, Б. Прустан «Антек», Д. Лондоннан «Баланың ерлігі», бізге жетпеген Д. Лондоннан «Матин Иден» романы сияқты кейбірі нәзиралық үлгіде жалпы оқиғасы қазақшаланса, кейбірі түпнұсқадан алыс кете қоймаған түрлі жанрдағы көркем шығармалардың дүниеге келуінің басында Абай тұр. 

Толығырақ »